Рафат Әбдіғұлов
Тағы да бір талантты әріптесімізден айырылдық. 66 жасқа қараған шағында әдебиет зерттеуші ғалым, сыншы Рафат Әбдіғұлов қаза болды.
Рафат Әбдіғұлов 1951 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1958-1968 жылдары Жамбыл орта мектебінде оқыған. 1968-1969 жылдары Жамбыл колхозында жұмыс істеген. 1969-1971 жылдары Совет Армиясы қатарында қызмет істеген. 1971-1973 жылы колхозда құрылыс бригадасында құрылысшы болған. 1977 жылы қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің филология факультетін тәмамдап, Жамбыл, Күрті аудандық мектептерінде сабақ берген. 1981-1990 жылдары Жамбыл мұражайында қор меңгерушісі, ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1990-1991 ж.ж. Алматы қалалық Атқару Комитеті жанындағы «Кристалл» тіл кооперативінде қазақ тілінен сабақ берген. 1991 жылдан өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әуезовтану бөлімінде және «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болған.
Әдебиет зерттеушісі ретінде қазіргі әдеби процесс және М.Әуезов, С.Аронұлы, Ж.Жабаев шығармашылығы туралы республикалық баспасөзде мақалалары жиі жарияланып тұрды. 2009 жылы «М.Әуезов шығармашылығының кейбір мәселелері» атты монографиялық зерттеуі жарық көрді.
М.Әуезов шығармаларының текстологиясы, қазіргі қазақ прозасындағы Әуезов дәстүрі, сахналық қойылымдар мен ұлттық психология, әдеби сын мәселелері жөнінде отыздан аса ғылыми мақалалар жариялаған. Ғылыми еңбегінде қазіргі әдеби процесс мәселелерін әлемдік әдебиеттану ғылымының контексінде қазақ әдебиеті тарихы мен сын тұрғысынан жаңаша қарастырған.
М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағына жазушының 120 шығармасының мәтінін дайындап, ғылыми түсініктемелерін жазды. «М.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті», «Әуезов шығармашылығындағы Тәуелсіздік идеясы» атты ұжымдық монографияларға тараулар дайындаған. «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясына 150 мақала жазған. Сонымен қатар, «М.О.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны» атты ғылыми-зерттеу жобасы негізінде «М.Әуезовтің 1919-1930 жылдардағы шығармашылық өмірбаяны» тарауын жазған. «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтында Ж.Жабаевтың 4 томдық шығармалар жинағын дайындаған.
2011 жылы «Халықаралық Мұхтар Әуезов қоры» сыйлығының лауреаты атанған.
Қазақ әдебиеттануы мен ғылымынан өзіндік орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.
Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!
Әдебиеттану – өте күрделі де қиын сала. Қиындығы сонда, оны ой таразысына салып, мағынасын терең түсініп, барлық жиған-терген, жинақтағаныңды оқырман қауымға ашып беру үшін дарын, білім, білік және тәжірибе қажет. Рафат Әбдіғұлов Мұхтар Әуезовтің 50 томдығының шығуына ерекше үлес қосқан үлкен әдебиеттанушы, ғалым, зерттеуші. Әуезовтің 1936 жылы жазылған, бірақ жартысы жоғалып кеткен «Ол күнгі Алматы» деген әңгімесі болған. Сол дүниені мұқият қарап, зерттеп, мұрағаттардан тауып алғандардың бірі – осы Рафат еді. 2011 жылы «Мұхтар Әуезов» қоғамдық қоры Ұлы жазушы шығармашылығын зерттеп, оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталған-ды. Бұл – әдебиет пен ғылымда жүрген тұстастары мен әріптестерінің зерттеуші еңбегін елеп-ескеріп, талантын мойындағандығының белгісі.
Тұмса табиғаты керемет, таулары асқақ мекенде туған Рафат өте еркін, өте сезімтал, өте адал да әділ болуының өзі заңдылық деп ұғамын. Туған-туыс, жақын-жуықтарына айтарым – болған іске болаттай берік болыңыздар. Бауырымыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!..
Мұрат Әуезов.
Жарқын бейнесі жадымызда
Әуезов мұражайында жиырма жыл қызмет етіп, заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген белгілі ғалымымыз бақилық болды деген суық хабар келгенде, есеңгіреп қалдым. Біздің ұжымның барлық қызметкерлері де арамызда жүрген арыстай азаматтың тым ерте кеткеніне сене алмай, абыржулы күй кешті. Мұражайдың еңбекқор қызметкері, әуезовтануға зор үлес қосқан, жалпы әдебиеттану саласында да бағалы еңбектер жазған білімді адамымыздан айрылу, әсіресе, біздің ұжым үшін орны толмас өкініш болды. Ақыл-парасаты мен кісілік келбеті өзінің зор тұлғасына сай келетін әріптесіміз айналамызға аса сыйлы еді. Үлкен мінездің, үлкен талаптың, үлкен мұраттың жолында кішілікпен өмір кешкен азаматымызды жоқтай іздеп, қайыра еске түсіру өте ауыр екен. Бірақ бізге медеу болатын нәрсе – оның артында өлшеусіз еңбек қалды. Оның бәрі де баспасөзде, ғылыми жинақтарда, академиялық басылымдарда жарық көрген. Осының өзі «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлы тәмсілді тағы да растай түседі. Ал біз үшін оның жақсылыққа жаралған жарқын бейнесі ешқашан өшпейді.
Диар Қонаев,
«Әуезов-үйі» ғылыми-мәдени орталығының меңгерушісі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.