Ағатайларым
30.03.2017
1426
0

I
Мың тоғыз жүз алпыс төртінші жылы КазПИ-дің үшінші курсын тәмамдап, қарт ата-анамның сырқатына байланысты сырттай оқуға ауыстым. Алайда, екі ай өткен соң, бірге оқитын жігіттер: «Біздің оқу төрт жылдық болды, келіп жалғастырсаң, келесі жылы бітіресің» деп хабарлап, Кентаудан Алматыға қайта оралдым. Қысқы, көктемгі сессияны тапсырып, тура мемлекеттік емтиханға дайындық үстінде «Былтыр күздегі практикаға қатыспағаным себепті емтиханға жіберілмей, келер жылға қалатыным» белгілі болды. «Оу, елде екі ай сабақ бердім, практика сол емес пе?!» дегеніме біреу құлақ аспады. «Қиналған батыр жері осы»: апшым қуырылып, едәуір сандалдым.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі Бас редакторы Қапан аға Сатыбалдинмен жарым жыл бұрын ақын, марқұм Кеңесжан Шалқаров таныстырған. Екі-үш мәрте кездескенде мені іш тартып, өлең, поэмалардан тұратын кітабын сыйлап, аз-мұз әңгіме-дүкен құрысқанбыз. Сол уақтағы ұлтымыздың күйіне: «Ең болмаса Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарында тілімізді сақтай алсақ қой?!» деп қамығып еді.
Не болса да, жай-күйімді сол кісіге айтармын деп, алдына бардым. Қапан аға сөзге келмей, тіке институттың жаңа ректоры Толыбековке телефон соғып, «госқа» желдей есіп, өттім де кеттім. Сонда, он күнгі сарсаңда арашаға жарамаған бірер ұстазымның, орыс деканның көздері апақ-жұпақ етіп еді… Дипломмен елге оралған соң да ағамен хабарласып тұрдым. «Қ.Ә.»- де әңгімем жарық көрді. Аяқ астынан қайтыс болғаны жанға батқан.
Биыл туғанына 1ОО толып отырған әзиз азаматтың жақсылығын қалай ұмытарсың?!


II

Жазушы Нәсіреддин аға Се­ра­лиев – замандас жадында сырт көзге елеусіз, жүзі әрдайым сәулелі, даусы қоңыр, қимылы баяу, сөзі майын – мөлдір суы жыл он екі ай қатпай ағып жататын мөл­дір бұлақтай боп қалды. Ха­дисте «Адамның жақсысы – көркем мінездісі» депті. Әсілі, кемеңгерлерден кейінгі лекке, мейірім-шапағаты дария, жас­тар­ды бауырына тартатын ұстаз­дарының ілігері хақ.
1974 жылы Кентауда жас жазушылардың республикалық кеңесі өтіп, әуелгі жиында, есіктен имене кірген маған зәулім залдың алдыңғы қатарынан кең маңдайлы, жұқалтаң кісі көтеріліп, күлімсіреген қалпы селдір шашын қайырып қойып келе жатты (әсілі, досым Мархабат Байғұт айтқан болуға керек). Сол сәт қазіргідей көз алдымда.
Содан кейінгі он жылда соңынан еріп (1984 жылы, аға дүниеден қайтқанша), түрлі жағдайларда сырласып, жолсапарда жүру бұйырды. Қаратаудың теріскейіндегі Қызылкөлде бірге демалдық. Облыс орталығы Шымкенттегі үйінде Шарапат жеңгеміздің қолынан талай дәм таттық, отбасымызда қонақ болды. Бүгіндері түстіктің қаламгерлерін жиып, әкесінің әруағына ас беріп жүрген азамат ұлы Әнуар мен үш қызы, ол мезгіл әлі мектепте оқиды… Нәсір аға қай­сыбірде: «Шымкентке Тәкен аға келіпті, сәлем берейік» деп қонақүйге ертіп апарып, сонда тас пен құмға бірдей жүйрік жазушының «Орысша өлең жазып отырмын» дегені есімде. Қайран ағалар жарым сағаттан тым-тырыс отыра беруші еді, «бәрі айтпаса түсінікті» деген заңғар екен. Нәсір ағаның дастарханында Тәкен ағаны әлденеше тыңдауға жазды. Алматыда аталған алпыс жылдық мерейтойына бірге бардық.
Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқаратын кісілер әрдайым дарынды жастарды тауып, тұсауын кеседі; прозада қазіргі майталман Мархабат Байғұт, марқұм Жәлел Кеттебеков, Ерсін Қойбағарұлы аға үмітін ақтады. Нәсір аға барлығымызбен тең санап сөйлесетін, мәнерін қалыптастыруда еркіндігін қалаушы еді. Қадірдан аға шалғай Кентаудағы мені бауырына тартты. Ағаның шалдыңқыраған кезі екеумізге де бауыр керек болыпты.
Әдебиет – білім, парасат, рух, ұлтжандылық көзі еді. (Оралар ма екен сол шақ?). Жазушыны жазушы ғана оқитын заман килікті. Классиктеріміздің ізін басып, әдебиетке елуінші жылдары келген Нәсіреддин Сералиев, Мұқан Иман­жанов, Қастек Баянбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қаб­дікә­рім Ыдырысов, Әнуарбек Дүйсенбиев, т.б. көптеген ақын-жазушыларымыздың шығармалары сезімге бай, тілі шұ­райлы. Соғыс жылдарындағы, бауырмалдығы көлдей шағындағы ел іші, ауыл балалары мен жастарының махаб­баты көркем кестеленді. Бұл шығармаларсыз қазақ әдебиеті жетім.
…Нәсір ағаның бір хаты жайлы. Сексенінші жылдары Кентаудағы тасқа шығушы клуб мүшелерімен әлденеше күн тауда түнеп, Қаратаудың жуан белінен екі рет жаяу кесіп өткенім бар. Әйгілі Келіншектау асқарынан, теріскей беттегі Шолаққорған, Абай елдімекендерін тамашалап, асу етегінде шошайған таңғажайып шоқылар түбінен, бүркіттің қауырсынын тауып, қалаға оралысымен ұшына латуннан қаламсап орнатқызып, сол мезгіл жиі ауырып, Шымкенттің «Қатын көпірдегі» ауруханасында жатқан Нәсір ағаға апарып берген едім. Екі күнесін үйге оралсам, пошта жәшігімде төмендегі хат жатыр.
«Есқараға!
Екен ғой кім болсаң да жаның шырын,
Мен тартып бір сырқаттың ауыр сынын.
Қиналып, жаным жадап жатқанымда,
Әкелдің сен бүркіттің қауырсынын.
Түскендей болды орнына болат топшым,
Дүние-ай, бар екен ғой іздер жоқшым.
Есқара, сендей бауыр тірі болса,
Қиналман қадалса да ажал-ақ шын.
Кеміген қауырсыным түгенделіп,
Бір тілек бір өзіңмен түгел келіп,
Қайырылған қанатымды жаздым қайта,
Пенделер көк аспаннан жүрер көріп.

11 ноябрь, 1981 ж.
«Қатын көпір», Шымкент шаһары.


Р.S.:

Жақсы адам көп. Кімге болса да сол жақсылардың шарапаты тиген. Тиіп жүр…
Ұлтымыздың асыл перзенттері қаншама ғасыр азаттық жолында жанын қиды, қайсыбірі хал-қадарынша күресіп, шырылдай жырлап өтті. Тәуелсіз «Мәңгілік ел» атанғанымызды көрмегені өкінішті.

Есқара Тоқтасынұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір