Болымсыз уақиға
Бояуын күн жеп, қабыршықтанған шарбақтың алдына тоқтадым. Аула ішінде біреу шөп шауып жүр. Мені көріп, шалғысына сүйеніп қарап тұр. Маңдайшасына түсі оңа бастаған көк ту ілінген кеңсеге қарай беттеп келе жатыр едім, шалғышы қарсы жүрді.
– Темекіңіз бар ма? Темекі алып бердім. Қарманып оттығын іздей бастап еді, қалтасынан бір қорап темекі түсіп қалды. Ыржиып күлген болды.
– Бұл арзан темекіні тарта-тарта тіс сарғайды. Қаланың жақсы темекісінен тартайыншы дегенім ғой. Жымиған болдым.
Кеңсеге кірген бойда әлдебір екі адамның даурыға сөйлеп жатқанын құлағым шалды. Тың-тыңдап сол жаққа жүрдім. Адам аяғы тисе сықырлайтын ағаш еденді еппен басып, есікке тақау орындыққа келіп отырдым. Жартылай ашық тұрған есіктен іштегі екеудің әңгімесі анық естіліп тұр.
– Болмайды аға!
– Неге болмайды? Енді тағы қанша жыл тұрады?
– Мың жыл тұрса да жоғарғы жақтың пәрмені болмаса ала алмаймыз.
– Тозып кетті ғой, әріптері өшкінденіп, суретінің де кетеуі кетіп қалды.
– Мейлі. Бәрібір болмайды аға!
– Қаңылтырды бермесең бермей-ақ қой, тым құрыса жа-
зуын жаңалап, ауыстырып қойсаңдаршы.
– Аға-оу, сөзі де, өзі де ауыспаса мен не деп ауыстырамын оны. Құдай-ау, мен не деп кеттім! Астапыралла! Жынды қылатын болдыңыз ғой. Айттым ғой Сізге қаңылтырды алуға болмайды!
– Қап, шөп қораның сыртын қаптатып жатыр едім, бір қаңылтыр жетпей тұр еді. Он бес жылдан бері күнге қақталып, жаңбыр шайып, қурап тұрғанға ешкімге керегі жоқ-ау, обалды қылмай керекке жаратайын деп едім, оған да бермейсіңдер. Тым құрығанда шөп қораның бір бұрышына қағылып пайдасы тиер еді ғой.
– Ақсақал, не деп тұрғаныңызды білесіз бе? Үлкен кісінің ұлағатты, көреген сөзі жазылып, ел-жұрт біліп жүрсін деп ауыл шетіне, биікке орнатылған қаңылтырды… шөп қораға… Мынауыңызды менен басқа ешкім естімесін! Біле білсеңіз, бас кететін іс! Ол қаңылтыр менен үлкен. Мен мектепке барғанда тұрған!
Үнсіздік орнады. Іле таяқтың тықыры естілді де есіктен көнетоздау қоңыр костюм, басында жаздық шляпасы, үлкен көзілдірікті, аласа бойлы ақсақал шықты. Мен жаққа қарап сәл бөгелді де, сақалсыз иегін бір сипап:
– Берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз. Алдынан өттік, – деп жүре сөйлеп, сыртқа беттеді.
Кабинетке кірсем, әкім темекі тартып отыр екен. Мені көріп қуанып қалды.
Бұл ауыл тым шалғайда еді. Кейін жолым түспеді. Қаңылтырдың хикаясы ұзаққа созылып, әлгі ақсақал істі болып, ауыл жылу жинап құтқарып қалыпты.
Қаңылтыр шынында да ескі еді. Адам бейнесін әрең ажыратасыз. Кейбір әріптері өшіп кеткен жазудың не жайлы екенін болжап білесіз. Сол жолы барғанымда қаңылтыр орнатылған темірге сиыр сүйкеніп тұрғанын көріп, «құлатады-ау» деп ойлағанмын. Құламаған екен…
Өміржан Әбдіхалықұлы