Аяз ата
17.03.2017
1424
0


Үйдің төбесінен қыстық күртесін алып түсіп, қағып-сілкіп киіп көрді. Биыл да өзіне шақ екен. Сыртқы қалталарын ақтарып шығып, ішкі төс қалтасына қол салып еді, қағаз ілікті. Орап, ортасынан жіңішке қызыл лентамен ілмектеп байлапты. Ілмегін шешіп, қағазды жазды.

«Аяз Ата, жаңа жылға әлі көп күн бар. Хатым саған бәрінен бұрын, бірінші болып жетсін деп ерте жазып отырмын. Маған жаңа жылда «Лего» сыйлашы. Бұл менің бес жұлдызды арманым! Кішкентай «Лего» емес, үлкені керек. Мен одан дәу үй құрастырамын. Әкем, мамам, мен үшеуміз сыятындай. Былтырғы сенің беріп жіберген ойыншықтарыңды әкеммен базарға барғанда көріп қалдым. Ойыншықтарды сен де базардан аласың ба?.. Әкем «Легоны» алып берем деген еді, бірақ әлі әпермеді. Әкем қызық, күнде мектепке бара жатқанда аялдамада отыратын бір қолы жоқ ағаға ақша береді. Сол ақшаларды жинасақ, «Легоны» баяғыда алар едік. Әкем айтады: мүгедек адамдарға көмектесу керек дейді. Ал автобуста әкем екеумізге ешкім орын бермейді. Әкем болса, апа-аталарға орын береді де, екеуміз қысылып, үйге әрең жетеміз. Мен машинаның суретін салған сайын әкем машина аламыз, бұйыртса дейтін. Қазір машинаның суретін салмайтын болдым… Әкем жұмыс істей береді, істей береді, кешке үйге келгенде доп ойнайықшы десем, шаршап тұрмын, шәй ішіп алған соң дейді де, содан кейін жатып қалады. Мамам болса, әкең жұмыс істемесе, аш қаламыз дейді. Менің әкеммен доп ойнағым келеді…
Жарайды, сау бол! «Легоны» ұмытпа!
Миау – Мырзабек».
Кеңсірігі ашып, жүрегі сыздағандай болды. Ауызғы үйден есік алдына шығып, темекі тартты. Қою көк түтінді құшырлана сорды.
Аялдаманың жанында бір қолын ішіне бүгіп, өңірін түймелеп, бос жеңді салақтатып жіберіп, кішкентай орындықта өңі тотыққан, сол жақ бетінде ұзынша тыртығы бар, жұпыны киінген адам отыр. Абыр-сабыр болып автобусқа ұмтылған адамдардың ішінен қарасұр күрте киген жігітті анадайдан көріп, алақанын соза берді…

Өміржан Әбдіхалықұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір