ЖЫР ЖАЙСАҢЫ
Талант табиғатының әртүрлілігі сияқты, әрбір ақынның да тағдыры әрқилы ғой. Базбір ақындар оқырманның көзіне ерте түскенмен, алашапқын дүбірі тез басылады. Ал бір ақындар бұйығы тасада қалып, бағасын да кештеу алады. Сондай дүрмекке де қосылмаған, асқақ дүбірін де білдірмеген бір ақын болса, ол – осы Сыр бойының түлегі Махмұтбай Әміреұлы.
Қаншама ақындық асқақ қуаты бола тұрса да Махмұтбай бойдағы талант тегеурінін республика оқырмандарына толық танытты, шабытын байтақ елге барынша сарқып берді деп айта алмаймыз. Бұған жасында басынан өткерген өтпелі кезеңдегі қиыншылықтар мен өмірдегі құндылықтардың ауысуы да аз әсерін тигізбегені анық. Оның үстіне кезінде өмір бойы партия қызметінде, аудандық және облыстық газеттерде қызмет атқарған оның бойдағы қуатты таланты партияның күнделікті таусылмас күйбең талабы мен газеттің қара жұмысына қақ бөлінгені анық. Одан, әрине, жаман болған жоқ, еңбегі елге сіңді, ел қадірін білді. Бірақ бойдағы туабітті ақындық бұлақтың дер кезінде ағыл-тегіл ақтарылуына соның бәрі бөгет болмады, өз әсерін тигізбеді дей алмайсыз. Әйтпесе, «Жүзім бағы», «Қызыл жыңғыл» деген атаумен «Жалын» баспасынан жарық көрген жас ақын сол кезде-ақ өзіндік өрнегімен әдеби ортадағы дуалы ауыздардың жылы бағасын алған болатын-ды.Қазақстанның халық жазушысы Т.Молдағалиевтің: «Өлең, шіркін, өзі айтады оны жазған иесінің кім екенін. Махмұтбай сырлы сезімді, сұлу тілді ақын. Оның өлеңдерінің қанаты бар ұша алатын. Мен тіптен өзімнің жырдан күтіп жүрген жақынымды көргендей қуанып қалдым», – деп өткен ғасырдың 70-ші жылдары жазғаны әлі есімізден шыға қойған жоқ.
…Кеңестік кезеңде шаруашылықтың шаш-етек қамымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде де, әлдилеген өлеңі кеудесінің бір бұрышында жатып қалмай, елге жетуіне қызметінің газетпен етене байланыстылығы сеп болды, жүрегін толқытқан жыр шумақтарын ақ қағаз бетіне түсіруден жалықпады. Соның арқасында жоғарыда айтқан «Жүзім бағы» мен «Қызыл жыңғылды» қоспағанда, әр жылдары оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдаған «Ақ сәуле», «Сыр жырлары», «Сыр әндері», «Сыр мектебі», «Жылдар, жырлар», «Сырдария – Жырдария», «Құба би», «Ақ тілек», «Термелер мен толғаулар» атты жыр кітаптары бірінен соң бірі дүниеге келді.
Туған жер, өскен өңір – ақын өлеңдерінің негізгі өзегі, поэзиясының ұлы арқауы. Сыйынары да, табынары да өскен елінің өр рухы. Туған жерге келгенде өмір бойы туған өңірінен тамырын үзбеген ол туған далаға деген сүйіспеншілігі мен сағынышын шын жүректен ақтарып, оның әр тасына дейін өлең тілімен риясыз өрнектейді. «Туған дала», «Туған жерге сағыныш», «Ауылға барғанда», «Сырласу» болсын, қай өлеңінде болсын Сыр болмысын ақ-адал перзенттік сезіммен тебірене жырлайды. Туған жерін жырламайтын ақын жоқ. Десек те, ақын М.Әміреұлы туған даласын ерекше шабытпен, құмары тарқағанша жырлайды. Ақынның қай өлеңдер жинағын алсақ та, туған жердің құрметіне деген табынуға малынып тұнып тұр.
Ақын поэзиясы тек туған жер тақырыбымен шектелмейді, тақырып ауқымы кең. Азаматтық әуен, тарихи толғам, философиялық толғаныстар, табиғат суреттері, махаббат пен достық, ұрпақ тәрбиесі жайлы тебіреністері мен өткен өмір белестеріне әр қиырдан зер салу ақын өлеңдерінің үзілмес арқауына айналды. Оның өмірдің сан түрлі құбылыстарын, адам жанының терең қатпарларын, сезім түйсіктерін көне әфсана, аңыздармен айшықтаған ақеділ жырлары да баршылық. Соның бірі – «Адам өмірі жайлы аңыз» өлеңі. Бұл өлеңінде ақын көнеден қалған аңызды өлеңіне өлмес азық қылады. Оқуға жеңіл әрі қызықты. Адамның өмірін шашау шығармай әдемі қорытындылайды. Аңыз-әфсананы ұтымды қолдану арқылы адам болмысына сай философиялық ой түйіндейді.
М.Әміреұлының оқырман жүрегіне жол тапқан ой-толғауы «Жеті тарау, жетпіс толғау» деп аталады. Бұл терең философиялық ойға құрылған, бір ғана шумақтардан тұратын өлеңдерінің көпшілігінде дерлік су астындағы маржандай жасырынып жататын терең мағына, оған қоса сырлы саз, әсем әуен бар, сонысымен оқушысын баурамай тұрмайды.
Махмұтбайдың балалық шағы сұрапыл соғыс кезеңіне тап келді. Сол себепті ақын ел басына түскен әлеуметтік салмақтың, соғыс салған ауыр жараның жазылмас қасіретін жырламай тұра алмасы анық. «Қызыл жыңғыл» атты балладасында қарт жауынгердің жүрекпен айтқан сыры баяндалады. Туған жерінің бір уыс топырағын кеудесіне бойтұмар етіп түйген жауынгер соғыста мерт боларында, қызыл тудай сақтаған құм салынған кішкентай дорбаны қасындағы жолдасына аманат етіп қалдырады. Серт алысқан серігінің аманатын жолдасы соғыстан аман оралған соң марқұмның ата-анасына табыстайды. Қарт ата-ана өз қолдарымен тігіп берген дорбаны танып, ұлдары аман келгендей қуанады. Сол дос әкелген бір уыс топырақтан Сырдың бір түп жыңғылы өсіп шығуы тебірентпей тұрмайды.
«Ырысбайдың белгісі» өлеңі де соғыс әкелген жоқшылық қасіретінен туған мұңды өлең, мұңлыққа жырмен қойылған ескерткіш. Өмірде болған оқиға, нақты өз айналасынан ойып алған өміртану сабағы. «Майдангерсіз ауыл» өлеңі оқ пен оттың ортасынан аман келіп, бұл дүниеде татар дәмі таусылып, сиреп бара жатқан майдангерлерді жоқтау арқылы, уақыт, өмір көшіне ешкім тоқтау сала алмайтынын түйсіндіреді.
Ақындарды адам мен қоғамның, адам мен адамның ара қатынасы, озбырлық пен ар-ождан текетіресі толғандырмай тұрмайды. Әлімсақтан солай. Қоғамсыз адам, адамсыз қоғам жоқ. Автор да адалдық пен арамдықтың арпалысы, жақсылық пен жамандықтың жанталасы, тұрлауы жоқ тағдыр-тіршіліктің түйткілдеріне құрылған «Әділдік пен залымдық», «Қорқамын», «Тәуелдісің», «Пенделік» секілді өлеңдері арқылы оқушыны азаматтыққа, арлылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа үндейді.
Махмұтбай ата-бабасы ғасырлар бойы аңсап күткен Тәуелсіздік тақырыбын қалайша жырламай тұра алсын. Мұнда да баяғысындай адалынан ақтарылады, алғаусыз жыр төгеді. «Туым биік тұр бүгін тұғырында», «Астана ақ қала», «Астана нұры», «Үшқоңыр», «Қазақпын деп мақтанам» секілді өлеңдері қасиетті жер мен елдің туын биіктетуге арналған ақынның ақжарылқап тілегі.
Ұстазы, аға досы, атақты ақын –Т.Молдағалиевтің тәлімін алған Махмұтбайда арнау өлеңдер баршылық. Және бәрі де әсерлі, жарасымды шеберлікпен жырланған. Бұл да көп ақынның қолынан илеуге келе бермейтін қара өлеңнің бір тұғырлы қыры, тұңғиық сыры болып табылады.
М.Әміреұлының тағы бір шығармашылық қыры – оның әнге жазылған өлеңдері, яғни ән мәтіндері. Ол Сыр бойы сазгерлерінің 150-ге тарта әніне сөз жазды. Т.Қалауовтың «Қызылорда вальсі», М.Рүстемовтің «Қимаймын» әндері Махмұтбайдың сөздері арқылы кең байтақ республикамызға кең тарап, әлі күнге дейін айтылып жүр.
Міне, М.Әміреұлы осылайша қазақ әдебиетінің асыл қазынасына жауһар жырлары арқылы өз үлесін қосып жүрген қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Тәжірибелі баспагер. Қызметтес болған замандасым, барлық жақсы қасиеттерді бойына терең сіңірген ер көңілді, ер мінезді, ақжарқын, адамның жан сарайын ашатын тұлғасы биік, ақиық ақын, жыр жайсаңы
М.Әміреұлының жұлдыздай жарқыраған жырларын оқығанда, жүзің нұрланып, көңілің көкке көтеріліп қалады, әрдайым бойға қуат, ойға қанат бітіреді. Ал әндері жөніндегі әңгіменің төркіні бөлек, өз алдына бір төбе.
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, Қызылорда қаласының
Құрметті азаматы.