ЖАРҚЫЛДАҒАН НҰРЫҢДЫ САҒЫНДЫМ
Өмір аққан су сияқты тез өте шығады екен. Кеше ғана бір дастархан басында жарқылдасып, қарқылдасып, іштегі шерімізді ақтарысып, алдағы жоспарымызды ой елегінен өткізісіп жүрген ұстазым Сейтжан Тәбәрікұлы 89 жасына қараған шағында өмірмен қоштасты.
Сейтжан Тәбәрікұлының 1954 он жылдық мектепті бітірген аттестатымда сынып жетекшісі ретінде қойған қолы тұр. Сол жылдардан бері ағал-інілідей болып кеттік. Мен Алматыдамын, ол Семейде тұрады. Екі-үш күнде бір телефон арқылы тарихи-әдеби тақырыптарға ой бөлісуші еді. Қоңырау соқпай қалсам, өзі хабарласатын.
Таңқалатыным – менің де, ұстазымның да тарихи тақырыптарға кітаптар жазуға қатар ынталасатынымыз. Әрі осы тақырыпқа екеуміздің де 60 жастан асқаннан кейін құлшына кіріскенімізде. Әрине, оған екеуіміз де алғашқы еңбек жолдарымызды облыстық «Семей таңы» газетінде түйістіргеніміз орасан зор пайдасын тигізді. Соның арқасында мен Ресей мен Қазақ жеріндегі 20-дан астам мұрағаттардың кітапханаларында болып, көп ғалымдарға белгісіз мыңдаған құжаттарды көтеріп,
28 том энциклопедиялық кітап жаздым. Енді 12 томын дайындап жатырмын. Ал ұстазым Семей мұрағаттары мен кітапханаларын қопарып, аса құнды тарихи деректер негізінде 14 кітап дүниеге әкеліп, артына өлмес мұра қалдырды.
Ол менің ұстазым, ақылшым әрі сырласым болған, Сейтжан (Сейтмұхамет Тәбәрікұлының өмір жолы талай жастарға үлгі-өнеге. Сол үшін өмірбаянына қысқаша шолу жасайын.
Ол 1928 жылдың 17 наурызында Семей губерниясы Қарқарады уезінің Абыралы болысының «Қойбағар» қыстағында дүниеге келген. Әкесі Тәбәрік (1878-1961 ж.ж.), шешесі Қадиша (1893-1978 ж.ж.).
Сейтжан аға 1943 жылы Қайнар орта мектебін үздік бағамен бітірді. Әрі қарай оқу мүмкіндігі болмағандықтан, әрі мектепте мұғалім жетіспегендіктен алдымен пионер вожатыйы, одан кейін мұғалім, оқу инспекторы қызметтерін атқарды.
1946 жылы Владивостокта Қиыр Шығыс теңіз флотына әскери міндетін атқаруға жіберіледі. Алғырлығы соншалықты, орыс тілін тез арада үйренді. Тілді тез игеру қазақ жастарына тән ерекше қасиет екенін өзге ұлттар халқы мойындайды.
Осылайша Сейтжан ағамыз Қиыр Шығыста қазақ жастарының абыройын көтерді.
Қиыр Шығыс теңіз флотының әскери бөлімінің бастығы Адмирал Макиевский алғыс хат жариялап, әке-шешесіне жіберіпті. Оның үстіне «Прииртышеская правда» газетіне «Моряк из казакстана» деген мақала жарияланады.
Оның тағы бір өжеттігі ол қолбасшының рұқсатымен Владивостоктың Педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, тарих пәнінің маманы деген диплом иеленді.
Ол әскери қызметтен оралған соң туған ауылы Абыралы ауданында комсомол комитетінде қызмет атқарды. Көп кешікпей сауатты, жоғары дәрежелі білімі бар, жаны таза, жүрегі елім, жерім, отаным деп лапылдап тұрған жалындаған жас жігітті Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Арада көп уақыт өтпей партия қызметіне жоғарылатады. Облыстың ең алыс – Ақсуат ауданына аудандық партия еомитетінің екінші хатшысы етіп тағайындайды. Жұмысы жақсы жүріп жатты. Халық расында еңбекшіл маманды сыйлайды.
Бірде ауылдың құрметті бір азаматы қайтыс болып, құран бағышталып, ағамыз қолын жайып отырыпты. Соны бір журналист суретке түсіріп алып, облыстық партия комитетіне жіберіпті. Бар кінәсі – сол оны орнынан алып, кейіннен совхоздың парткомынан да, мектеп директорлығы қызметтерінен де алып, 6 жылдай соңына түсіп, атеиссің деп қудалап отырыпты.
Осы кезде әділ әрі қайсар мінезді Сейтжан аға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тікелей кіріп, шындықты түсіндіре айтып, қайтадан партия қызметіне қабылданады. Оның «Тағдыр» кітабындағы мына бір сюжетіне назар аударып көретіндей: Семейдің зооветеринарлық институтын сырттай тәмамдап, дипломды да алды. Ол заманда екі институтты бітірген мамандар жоқтың қасы болатын. Алдымен Шұбартау аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды. Кейіннен Бородулиха, Ново-покровка аудандарында басшы қызметтерде істейді. Ең соңында қызметі Ново-Щульба ауданы атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Таза орыс ұлтты аудандарында қазақтардың намысын асқақтатады.
Сейтжан аға кейіннен Республикалық дәрежесіндегі зейнеткер ретінде де қарап жатпады. Оның қаламынан шыққан: «Замана ағысы», «Мәннан Тұрғанбаев», «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» , «Қайран Мәннан», «Алаш арыстары», «Жүрегім неге тулайсың», «Тауқымет», «Жүрек сөйлейді», «Алаштың алтын көлірлері», тағы басқа да кітаптарында қазақ ғылымын өркендетуге қатысты көптеген дәйек, деректер бар.
Оның «Тағдыр» кітабындағы мына бір сюжетіне назар аударып көрейік:
«Өмірдің ыстығы өлім жағадан алғанда сезілер деген». Кәмила ақырғы қонысында, Ертістің оң жағалауындағы орыс-қазақ мекені Уба-Форпоста аядай бөлмесінде жалғыз сарғая сазарып отырудан жалықпайтын жұмбақ жанға айналған. Бұл сырт көзге cолай болғанымен ол іштен сансыз сұраққа қаумаланып жауабын, себебін іздеп, ойы он шаққа шарқ ұрып, мазасын алатын.
Бәрі де тағдыр, жазмыштан ба екен? Тағдыр неге ала-құлалықты қалайды?
– Есіркер, өткенін еске алар, жанына пана болар кім бар?
– Ұяңдық ұясынан ұлағат
алып, қылығы өн бойына жарасқан бекзатым дейтін Мұхтарынан мүлде көз жазып, адасқандары ма, шуақты күндері сөнгені ме?
Кәмиланың бүгінгі мүшкіл халі тұңғиыққа батыра, әріден сабақтай өткендегі аз күн шуағына шарпылған күндері мен түндерін көлбей қақтырып көз алдына әкеліп, кей сәтте сайқымазағына айналдырып қорлайды. Ой торлаған басын сілкіп-сілкіп жіберіп, тым оқыс шешімге шеп құрып, лып етіп орнынан тұрып сыртқа шыға жөнелетін кезі жиілей түскен.
Сыртқа шықса, селт етіп жатырқай тіксініп, өз көзіне өзі сенбей төңірекке көз сүзеді. Шыңғыстауы, Арал-төбе мен Ақшоқысы атамекені қайда? Туған жерде жиіркеніп, бір уыс топырағын бұйыртпағаны ма? Кінәміз не? Өткен ғасырдың соңынан бастап аш-жалаңаш шұбырып келіп, қазақ даласының ең шұрайлы жерлеріне қоныс аударып, есеңгіреген естерін жинап алған орыс мұжықтарының ортасына Абай ұрпақтарына күмп етуге тағдыр пешенеге жазған ба?
Тағдыр, жазмыш неткен қатал еді? Ынтықпен қосылып, екі асыл жүрек сүйістірген ыстық махаббат, көксеген көңіл қанжалағандай бұл күйге қашан, қалай тап болып еді?
Мұхтар Семейге оқуынан демалысқа оралған шат-шадыман күндердің бірінде, Ленинградтан жолдаған орыс қызы Валентина Николаевна деген бейтаныс жанның хаты қолына түсіп, онда: «Мұхтар, мен сенен екіқабатпын» деген суық хабардан Кәмила есінен танғандай, төбесінен жай түскендей, адал жүрегі тілімденіп, көзіндегі жасқа, іштегі ашу-ызадан тұншыға «неткен қарабет заман мынау?! деп, Мұхтарға бота көзінің жарқылымен сұстана мірдің оғындай уытты тіл қатып, дереу жиналып, өкпеге булығып Семейден тура ауылдағы үйлеріне бет түзеген еді. Өзі де түсінбейтін күйде.
Өмір бойы жеткізбеген арманы болып, бірде аласұра желігіп, бірде торыға егіліп: «асығың едім ғой, асығың болып жұртқа әйгіленіп қосылып, қос құшақ енді айырылмастай серттескен едік-ау Мұхтар? Бұл не тұрлаусыздық? Жазықсыз жаныма жара, жүрегіме дерт салғаның ба дегендей көл-көсір көп көкейіндегісін көзбе-көз айта алмастан, не жүз шайысып бет қайтарыспай, ақылды ашуға тұмшалатқан сол сәттен бері Мұхтардың жүзін бір көруге, бір ауыз лебізіне зар, меңіреулі күндер әбден титықтатып, жүйкесін жұқарта әлсіреген Кәмила ішқұса дертіне шалдыққанын енді мойындағандай. «Жығылған үстіне жұдырық » демекші, бауырына басқан балапаны – Мұғаштан да осы бір дүрбелеңде мүлде көз жазып, жас туған сәби-Мағрипасынан өлідей айырылып, аңыра аһ ұрған жалғыздыққа қызғаныш күйігіне күйіп, өртеніп жүрген шақта Мұхтардың Ташкентте түрмеге түсіп (1930 ж.) Алматыға жіберілген хабарын естіп, ес жинап, қимас көңіл Кәмиланы Мұхтармен сұхбаттасу үшін далбаса сапарға шығарған-ды.
Өкпеге қиса да, үрмеге қимаған Кәмила ондағы туыс апайы Уәсилаға:
– Мұхтарға барсам, жолығып тілдессем тамақ кіргізсем, – деп келгенін айтқанда, Уәсила бірден тойтарып, тіксіне тіл қатқан-ды. «Салы суға кеткендей» кешкен күйден тағы соққы алып, мұрттай ұшып, төсек тартқан аурулығы жайлы елдегі жанашыр шешесі мен жалғыз ағасына суыт хабар да жеткен.
Сонда адуынды да, айбарлы анасы Дәмегей:
– Е, бірі қимастықпен, бірі намыс сезімі билеген соң тойтарған болар. Кәмешті дертіне дерт қостырмай, өз қолыма жеткіз, – деп Жағыпарға өктем шешім айтқан-ды. Астанадағы бірге туған апайы Уәсиланың қолынан Уба Форпостағы Мағауияның отбасына, анасы Дәмегейдің қарауына соңғы рет, 1930 жылы осылай оралған.
– Кәмиланың өз туған шешесі Маржан сұлу, аурудың тақсіретін шегіп ғұмыры тым қысқа болды. Жақсының көзіндей, келбеті анасына тартқан Кәмила, оның сұлу сымбатын жалғады.
– Абайдың ерке келіні Дәмегөй Кәмиланы туысымен бауырына салып, аналық мейірім шуағын мол жайып, тәлімдік нәрін сіңірді. Тең құрбыларынан кемдік көрсетпей мәпелеп бақты, оқытты, қолынан ұзатты. Енді, тағы кең пейілі «қайтып келген қыз» дегізбей, тағдырға араша түсіп бәйек болып, ыңғайына жүреді.
– Жүйкеге түскен жүк Мағауия отбасын түгел шарпыған еді. Жанындай жақсы көретін қарындасы «қалқатайының» бар ғұмыры қоламталанып, сеніміне секем түсіп, өз басын қоярға жер таппай, елден жырақтап, көз тасада жүрген, шарасыздық жолын байлаған.
Жастайынан қатар өсіп, сырлас, сыйлас, қимастықпен жарасқан әрі досы, әрі қарындасының ғашық жары болған Мұхтарды да бір сәтке арашалап алғысы да келеді. Текті пиғыл, ақ ниеті кінәмшілдікке де, кемшілдікке де бастырмайды.
– Кәмила да толып жатқан тіршіліктің бұралаң бұлтарыстарынан өз тағдырына ұқсастық іздеді. Иә, ол жалғыз емес те сияқты. Қазақтың маңдайына біткен небір кемеңгер көшбасшылары Мұхтардың рухани ағалары Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов орыстан әйел алып, Сәкен де биязы мінезді, момын ауыл қызының қала мәдениеті мен Еуропа киімін кигенімен, жүріс-тұрысы көңілінен шықпаған Көкеш сұлуды төркініне кері қайтарғаны Мұхтарына да «өнеге» болғаны ма? Онда ұлттың тағдыры не болмақ? Алғашқы албырт қадамынан есілген махаббат жібін қызғаныш отына күйдіріп үзгенде, өзі сияқты мойындап жаралы жүрегіне шипа іздейді.
Алла мүсіркесін! Басқа шара жоқ деп жұбатады анасы Дәмегей.
Сені іздейтін, сағынатын адамның бар екенін сезіну де бақыт. Мұхтар тірі, ол ұмытпақ емес, тек шарасыздыққа ұрынған болар. Ол да сүйіп қосылды. Сені кінәлап айырылысамын деген сөзін естіген жоқпыз. Оның әуелден ақ аңсары, көздеген мақсаты адамдық, ақтық еді ғой. Мұхтар онысынан еш уақытта қайтпақ емес, – деп ағасы Жағыпар сыр ашып Мұхтарды ақтайды, арашалайды.
Мен Сейтжан ұстазымның Ново-Щульба ауданында аудандық атқару кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған кездегі жергілікті халықтың, сондай-ақ, Абай атамыздың ұрпақтарының ауыздарынан естіген шындықтарды қысқаша бердім.
Кәмилаш апамыздың және басқа да туыстарының сүйектерін ГЭС-тің астында қалдырмай, Құнанбай атамыздың еліне апарып жерлеуді ұйымдастырған Сейтжан Тәбәрікұлы болатын.
Жүрегі «халқым» деп соққан нағыз азамат еді-ау!..
Болатбек Нәсенов,
тарих ғылымының докторы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.