«Ахиллестің өкшесі»
Редакцияға түрлі қоғамдық, әдеби мәселелерді арқау еткен хат көп келеді. Сол хаттардың ішінен сіздерге ұсынып отырған екеуінің мазмұны терең, мәні зор. Қос хатта қазіргі қазақ тілінің ахуалы сөз болыпты. Газет оқырмандарының ой бағдарының бір жерден шығып, ортақ мүдде көздегені жәй бір сәйкестік емес деп ойладық…
«Тіл – халықтың жаны» деп жиі айтамыз. Біздің қазақтың да жанды жері – оның тілі екені даусыз. Ана тілін білмейтін, орысша шүлдірлейтін адамдарға халық зиялысы Халел Досмұхмедов осыдан 94 жыл бұрын «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деген екен. Сол азамат тағы да: «Орыс тілінен сақтаныңыз! Өзіңізді, балаларыңызды қорғаңыз! Тіл үйренейік, бірақ оның түбімізге түсіп кетуінен сақтанайық!» деп дабыл қағады сонау 1923 жылы. Ендеше, 2017 жылы, одан 100 жыл кейін өмір сүріп жатқан біздер неге қамсызбыз? Қайта сол Халел өмір сүрген өткен ғасырдың басында қазақ халқының тек 10-15 пайызы ғана, оның өзі қалалық қазақтар ғана орысша сөйлейтін, ауылдарға әлі орыс тілі жете қоймаған кез еді ғой. Көреген бауырымыз сол кездің өзінде «Тіл – отар болса, халық та отар» деп неге шырылдады? Көкірегі ояу, көңілі зерек адам жүз жыл алдағыны қалай дәл болжаған десеңізші! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары-ақ қазақтың 40 пайызы ана тілінен жерініп, орыс тіліне телініп кеткені өтірік пе?! Солардың ұрпағы бүгінгі орыс тілді мектептердің «негізін қалап» отыр. Қазақ тілінің қанат жаюына барынша кедергі жасап келе жатқандар да солар. Оларға еліктеп ұлты түркі болса да орыс тілінде тілдесетіндер жетіп-артылады. Сол азаматтар Ресейде емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқандарын естен шығарған сияқты әсер қалдырады. Бүгінгі үштілділік саясаты оларға жақсы желеу болып тұр.
Президенттің Жолдауындағы «Қазақ тілінің басымдығы сақталады» деген сөзі әлгілерге қаратылып айтылған тәрізді. Сонымен бірге, Елбасы «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деп ескертеді. Себебі түсінікті. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде. Осы жерде Досмұхамедовтың жоға-рыдағы айтқандары тағы есімізге түседі. «Тіл үйренейік, бірақ оның түбімізге түсіп кетуінен сақтанайық». Түбімізде ана тіліміз сайрап тұруға тиіс!
Ана тілін білмейтін, өзге тілде шүлдірлейтін қазақтарды өз басым қазақ деп айта алмаймын. Себебі, құжатында ұлты қазақ деп жазылғанымен, тегі «бәленбайұлы» болғанымен тілі қазақша болмағасын, ана тілінің мәйегінен нәр алмағасын жаны қазақ болып жаралмаған қазақсымақтарды ұлт деп те айтуға келмейді. Қазақтың ана тілі қазақ үшін «Ахиллестің өкшесі» іспетті жанды жері. Бұл аңызды сауаттылардың бәрі біледі. Алайда, оны шалақазақтардың тағы бір есіне салып өткенім жөн болар: Грек аңыздарында теңіз құдайы Фетид пен Адам-Атадан жаралған Пелея екеуінің қосылуынан пайда болған Ахиллесті анасы сәби шағында өкшесінен ұстап тұрып қасиетті Стикс өзеніне матырып алады. Содан кейін Ахиллестің денесіне оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, қазақ жырындағы Алпамыстың сыңары болып шығады. Алайда, пенде екенін білдіретін (анасы ұстап тұрғандықтан қасиетті су тимей қалған) өкшесі ғана еді. Жас батырды жауы Парис аңдып жүріп сол өкшесінен атып өлтіреді. Біздің ана тіліміздің де дұшпандары жанды жеріміз – тіліміз екенін жақсы білген. Білгендіктен тілімізден айыруға барынша күш салып келеді. Тілімізден айырса, барлық халықтық қасиеттерімізден ада болып, мәңгүрттеніп шыға келеріміз анық. Кеңестік кезеңде олар сол мақсаттарын 40 пайызға орындап та үлгерген еді. Жұқпалы дерт тез өршиді ғой, Тәуелсіздікке қолымыз жетпегенде, ұлттық қасиетімізден ажырап та қалар ма едік, қайтер едік?
Мен бүгінгі тәуелсіз барша қазақты жанды жеріміз – тілімізді сақтауға шақырамын! Екі айдаһардың өңешіне жұтылып, құрдымға түсіп құрып кетпеудің жалғыз жолы – осы.
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
Панфилов аудандық «Қазақ тілі»қоғамдық бірлестігінің төрағасы.