Төлегенге тән
03.03.2017
2293
0

Әрине, Айбергенов жырлары ұлы дала жырауларынан бастау алатыны анық. Дейтұрғанмен, ақынның түбі бір түркі тілдес елдердің классиктерін терең оқып, зерделегені байқалады. Бірақ еліктеуді білмейтін өзгеше дарын иесі өзгеше, соны, далалықтардың табиғатына тән поэзия жарата білді. Бізбен туыстас өзбек, түркпен, қарақалпақ халық­тарында өлеңнің мухаллес деген түрі бар.

Мухаллес – он бес, он алты буыннан, бес қатардан тұратын Лирикалық өлең түрі. Бұл түрді қарақалпақ поэзиясына алғаш алып келген Әжінияз Қосыбайұлы болды. Бірақ Әжінияз мухаллесті Шығыс поэзиясынан қарақалпақ поэзиясына өзгеріссіз көшірме күйінде қолданды. Әжінияз «Шықты жан» өлеңінде былай дейді:
Көрдім Арыслан сұлтанды – күллән қазақтың ағасы,
Мыс, қола, жезден құылмыш еркен атының тағасы,
Көйлегі құлпы шыт, құндыз тонының жағасы,
Хүп-Әжеп намаз оқылар қатыны, бала-шағасы
Аһ дариға, уа дариға, мың сан арман шықты жан.
Жоғарыдағы өлең жолдарында мухаллестің барлық қағи­далары сақталғанымен, қарақалпақ тілінен алшақтап, араб-парсы сөздерін көп қолданып, Шағатай тіліне жақын жырлаған Әжінияз мухаллеске өзгеріс әкеле алмаған. Ұлы дала жыраула­ры­ның аруағы қонған, туыстас түркі халықтарының кітаби шайырларынан бек хабары бар Төлеген Айбергеновтің қала­мынан мухаллестен бірер буыны артық, өзгеше ырғаққа ие соны жыр түрі туған.
«Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай
Сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған
Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған».
Міне, осылай күтпеген жерден мухаллес нағыз қазақы, нағыз далалық жаңаша жыр түріне айналып шыға келген. Мұны түбі бір түркі тілдес елдердің поэзиясына келген үлкен жаңалық дер едік. Төлеген Айбергенов тәжік-парсы поэзиясының әсеріне ұрынған түркі жырын нағыз өзінің табиғи бояуына, шынайы қалпына қайта табыстырған хас талант иесі. Мұны ақынның «Сағыныш», «Аруана – бауыр дүние» жырларынан толық бай­қауға болады. Туыстас тілдерден сөз тіркестері, ырғақтар өзі­мізге бейімделіп, сүзгіден өтіп қолданылса, тіліміз байи тү­сетіні анық. Мысалы, ақын өзбек поэзиясында көп қолда­натын «Юрогим парчо-парчо» деген тіркесті «Жүректі тоқсан паршалап» деп қолданып, қиыннан қиыстырып жібергеніқандай жарасымды.
Төлеген өзінен бұрынғы жазба ақындар көп қолдана бермеген дидар, ықылас, ынтызар, ару сөздерін асқан ақындық шеберлікпен дәл өз орнына жұмсап, тек Айбергеновке тән өлең ырғағын ажарландыра, құлпырта түсті.
Төлеген Айбергенов поэзия әлеміне Қазақстанға ғашық болып, елге, жерге деген үлкен махаббатпен келіп кірген ақын еді. Қазақтың әрбір тауын, өзен, даласын, жалындап сүйген жас жігіттің жүрегінен құйылған жыр тасқынына таңырқаған, сүй­сін­ген оқырман жұрттың бұл пікірімізбен келісетініне сенім­діміз.
Әрине, нағыз өлең айна іспетті. Одан ақын жанындағы тебіреністерді, бұлқыныстарды анық көруге болады. Классик ақын Қасым Аманжолов поэзиясында қуатты дауыл соғып, от, сәуле ұшқындап тұратын қатарлар кездеседі. Бұл – сирек кез­десетін құбылыс. Ал Айбергенов жырларында да от шашырап, сәуле төгіліп, жабырқаған жаныңды ұрландыратын ғажайып бір тылсым күшті байқайсыз. Ақын Жетібай жұмысшыларына арнаған жырында:
Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босаған
Мен жарық Жермін, жаңғырықтарға үн қосқан
Төбемді көрсе, түн қашқан.
Омырауымнан жарқылдап ағып жатады
Құйрықты жұлдыз тынбастан.
Әр заттың пірі болады. Аңыздың айтуынша, темірдің пірі Дәу­іт пайғамбар. Халық қара төсті қастерлеп, ұстаның дүкенін киелі орын деп санаған. Халық ұғымындағы қара төстің қасиетін поэзия тіліне аударып, от шашыратып, нұр ойнатып жырлаған ақынды пайғамбар Дәуіттің аруағы жебеп тұрғандай әсер ете­ді.
Ол кез қазіргі кездегідей ауыл-ауыл болып Атажұртқа үдере көшіпжатқан кезең емес. Аралдың арғы бетіндегі қандастардың балаларын ана тілінде оқытып, Қазақстаннан шығатын басылымдармен еркін сусындап, той-мерекелерінде жырау жыр­латып, ат шаптырып, балуан күрестіріп, бейғам отырған шағы. Айына бір-екі рет келіп, ел аралайтын қазақ өнерпазда­рының концерті тағы бар. Алайда, үш жүзден аса қазақ мектебі бола тұра, бірде-бір қазақша басылымы жоқ бұл аймақтың оқырман­дарына ­жағ­дай жасалынғанымен, шығармашылық адамдары­ның хәлі мүшкіл еді. Кейбіреулері бауырлас қарақалпақ тілінде ән-жыр­ла­рын жазып, ішкі дебдуін шығарса, енді біреулері жаны тілеген шығармашылық жұмыспен айналыса алмаған соң, жүйке науқасына тап болып, іш-құсалықпен күн кешіп жатты. Жырау болып ел аралап кеткендері тағы бар. Төлеген Айбергенов бұл үш топтың үшеуінен де табылған жоқ. Аруанаша боздаған ақын Атажұртына – Алатауына асықты. Ежелгі Сақ бабасына құтты мекен болған жойқын ағысты Әму өзенін, айдынды Аралын тек қазақша жырлағысы келді. Атақонысында қаймағы бұзылмай отырған ағайын, дос-жаранмен, туған топырақпен қоштасу, әрине, оңайға соққан жоқ. Атажұртқа деген құштарлық пен туған топырағына деген қимастық сезімі домбыраның қос ішегіндей үндесіп, ақын жүрегінен өзгеше нәзік, өзгеше сырлы жыр шумақтарын туғызды.
Кеудесі толы сыр бақтар
Тебіреніп тұрған жырлап тал
Оң сапар тілеп соңымнан
Сендер де қолды бұлғап қал.
Немесе:
Әмудің бір саласы Кегейлі өзеніне арнаған жырына назар аударайық:
Жонында әкем жорға атпен
Жортып бір өткен Кегейлі
Атаның жолын жалғап мен
Елтіп бір жеткен Кегейлі
Су алған сайда әжемнің
Сырғасы қалған Кегейлі,
Сырласы қалған Кегейлі,
Мұңдасы қалған Кегейлі.
«Қыз Жібек» жырындағы Базарбайдың Төлегенінің алты қазбен қоштасуы мен Айбергеннің Төлегенінің қоштасуы арасында бір үндестік бар сияқты. Әрине, сырт көзге бірден байқал­маса да, жіті назар аударған кісіге сезім, ырғақ ұқсастығы аңғарылады:
Әуеден ұшқан алты қаз
Етің шекер, сорпаң баз
…Қонар болсаң, жануар
Міне, майдан, міне саз.
Төлеген Айбергеновтің мықтылығы да, даралығы да түп тамырдан ажырамай, халық ауыз әдебиетіндегі нәзік иірімдерді асқан шеберлікпенжазба поэзияға түсіріп, құлпырта білуінде.
«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтқандай, жыр өзінің түп тамырынан бастау алғанда ғана көгереді, көктейді, өседі. Поэ­зия­ға бетбұрыс әкелген үлкен ақындар дәстүрді бұзушылар емес, қайта жаңғыртушылар, безендірушілер екеніне жоғары­дағы мысалымыз дәлел бола алады. Өлең дегеннің өзі тігінші-ісмер­дің қайып тігуі тәрізді неғұрлым өткен ізімізді бір мұқият­тап шолып алсақ, соғұрлым мықты, ғұмырлы бола түсетін дүние екенін бү­гінгі­нің жастары ұғынуы, сезінуі тиіс. Ендігінің электрондық ақындары жаңалық ашатын болса, өткенге оралып, ауызша, жазбаша жинақталған бай мұрамызды қорытып, жаңғыртып қана жаңалық аша алады. Бабалар аманатын арқалап, осы заманға жеткізген Төлегендердің шыққан биігі, алған асуы еш аласармай, ендігі ұрпаққа да жол сілтеп тұра берері анық. Естуімізше, Төлеген Айбергенов бұл жарық дүниеге аянмен келген ұл екен. Айберген ата мен Жібек әже бұл жалғаннан көңілі қалып, қатты налып жүргенде, Тәңірдің рақымы түсіп, осы Төлегенді сыйлапты. Расында, ақынды тек ата-анасы ғана емес, қазақ жыры ғасырлап күткен еді.
Ақын жырларының кей тұстарынан Рудаки мен Омар Һаям жазған рубайлардың нышаны қылаң етіп белгі беріп жатады. Ендігі жастар ақынның үлгере алмай кеткен, бірақ шығар­машылығынан қылаң етіп байқалып қалатын осы тұстарын іл­герілетіп, дамытып алып кетуі керек. Өйткені, ендігі заман бізден рубаи тәрізді қысқа өлең ішінде терең ой айта білуді талап етеді. Оның үлгісін Төлеген ақын бізге әлдеқашан көрсетіп кетіпті.
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ.


Жүрекке айтылған өлеңдер…


АЛАТАУҒА

Жайлаған баурайында бала атаулың,
Сүйетін шығар сені Алатауым.
Қойныңда өспесем де әр шыңыңа,
Келемін орнатып мен ән отауын.

Рас, мен көргенім жоқ сені бұрын,
Қарсы алшы құшақ жайып мені бүгін.
Ынтық бір махаббатпен аймалайын,
Көгілдір көк тасыңның өрі-қырын.

Тыңдайын сырларыңды қойып зейін,
Аяулы ақ сүт берген анам дейін.
Ізетпен туған елім сүйсе сені,
Мен сүймей қалай ғана қалам кейін.

Демессің, әрине, сен мұнымды ерсі,
Мінеки, құшақ жайдым келші, келші,
Елжірей елім сүйген асқарыңнан
Менің де жүрегіме орын берші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір