Жүрекжарды бұлқыныс
17.02.2017
1959
0


Жазғандарың жарыққа шығып, том-том кітап болып басылса, жұрт жүрегіне жол тауып, қалың оқырман қалағанынан сусындайтын рухани құндылыққа айналса, жазушы еңбегінің жанғаны. Қаламгер бақыты дегеніміз де осы болар. Жазушы Қайсар Әлімнің сегіз томдық шығармалар жинағын қолға алғанда, осындай ойға қалдық. «Жазуға құмарым ауып жүр. Көшу, пәтер жөндеу ыңғайымен жазудан қол үзіп кеттім-ау…» деп өкінеді Қайсар Әлім сегіз томдық шығармалар жинағының «Өз өрмегім» атты күнделік-хикаят бөліміндегі бір толғанысында. Міне, осы бір толғаныстан-ақ қаламгердің жүрекжарды бұлқынысы сезілгендей.

Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да қонақ болып өтетін «қамшының сабындай» мына ғұмырда әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мә­н­ді де сәнді, мағыналы да маз­мұн­­ды болуы сол өмір иесінің қа­­ры­мы мен қасиетіне байланыс­ты. Қабырғалы қаламгер Қ.Әлімді де бүгінгі биік белестерге бастаған туабіткен қайсарлық пен табан­ды­лық еді. Оның бүгінгі жазу­шы­лық жетістігінің алғашқы іргетасы сонау бір алпысыншы жылдарда мек­теп қабырғасында жүрген ауыл баласының «Қазақстан пио­не­­рінде» жарық көрген тырна­қ­алды туындыларынан қаланған екен. «Ынталы істің нәтижесі болар, бүгін үлкен қуанышқа ке­не­ліп қалдым. Редакция 1964 жыл­дың қорытындысы бойынша жүл­делер бөлгенде, небары 4 құр­мет­ті сыйлықтың біреуі маған бұйырыпты. Осы хабардан соң ара­ға бір аптадай уақыт түскенде 30 сом сыйлық ақша алдым. Иә, ба­лалық қуанышта шек жоқ…» деп еске алады Қайсекең бір жазбасында.
Сол бір балалық тәтті арман Қайсекеңнің бойындағы туабітті қайсарлыққа ұласып, оны Қос­та­най облыстық газеттің тілшілік қыз­метіне алып келді. Сонау ықы­­лым заманнан бергі адамзат тарихындағы күні бүгінге дейін танылған үш мыңға жуық маман­дық атаулының ішіндегі ең ауыры да азаптысы атанған алғашқы ондықтың қатарында журналист мамандығы да бар екен. Ал сол азапты да абыройлы мамандықтың жолына барлық саналы ғұмы­рың­ды сарп етіп, қаламыңды қолың­нан түсірмеу – шынайы азаматтық табандылықтың айғағы болса керек. Осы сындарлы жолда таң­дауы­нан таймай, журналистік ше­берлігін қарымды жазушылық қабілетке ұластырып, қабырғалы қаламгерлікке қадам басу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған қасиет. Қайнары тұнық, тамыры терең бұл таңдаудан таймаған оның шығармашылық еңбегінің шұрайлы болуы да заңдылық.
Жазушы Қайсар Әлімнің жүйе­лі жинақталған шығар­мала­рында қазақтың біртуар перзент­тері, әсіресе, Торғай, Қостанай өң­і­рі­нен шыққан дара тұлғалар хақында кең тынысты көркем туындылар баршылық. Бұл ретте қаламгердің Міржақып Дулатов­тың ешкімге ұқсамас ерекше бей­несі мен қайталанбас қатал тағ­дырын сомдаған туынды­лары­ның салмағы қомақты екендігін баса айтқан жөн. Ол алаш ардақтысы Міржақып Дулатов туралы жазған әрбір еңбегінде асыл азаматтың «ұлтым» деп соққан жүрек бұлқы­ны­сын шыншыл көрсетуге күш салады. «Қазақты маужыраған күйі­­нен оятып, «күннің көзі жал­қау­­ға да, іскерге де, байға да пақыр­­ға да бірдей түскені секілді», көпке бірдей болған жақсылықтан мақұрым қалмауға үндеуі – Мір­жа­қыптың айнымас азаматтық ұстанымының алтын қазығы іспетті. Ұлтым деп соққан жүре­гі­нің атойы өлшеулі ғұмырында бір әлсіреп, демікпегені содан дерсің» деп тебіренді қаламгер қазақтың Міржақыбы хақында.
Қалың қазақты «өз күніңді өзің көр» деп тонаудан тақырлан­ған «тесік астауға телмірткен» со­нау тоқсаныншы жылдардың өкпені қысқан өліара шағында, сүйе­гі жырақта қалған алаш ар­дақ­тысының рухы алдындағы ұлт парызын өтеу мақсатымен, сауапты сапарға бастамашы болуы жазушы Қайсар Әлімнің аманатқа адалдығының жарқын мысалындай еді. Тура 57 жыл өткеннен кейін Міржақып Дулатовтың мәйі­тін туған жеріне әкеліп қайта жер­леуге мұрындық болған қалам­гер еңбегі қандай құрметке де лайық. Қиын кезеңдегі осы бір сауап­ты сапардан кейін оның қа­ла­мынан «Мұңды сапар» атты де­ректі хикаят дүниеге келді. Сөйтіп, Міржақып тақырыбына шынайы бет бұрды. Ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде Міржа­қыптану тың зерттеулермен, шұ­рай­лы шығармалармен толыға түсуде.
Мәселен, «Қазағын оятып, ойлан­тқан!» атты шығармасында жазу­шы алаш қозғалысының көр­некті өкілі Дулатовтың ұлт, діл, дін, тіл және жер мәселесі туралы айтқан ойларын, жазған мақала­ларын сараптай отырып, ұлт мүд­десі жолындағы күрескердің шынайы бейнесін ашады. Бүгінгі оқыр­ман ойымен үндескен ұлт­жан­ды тұлғаның шынайы порт­ре­тін жасайды. «Жер! Жер! Жер!
М.Дулатовтың жүрегінің дүрсілі осы! Тепкіленіп, атқыланып соға­ды. «Оян қазағында», «Жер кет­ті…», – деп күллі қазағына жар сал­­уы да сондықтан. Жүз рет, мың рет айтса да ол бір тілегінің орындаларына үміт артады: «Надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқ­тажбыз. Тілесе кісі жоқ емес, уа­қыт та өткен жоқ», – деп «жердің жыртысын жыртатын» дуалы ауыз, көкірегі ояу зиялылардың осынау үгіт-насихатқа араласуын қалайды», дейді жазушы Дула­товтың қазақ жерінің тағдырын бәрінен биік қоятын патриоттық көзқарасын сүйсіне суреттеп.
Иә, биылғы Алаш қозғалысы­ның 100 жылдығы аталып өтілетін тұста қаламгердің осы тақырыпты жүйелі қаузауының нәтижесінде қол жеткізген табыстарын санамалап қойсақ, артық емес секілді. Ол «Міржақыптың оралуы. Возвращение из не бытия» хикаятынан соң «Алашшыл жүрек», «Алаш қызы Гүлнәр» аталатын танымдық кітаптар шығарды. Бұл шығар­маларда 1921-1929 жылдары Қазақ АКСР Юстиция халық комис­сариатының Заң шығару бөлімін­де жауапты қызметтер атқарған Сей­дәзім Қадырбаев, саяси қу­ғын-сүргін құрбаны болған ауыл мұға­лімі Әлмағамбет Қасымов, т.б. туралы, Алаш арыстарының соңғы тұяғы, қысылтаяң заман­дағы көз­бен көргендерін бірнеше кітап­қа арқау еткен Гүлнәр Мір­жақып­қызы Дулатова жайлы мұрағаттық деректермен толымды баяндалған еді.
Қаламгер Қайсардың тағы бір ғибратты туындысы – «Сырбай мен Ғафу» атты эссе-хикаят. Бұл кітапқа қазақ әдебиетінің қос жұл­дызы Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің туған жері Торғайға барған сапарлары арқау етіліп, қос жыр тарланының ұла­ғатты өмірі мен отбасылық достық қарым-қатынастары суреттелген. Көзі көргендердің айтуынша, Торғайдың қос тарланы Сырбай мен Ғафу 47 жылдан астам сырлас әрі сыйластық жағдайда шынайы дос болып өткен екен. Қазақтың қабыр­ғалы қос ақынын табыстыр­ған да, ұзақ жылдар бойы бір-бірін құрметтеп, достықтарына шаң жуыт­пай өтуіне екеуінің де бо­йын­дағы туған жерге деген шек­сіз сүйіспеншілік себеп болса керек. Торғайдың құнарлы топыра­ғынан түлеп шыққан екі алып ақын бұл дүниеден өткенше туған өлкесіне деген махаббатын үдете түскендей екен.
«Сырбай мен Ғафу» атты кіта­бына арнайы пікір жазған Қазақ­стан­ның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай деген екен: «Бұл кітаптың тууына, әрі сәтті шығуына, оқиғаларының айы, күні, сағатына дейін дәл көрсе­тілуіне не себеп болған? Күнделік! Автордың өмір бойы мұқият жазып келе жатқан күнделігі. Той, думан, қызық, қуаныш кездерінде, өзге жұрт шарап ішіп, шалқып отырған уақытта автордың сол кез­дің әр сәтін айнытпай қағазға түсіріп, халықтың жақсы азамат­тарының жан дүниесін жарқыра­тып, оқырманға ұсынуы да ерлік. Көп жұрт ескермейтін, елемейтін ерлік. Осы ерлігің үшін мың рақ­мет, Қайсар інім!».
Жалпы, зерек зерде мен жүрек үнінің әсерінен бе екен, болмаса мамандық машығының ықтияр­сыз ықпалынан ба екен, журналист ағайындар өмір иіріміне бұ­ры­нырақ, оза қарауға бейім, ал­дағы күн не болар екен деп, елден ала­бө­тен алабұрта ынтығады. Қа­рымды қаламгер Қайсекеңнің бойын­да бұл игі қасиеттер өзге­лер­ден де ерекше қалыптасқан сыңайлы. Қызметтес болған біраз жылдарда оның еңбекқорлығы мен тіршілік тылсымына байыпты зер салуы ерекше орасан екеніне тәнті болдық.
Оның «Қара кемпір», «Қаңбақ шал», «Аңсау», «Өгейлік», «Күнә», т.б. көркем әңгімелері оқырманда­рының жадында. Эссе жанрында да ұдайы қалам тербеп келеді. Сондай-ақ, «Мәңгілік шер», «Се­йіл­­­мейтін мұң», «Сыздамашы, жүрегім!», «Мекке, Мәдинам ме­нің!», «Кәусар», т.б. кітаптары­ның аттарынан-ақ әрқайсысының терең мазмұны қылаң беретінін аңғару да қиын емес.
«Бас ақылшым – төрт мыңдай кітап жинақталған жеке кітапха­нам. Күнде жүгінерім – сегізінші сыныптан бері үзіліссіз жазып жүр­ген күнделік дәптерімді толтыра беру. Бас қазынам – жеке мұрағатым: хаттар, сирек суреттер, қолжазба қоры, мерзімдік ба­сылымдар тігіндісі, қойын дәп­терім, анамның үні жазылған қасиетті таспа… Бас қаруым – қаламсап, ақ қағаз, қырық жыл бойы тақылдатып келе жатқан киелі жазу мәшеңкем. Қолайлы сәтім – көктем, күз. Түнде өндірте жазатын едім, кейін ұйқым қаш­қан соң таңғы ұйқы есебінен ұтып қалуға көштім. Бас қамқор­шым – зайыбым Алтын. Алаңсыз жұ­мысым – соның арқасында. Өмі­рімнің күші – Анамның өсиеті: «қаламыңды тастама!» деп иек қағып еді жарықтық». Міне, киелі қаламынан қалың қазақ оқыр­манына ұлағат болар шұрайлы шығармалар шыққан белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің өмірлік кредосы осы.
Туабітті талантты қаламгерлігі мен тегеурінді табандылығы, мол өмір тәжірибесімен толысқан шы­ғар­машылық ізденісі жетпістің белесіне шымыр көтерілген Қайсе­­кеңді асқаралы асуларға ұм­тылдыруда. Оның өз оқыр­ман­дарын сүйсіндірер өмірлік туындылар шоғырын еселей береріне кәміл сенімдіміз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
журналист-жазушы.
АСТАНА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір