Күрең мұң
10.03.2017
2062
0

Бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбын «Күрең мұң» деп қоюымыздың өз себебі бар.
Н.Бәдіғұловтың жары Роза Камытжанова бізге берген сұхбатында ақын Нүкештің жиырма бес жасына дейін атамекенін аңсап, жиырма бес жасынан кейін өз отбасын аңсап, сағынып күн кешкенін айтады. «Оның жырларындағы күрең мұңның себебі де сол – сағыну мен сарғаюдан, күту мен аңсаудан туған жырлар еді», – дейді Роза Камытжанова…

– Нүкеш Бәдіғұлов екеуіңізді табыстырған қандай жағдай?
– Біз 1964 жылы қараша айында таныстық. Оқуымды бі­ті­ріп, Қазақ республикалық бан­кін­де жұмыс істеймін. Сол уа­қыт­та еңбек демалысына шық­қанда саяжай­ларға жолдама беретін. Жеті сом жиырма тиын­ның жолдамасын маған да беріп, он күнге Медеу жақ­тағы демалыс орнына баратын болдым. Совет заманы ғой, демалыс орнында таңғы сағат жетіде жаттығу жа­сауға баруың міндетті екен. Таң атпай бәріміз­дің есігімізді қағып оятып, жат­тығуға шығуымыз керегін айтты. Қалың, тілерсе­гім­ді соғатын ұзын шашымды тездетіп қалай өре қояйын, асы­ғыс желкеме апарып түйе салдым да, жеңіл аяқ киімім­ді киіп, жат­тығу жасайтын алаңға қарай жүгіре жөнелдім. Баспалдақтан түсе бере көп ұзамадым, аяғым тайып кетіп, үш жігіттің алдына барып құлап түстім. Желкеме тү­йе салған шашым да сол кезде шұбатыла жайылып кетпесі бар ма. Жігіт­тер­ге менің құлағаным­нан бұ­рын, ұзын шашым қатты әсер ет­се керек: «Шашыңыздың ұзы­нын-ай», – деп тамсанып, үшеуі бірдей мені тұрғыза бастады. Сол кез­де екі жігіттен бұрын ағаң жыл­дам қимылдап, қол­тығым­нан сүйемелдеп тұрғызып, көмек­тесіп жіберді. Әрине, қыз балаға ондай құрмет көрсетіп тұрған жігітке ішің жылып қалады. Ағаң ол кез­де қазіргі Абай атындағы Қазақ Педа­гогикалық институтының филология факультетінің соңғы курсының студенті екен. Үздік деген үш студентке демалыс орнына жолдама беріп, демалып жатқан беті болса керек. Біз осылай таныстық. Таныстығымыз көп ұзаған жоқ. Арада екі айдан аса уақыт өт­кенде, жиырма үшін­ші қаңтарда бас құрап, үй болдық. Жиырма шақты студент бар, алыс-жақын туыс бар, ағайым мені той жасап, ұзатып салды.
– Күйеуге шығар сәтте кімге өмірлік серік болғаныңызды, жалпы Нүкеш Бәдіғұловтың ақын екенін білдіңіз ғой?
– Ер-азаматтың етегінен ұс­та­­ған соң, оның жігіттік уәдесіне се­несің. Бұдан арғы өмірді бірге жүріп өтеміз-ау деген адамыңның бойынан адамгершілік, азамат­тық мінезін байқаған соң, өмі­ріңді сеніп тапсырасың. Ол ақын бола ма, басқа бола ма – кейінгі күннің еншісіндегі шаруа ғой. Мен ағаңа тұрмысқа шыққанда ол кісі студент еді. Ақын ба, басқа ма – ол кезде тереңдеп үңілмедім. Тіпті, шынымды айтайын, арғы беттен келгенін де кейіндеу біл­дім. Өзі айтпаса, өмір ­тарихына несіне тереңдейін? Біздің заманымызда қол ұстасқан адамың ең алдымен адал, шыншыл болуы керек еді. Ағаңның бойынан сол мінезді көрдім. Қалған сыр мен әңгімеге кейінгі бірге өткізген ғұмырымызда қанықтық…
Біз үй болған соң аға­тайым Бау­ман көшесінен орыстың соқыр кемпірінің үйінен бір ауыз бөлмесін жалдап берді. Ағаң саба­ғын оқып жатты. Мен банкте жұмыстамын. Келер жылы ағаң оқ­уын бітірді. Ол кезде оқу бітір­ген әрбір студентті жолдамамен жан-жаққа жұмысқа жіберетін. Бірақ ағаң жолдама алған жоқ. Өйткені, мен қаланың қызымын, қалада тіркеуде тұрғандықтан, еркін жолдамамен Алматыда қалдық. Жұмыс іздеп редакция­лар­ға барғанда, «Жетісу» газеті­нің сол кездегі Бас редакторы Әбдуәли Қарағұлов бірден корректор қылып алды. «Орын қа­лай босайды, солай тілшілікке ауыстырам» деген уәдесі де бар екен. Осылайша ағаң бұрыннан да бөтен емес әдеби ортаға араласып кетті.
«Жетісу» газетінде 18 жыл, Жазу­шылар одағында 18 жыл қызмет етті.
– Сол уақыттарда кімдермен аралас-құралас болдыңыздар? Ол кездегі шығарма­шылық орта қандай еді?
– 1965 жылы оқудың соңғы курсында ағаң Қаскелеңге Абай атындағы мектепке мұғалім болып тәжірибеден өтуге барады. Ол мектепте Төлеген Айбергенов­тің әйелі Үрниса жұмыс істейді екен. Содан Төлегендермен отба­сылы болып араласып кеттік. Біз Қаскелеңге барып тұрамыз. Онда Айбергеновтің үйінде қонақ боламыз. Олар бізге, Алматыға ке­ле­ді. Екеуі бірге жұмыс іздейді. Радиоға барады, барлық редакцияларды аралап шығады. Олар келгенше мен тамақ істеп қоя­мын. Базардан қойдың басын сатып аламыз да, бас асамыз. Бір бас жетпейді деп, қазанға екі басты бірге саламыз. «Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды» дейді ғой, біздің қазанымызға екі бастың сыйып кеткені сияқты, әрқайсысы өзінше бір тұлға, өзінше бір ақын болса да, олар да тату болды. 1966 жылдың күзінде бірде үйге Шәмшіні алып келді. Онымен де аралас-құраласты­ғы­мыз жақсы еді.
Жалпы, Тастақ ол кезде – қа­зақ қаламгерлерінің мекені болды. Біздің үйден жоғары Қабдеш Жұмаділовтер, төменірек Ғафу Қайырбеков ағалар, тағы бір жапсарлас көшеде Тұманбай Мол­дағалиевтер тұрды. Барлығы­мен әдеби ортада да, отбасылық тұрмыста да шәй дескен жеріміз жоқ.
Дихан Әбілев атамыз ағаңды баласындай жақсы көрді. Ағаңа Әзілхан Нұршайықов та үлкен қолдау көрсетті. Қабдыкәрім Ыды­рысов ағай қамқорлық жасап жүретін. Жұбан Молдағалиев аға да үлкен көмегін аяған емес. Алматы маңындағы демалыс орындарына бара қалса, Жұбан ағай: «Келіп кетші, әңгіме­лесе­-
й­ік», – деп ағаңды шақырып ала­тын. Мен София апамның қасында әңгіме айтып, Жұбан Молда­ғалиев пен ағаң әңгіменің тиегін ағытады, әйтеуір, ақтары­лып, сырласып қайтушы едік. Тұман­бай Молда­ға­лиев маған аға болып келеді. Сондықтан аға, дос, туыс болып ол кісілермен де жақ­сы қарым-қатынас жаса­дық.
Марфуға Айтхожинамен өте жақын араластық. Біздің бір ұлы­мыздың кіндік шешесі – Мар­фу­ға. Жазушылар одағында талай жыл еңбек еткен Ибадамен 1962 жылдан таныспыз. Екеуміз бір оқыдық, бірге жұмыс істедік. Ақындық, шығармашылық ортада бір жүрдік…
Ағаң жүрегі нәзік, өте сезім­тал, мейірімді адам еді. Құрқыл­тай­­дың ұясындай ғана бөлмені жалға алып тұрып жатқан жастау кезіміз. Бірде үйде Төлегендермен әңгімелесіп отырып, «Темекіміз бітіп қалды, темекі алып келеміз», – деп жеті түнде далаға шығып кеткен. Темекімен қоса үйге жап-жас бір қызды ерте келіпті. Ол кезде түнде көшеде бұ­зық балалар да жүреді. «Балалар тиіскелі жатыр екен, ажыратып алдық. Жеті түнде қайда ба­ра­ды, сенің қасыңа қонып шық­сын», – дейді. Үйіміз – ұядай. Бір ғана бөлменің бұры­шын­да диван, төрде студенттер тойымызға деп берген шкаф жә­не кішкене үстел ғана сияды, айналатын жер жоқ. Содан ендеше біз ұйықтамаймыз деп, өздері әңгімелесіп отырды да, әлгі қыз менің қасыма қонып шықты. Ер­теңгісін таң атпай, ешкімді де оятпай, әлгі қыз кетіп қалыпты. Сол күні кешкісін дорбаға шампан мен шоколадты салып, есіктің сыртына іліп кетіпті. Әлгі қыздың бізге айтқан алғысы шығар деп ойладық. Ағаң сондай таза, мейірімді кісі еді. Кім-кімге де көмектескісі келіп тұратын.
