Гүлжауһар Сейітжан
24.02.2017
8993
2

Тағы да бір талантты әріпте­сі­міз­ден айырылдық. 70 жасқа қара­ған шағында белгілі ақын Гүл­жауһар Сейітжан өмірден озды.
Гүлжауһар Сейітжан 1947 жылы 24 қазанда Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Шәуешек қаласында дү­ниеге келген. 1954 жылы Қазақ­стан­ға қоныс аударған. Орта мек­теп­ті Семей облысының Таскескен селосында үздік аяқтаған. 1971 жы­лы ҚазМУ-дің журналистика фа­культетін тәмамдаған.
1971-1990 жылдары Ақтау қа­лалық теледидарында редактор, об­лыстық газетте бөлім мең­геру­шісі болған. 1990-1999 жылдары «Қа­­зақ тілі» қоғамының төрайымы, Маңғыстау облыстық әкім­шілі­гінде кеңсе меңгерушісі, ақпарат басқармасында бөлім бастығы бо­лып жұмыс істеген.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен жарық көрген. Одан кейін «Ақерке», «Үміт жағалауы», «Жолайрық», «Гүлайым», «Маң­ғыстауым — ғұмырымның арнасы», «Жаңаөзен оттары», «Маң­ғыстау мұнайшылары», «Жер ана перзенттері», «Жүректегі жазулар», «Ана жырлары», «Сағыныш саздары» атты кітаптары жарық көрген. Маң­ғыстау өңіріне кең тараған ондаған әндердің сөзін жазған. Тәуел­сіздіктің 10 жылдығына арналған мерекелік дипломмен марапат­тал­ған.
Қазақ әдебиетінен өзіндік өлең өрнегімен орнын алған әріп­те­сі­міздің жарқын бейнесі оқырман қауымның жүрегінде ұзақ сақ­та­ла­ды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.


Есімің есімізден ұмытылмайды

Біз Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің журналистика фа­куль­тетіне 1966 жылы түскен едік. Ол кезде бұл факультетке бү­кіл республикамыздан небәрі 25 бала қабылданатын. Соған орай еліміздің түкпір-түкпірінен түлек қабылдау қатаң сақталушы еді.
Қызық болғанда әлгі оқуға қа­былданғандардың бәрі шетінен ақын болып шықты. Бірақ оқу бітіргенде солардың ішінен ұл­дар­дан Шөмішбай Сариев, ал қы­з­дардан Гүлжауһар Сейіт­жа­нова ғана поэзияға адалдықтарын сақтап қалды. Өлеңі де, өзі де нә­зік, сыпайы да сергек Гүлжауһар бұрынғы Семей облысындағы аңыз­дар мен абыздар елі деп ата­ла­тын Аягөз ауданынан еді. Соңы­нан білгеніміздей, оның аға­сы Зуфар да ақын екен. Бір үй­ден екі бірдей ақынның шығуы си­рек кездесетін құбылыс.
Еліміздің солтүстік-шығы­сын­да туып-өскен Аягөздің аруы оқу­ды бітірген соң батыстың азаматы, ол да өзімізбен бірге оқыған Жо­ламанмен бас құрап, Ақтауға ат­танып кете барды. Сонда олар­дың бұл қуанышына ор­тақтасып, қимастықпен шы­ға­рып салғаны­мыз әлі есімізде.
Гүлжауһар сол тұста жаңадан ашыл­ған Маңғыстаудың об­лыс­тық газетінде жемісті қызмет ат­қара жүріп, өлең жинақтарын да әлсін-әлі шығарып жатты. Оның сыр­тында жергілікті жас талант­тар­ға қамқорлық таныта білді. Об­лыстық әкімшілік, ақпарат бас­қармасында қызмет істеген жыл­дарда, Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік еткен ке­зінде қазақ тілінің шын мә­ні­сін­де жанашыры болып, іс қа­ғаз­дарын мемлекеттік тілге көшіру, қазақ мектептері мен балабақ­ша­ларының ашылуына қызу атса­лыс­ты. Ал жолдасы Жоламан бол­са, аудандық, облыстық ба­сылымдарға, облыстық телерадио комитетіне басшылық жасады. Ел газеті «Егеменнің» ұзақ жыл­дар бойы Маңғыстау облысы бойынша тілшісі болды. Курс­та­сымыздың кейінгі біраз жылдар бойы төсек тартып ауырып жатып қалғанына қарамастан қолы­нан қаламының түспегеніне, Жо­лекең екеуінің бастарына түс­кен қиындықты өзара түсініс­тік­пен көтере білгендеріне риза болушы едік.
Қадірлі Жолеке, өткеннің иман байлығын берсін, жатқан же­рі жарық, топырағы торқа болсын! Ал өзіңізге ұрпақ қызығын кө­руге Алла нәсіп етсін!

Бірге оқыған курстастары: Жақау Дәу­рен­бе­ков, Сұлтанәлі Балғабаев, Шө­міш­бай Сариев, Смағұл Елубаев, Жеңіс Шыныбеков, Дәулет Сей­сенұлы.

ПІКІРЛЕР2
Жайык Нұрсапов 25.02.2017 | 21:43

Ақ əжемнің жаны жəннəтта болғай.

Тікен 26.02.2017 | 17:06

Амин

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір