Көрпе

Өміржан Әбдіхалықұлы
Пердені еппен сырғытты. Қолына көзі түсті. Еті солып, саусақтары тарамданыпты. Қолын сипап еді, алақанынан жылу сезбеді. Дір етті. Тоңазығандай. Халатының жағасын көтеріп, мойнын ішіне алып, қымтанды. Терезеге қарады. Көрші үйдің ауласында қыз бен жігіт отыр екен. Екеуі әлденеге күліседі, бір уақ үнсіз қалады. Бір кезде жігіт қыздың қолын имене ұстады. Бойжеткен жүзін төмен салды. Жігіт басын кілт көтергенде бұл екеуінің жанарлары түйіскендей болды. Пердені жаба қойды. Беті ду ете түсті. Жұқа пердеден жігіттің күлімсіреп, көз алмай қарап тұрғанын көрді. Бойы жылынғандай. Жарықты жаққысы келмеді. Аяқ астынан елегізіп, біреу есік қағардай елеңдей қарады. Сол күйде состиып бір-а-а-а-з тұрды. Есіктен көзін тайдырғанда кіре берістегі үлкен айнадан сұлбасы көрінді. Тағы да тоңазығандай болды. Кеше түннен бері жиналмаған төсекке барып жантайды. Жалғыз жастықты өзіне икемдей тартып, қызыл жүрек бейнеленген көрпені жамылды. Бүркеніп жатып, көрпені иіскеді. Көзін жұмып, жымиды. Терезеден көше шамының солғын жарығы түсіп тұр. Көп күннен бері иесінің жүзін көрмеген айнадан жанды қаритын салқындық есіп тұрғандай…
***
Ақыр-ы-ы-ы-н көзін ашты. Бөлме іші жарыққа малынып тұр екен. Қимылсыз, қыбыр етпей қанша уақыт жатқаны белгісіз. Бір кезде тұрып, аяғын салбыратып кереует үстінде отырды. Аяғына қарады. Түксіз аппақ балтырын еппен сипады. Балтыр еті жиырылып, қатая бастапты. Саусақ ұшы қылтасына жеткенде білеуленген тамырларды анық сезді. Сырттан біреу сұқтанып тұрғандай, шыт көйлегінің етегін түсіре қойды. Бір жақ шеті ғана умаждалған үлкен құс жастықтың астынан шеті көрініп жатқан телефонын алды. Хат та, хабарлама да жоқ екен. Лақтырғандай тастай салды. Терезенің жұқа пердесін ысырып еді, сондай жылы, сондай мейірімді күннің мол құйылған сәулесі бөлме ішіне сыңғырлай тарады. Жап-жарық, жып-жылы әлем! Күн нұры шыт көйлегімен қоса орай құшақтаса да селт етпеді. Төсек үстінде қатпарлана жиырылып жатқан, әр жерінде қызыл түсті жүрек бейнеленген көрпені алып, бүркей жамылып, кереуетке отыра кетті. Қабырғаға тесіліп ұзақ отырды. Құлағына сыртылдаған дыбыс естілгендей болды. Үздіксіз бір қалыпты дыбыс зорая түскендей. Тың-тыңдағанда барып қабырғада ілулі тұрған сағатты көрді. Сағатты жаңа көргендей таңырқай қарады. Өкшесін көтеріп тұрып сағатты алды. Шаң басыпты. Жан-жағына қарағыштап тұрып, терезе алдындағы шүберекті алып, шаңын сүртті. Сырт-сырт етіп жүріп тұрған сағаттың бетін алақанымен аялай қайта-қайта сипады да аударып, батарейкасын алды. Уақыт кілт үзілді. Сағатты кеудесіне қысқан күйі мүлгіген қою тілсіз тыныштықтың құшағына құлап барат жатты.
Сағатты аларда сыпырылып түскен көрпені қайта алып жамылды да терезе алдына оралды. Шуаққа шомылған аулада жан баласы жоқ. Күздің бір түс, мың бояу моншағын тағынған әр жердегі ағаштар шашырай түскен жапырақтарына жаны үзілердей иіліп тұр. Терезе сыртындағы осы бір суретке қарап тұрған оның жүзін күн сәулесі сәл имене, асыға әрі қомағайлана сүйіп жатты.
Ағаш басын болар-болмас тербеп өткен қаңғыбас желдің екпінімен үзілген жапырақ қалықтай ұшып, ол тұрған терезенің жақтауына қонақтады. Манадан сырттағы күз көркіне қарап тұрған жанары жақтаудан жай тапқан жапыраққа түсті. Сарғайған жапырақтан тым-тым алысқа сапарлап кетіп, ойда жоқта келген жақынын көргендей елжірей қарады. Қан тамырын қуалап бір жылы леп жүріп өткендей болды. Қураған жалғыз жапырақтан жазулы хат оқығысы келгендей үңіле түсті. Сарғайған жалғызды қолына ұстағысы келді. Жақтауда жатқан жапыраққа қараған күйі әлдебір әуенге елітіп, ыңылдай бастады. Сөзі тілінің ұшында тұрғандай ыңылдай берді. Сәл-сәл мұңдылау, оңашаға, аулаққа жетелеген әуен ыңылы бірте-бірте үдеп келеді. Ыңылдаған саз күшейе түсті. Бір кезде сан жылдар санасын билеп, түнде түсінен, күндіз ойынан бір елі ажырамай, жүрегінің құпия үңгіріне алаулата жағып, жалғаннан жаураған жас жанын жылытқысы келетін сарғайған бірақ өзі үшін мәңгілік ескірмейтін сағынышы келіп, құшақтай алғандай көзінің түн қарашығынан жұлдыздай от жарқ етті.
«Бір өзіңнен басқа жанға ынтықтығым айтылмас».
Ән бөлме ішіндегі жарық сәулеге жан бітіргендей әуелей тарады.
«Бір өзіңнен басқа жанға ынтықтығым айтылмас». Қалың ойдың әр шырмауы бырт-бырт үзілгендей, көзін тарс жұмып қайталай берді, қайталай берді. Әуелей басталып, орта тұсына келгенде үзіліп кетердей сорғалай төмендеп барып, кілт қайта көтеріліп, қоп-қою қоңыр мұңға құндақтайтын әннің осы бір жолын қайталап, беріле шырқаған сайын жүрек лүпілінің ернеуіне қатқан мұз еріп, тамшылай бастағандай. Жамылып тұрған көрпесі иығынан сырғып, бөксе тұсынан толқындана өтіп, сусып түскенін сезген жоқ. Әуенге арбалған жанының жабулы қақпасындай жұмулы көздерінен сырғи домалап үзілген тамшылар кеудесіне қыса ұстаған сағат бетіне сырт-сырт тамып жатыр.
«Бір өзіңнен басқа жанға ынтықтығым айтылмас».
Кенет есікті қағылды. Селк етті. Жүзіне болымсыз шуақ жүгіріп өткендей болды.