Құнсыздану мен Жатсыну
Біз «Дала заңына» бағынып өскен халықтың ұрпағымыз. Қай заманда болсын, өз құқымызды қорғап, ар-намысымызды таптатпауға тырысқан елміз. Осы тұрғыдан қарағанда, рухани деңгейден материалдық деңгейге түсу, құндылықтардың өзгеруі, қоғам заңдылықтарын дұрыс түсінбеу, адамгершілік қасиеттердің төмендеуі секілді бүкіл болмысымыздағы өзгерістер ішкі рухымыздан ажырап, рухани қуатымыздың әлсіреуінің белгісі ме деген ойлардың көңіл түпкірінен әлсін-әлсін қылаң беретінін несіне жасырайық. Бұлайша шала бүлінудің де реті жоқ шығар… Әйтсе де бүгінгі бет-бейнеміз шаң басқан айнадан өзін анық көре алмай әбігерге түскен адамның кейпін елестететіндей. Осы орайда адамзат болмысындағы түрлі өзгерістердің соңы қайда апарады? Адамзат үшін ең қауіпті нәрсе не? Халық белсенділігінің төмендеуіне не себеп деген бірқатар сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы
РУХАНИ БАНКРОТТАР БАСЫМ БОП БАРАДЫ
Қазақ рухының ең қатты күйзеліске ұшыраған кезі жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық екендігі аян. Ашаршылық ұлтыңызды, бүкіл жұртыңызды жадынан жаңылдырды. Рухын мұқым-мүлде өшіре жаздады. Өкінішке қарай, сол алапаттың алаш санасына түсірген салмағы сараланбады. Бұрын айтпаққа да, жазбаққа да тыйым салынды. Кейін де мәңгүрттене мән бермедік.
Сол сұмдық сұрапылға саяси қуғын-сүргін қосылды. Ұлттың үштен екі бөлігінен, ұлттық қаймағынан айырылған, қасқа жолдан қайырылған қазағыңыз қалай оңсын?! Қазағыңыздың қазірге дейінгі күллі психологиясы мен әрекет-қарекеттерінен алапат ашаршылықтың ақтаңдақтары үрейдің, үрегейліктің, қорқыныштың, жасықтықтың, жағымпаздықтың, сондай-ақ, құнығушылықтың, қомағайлықтың, тойымсыздықтың, тағысын-тағылардың түсінікті-түсініксіз көрініс-құбылыстары ретінде анталап, қанталай қабыздайтындай.
Тіпті, Ұлысыңыздың Ұлы күні Әз Наурыздың өзін де тек тамақты тыңқия ішіп-жей беретін «мерекеге» айналдырып алғанымыз, тойларда да, астарда да «ас та төктен» тоқ кекіретін боп кеткеніміз, «қазір аштан емес, астан өлеміз-ау» деп күңкілдейтініміз – бәрі де баяғы ашаршылықтың салдарынан секілді көрінеді де тұрады. Бізге.
Рухани байлықтан гөрі материалдық байлыққа құнығудың айықпас дертке айналғаны да сол ашаршылықтың кесірінен емес пе екен? Дейсіз. Кейде. Бір жағынан қарасаңыз, қазақ байқұс біраз-біраз байып алсыншы дегіңіз-ақ келеді-ай. Өз елінде, өз жерінде осы қазекең неге ғана басқалардың бәрінен кедей? Тек жалқаулығынан ғана емес қой. Өзге де себеп-салдары толып жатыр. Қазақ неге тартыншақ? Неге ұялшақ? Бірақ қатты байып кеткен қазақтардың көпшілігі сол «семіздікті» көтере алмай жатқаны да рас.
Тағы да ойлайсың. Осы қазақты социализміңіздің тұсында тым романтик, тым лирик, тым қияли, тым сезімтал, тым адал, тым аңғал, тым аңқау етіп жіберген жоқпыз ба? Деп. Көп кілтипандарға көркем әдебиетіңіз де кінәлі ме әлде? Деп. Бірақ сол социализміңіздің тұсында осы қазекеңде адамгершілік қасиеттер ақшаңыздың алдында сияқты еді. Қазір ше? Жауабы белгілі. Осындай жағдайда рух, рухани байлық хақында қанша қаңқылдағаныңызбен, қазақтың құлағына құйылуы қиын-ау.
Айтып та айтып не керек-ай, басқалай банкроттарыңызды қайдам, рухани банкротқа ұшырап жатқан жақтарымыздың басымдығын жасыра алмайсыз. Басыңыздың мың-дыңы шығатыны рас.
Дегенмен, Тәуелсіздіктің туы астында түңілуге болмас. Сауалдарыңыз саулап қоя беретін кездерде көбінесе арғы ата-бабаларымыздың аманаттарына адал болмақты ардақ тұтқан абзал шығар. Алаш асылдарына жүгініңкіреген жөн болар. Әл-Фараби: «Ақшаға құнықпа, мансапқа құнықпа, әйелге құнықпа. Бірақ құнықпа дегенім қызықпа дегенім емес», – деген. Бүгінде, өкінішке қарай, қызығуыңыз қайда қалды? Құнығуыңыз қандай ауруға айналып үлгерді? Міне, гәп неде. Алашорданың аймүйіз көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден. Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – деді. Міне, ұлттық рух арқауына айналдырар қағидаларыңыз – осылар. Қатты қорқатынымыз сол, Әлиханның осынау үш қағидасының да қалтылдап қалатын жағдаяттары жоқ емес.
Адам баласы үшін ең қауіпті нәрсе – қу дүниеге құнығушылық. Әл-Фарабише әдіптесек, қызығушылық өте-мөте қажет. Сол жолда ерінбес еңбек керек. Ал тойымсыз құнығушылық адами затыңызды жыртқыш хайуанға айналдырады. Адам Құдайдан қорқуы тиіс шығар. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегенді де айтқан қазақ қой. Халқыңыздың белсенділігі неден төмендейді? Мемлекеттегі, қоғамдағы шындықтың, шынайылықтың әлжуаздығынан. Әлеуметтік әділеттіліктің әлсіреуінен. Болашаққа деген сенімнің әлсіздігінен.
Тұрсын Ғабитов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
Халықтық түсінік
Отаршылдық пен тоталитаризмнің теріс әсерлері, әсіресе, қазақы әдеп пен мінез-құлық жүйесіне тиді. Ұлан-ғайыр, кең-байтақ жерді иеленіп келген қазақ табиғатынан батыр мінезді, бостандық пен еркіндікті қастерлеген қайсар халық еді. Бірақ 270 жылға созылған тәуелділік жылқы мінезді халықты момын, қой мінездіге айналдыра бастады. «Жаман үйді қонағы билейдінің», «Есіктен кіріп, төр менікінің» күйіне түсе бастады. Озбырлық саясат нәтижесінде халқымыз құнарлы, сулы, нулы жерлерінен шөл, шөлейт жерлерге ығыстырылды, тек мал бағумен күн кешкен елге күн көрудің өзі қиын болды. Бұрын «у ішсең – руыңмен», «ағайынның аты озғанша – ауылдастың тайы озсын» деп, елдік пен бірлікті мұрат еткен қазақтардың арасында өзімшілдік, дарашылдық өріс алды. Кейбіреу ақты – қара, қараны – ақ деп бірінің үстінен бірі арыз жазса, басқалары бастықтың алдында майлы қасықтай құрша жорғалап, жылпылдаған жағымсыз қылықты бойына дарытты. «Адам адамға дос, бауыр», «Барлық адам тең құқықты» деп ұрандатқанымен, қолында билігі барлардың арасында екіжүзділік, озбырлық, тамыр-таныстық, жүгенсіздік, парақорлық өріс алды. «Ортақ мүдде жеке адам мүддесінен жоғары» деген ұран адам бостандығына нұқсан келтірді, «қуыршақ-адамдарды» көбейтті. Әкімшіл-әміршіл жүйе «ескінің қалдықтарымен күресуді» желеу етіп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын жойып жіберуге барынша тырысты. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп келген халықтың ішінен сан мыңдаған мәңгүрттер шықты. Бұл халықтың арасында жасқаншақтық, үрейлену, сенімсіздік құбылыстарына әкелді.
Большевиктік «мәдени революция» Жер шарының алтыдан бір бөлігінде «кеңестік адам» атты, бұрын-соңды болмаған, адамдардың айрықша түрін қалыптастыруға бағытталды. Бұл туралы Шыңғыс Айтматов шеберлікпен суреттеген мәңгүрт бейнесін еске алайық. Тарихи дәстүрден мүлдем айырылған, тіпті өз анасын өлтіруге дайын мәңгүрттер қаптап кетті. Жас жеткіншектерге үлгі ретінде ұсынылған Павлик Морозов өз әкесін сатқан адам.
1991 жылдан бастап Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Ата заң бойынша, ол қазақ халқының өзін-өзі билейтін елі және басқа этникалық топтарға тең құқықтықты қамтамасыз етеді. Екі ғасырдан артық қилы заман бұғалығын басынан өткізген ел енді ғана өзіне тән мәдениет пен өркениетті қалыптастыруға мүмкіндік алды. Алайда, жоғарыда аталып өткен, жасқаншақтық пен енжарлықтан халқымыз әлі арылған жоқ және осылардың жаңа факторлары пайда болды.
Қазіргі постиндустриалдық қоғамда әдеп негіздері, тұлға мен қауымның, әлеуметтік тұтастықтардың арасалмағы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Ақпараттық қоғамда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін даралану (индивидуализация) үдерістері бұрын-соңды болмаған қарқынға ие бола бастады. Жаңа әлеуметтік жағдайда коллектившілдіктің бұрынғы формалары (социализм, корпоративтік құрылымдар, аграрлық мәдениеттен қалған қауымшылдық, т.т.) өздерінің нормативтік мүмкіндіктерінен айырылып, тарихи шектілігін анық аңғартты. Постиндустриалдық қоғамда тек аумақты әлеуметтік құрылымдар ғана емес, сонымен бірге, бұрынғы қоғамдардың ұясы – отбасы да күрделі өзгерістерге ұшырап кетті. Жеке-дара амбициялар қалыптасқан отбасылық тұрақтылықты шайқалтып жіберді, «келісімді некелер» көбейе бастады, гендерлік қатынастар бірінші орынға шықты. Басқаша айтқанда, даралану үдерістері өздерінің құндылы нәтижелерімен (еркіндік, шығармашылық, жасампаздық, таңдау, т.т.) қоса дәстүрден арылған, индивидуалдандырылған мәдени кеңістікте жаңа қайшылықтар мен ауытқуларды тудыра бастады.
Адам мен әлеуметтік тұтастықтың арасындағы мәдени үйлесімділіктің бұзылуынан туған құнсыздану мен жатсынудың жаңа формалары Қазақстан сияқты жаңа қалыптасып келе жатқан қоғамдарда ерекше байқалады. Архаистік дүниетанымда жекешілдік, Меншілдік ұлт мүддесіне қарсы келеді деген ой айтылады. Қазақ ұлтының жалғыз мемлекетінде бірегейлену этникалық деңгейінде өту керек делінеді. «Бірегейлену үдерісіндегі ұйтқы ұлт – қазақтар өзіне жүктелген күрделі де жауапты міндеттің салмағын толық сезіне алмай отыр. Өз елімізде отырып, атамекенімізге өзге отандастарымызды бауырға тарта қамқорлық жасаудың орнына, жетімдіктің зары өтіп кеткен бала тәрізді жеке мүддеміздің аясынан шыға алмай, айналамыздың бәріне өгейлене қараймыз. Бізге салса, «ақша бөлмейтін тас сараң үкімет те өгей», «жиналып ап өзге тілде сөйлейтін парламент мүшелері де өгей», «өз өнерпаздарынан гөрі жат елдің әншілерін жарылқауға құмар кәсіпкерлер де өгей».
Жаңа заман көпшілікке арналмаған жоғары сапалы индивидуалдық құндылықтарды көздейді. Ұлтшылдық ескі индустриалдық қоғамның туындысы. Ақпараттық өркениетте индивидуалдық құқық нормалары қоғамдық мүдделерден жоғары қойылады. Ғаламдану ұлттық «шекараларды» бұзып отырады. Бұл жерде екі бағыттың күресі қазіргі әлемдік өркениеттердің қарым-қатынастарының мазмұнына айналды. Осы екі бағытқа ғаламдану мен ұлттық-мемлекеттік төлтумалықты сақтау жатады. Бұл, әрине, тым «қоюланған» сценарий. Ғаламдану мен постиндустриалдық өркениеттің теріс жақтары жөнінде жеткілікті жазылған. Біздің назар аударатын мәселеміз: осы постиндустриалдық қоғам ондағы тұлға әдебін қалай өзгертті? Басты жауап: Үшінші толқын мәдениет, құндылықтар мен моральды индивидуалдандырды. Орталық өзінің көптеген функцияларын шет аймақтарға бере бастады. Өйткені, өзгермелі қоршаған ортада ақпарат орталыққа жеткенше ескіріп кетуі мүмкін. Тотальдық иерархиялық құрылымдар тиімді нәтижелерге жете алатын мобильдік топтармен ауыстырыла бастады. Индивидуалистік мәдениет өндірістік-әлеуметтік қатынастармен бірге білім беру саласын да қамти бастады. Бұрынғы мектептегі типтік бағдарламалар бойынша стандартты оқыту мен күнделікті қарадүрсін тексеру постиндустриалдық өркениет талаптарына сәйкес болмай шықты. Елдерді сандық өлшемдер бойынша салыстырудың орнына келген адамдық даму индексінің (білім деңгейі, өмір ұзақтығы, тіршілік сапасы) тиімділігі қанша болса, жалпыға бірдей білім берудің орнына мақсаттық, дара, арнаулы білім беру де сонша тиімді.
Әрине, біз Батысқа көз жұмып еліктей беруге де шақырмаймыз. Бүгінгі дамыған елдер, мәдениет пен өркениеттің көшбасшысы санатындағы Еуропа мен АҚШ протестанттық-индивидуалистік дәстүрлер аясында қалыптасып, өзімшіл эгоизмді, тоқтаусыз нәпсіқұмарлықты дамудың негізі деп ұстанған. Ал біздің халықтық түсінігімізде, керісінше, өз қара басының қамынан аса алмайтын өзімшіл қу-құлқын деңгейіндегі сана тексіз құлға ғана тән деп есептелген. Мұндай қарабайыр деңгейде дамымай қалған «қарын санамен» салыстырғанда біздің данышпан бабаларымыз қалыптастырып кеткен, санамыздың терең түкпірінде тылсым түйсік із қалдырған елдік сана әлдеқайда жоғары деңгейдегі, жетілген сана формасы екеніне шәк-шүбә жоқ.
Бетті дайындаған Гүлім Нұрланқызы.
ПІКІРЛЕР1