НОРВЕГИЯҒА БАРҒАНДА
Халқының бақытты болашағын аңсап, оған жетудің жолдары туралы ой өрбіткен Сұлтанмахмұт Торайғыров кезінде үлкен көрегендікпен: «Еуропа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз. Олар секілді жол салуға айналып кешікпейміз.
Жол салғандағы бейнеттерін біз көрмейміз, адасып айналмаймыз. Неге? Олардың мыңдаған жылдар ішінде, жүздеген буындарының еңбегімен салулы даяр жолдарынан жүруді ғана білеміз. Егер де қазақ Еуропаның даяр жолдарына түспей, өз беттері, өз алдарына жол жасауын тосып
отырса, Еуропа қатарына кірудің алыстығы сонда болар еді» деген болатын. Және ол осындай «пісулі астай даяр өнерін алумен» Еуропа елдерінің қатарына 35-40 жылда жеткен елдің мысалы ретінде Жапонияны атайды. Ақынның ой тереңдігіне басымызды ие отырып, Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін қандай мемлекеттің жолы ол айтқандай «тегіс жұмыла үйренуге» лайық деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біздің ойымызша, ондай елдердің қатарында ең алдымен Скандинавия елдері тұр. Олардан үйренетін нәрселер өте көп. Сол елдердің бірі – Норвегия туралы әңгіме етпекпіз.
Нұрланған Норвегия! Гардермуэн әуежайынан Ослоға жеткізетін ұшқыр электр пойызының терезесінен сыртқа көз тастағанда, тілімнің ұшына оралған сөз осы болды. Біз үйренген ұранның тілімен айтсақ, Норвегияның нұрлануының басты ұстанымы – «Бәрі адам үшін!» деуге болатын шығар. Жолаушылар әуежайдан қалаға еш қиындықсыз жете алады, себебі, ыңғайлы орындықтармен жабдықталған, іші тап-таза электр пойызы белгіленген уақыт кестесінен бір минут те кешікпейді. Біздегідей ұшақтан түскендерді аңдып, «қалаға арзан апарамын» деп мазаңды алатын жүргізушілер атымен жоқ. Жақында халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша Оңтүстік Кореядан келген ғалымдар да қазақтың тарихы, мәдениеті және философиясы бойынша әңгімеміздің соңында осы құбылыстың себебі туралы сұрақ қойғанда, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздағанбыз. Бұл мәселе Мәжіліс деңгейінде көтерілсе де, әлі ештеңе өзгере қойған жоқ. Әуежайда ғана емес, қалада да баяғы аялдама сайын автобустан шығып айқай салған, музыкасын даңғырлатып, темекісін шеккен, ұялы телефонымен сөйлесіп, халықтың тынышын кетірген жүргізушілер… Шындығында, осының бәрі шешуге болатын, еш қиындығы жоқ мәселелер емес пе? Әлемнің озық елдері ұмтылып отырған «ақылды қаланың» құрамдас бөлігі болып табылатын «Оңай» жүйесі енгізілгенде, өркениетті елдердегідей боламыз енді деп қатты қуанғанымыз есімізде, бірақ оның да біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді.
Әуежайдан Ослоға дейінгі жолдың бойына бейнебір жасыл кілем жайып тастағандай. Бос жердің бәріне биіктігі шамамен он сантиметрдей шөп егілген және оның күтімі мұқият қадағаланатыны бірден көзге түседі. Әсем көріністі тамашалап отырып, қалаға қалай жеткеніңізді байқамай да қаласыз. Осы жерде Норвегиядағы қоғамдық көлік туралы айта кетейік. Бұл мәселе оларда толық шешілген. Қоғамдық көлік ең бірінші орында, жеке көлік аз, қоғамдық көліктің жұмысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандықтан, халық жеке көлік сатып алуға онша қызықпайды. Оны жүргізу құқына ие болу да оңай шаруа емес, бірнеше кезеңдерден тұратын емтихандарды тапсыру қиын, талап қатаң болғандықтан ұзаққа созылады және бағасы да қымбат. Сол себепті көлікті кім көрінген айдамайтындықтан елде көлік апаты да өте аз. Қоғамның барлық саласындағы сияқты, халық жол жүргені үшін қолма-қол ақшамен емес, элек-
трондық карталарымен есеп айырысады. Жол жүру картасы бір айға 708 крона. Бұл сома Еуропа елдеріндегі ең жоғарылардың бірі, бірақ көрсетілетін қызмет оған толық сай. Елдегі орташа жалақы 40-50 мың крона екенін есепке алсақ, оның екі пайызына да жетпейді. Автобус, трамвай, электр пойыздардың кестеде белгіленген уақытынан кешіккенін көрмедік. Әрбір аялдамадағы электрондық таблолар сіз күткен көліктің қашан келетінін хабарлап тұрады. Көлік екі минут (!) сайын қатынайды, қаланың сыртына жеткізетін кейбір автобустар ғана 10, 20 минут сайын жүреді және олардың аялдамаларына осы сандар үлкен етіп жазылып қойған. Қабылданған ережелерді халықтың қатаң сақтап, еш қадағалаусыз орындайтыны таңдандырады, яғни адамның жеке жауапкершілігі өте күшті, тексерушілер аз, болғанда да олар ең алдымен сізге қызмет етуге тырысады. Мысалы, біз елге қайтар кезде әуежайға қатынайтын жүрдек пойыз жолы жөндеуге жабылып, оған автобуспен жету ұсынылды. Формаларын киіп, екі метр сайын тұрған қызметкерлердің біздің билетімізді тексерумен шаруасы болған жоқ, автобусқа қалай баратынымызды көрсетумен болды. Тәртіп бұзып, билетсіз жүру ешкімнің ойына да келмейді. Мемлекетте бәрі өзінің қамы үшін жасалып жатқандықтан, халық та бұл қамқорлыққа өз тарапынан лайық болуға ұмтыла ма деп ойладық және заң да қатты.
Ерекше назар аударатын, біз үшін аса маңызды тағы бір сала – балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру саласы. Норвегияның кішкентай балалары ең бақытты балалар ма деп қалдық. Соны олардың өздері де сезетін секілді болып көрінді, жылаған баланы байқамайсыз. Сәбидің анасы мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Балапан дүние есігін ашқаннан соң демалысқа шыққан ана өзінің негізгі жалақысын бір жыл толық алып отырады, тек осы демалыстың он аптасын баланың әкесі де алуы тиіс, яғни мемлекет бала тәрбиесіне әкенің де араласқанын қалайды. Біздегі секілді күтуші жалдау, бірнеше жыл сарылып, бала-бақшадан орын күту деген оларда жоқ. Алдын ала өтініш жазып қойсаңыз, балаңызды бір жасқа толған балаңызды мемлекеттік, жеке немесе коммунадағы (аудандағы) бала-бақшаға беруге болады. Оның қызметкерлері балапанды жақсы тәрбиелейтіндіктен, анасы алаңдамай, жұмысын жалғастыра береді.
Баланы тәрбиелеуде спортқа ерекше мән беріледі, себебі, елдегі әрбір отбасы спортпен белсенді айналысады. Олар жұмыстарынан (жұмыс негізінен алғанда күндізгі төртте аяқталады) шыққан бойда, киімдерін ауыстырып, спорт алаңдарына, парктерге бет алып, денелерін шынықтырады, біздегі сияқты уақытын қалай болса солай бос өткізіп, не болмаса теледидарға телмірмейді. Кең тараған спорт түрлері шаңғы, жеңіл атлетика, велоспорт десек болады. Жазда көк майсаға оранған парктер мен көшелер жүгірген адамдарға толы. Басқаны айтпағанда, 1,5-2 жастағы баланың өзі қыста шаңғыға тұрады екен. Ослодағы бос жерлердің бәріне футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын орнатып тастаған, оларда ойнау, жаттығу тегін. Еуропаның басқа елдеріндегі сияқты бұл елде де саны көбейген мигранттардың да осы алаңдарды ұнататынын байқадық, балалары доп теуіп, өздері де соларға қосылып жүгіріп, мәз. Айта кету керек, Норвегия мигранттарға ерекше жағдай жасап, азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз ету жағынан қолдау көрсетіп отыр. Заң талаптары мүлтіксіз орындалатындықтан, мигранттардың көбі тез арада заңдастырып, шағын дүкендер ашып алған. Оларға тіл үйрен деп біздегідей ешкім жалынбайды, себебі, тілді білмесең, елде өмір сүре алмайсың. Сондықтан олар өздерінің тілімен қатар, норвеж және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Елде норвеж тілі үстем, барлық хабарландырулар біздегі сияқты үш тілде емес, бір ғана тілде – норвеждердің ана тілінде. Үлкен мекемелерге жұмысқа тұру үшін міндетті түрде норвеж тілінен емтихан тапсырасыз.
Мектептегі сабақтар тамыз айының ортасынан басталып, маусымның соңына таман аяқталады. Алғашқы апталарда сабақ жоқ, яғни балалардың жазғы демалыстан кейін сабаққа бейімделуі ескерілген. Оқушыларды, әсіресе төменгі сынып оқушыларын көшеде бірден байқайсыз, мектеп олардың қауіпсіздігін алдын-ала ойластырып, арнайы күртешелер кигізген. Оқу бағдарламалары мен үй тапсырмалары игеруге жеңіл, ал балаларды қинамау, білімге өз еріктерімен баулу – басты мақсат. Қазақстандық орта білім беру жүйесін де осы бағытта өзгерту жоспарланып отырғаны туралы соңғы хабарлар бізді қуантады. Норвегияның білім беру жүйесін сынаушылар да көп. Бірақ бізге ұнағаны – балалар он үш жылдық мектептен кейін білім алуды жалғастыруға, жоғары оқу орнына түсу мәселесіне саналы түрде қарайды. Кез келген мамандық бойынша диплом ала салуға ұмтылмай, өзінің жаны қалаған мамандығын таңдайды. Бір жағынан алғанда, бұған себеп – елдегі орташа жалақының жалпы алғанда барлық мамандықтар үшін бір деңгейде екендігі ме деп ойлаймыз. Яғни жастардың таңдау мүмкіндігі бар, әрбір мамандықтың құрметтелетінін, жоғары білімсіз де далада қалмайтынын олар жақсы біледі. Соған қарамастан, жоғары білімге ұмтылған студенттердің саны Норвегияда өте көп.
2003 жылы Болон үдерісіне қосылған Норвегия өз елінің ғана емес, басқа елдердің азаматтарының да жоғары білім алуына қамқорлық көрсетіп отыр. «Үшінші елдердің» өкілдеріне арналған арнайы бағдарламалар бойынша конкурс жариялап, үміткерлердің үздіктерін өздері әділ таңдап алып (таңдау құқын сол мемлекеттерге берсе, не болатыны белгісіз), тегін оқытады. Ондай елдердің қатарында біздің Қазақстан да бар. PhD бағдарламасы бойынша болашақ ғалымдарды дайындау үкіметтің ерекше назарында. Үздіктердің үздіктерінің қолы жететін докторантурада оқитындар жеті мың доллардан жоғары (кейде 10-12 мың долларға дейін жетеді) шәкіртақы алады. Яғни мемлекеттің болашағы ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты екендігін түсінген үкімет жас ғалымдарды материалдық қаржыландыруды жақсы жолға қойған.
Норвегия үкіметінің басқа елдерге көмектесу ниетінің бір себебі – олардың өткен тарихында ма деп ойлаймыз. Білетініміздей, қазір 5 млн. астам халқы бар Норвегия ұзақ ғасырлар бойы отар елдердің қатарында болып (бірақ олардың отарлануын біздің отарлануымызбен мүлдем салыстыруға болмайды, тілін, дәстүрлері мен мәдениетін жоғалтқан жоқ, билік мәселесіне араласу құқықтары және т.б. сақталды), Даниядан тәуелсіздігіне 1814 жылы, ал Швециядан тәуелсіздігіне 1905 жылы ғана қол жеткізді. Соның өзінде де күні кешеге дейін Еуропа елдерінің арасындағы экономикасы нашар дамыған елдердің бірі болған, басқа елдер оған шекесінен қараған, қазақша айтсақ, жетім қыздың күйін кешкен Норвегияның көзі осыдан бар-жоғы қырық шақты жыл бұрын ашылды. Ел территориясынан мұнайдың мол көзі табылып, жарқын болашаққа қадам жасалды. Басшылық мұнайды тістегеннің аузында, ұстағанның қолында жібермей, ел игілігіне жұмсауды ең басты мақсат етіп қойды және қазіргі таңда басқаларға да көмектесуде. Табиғатынан еңбекқор норвеждер осындай жақсы өмірге қандай қиыншылықпен келгенін естерінен шығармай, жас ұрпақтың есіне де үнемі салып отырады. Мысалы, елде балықшылардың торынан түсіп қалған балықты жинап алып, отбасын асыраған балаға, күнкөрістің қамымен теңізге кеткен жарын жағада жабыға күткен әйелге, зауыттарда күні-түні еңбек еткен жұмысшыға және тағы басқаларға орнатылған ескерткіштер бар. Тұрмыс деңгейі қазіргі заманғы әлемде ең жоғары мемлекеттің қалыптасуына еңбектері ерекше сіңген аға буынды ұмытпай, лайықты зейнетақы беріп, тегін медициналық қызмет көрсетеді, алақандарына салып, аялауға тырысады. Мұнайдан түскен табыстың қазіргі таңда төрт пайыздайын ғана жұмсау Норвегияның өз азаматтарының ауқатты өміріне де, басқа елдерді қолдауына да жетіп отыр. Айта кететін бір жай, Норвегияның ірі-ірі компанияларында ҚазҰУ, ҚБТУ, КИМЭП және тағы басқа озық оқу орындарының түлектері табысты қызмет атқарып жүр.
Жалпы, еңбек адамы Норвегияда аса зор құрметке ие екенін байқадық. Бір қызығы, оларда да қазақ сияқты табиғат арасында мал бағып, қойдың басын мүжіп, дәл біздегідей қызыл ірімшік қайнататын шаруалар бар екен. Үкімет оларды қадірлеп, жылдың соңында әрбір ірі қара үшін мың доллар, әрбір ұсақ мал үшін бес жүз доллар шамасында сыйақы төлейді, себебі, үкімет шаруалардың жайлаудағы малы табиғаттың көркін ашып, елдің дамуына өз үлестерін қосып отыр деп есептейді. Шаруа қожалығында оншақты ірі мал, елу шақты қой-ешкі бар, есептей беріңіз. Жердің иесі – мемлекет, ал пайдалану – тегін, жер ешкімге сатылмайды, Ослоның өзінде де солай. Шаруалар өз өнімдерін қайда өткіземін деп те басын қатырмайды, бұл іспен мемлекет өзі айналысады және жастар бос уақыттарында шаруа қожалықтарына келіп, ерікті түрде қолғабысын тигізеді, бір жағынан таза ауада демалады. Доллар демекші, сіздерге түсінікті болу үшін ғана доллармен айтып отырмыз, ал елдегі сауда айналымында ұлттық валюта крона ғана жүреді (долларыңызды айырбастасаңыз, он пайыз желінесіз) және соңғы мәліметтер бойынша, әлемдік дағдарыс жағдайында девальвацияға ең аз ұшыраған (өзіміз байқағандай, мүлдем ұшырамаған дерлік) осы норвеж кронасы екен. Тұрғын үй мәселесі де бұл елде жақсы шешілген. Таңдаған үйіңізді немесе пәтеріңізді жылына екі пайыз кредитке сатып аласыз да, көшіп, тұра бересіз.
Скандинавия елдерінің достығы да адам қызығарлықтай. Оны онша дабыра етпей, Дания, Норвегия, Швеция және Финляндияның туларын үйлердің балкондарына, ғимараттардың сыртына, мекемелер мен сауда орындарына іліп қойып, үнемі еске салып отырады. Жалпы, мемлекет те, халық та өзі мейлінше қарапайым өмір сүруге ұмтылады, ақшаны босқа шашу, жасандылық, жоқты бар етіп көрсету оларға мүлдем жат. Мысалы, осы жолы Норвегия патшасы мен патшайымының қарапайым ғана суретін Король Сарайының алдында бір мерекеге байланысты ұйымдастырылған ұлттық көрмеден көріп, қуанып қалдық. Өткен жолы барғанымызда естелік ретінде сатып алуға еш жерден таба алмай, Даниядан кездейсоқ кездестіргенбіз. Назар аударғанымыз, осы суретте патшайымның келбеті әжімдерін жасырмай, табиғи күйінде берілген. Есімізге бет-ауыздары баттасқан бояу, қасы-көздерін адам қорқатындай етіп тартып тастаған, бірінен-бірі аумайтын жап-жас «жұлдыз» қыздарымыз түсті…
Әрине, Норвегияның да ішкі әлеуметтік мәселелері жеткілікті. Ғасырлар бойы отарлануы, қатаң табиғат жағдайларында өмір сүруі, жастарының қазір төрт құбыласы тең болуы себепті еріншектікке бой ұра бастауы және тағы басқа құбылыстар қоғам мен ұлттың жалпы бейнесіне әсер етпей қоймайды. Десек те, әлемде экономикалық және әлеуметтік дамудың жоғары сатысына өз еңбектерімен көтерілген нұрланған Норвегиядан біздің үйренеріміз көп және осындай елдің қатарына жетуге қажетті шарттардың бәрі бізде бар.
Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі
ПІКІРЛЕР1