Кемешімен қоштасу…
24.02.2017
1470
0

Кеңес Юсуп ағамыз жайлы айтқанда ол кісімен алғаш танысып, араласқан жылдарым көз алдыма келеді.

Өскемен деген өндір­шектей тас қала… 17 жасымда облыстық газетке қыз­метке алынғаным… сондағы өзімді жатсынбай, жатыр­қамай бауырына тартқан қаламдас ағаларым… Бәрі-бәрі бір сәтте ғайып­тан құйылғандай жадыма жетіп келді…
Біз, ақын Зәутдин Шәмшиев екеуміз бірге отырамыз, көбіне жұп жазбай бірге жүреміз. Алтай­дың қаһарлы қысында екеуміздің қара базардан киген құлақшын­да­рымыз ұқсап кетіпті. Басымызда бір-бір ақ түлкінің елтірісінен тігілген Сібірдің әппақ-әппақ сеңсең тымағы. Күнде өкіртіп өл­ең жазып, кеудемізге қарадай нан пісіп, буымыз бұрқырап жүр­генбіз. Сол күндерде Кеңес ағамыз екеуміздің түр-тұрпатымызға қарап тұрып, «түрікпен тектес бауыр­­лар» деген ат қойды. Түрік­пенге үш қайнасақ, сорпамыз қосылмағанмен, ол кісінің аузынан шыққаннан кейін бізге де ұнап қалғандай болды.
«Түрікпен тектес бауырлар!» десе, екеуміз де жалт қараймыз. Оның үстіне қаламдас ағала­рым­ның өздері қалыптастырған ғұрып­тары бойынша екеуміз де «аға» атанып шыға келдік: «Зәут­дин – Зәу-аға, Ұлықбек – Ұлы-аға!». Зәутдинді білмеймін, мен өзім біраз уақытқа дейін қаршадай болып аға атанғаныма үйрене алмай, қысылып-қымтырылып жүргенім есімде. «Қысылатын несі бар, – дейді ағаларым, – мінеки, Кеңес – Кең-аға, Тоқтар­бек – Тоқ-аға, Мүсілім – Мүс-аға, Серік – Сері-аға! Сендер де аға боласыңдар! Мысалға, Қуанбайды – Қу-аға, Жүністі – Жүн-аға дегеннен сені Ұлы-аға деген жақсы ғой!», – десетін…
Кеңес аға сол кездің өзінде өте бипаз, сыпа, аса кішіпейіл, байсалды, баппен сөйлейтін, бекзат болмысты жан еді. «Жалын» журналында «Бәдәуи» деген әсерлі әңгімесі жарқ етіп, әдеби қауымды жалт қаратқан 29-30 жастағы кезі. Зайсанда тұратын Бәдәуи деген құдамыз болатын еді, бұл онымен аттас басқа кейіпкер екен.
Менің жалдаған пәтерім Кеңес ағамен есіктес болып шықты. Екі күннің бірінде басымыз тоқайла­сады. Сол 1971 жылдың өзінде Кеңағаның оқу-тоқуы мықты, біл­­ген-түйгені ерен, білімі терең болатын. Үйінің бір қабырғасын алып, 200 томдық «Әлем әдебиеті­нің кітапханасы» сіресіп тұр. Қолымыз жетпейтін атышулы кітап­хананы тұңғыш рет сол үйден көрдім. Көзімді сатып, тәнті болдым. Өзім де бала кезден кітап­құмар едім, шынын айтсам, мұнша байлықты алғаш көргенде көзім тұнып, шалқамнан түсе жаздадым. Шырғалап, шыға алмаймын. Өзі болса шетінен кеміріп оқып жатады. Маған да оқуға рұқсат. Әттең, сол кезде орысшам кемшін. Әр классиктің кітабын бір шаламын. Ұғым-түсінігім жетісіп тұр­ғаны шамалы.
Кең-ағам менің таңдай қағып, тамсанғанымды көріп: «Осы кітаптарды неше жылдан бері жаздырып аламын деп байымай жүрмін. Редакциядағы кейбір құрдастарым: «Өзің жарымай жүріп, сонша қымбат кітап жиған не сәнің?» деп күледі. Күлсе-күл­сін, бірақ бағасын білгенге нағыз байлық осы ғой» деп қойды.
«Осы 200 томның екі томын біздің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» алып тұр! Қара, көр, әлем­нің басқа классиктерінің көбі бір-бір-ақ томнан! Бұл біздің қазақ әдебиетінің кереметтігін көрсетпей ме?» дегені бар.
Кең-аға бірде менің қағазға шимайлай салған суреттерімді көріп, ұнатып, маған тіл-әдебиет­ке де, журналистикаға да емес, архитектураға оқуға түсуге ақыл берді. Орыс поэзиясының озығы Андрей Вознесенскийдің архитектор екенін, оның өлеңдерінде сәулеткерліктің салтанат құраты­нын айтып, біраз қызықтырып бақты. Бірақ мен математикадан мақұрымдығымды алға тартып, басымды алып қашқаным бар.
Кең-ағаның Ардақ, Айбек деген қыз-ұлы онда әлі кішкентай. Екеуміз түн ортасында асүйде кофе сораптап, әңгімелесіп отыр­ғанда кейде: «сен мына кітапты оқи тұр» деп, білегін сыбанып жіберіп, ваннаға барып, Айбектің жөргегін өзі жуып тастайтын еді. Оны ерсі көргенімді сезгендей маған: «Екеуі де мазасыз. Жеңгең ұйқысы қанбай шаршап жүр, жаным ашиды, қол ұшын бермесем болмайды, обал ғой» деп ақтал­ған­дай болатын. Реті келгенде, ол жеңгеміздің Социа­листік Еңбек Ері, атақты металлург Жәпек Ал­дабергеновтың туған қарын­дасы екенін құлаққағыс қыл­ған…
Кейде маған өлең оқытып қоятын. Пікірлері аса пайымды, салмақты келетін.
Сондай түндердің бірінде ағамыз «Желқайық» атты жаңа әңгімесін оқуға берді. Сөйлемдері­нің әредік-әредікте қыстырма сөзбен көз күрмейтін құрмаласты­ғына қарамастан бір деммен жұ­тып салдым. Маған қатты ұнады. Бақсам, Кеңес Юсуп ағамыз өзен пароходствосы училищесінде оқып, кеме жүргізуші мамандығын алған кәсіби кемеші болып шық­ты. «Өзенші» деген мамандық жоқ, сондықтан бізді «теңізші» деп атайды» деп, жұмсақ жыми­ғаны есімде. (Көп жыл өткен соң Кең-ағаның 70-ке толған тойында мен оған «Мұхитшы» деген өлең арнауымның себебі осындай). Артынша сол «Желқайық» хикаясы «Жалын» журналында жарияланып, үлкен резонанс туғызды. Әдеби қауым, кейбір сыншылар Шыңғыс Айтматовтың одан көп кейін жарық көрген «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты по­ве­сін оқыған кезде бірден Кеңес Юсуптың «Желқайығын» тілге тиек етіп, Шықаңның осы тақы­рып­­ты жазуына түрткі болған шығарма десіп жүрді. Кең-ағаның «Қарашадағы көктем» повесі де біз байыптай бермейтін, бірақ өзі ұңғыл-шұңғылын жетік білетін өз­ен кемешілерінің өмірін өзек етуімен ерекше.
Кеңес Юсуп аударған Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жыл­дық жалғыздығын» бас алмай оқыған шағым да бір ләззатты күндер екен. Авторы бір жарым жыл­да жазып шыққан осы үздік романды лайықты қазақшалау үшін ағамыз ерінбей-жалықпай екі жылын жұмсағанын айта кеткен жөн шығар. Қас зергерлерге тән кемел қасиетті бойына сіңірген Кең-аға жазушы атанған екенмін деп, оңды-солды бұрқыратып көп жазған жоқ. Сараң қалам сілтеп, саралап, сұрыптап, саусақпен санарлық сапалы, шұрайлы, шырайлы шығармалар берді.
«Неге аз жазасыз?» деген сұрақ­қа бірде өзі: «Бір бабамның: «Болсам да өзім мерген аз атамын, Шү­регей үйрек емес, қаз атамын» деген сөзі бар екен» деп сырбаз жауап берген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын екеуміз Түркияға, Анкараға сапар шектік. Мен тұрақты кеңесінің мүшесі болып табылатын Евразия әдеби журналдары Конгресіне қатысып, баяндамалар жасап, жарыссөздерге араластық. «Фолиант» баспасы жанынан шығатын «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы ретінде сөз алған Кеңес Юсуп сол басқосуда өзінің терең мәнді, салиқалы ой-пікірлерімен 30 шақты елден келген қаламгерлер қауымын бірден баурап алып, үлкен құрмет-беделге ие болға­нына куәмін.
Одан кейінгі әр жылда сол Конг­реске барған сайын маған «Кеңес Юсупке сәлем айт!» деу­шілер аз болған жоқ. Бір кез­дес­­кенде: «Денсаулық болмай жүр. Орнымды жастарға бердім» деп еді. Ол бастап шығарған «Әлем әдебиеті» журналы Отандық бас­па­сөзден өз орнын ойып алды. Бұл күнде аса қажетті осы бір тамаша журналды қаржыландыруды мемлекет тоқтатқан соң, жабылып қалды. Орны ойсырап тұр. Аяулы ағамыздың да пешенедегі бұй­рықты уақыты жетіпті. Оның да орны ойсырап қалғанын сезінген сайын ішім удай ашып отыр. Журналы қайта шығар, кітаптары да қайта басылар, бірақ осы бір ойлы жан енді қайтып келіп, біздің сә­ле­мі­мізді алмайды-ау деген ойдың өзі жегідей жеп барады… «Ай нұ­рын ұстап мініп» қусақ та жете алар­мыз ба соңынан? Өмірге өз нұ­рын беріп, көзі жұмылған жұл­дыз ғой ол… Біз әлі оның жоқтығын толық сезіне алмай жатырмыз-ау!..
«Кемеші келсе – қайықшы судан шығады» деуші еді. Ал міне, сол кемеші кетті…
Қош бол, әдебиет дариясының ардақты кемешісі! Пейіште нұрың шал­қысын!..

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір