Әжемнің әңгімесі
Әжем өзі қарапайым ғана шүйкедей кемпір еді. Өзінің жас кезінде көрген қиыншылықтарды еске алып: «Жаман өсіп, жақсы өшкен заман еді» дегенді сөзінің арасына қыстырып қоятын. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылық тұсындағы ауыр күндерді әңгімелейтін. Сол әңгімелерден есімде қалғаны осы бір оқиға – Ашаршылық кезеңі. Ауылдан береке-бірлік кетіп, қалыптасқан тұрмыс-тіршіліктің шырқы, сиқы бұзылды. Әркім өз басымен қайғы боп кетті. Елдің малын, тіпті, дүние-мүлкін де өкіметтің уәкілдері ауылдың шолақ белсенділерін айдап салып, зорлықпен тартып алғанын көзіміз көрді. Байларды жақтап, Кеңес өкіметіне қарсы шықты деген жаламен талай бейкүнә жан түрмеге қамалып, айдалып кетті. Елге салынатын салықтың түрлері күннен-күнге көбейе түсті. Бұрын бірен-саран қайсыбір шаруалар болмаса, астық егуді кәсіп етіп көрмеген елге бұл – адам айтқысыз зорлық болды. Ауыл адамдары жан-жақтан астық іздеп, қолындағы бар малын сатып, жақын жерлерден бидай тасыды. Сонымен бірге, малға да ақшалай салық салынды. Мұнымен тоқтамай Кеңестік билік қалжыраған жұртқа үсті-үстіне салық сала берді. Астық салығын өткізуге шамасы келмегендер өкіметке қарсы байшыл деп танылып, сотсыз, тергеусіз қамалып кете барды.
Сол зобалаң жылдарда салық салудың белгілі бір заңды жолы жоқ еді. Ауылдағы белсенділер дікілдеп келеді де, ай-шайға қарамай «үш күннен қалдырмай мұнша бидай өткізесің, егер орындамасаң сотталасың» деп, зәремізді алатын. Шындығында, астық салығын уақытында бермегендерді бір түнде милициямен келіп, белгісіз жаққа алып кететін. Мұндай жағдайда күйзелген ел күңіренуден басқа не істей алсын? Кешегі ауқатты шаруалар тақыр кедейге айналды да, ал кедейлер енді қайыршының күйіне жетті. Әуре-сарсаңға түскен біздің ауылда бас көтерер азамат қалмады, абақтыға қамалғандар да көп болды.
Дәл сол жылдары елді ұжымшарға біріктіру басталды. Елдің жағдайы одан сайын қиындай түсті. Ауданнан өкімет өкілдері келіп, шаруалардың бар малын ортаға салуға үгіттейтін. Азын-аулақ малмен күн көріп отырған ауыл адамдары бірді-екілі ірі қарасын колхоз ортасына бергісі келмей, тағы да өкілдермен араласты. Ақыр соңында, бір жағынан үгіт-насихат жүргізілсе, екінші жағынан қоқан-лоқы көрсеткен биліктен қорқып, жиырма шақты кедей үйлерінен артель құрылды, олардың малдарын және жұмысқа жарайтын күш-көліктерін бір жерге жинады. Содан соң 1930 жылдың жазында колхоз бірікті деп есептеп, оған М.Калининнің аты берілді.
Колхоз жұмысы ілгері басып кете алмады, мал басы құралмады, өйткені, ел колхозға кәрі-құртаң, арық-тұрағын ғана берді. Ауыл тұрғындары етке жарамды малдарын бір ортаға бермес үшін жаппай сойып алған болатын. Сойылған малдың еті таусылғаннан кейін әркімнің өз отбасында отырып, тіршілік жасауға шамасы келмеді. Осы кезде біздің ауылға да аранын ашқан ашаршылық келген еді. Жан сақтап «бәлен жерде бақыр бар» деп, ел басы ауған жаққа қаңғыра бастады. Көшіп-қонуға үйренген халықпыз ғой, Қытайға асайық десек, шекарадан қызыл әскерлер жібермейді, кері қайтарады немесе содан бүкіл көшті бала-шағамен қоса қырып салады екен деп естіп жаттық.
Сол кезде ауылды көңілсіздік басты, өлі тыныштық. Үретін ит те қалмаған. 1932 жылы ел-жұрт ішерге тамақ таба алмай және өкіметтен ешқандай көмек болмай ауыл тұрғындары көршілес жатқан қырғыз еліне түнделетіп көше бастады. Біз де шұбырған жұртқа ілесіп, жаздың соңғы күндерінің бірінде жолға шықтық. Жаяу-жалпылама ілдалдалап көшкен ауылдастардың артынан әрең дегенде ілесіп отырдық. Жер беті сарғыш тартқан, күз жақындап қалғандай сезіледі. Далада жан-жануарлар, жәндіктер түк қалмаған. Аштықтан әбден титықтап, әлі құрыған ауыл адамдары сарышұнақ, тасбақа сияқты жәндіктерді де аулап, қорек еткен сияқты.
Қасымда өзіммен жасты құрдас келіншек бар еді. Бет алған бағытымыз – Қырғызстанның Камышановка деген ауылы. Қырғыз ағайындардың ауылдарында тапшылық жоқ деп естігенбіз. Біз бет алған ауылда ағайынды Нұрый мен Нұркей деген бауырларым бар деп әкемнің айтып отырғанын талай естіп ем. Сол екі бауырын табамыз деген үміт алға жетелейді. Таппаймыз ба деген үрей де бар. Біраз жүргеннен кейін қалжырай бастадық. Шұбырған ауылдастар бізге қарамай қарасын үзіп, кетіп қалды. Жанымдағы келіншектен де әл кете бастады. Күн кешкірді. Бойымызды қорқыныш билеп, не істерімізді білмей көзіміз алақтап, есіміз ауғандай болып көрінеді. Әлі де жол ұзақ. Сәл демалып, ентігімізді басып, алға ақырын ғана жылжимыз. Бір кезде бір топ аш қасқырлар бізді қоршай бастады. Жерді тырмалап, көздері жалт-жұлт етіп, бастарын көкке көтеріп ышқына ұлығанда, зәреміз зәр түбіне жетіп, дірілдеп-қалшылдап бар даусымызбен айқайлап жібердік. Енді өлдік-ау деп, өмірден күдер үзе бастаған қас-қағым мезетте тарс еткен мылтық даусы естілді. Біз талықсып жерге қалай құлай кеткенімізді білмей де қалдық.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, бізді қасқырға жем болудан аман алып қалған сол Камышановкада тұратын егде жасқа келген орыс екен. Қасқырларға да жан керек екен, мылтықтың даусынан қорқып безіп кетті. Осындай қиын заманда ұры-қарылардан да, далада аш жортып жүрген қасқырлардан да қорғану үшін өзімен бірге қару алып жүруді әдетке айналдырыпты. Қандай сақтық десеңізші! Бізді ажалдан аман алып қалған орыстың аты-жөнін сұрап алу әлсіреп келе жатқан біздің ойымызға қайдан келсін. Бірақ күні бүгінге дейін сол азаматтың түрі, мейірімді жүзі көз алдымнан кетпейді.
Есімізді жиғаннан кейін «ашсыңдар, көп ішуге болмайды» деп, аузымызға бір-екі жұтым су тамызды да, сүйемелдеп арбаға отырғызды. Біраз жүріп Камышановка ауылына да жеттік-ау, әйтеуір! Осы ауылда тұратын әкемнің бауырларын сұрап едім, құдай жарылқап, оларды таниды екен, үйлеріне жеткізіп салды. Бұл жалған дүниеде қандай ұлт болса да, адамгершілігі мол адамның қашанда биік болатынын сол кезде ғана түсіндім.
Әжем әңгімесін аяқтай келе, терең бір күрсініп алды да, былай деді:
– Ол заман қиын еді, тек бізге емес, бүкіл қазақтың басына төнген қасірет болды. Енді ондай жаманшылық қайталанбасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қарақтарым, сендерге құдай ондай заманды көрсетпесін. Аман-сау, бақытты өмір сүріңдер деп, көзіне келген жасты маған көрсеткісі келмегендей төмен қарады.
Төреқұл ӘЛЖАНҰЛЫ.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы,
Ақсу ауылы.