Еліміз тәуелсіздік алған соң, арғы беттегі ағайын елімізге бір­тіндеп орала бастады. 1993 жылдары ҚытайданЖақсылық Сә­мит­ұлы, Ғалым Қалибекұлы, Алмас Ахметбек бастаған бір шо­ғыр қаламгер келді. «Олар менің бауырларым, ерулік беру керек. Ол ерулікке енді оралып жатқан он адам, бұрыннан келіп қойған он адам – бірнеше кісіні қонақ қылуымыз керек», – деді ағаң. Содан алыс-жақын қаламгерлерді шақырып, қонақ еттік. «Көрістік, таныстық, білістік деген осы, енді арамыз үзілмесін», – деді ағаң. Оларға да рахмет, осы күнге дейін «Апа, тәте» деп сыйлап тұрады, шәй дескен жеріміз жоқ. Кейін екінші толқын Моң­ғолия­дан келе бастады. Оларға да еру­лік беріп, таныстық шәйін іштік. Сырттан келген ағайын көрсе, ағаң елжіреп, бауырып деп күтіп отыратын.
– Н.Бәдіғұлов Қытайдан елге 1960 жылдары оралған екен. Ол кісінің ата-ана, бауырлары сол жақта қалып қойған ба?
– Ағаң бес ұл, үш қыз, сегіз ағайын­ды болған. Ең үлкені өзі. Қазіргі Шығыс Қазақстан облы­сы, Шұбартау ауданында Бақанас деген жер бар. Кезінде ата-ба­ба­лары сол жақтан ары қарай Қытай ауып кеткен екен. Әкесі мен шешесі сол жерде тұрмыс құрып­ты. Бұл кісі Қытайда физика-ма­те­матика факультетінің бірінші кур­сын тәмамдаған соң, Үрім­ші­ден бері қарай институт арқылы Қазақстанға өтеді. Әке-шешесі жолда қалың көшпен Қазақстан­ды бетке алып келе жатады. Олар арбамен көшкен екен. Содан бір өзеннен асқан кезде шешесі: «жұртта қазаным қалып қойып­ты», – деп бұлар отбасымен қазанды алу үшін кері қайтады. Ол қазанның өзі құрсауланған қазан еді ғой дейтін кейініректе ағаң. Содан бұлар ескі жұртқа барып, қайтадан кері қайтқан аралықта Қытай шекарасын жауып алады, да ағаңның отбасы тұтастай Қытай жерінде қалып қояды.
Баяғыда, бұлардың ата-баба­сы Қытай ауған кезде ағаңның әкесінің әпкесі бергі бетте қалып қойған екен. Сол әпкесі Қытай­дың шекарасынан келген әркімге барып бауырының хат-хабарын сұрап жүреді екен. Қазақстанға жапа­дан-жалғыз өткен ағаң сол апе­кесін тауып алып, бір жыл Се­мейде жұмыс істеп, 1963 жылы ҚазПИ-ге оқуға түседі.
Ал арғы беттегі ата-анасының қал-жағдайынан хабарсыз қала­ды. Кейін естідік, ол заманда Қытайда бір шаралар жасалып, кімнің Совет еліне туысқандары көшті, соларды алысқа жер аударып жіберген екен. Сөйтіп, ағаң­ның әке-шешесін, бауырларын Такла-Макан жаққа көшіріп жі­беріп­ті. Ол жақтан қайта өз жұр­ты­на оралғанда, еліне деген өк­пе­сі болды ма, басқа бір себеппен бе, басқа жерге көшіп-қонып жү­ріп­ті. Содан жиырма жылдан көп уақыт бойы, өзінің ата-ана­сы, бауырларының өлі-тірісі бел­­гісіз, хат-хабар ала алмай жүр­ді. Жиырма бес жыл өтті дегенде Қабылхан Күзембаев ар­қылы отбасының хабарын алады. Әкесі қайтыс болған екен, ше­шесі, бауырлары бар деген әңгіме естідік. Ол кезде Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сү­лей­менов еді. 1987 жылдың тамыз айын­да, Мәскеу арқылы виза жаса­тып, ағаң, мен және екі ұлы­мызды алып, Қытайға баратын болдық. Бізге жеткен хабарда ше­шесінің көзі тірі деп естіп едік. Ол жақта да Қазақстан жаққа құлағын түріп жүретіндер бар екен, содан біреуден біреуге же­тіп, кім айтқанын білмейміз, әлдекім апамызға: «Балаң келе жатыр» деген хабарды айтыпты. Соншама жыл ұлының өлі-тірісі белгісіз, хат-хабар ала алмай жүр­ген ана бұл хабарды естіп, қатты толқыды ма екен, тағдыр­дың маңдайға жазған жазуы сол ғой, көп ұзамай көз жұмыпты. Мен елге бара жатырмын деп, өзімше сый-сыяпат алып жүр­ген­мін. Мына жақтағы үлкен кісілер: «Апаңа сыйлық ала бер, бірақ ол кісі қайтыс болып ке­тіп­ті, сендер сірә, қырқына үлгеретін шығар­сыңдар», – деп ескертті.
– Анасының қайтыс болып кеткенін Нүкеш ағай сол кезде естіді ме?
– «Елге барғанда естір, өзің еш­теңе демей-ақ қой», – деді ма­ған. Содан Құлжаға бардық. Құл­жа­дан ары қарай Шәуешекке кел­генде Жұмабай Біләл, тағы да басқа кластастары бар екен, солар қарсы алып, анасының қа­ралы хабарын естіртті. Мен сон­да өкіріп жылаған ер адамды тұң­ғыш көрдім. Ауылына жетпіс екі шақырымдай жол қалғанда, жиырма бес жыл көрмеген анасы­ның жүзін көрем, қолынан сүйем деп көңілі алып-ұшып келе жат­қанда, мұндай хабарды есту ағаңа өте ауыр тиді. Ағаңның:
…Айлық жолдай болып,
сірә, жақының,
Айла таппай алжасып
тұр ақылым.
Дос-жараным көңілін
көпір еткенде
Жақын екен –
жетпіс екі шақырым.

Ана өлімін естіртуге ақырын,
Жеткізбепті-ау жетпіс
екі шақырым.
Екі иыққа мойын кіріп бүктеліп,
Салы кетіп келе жатыр пақырың, –
деп күңіреніп «Жетпіс екі шақы­рым» деген өлең жазғаны бар.
Содан әлгі жерде ағаңды жұбатып, сабырға шақы­рып, ары қарай жолға шықтық. Шәуе­шектен Шағантоғайға барып, Башай көпірі деген жерге жақындағанда, бауырлары бәрі атпенен «бауырымдап» дауыс шығарып келіп, жылап көрісті. Ата-анасы қайтқанымен, ел­-жұр­ты, бауырлары бар екен. Ана­сы­ның басына бардық. Қайтарда әке­сінің басына барып, құран оқы­тайық деп едік, көліктің дөң­ге­легі үш рет жарылды да, жете алмадық. Кейінгі уақытта да бауырлары бірінен-сң бірі жүзін ба­қиға бұрып, соның барлығы ағаң­ның жүрегіне салмақ салған сияқты…
– Нү­кеш Бәдіғұловтың бір­сыпыра шығармаларын әуелі сіз оқыған шығарсыз?
– Банк саласында істеген адам­мын ғой. Өлеңнің ауылынан алыспын. Сондықтан ағаңның өлеңдерін үнсіз тыңдағаным бол­маса, сын, пікір айтудан аулақ бол­дым. Сонда да, жаныңда жазу­­шы, ақын болғаннан кейін өл­ең сенің серігің болып кетеді екен. Кейінгі жылдары өлеңін тыңдап отырып: «Мынауың ұят емес пе?», «Неге бұлай дедің?» дейтін кездерім де болатын. Ағаң онда жәй ғана күліп: «Өй, менің кемеңгерім», – деп қоя салатын.
– Әңгімемізді Н.Бәдіғұлов кі­тап­тарын шығарудың жағдайы қа­лай болып жатыр деген сауалмен түйіндесек…
– Ағаңның арғы бетте көпте­ген альманахта шығармалары жарияланып жүрген екен. Ол дү­ниелері үйде сақтаулы. Бірақ төте жазумен жазылғандықтан, оқи алмаймын.
Қазақстанда тасқа басылған кітабы 1969 жылы «Жас керуен» деген топтамада жарық көрді. Содан кейінгі жылдары «Бәй­тер­ек», «Нұрлы жұлдыздар», «Күлім­де шуақ», «Жарық сәуле», «Сырлы ағыс»,«Өмір сазы», «Енші», «Сыбаға» деген атпен кітаптары шығып тұрды. Әр кітабы жарық көрген сайын балаша қуанатын.
Ағаң қайтыс болғаннан кейін 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен бір кітабы шықты. Ол кісінің жазуын менен өзге еш­кім түсінбейді. Сондықтан қол­жазбаларын қадағалап отырып, машинкаға бастырып, кітап болып шыққанша басы-қасында жүрдім. Екінші кітабы былтыр мем­лекеттік бағдарлама аясында жарық көрді. Өз бетімізбен де шығаруға болар еді. Алайда, мем­ле­кеттік тапсырыспен жарық көрсе, кітаптар Қазақстандағы кітапханаларға таратылады екен. Соған қатты қуандым. Ағаңның өлеңіне сусаған оқырмандары кітапханадан тауып алар деп шүкіршілік етемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір