Тұрсынжан ұстанымы
03.02.2017
5420
0

Тұрсынжан Шапаймен жақын-жуық араласа бастағаннан оның тұла бойынан көп ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бардай көрінген. Оны тап басып танып, жалғанға жария қылу үшін бүкіл жаратылыс болмысына үндестігің қажет екенін де іштей түсінесің. «Бір кем» дүниенің ішкі мәніне үңілу үшін де мінез-ерекшелігін елестетіп, көз алдыңа әкелген кезде… Сопақша жүзі тіксінгендей селт ете қап, күлдіреген шырағын тайқытпастан өңменге момақан қадайтын сәтінде етек-жеңіңді жиып та үлгермейсің. Қоңырқай өң-шырайынан төтенше құбылыс білінбестен әуелі езуіне болымсыз күлкі жүгіріп өтеді. Ең талантты деген актердің амплуасында жоқ нақ осы құбылыс жыланға арбалған торғай жазғанның кебіне көшіретінін несіне жасырасың. Ұзынтұра, жіп-жіңішке дене, бояуы қанық қоңыр үн күмбірлеп шыққан мезетінде-ақ елітіп әкетеді. Оқу мен тоқудың ұлттық сарыны үзіліп-жұлынбастан тұтас жетуінің баурағыштық әсері жұмыр басты пенделердің бәріне бірдей бұйырмайтынына көзің жете айтылған сөз, шыққан лебізді түгелдей көкейге тоқи алмайтыныңа өкінесің. Аға дос, інілік ізет секілді ізгілікті ұғымдардың тебіренісінің үстінде туабітті ахуалды сезіне қалған жағдайда «Ағынды Ақсудан» бетер екпінін тежеу қиынның қиыны. Тып-тыныш шымырлаған қылаусыз шақ, үздіксіз шыққан қоңыр дауыстың тегеурінді үні құлағыңда! Ашу-ызаның сызынан түк жоқ, ой-ағысының кейбір иірімдеріне екпін, ырғақ түсірген шақта ғана болымсыз жіңішке үн қосанжарласа естілетіні бар. Сені со кезде пенделік ашу иектеместен «рас-ау» деген ой әлдилейтінін қайтерсің. Мұндай шындықты кезінде Абай айтқан шығар… Екі сөзінің бірінде Абай тоқтамына тіреліп, ойшыл сөздерінен бір жаңалық ұсынбай тынбайтын Тұрсынжан ұстанымы мен шыншылдығына алғыстан басқа айтар неміз бар?!
Ж.Шаштайұлы.


 

Ойы – көркем, сыны – таразы

Біз қазіргі қазақ әдебиетінде сын жоқ, пікір жоқ дейміз. Жалпы, қазақ әдебиетінде сыни реализмнің басталмай жатып өшкенін білеміз. Ал менің ойымша, әдебиетімізде құбылыс болатын көркем ой иелері бар. Бізде әдебиет туралы, оның жалпы әлемі туралы жазылған сындар, сыншылар бар. Бірақ та сол қазақтың сыни ойлар жүйесінің қазіргі жеткен жетістігі және таяу жиырма жылда қайтадан көрініс беруі қиын құбылыс. Ол – Тұрсынжан Шапайдың әдеби сыны, зерттеуі және көркем эсселері. 

Бұл – Тұрсынжанның алғаш қа­­лам тартқан шағын рецензиясы­нан бастап, күні бүгінгі қа­ла­мы­­нан шығып, тамсандырып тұр­­ған «Бір мысқал» публицис­ти­ка­лық эсселеріне дейін қазақ әде­бие­тінің бұрынды болмаған жаңа­лы­ғы. Оның жалпы бол­мыс-бі­ті­­мі­нің өзі дүниені көркем қа­­был­­дауға жаралғандай. Алғашқы топ­тама мақалалары, «Ой түбінде жатқан сөз» деген жинағы қазақ әдебиетіне жаңаша ойлай білетін адамның келгенін сездірді. Сол ал­ғашқы мақалаларымен Тұр­сын­жан Шапай алдыңғы қатарлы әде­биет ойшылдарының қатарына қо­сылды. Содан кейін дүниеге кел­ген «Шын жүрек – бір жүрек», «Қа­зақтың жаны» кітаптары бұл дәл сол уақытқа дейін, алдыңғы үл­кен толқынның, кейінгі орта буын­ның көңіліне келмесін, көр­кем ой аясына ілінбеген және мә­нері, мәдениеті, сыни талдауы мүл­де басқа шығарма. Тұрсынжан сонау жыраулар әдебиетіндегі поэ­зияны талдасын, бүгінгі күнгі ли­риканы талдасын, оның түбінде ой жатады. Және сол көркем шы­ғарманың, өлеңнің астарын дәл та­бады. Жалпы алғанда, Тұр­сын­жан­ның жазған әдеби-сыни ма­қалаларын сын деп қабылдай ал­майсың. Ол – Тұрсынжанның өзі­нің мына әдебиетке, өнерге, қоғамға деген көзқарасын білді­ре­тін төл туындысы. Сол талдаған ең­­бек­тегі, өлеңдегі, шумақ­тар­да­ғы, тіпті жолдарындағы қоғамның ең діттеген талмалы тұстарын алып, өзінің көзқарасына айналдырады. Жәй көзқарас емес, көр­кем көзқарас. Сондықтан да өз ба­сым, оның алғашқы рецензиясы­нан бастап, күні кешегі шыққан «Күл­кі және көз жасы» деген жи­на­ғына дейін сыншы ретінде қа­былдамаймын. Оған әдебиет сыншысы деп те қарамаймын. Оның жазғандарын Тұрсынжан Шапай деген ой иесінің көркем көзқарасы деп қабылдаймын. Мұнда әдебиет­тің сан түрлі жанрларының басы қо­сылған. Алақандай туынды­сы­ның ішінде әдебиет туралы ойла­ған адамның жан ашуы, мына өмір туралы пікір білдірген адам­ның жан айқайы, реніші, күйі­ніші, өз көзқарасын жеткізудегі сар­казмдері, ішкі ырғақтары ара­лас­қан… Ол тек өскен, өте ілге­рі­леген әдебиетке тән көрініс. Өкі­ніш­ке қарай, Тұрсынжан Ша­­пай­дың шы­­ғармашылығы ойшыл, сыни көз­қарастары, сол шағын әңгіме­лері­нің ішіндегі сарказмдары, жан айқайы толық талданып, қазақ оқыр­мандарына жет­кен жоқ. Бұл біздің көркем тал­ғамымыздың, көр­кем ойы­мыз­дың әлі де кенжелеп жатқанын көр­се­теді. Егер де осы құбылыс өзге әде­биеттерде бол­са, Тұрсынжан аты орыс өмі­рін­дегі Чадаев сияқты әлдеқашан биіктеп шығып кетер еді.
Бұдан Кафканың сынап отырып ішке тартуы, Камюдің аң­қау­сып, түк білмегенсіп отырып жа­ны­ның күйініп, ашынуы, Сар­­тр­­дың бірде бұлдырап, бірде абсурдқа дейін жеткізіп, мағыналап, астарлап беруі, Борхес сияқты шағын хро­нологиялық тәсілмен қысқа қайырып, көп нәрсе айтуы, пси­холо­гиялық иірімдері толық бай­қа­лады. Тұрсынжанның осы көр­кем көзқарастарын оқыған адам бұл шығармада тұтас бір ортақ кейіпкер барын сезер еді. Тұтас бір ұлт бар, сол ұлтқа деген ұлы махаббат бар, сол күйіп жанған сезім бар. Мұндай жиынтық сезім ыр­ға­ғын оймен араластыруы, кез кел­ген таланттының қолынан кел­мейді. Тіпті, Тұрсынжанның жаз­ғандарын сатиралық шығарма ре­тінде қабылдауға болады. Оның шы­ғармаларындағы юморға, са­ти­раға, сарказмға өзі айт­қан­дай: «күлкі мен көз жасы» қатар ара­лас­қан. Мен оның алғашқы мақа­ла­сын оқығанда-ақ қазақ әдебие­ті­не жаңа бір көркем ой иесі келді деп бағалағам.
Таңғалатыным: Абай сонша күйіп айтатын сөздерді Тұрсынжан арасына мысқыл, кекесін араластырып жіберіп, шағын ой мен көз жасы арқылы түйгенде өзің не оқып, не қойғаныңды ажырата ал­­май қаласың. Бар адамның бойын­дағы ащы, тұщы, сор, бақ, нала, махаббат бәрін түйсінесің. Сон­дықтан да бүгін болмаса да, күні ертең Тұрсынжан Шапай қа­зақ әдебиетіндегі ең көрнекті ой иесі ретінде бағаланары шүбәсіз. Тұр­сынжан Шапайдың «Анық Абайы­ның» өзі абайтанудағы ең таң­даулы зерттеулердің қата­рын­да. Әттең, ол аяқталмай тұр. Ғұ­мыр жасы ұзақ болсын, өлеңдегі һәм өмірдегі Анық Абайдың толық дидары жазылар деп сенем.

Тұрсын Жұртбай.

ТЫРНАҚАЛДЫ СӨЗДІҢ ҚАДІРІ

Ауылымыз алыс, жеріміз шалғай болған соң да шығар, осы кезге дейін әдебиет сыншыларының өз қолынан алған, қолтаңбасымен алған кітабым біреу-ақ: Тұрсынжан Шапаев. «Ой түбінде жатқан сөз», 1989.

Сол 89 жылдың 26 сәуірінен кейін Тұрсынжанмен қайталай әң­гіме-дүкен құрудың сәті түскен емес. Ұмытпасам, осыдан оншақты жыл бұрын телефон арқылы әл­де­қалай әжептәуір уақыт аман-сау­лық сұрасқанымыз ғана бар.
Қазақ әдебиетінде Тұр­сын­жан­ға дейін де, әрине, поэзия сы­ны болды. Мен берідегілерді бы­лай қойғанда, оқта-текте әрі­дегі, мысалы, Қажым Жұмалиевтің немесе Есмағамбет Ысмайы­лов­тың кітаптарына қайтадан үңіліп оты­ратын шақтарым болатынын жасырмаймын. Ал неге өйтетінімді бір ауыз сөзбен және түсіндіріп бе­ре алмаймын. Сондай-ақ, өлең жө­нінде жазылған көптеген тол­ғам-толғаныстарды аттап өтке­нім­мен, айталық, тіпті де әдебиет сын­шысы болып есептелмейтін про­заик Марал Ысқақбай аға­мыз­дың поэзия туралы жазған аз-кем дүниелерін қадағалап-ақ жүремін. Тұшынғаннан соң, әрине.


Бір ғажабы, сол кітаптағы (мақалалардағы) байламдарға сол кезде дау айтар ешкім болмағаны және мәлім, қазір де жоқ. Оған қоса, содан бері арада қаншама жылдар өтсе де, сол тұжырымдардың әлі де ескірген ештеңесі жоқ, әлі де, қаншама етене еңбек болса да, өзіңе беймәлім тосын жаңалыққа кенет тап болғандай бас изей оқып отырасың.


Барша жұрт тұшынатын дү­ниелердің бір иесі — Тұрсынжан. Кейін ескі жұртқа ат ізін салмай кет­кені болмаса, сонау өткен ға­сыр­дың сексенінші жылдары сол дәуірдегі лириканың бағыт-бағ­дары мен бар-жоғы туралы дәл осы Тұрсынжандай тап басып айта қой­ған ешкім болмап еді. Бір қы­зығы, әлгі «Ой түбінде жатқан сөз­ге» енгізілген (одан бұрын га­зет-журналдарда жарияланған) сол мақалаларда айтылған ойлар мен байламдар кітап кемірген оқы­мыстыларды былай қойғанда, жақ­сы (жаман) өлеңдер мен та­лант­ты (ортақол) делінетін ақын­дар туралы аз-мұз түсінікті түйсігі бар­лардың да іштерінде күн сайын сайрап тұрған жайлар еді ғой. Тек осыларды иінін қандыра илей­тін біреу табылмай жүрген. Табылды. Тұрсынжанды қуана қабылдағанымыз сондықтан. Қазір де әркімдердің бүйірінде осы заманғы өлеңдерге қатысты бірқыдыру ойлар әрлі-берлі көшіп жүр. Әттең, тағы бір жаңа Тұрсынжан табылмай тұр. Ал бұрынғы Тұрсынжанның, қанша күтсек те, бұл тақырыпқа енді қайтып қалам тартпай жүрген себебі, мысалы, маған әбден түсінікті тәрізді. Ол сол 190 беттік кітабымен өткен шақ пен осы шақтың (яғни сол 80 жылдардың) ғана емес, келер шақтың да поэзиясы жөніндегі программалық ойларын сарқа айтқан. Кітаптың ең басты үлгі аларлық қасиеті де осы. Өкінішке қарай, ол программалық міндеттер орындалмай жатыр. Ендеше, несіне қақсай бермек?
Бұны бір деп қойып, келесі сөзге көшелік.
Бір қарағанда, өлең дейтініңізді екінің бірі түсінетін сияқты болып көрінеді. Басы — анау, аяғы — мынау. Анау — образ, мынау — ой. Егер ұйқасты сөзге зәру рухани жыртықтың барлығы өлеңмен түгесілер болса, әдебиет сыншыларының не керегі бар еді?! Мәселен, орыстың оқымысты бөлігі А.С.Пушкиннің поэзиясын ғана қанағат тұтып, Виссарион Белинскийдің «Сочинения Александра Пушкина» дейтін 500 беттік еңбегіне назар да аудармас еді ғой. Олай болмады, назар аударды. Ұлы сыншы орыс қоғамын сипаттауы өз алдына ғой, Державин, Жуковский, Батюшковтерге қоса, ұлы Пушкиннің де олқы тұстарын жасырған жоқ. Міне, сондай дәстүрлерден сусындаған Тұрсынжан да тырнақалды кітабында сексенінші жылдар шамасындағы поэзияның дерттерін байыптылықпен жайып салды. Бір ғажабы, сол кітаптағы (мақалалардағы) байламдарға сол кезде дау айтар ешкім болмағаны және мәлім, қазір де жоқ. Оған қоса, содан бері арада қаншама жылдар өтсе де, сол тұжырымдардың әлі де ескірген ештеңесі жоқ, әлі де, қаншама етене еңбек болса да, өзіңе беймәлім тосын жаңалыққа кенет тап болғандай бас изей оқып отырасың. Демек, талантты өлеңнің, талантты прозаның көнермейтіні секілді талантты сынның да көнермейтіні заңдылық екен.
Әрине, Тұрсынжанның «Анық Абайы» туралы немесе әңгімелері хақында әйтпесе композиторлық ерекшелігі туралы әңгімелер айтылар-ақ. Дегенмен, маған әлгі тырнақалды кітап тым ыстық. Есенбайдың, Кеңшіліктің, Жұматайдың, Есенғалидың… тырнақалды жинақтарын әлі күнге дейін ескі уақыттардан бері бірге келе жатқан қимас дос санайтыным сияқты «Ой түбінде жатқан сөзбен» де үнемі сырласып отырамын.

Ертай АШЫҚБАЕВ.


 

«Анық Абай» ақиқаты  – «Қазақтың жаны»

«…Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. …не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. …Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде оятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді». Мағжанның ақындығы туралы айтқан дегдар замандасының көңіліндегі аяулы ықыласы да «сырлы, көркем, сәнді» жазылыпты. Осындай ақ ниет, адал пейілмен жазылған жүрек сөзіне сирек болса да тап болған сайын бір ой ылғи көңілден кетпейді. Сірә, таңдаған объектіңді өзің таныған деңгейде ашу үшін, ең алдымен ол кешкен сезімдерді, асыл арман-мұраттарды сол межеге жақын қалыпта түйсіну керек шығар. Тым болмаса көңілдегі риядан арылмай, ондай жақсы сөз айта алмайтын сияқты көрінесің. Жүсіпбек Аймауытовтың осы сөзі шын өнер иелеріне ортақ сөз, ортақ өлшемдей сезіледі. Шығармашылық ізденіс – «сырлы, көркем, сәнді жазу…» үшін. «…Әлде өкіндіру, әлде жылату, …әлде жігер беру» үшін.
Бірнеше ипостасқа ие Тұрсынжан Шапай туралы, оның шығармашылық ізденісі жайлы айту үшін бір қырын таңдап алуыңа туралы келеді. Бұдан, әрине, Зейнолла Қабдоловша айтқанда: шығармашылық иесінің бүтін бітімі шықпайды. Дегенмен, өз танымыңда оның рухани дидарына жақындайсың. Ең алдымен Тұрсынжан Шапайды әдебиет сыншысы, абайтанушы ретінде таныған жұрт кейін жазушы, композитор ретінде жақсы біле бастады. Көп айтылған, неше мәрте сөз болған қыры болса да – ең алғаш көңілімізге абайтанушы Тұрсынжан Шапай ұя салыпты, «…жүрегіміздің қобызын шертіпті».

***
«Өлеңдегі Абай – өмірдегі сыңа­рының тірлікте таппаған сыр­ласы, жаны күңіреніп іздеген до­сы», – депті. Тұрсынжан Ша­пай­дың көзқарасындағы Абайды қан­ша өзімізге жақындатқымыз кел­сек те, ол бізден алыстауға құ­­мар сияқты. Өйткені, өзің та­ны­маған Абай – өзгенің олжасы. Бір анығы – кімді оқыдың десе – Абайды, «Абай жолын» дейтін жат­танды жауаптардың, «өзінше» тү­сіндіруге талпынған пайым­дар­дың арасынан шындыққа жа­қын сөз іздеп, мәңгілік екі том­дықты парақтаған сәтте – ұлы жұмбақ тұлғаны шырамытуға Тұрсынжан Шапайдың септігі аз ти­мепті. Өзің тануға ықылас біл­ді­ріп, «сыртқы қалыбы мен ішкі сы­рының құпиясын аштырмаған тылсымдарына» бойлауға аз да бол­са ниет білдірген кезде ғана Ақын Сарайының дарбазасынан сы­ғалауға мүмкіндік туады екен. Өз­генің Абайын, танымын қай­та­лаған сайын алыстай бере­тін ру­хани мұра осы екі араны оқу­шысынан бұрын сезінетіндей. Оны ажыратып алмасаң Т.Ша­пай­дың Пәкеңі сияқты бөгденің ойын, өзгенің сөзін өзімдікі деп ойлап, оны ашықтан ашық айту­ға еш қысылмастан кірісіп кете­сің. Анық Абайы өлең мен өмірдің арасынан аршып алған абай­тану­шының ғана асылы емес. Бі­рақ соған жетер жол – дара…
«Анық Абай» – кемеңгердің жан дүниесін түсінуге талпыныс.Қазақ мінезінің, тұрмысының, дү­ниетанымының ең көркем тұс­тары мен кемшін жақтары тұтас қамтылған ақын мұрасының қа­діріне жету. Сонымен қатар, абай­тануға арналған методика іспетті. Т.Шапай жіктеген Абайға қатыс­ты тақырыптар («Анық Абайдағы» он тақырып – (әзірге!) өмірдегі Абай мен Өлеңдегі Абайды қатар қа­растырып, сізді барынша адас­тыр­май Ақын Сарайына әкеледі. Өз Абайыңды табуға, тануға– ең жақсы кеңесші, ақылшы. Абайды жыл мезгілдері туралы өлең жаз­ған ақын, болмаса ақыл айтуды ұнататын моралист деп ұғатындар үшін –таптырмас құрал.
Бала, жар, әке, дос, аға, іні, сыр­лас болу үшін Абайды түсініп оқу керек екен. Тұрсынжан Ша­пай­дың сөзімен айтқанда:
«достан тартқан қайғың, дұш­­паннан көрген азарың Абайда екен;
сүйгеннен тапқан олжаң – жү­регіңнің тәтті лүпілі мен күйіп-жанған жаныңның арман-ары­зы Абайда екен;
жарық дүниеге сен келді деп құт­ты болсын айтқанда да, тір­лік­тің тылсымынан десің қай­тып, көзің жәудірегенде де жа­ның­да Абай болыпты…».


***
Өнер ғажайыбын түсінуге шақ қалдым деп ойлаған сәтіңде – Тұр­сын­жан Шапайдың ең­бе­гіне тап кел­сеңіз ол ойыңыз күл тал­­қан болады. Пәленшені оқы­дым деп кісімсін­бей­­тін, сократ­тық ұстанымдағы қа­лам­­гер сенің ештеңе оқымағаның­ды қайта-қайта алдыңа келтіре береді. Бәл­кім ішкі сенімсіздіктен туа­тын ой шығар, бәлкім, жақсы көр­ген адамыңды идеалдандыру шығар… Бірақ шынайылығынан айы­рыл­маған сирек қасиет иесі Анық Абайына келгенде зор махаббатын, білі­мін жасырмайды. Өйткені, Ақын­ның махаббаты одан да зор, білімі одан да терең. Одан да шынайы, әді­летті.
Тұрсынжан Шапайдың алдында үл­кен болсын, кіші болсын жазуымен де, болмысымен жақ­сы көрінуге ты­рысатын сияқ­ты. Бірақ кез келген жазушыға, адам­ға әділетті қарай­тын болмыс үшін әркімнің өзіне шақ ор­ны бар. Өмірде үлкенді-кішілі адам­дармен араласқан сайын көзің жете түсетін әр түрлі су жұқпас болмыстарды көрген кезде, расымен, Абай­дың насихатын жүре­гіне бай­ла­ған жанның қадірі арта түседі.

***
«…Әділетке қорған мызғымас қара жартастай монолит Абайдан» бөлек «жүрегінде махаббат пен ғадауат майдандасқан», ұмыт қала берген Анық Абайдың нәзік дидарынан сәуле сездірген Тұр­сынжан Шапай ғылымдағы жал­пы сарынмен күресті. («Қазақтың жаны» да қазақтың жаны үшін күрес еді. Ол – Рух жыры… және бөлек тақырып).
Егер аңыздың ақиқаты аз бол­­са, сол аз ақиқаттың өзін өл­шем биігіне жеткізетін қалам­гер­дің эрудициясы естеліктер мен өлеңдегі Абайды барынша тү­сін­діруге талпынады. Қай сәтте қан­дай сөз айтқанын, кіммен қа­лай амандасып, қалай шыға­рып салатынын бәрін-бәрін ұғыну үшін аса қажет кітап.
Егер кез келген өнерге деген пі­кірің, қоғамдағы жәйтқа деген алаң­даушылығың – дүниеге деген көзқарасың болса, Тұрсынжан Шапайдың дүниеге көзқарасы – «Анық Абай». Махаббат пен ғадауат, достық пен дұшпандық, қияс­байлық мінез һәм оны тү­сіну, ақындық бәрі – дүниені тану­да.
***
Тұрсынжан Шапайдың Ақын­ды тану құралы не болды екен деген сауалға жауап әрқилы. Әрине, махаббат дерсіз. Бірақ махаббатын оятқан, бала күннің өзінде Миц­кевич­тің Абай аудармасындағы сө­зіне ән жазатындай ғашықтық пер­несін басқан кім?
Қартайғанда да хәкім өлеңдері жадынан өшпеген Мұқан ақсақалдың тәрбиесі туралы айтылар сөз өз алдына екен…

***
Бесіктегі күннен жүрекке сің­ген Абайдың дидары неше жылдан соң, әбден сырланып, өлең мен өмірдегі дидары әбден ай­қын­далып, «Анық Абай» боп қағазға түскенде абайтануға жаңа ба­ғыт келгенін бәрі түсінді. (Уни­верситет қабырғасында Абайға қатысты сөз болғанда неге осы кітап жоқ деп ылғи ойға қаласың).
Тұрсынжан Шапайдың «тә­мәм сырымен тамылжыған» сөй­лемдерінің құрылысына қарап қан­ша мәрте бас шайқадық. Қан­ша рет тыраштандық. Бәрібір бір сөйлемде айтар екі ойдың ба­сын біріктіре алмадық. Бұл – техника мәселесі. Оны үйренуге де, үйренбей қоюға да болады. Нақ­ты­рақ айтсақ, оны меңгеріп алу­ға барынша тырыссаң, жобаға кел­­­тірерсің. Мүмкін… Бірақ адам­­ның ойлау жүйесі қайталан­бай­ды. Әркім – өзінше эстет. «Бі­лімім жеткен жерге дейін адал­мын» деген Ғабиден Мұс­та­фин­нің сөзі барынша әділетті, шы­найы айтылған сөз екен. Әйт­песе білімі жетпей жатса да, орта жол­да жыртылып-айырылып жат­қандар қаншама. Оны да Тұр­сынжан Шапай жазды. Біз бай­қаған-байқамаған, байқасақ та то­лық түйсіне алмаған қоғамның бар түйткілі бақайшығына дейін сөз болыпты. Әйгілі «Карна­вал­дың» әлі жалғасып келе жатқанын кө­ресің. Бахтин айтқанға дейін Дос­тоевский көңілсіз реңкте жаз­ған карнавал (үйлер өртеніп жат­са да, қамсыз мас боп жүрген кейіп­керлерін айтам) қазақ то­пырағында қанша уақытқа дейін жалғасарын бір Құдай біледі. Бұл да Абайдың ішін қозғаған дерт еді. «Халқым надан болған соң, қай­да барып оңайын?». Кемеңгер қа­ла­мы осыны айтады, Тұр­сын­жан Шапай түсіндіреді.
Абай өлеңдеріндегі, жалпы қа­зақ әдебиетінде «лирикалық мен» тақырыбында жазған кө­лем­ді мақаласы – бүгінгі сын­шы­ға нағыз керек құрал. Теорияда көбіне орыстың, одан қалса әлем әдебиетінің өкілдеріне (Элиот, Твардовский, Квятковкий, Шкловский, Бахтин) жүгі­ніп кеткенімізде жек көретін ағайын Тұрсынжан Шапайдың атын жиі қолданып кетсек те өк­песін айтады. Бірақ одан басқа ша­ра бар ма? «Сөз өнерінің» ая­сы­нан шықсаң, қармануға өзге тал таппай қаласың…
***
Абайды тану үшін данышпан болу­дың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әркімнің өз Абайы бар. Бі­­рақ соған жетудің­ бас­пал­дақ­тары – естеліктер, Қайым Мұха­мед­­ханов, Бекен Исабаев, Төкен Иб­рагимов, Мекемтас Мырзахметов, Тұрсын Жұртбай, Тұрсын­жан Шапай, басқа да ғалымдар­дың еңбектері. Белгілі журналист Қасым Аманжолдың (Т.Шапай­дың кеңесшілігімен түсірген) «Анық Абай» деректі фильмі. Тегі то­лық түсініп кетпесең де, азырақ Абай сөзінің дәмін сезу бұйыра­тын­дай.
Абай эстетикасын, этикасын түгел сіңіру мүмкін бе екен?! Абай айт­қан, Тұрсынжан Шапай аш­қан ақын шығармашылы­ғындағы категорияларға сай болуға аздап тырысып бағасың. Әмбе ол қо­лың­нан келмейтіні екібастан. Бі­рақ… Абай – өлшем. Оның сөзі – баға. Дос-асыққа жарау үшін көңіл­дің қандай болу керектігін сезінесің. Болмаса адам жанының сон­шалықты күрделі жаратылыс екенін Абайдың Қиясбайға деген құр­метін біліп барып, түсінесің. Абай­дың кеңіген екенмін деген оқи­ғасындағыдай, сені онша жақ­тырмайтын ағаңның көңіліңе қарап сөйлеуі сол пәлсападан түй­ген ойынан емес пе екен деп өзің­нен өзің қуыстанатының та­ғы бар.
Тұрсынжан Шапайға сүйен­сек: Абайды тану үшін – өзіңді шырамыту керек. Онсыз саған Абай жоқ! Ал өзіңді тануға қанша қау­қар керек. Сен де «Айна са­рай­дың» ішінде жүргеніңменен ар­хетиптер «жадыңда берік сақ­талмағандықтан» әр айнаға бір қа­рап мең-зең қалпыңда, әре-сәре күй кешумен қалт-құлт етіп де­мің таусылғанша тірлішік ет­пек­сің. Абай айтқан «толық адам» – ақынның өлеңдегі аң­са­ры болса, онда қалғандары туралы сөз айтудың өзі артық емес пе?!
Енді «толық адам» әлем үшін жоқ. Пенде баласы жаратылғалы бе­рі жалғыз толық адам – Адам Ата шығар. Оның өзі Хауа-Анамыз қабырғасынан жаратыл­ған­нан кейін бүтіндігінен ажыра­ған сыңайлы. Одан кейінгі ұрпақта­ры­на бар қасиеті бөлшек­те­ліп бе­ріл­ген кезде, бәрі Арманға ай­нал­­ды. Ақын айтқан «толық адам­ның» аңсар болатыны да сон­дықтан. Тұрсынжан Шапай: «Поэзия – арманнан туады», – дейді. Ақиқат! Кейінгілерге үнемі көңілі толмайтын үлкендердің мінезі де содан ба деп ойлайсың… Арманнан…

***
«Абай жолының» соңында Дәр­мен Абайға:«Абай аға, қадір­лім, ол дәндерің өлген жоқ. Кө­ге­ріп көктеп келеді…», – дейтін. Сол дәннің бірі – Тұрсынжан Ша­пай деп ойлаймын. Дән еккен – Абайға алғыс! Жаратушыға мың мәрте мадақ!

***
«Көп әулиенің бірі болып қала алмаған Абайға – мадақ!» (Т. Шапай).

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.


 

Мәңгі мұңның сәулелі қуанышы

(Үзінді)

Домбыраны жырламаған, домбыраны су­реттемеген, домбыраға сүйсінбеген, дом­бы­раға мұңын төгіп, сырын шертпеген қа­зақ әдебиетшісі кемде-кем. Қазақ бол­ған­ды­ғы, әдебиетші болғандығына бағып, Тұр­сынжан да «Домбыра» деген этюд жазды. Әдетте домбыра хақындағы көркем шы­ғарманы «е-е, не жаңалығы бар дейсің, «на­ғыз қазақ – домбыра» мен «домбыра күм­бір қақтының» төңірегіндегі гәп қой» деп өтіп кететініміз бар. Бірақ Тұр­сын­жан­ның домбырасы сөзбен таңбаланған жүз сан, мың сан ағайындарының ішінен өзге­ше көрінетін мінезімен тірілді қағаз бетінде. Орайы келіп тұрған екен, айта кетейік, қа­зақ әдебиетінде домбыраны адамға хас көр­кемдеуіш құралдармен суреттеу, кейіп­теу – бұрыннан белгілі тәсіл. Соған қара­ған­да, мәселе тәсілде емес болуы керек. Тұр­сынжанның домбырасына, қайталап ай­тамыз, мінез біткен, кәдімгі тірі жан сияқ­ты. Ол қуанып, масаттанғанда «жайраң қа­ға­ды, асығады, сеніседі», енді бірде «қа­рауы­та бүрісіп, семіп бара жатады». «Домбы­рам­ды аядым» дейді кейіпкер… «Домбырам екеу­міз жақсы түсіністік» дейді кейіпкер. Бұ­ны автордың әсірелеуі деп күле қара­май­сыз, шүбәсіз сенесіз солай болғанына. Ша­пай­ға ғана тиесілі «әфсаналық түйсік», бұр­қаған қиялдың күші арқылы ғайыптан бар­ға айналған шап-шағын әңгіменің шын­дығына сенесіз.
«Домбырам екеуміз жақсы түсіністік»… Ой­лап отырсам, осы түсіністік ертеректе, Тұр­сынжанның бала кезінде орнаған сияқ­ты. Кейде Тұрсынжанның әндерін кейін ғана ести бастаған ағайын «Түкең әуелде сын­шы, жазушы болған, әбден дайындалып алып, енді әнге ауысты» деп жатады. Үлкен композиторлардың өмірбаянымен таныссаңыз, басқа өнермен салыстырғанда музыканың адамға тым ерте, сәби кезінде қонатынын байқар едіңіз. Тұрсынжан да осы бір ортақ заңдылықтан тыс қалмағанға ұқсайды. Тек өзінің пәруайсыздығы, уақы­тында ешкімнің мән бермегендігі себепті, көп әуен желге ұшқан. Тоғыз-он жасында «каникул қандай тамаша, велосипед мініп, суға түсіп жүрмін» деген ыңғайдағы әні болғанын ілкіде бір айтып қалып еді. Он бес-он алты жасында, Тұманбай ағасының өлеңінен әсерленіп шығарған тым тәуір әні осыдан екі жыл бұрын ғана алғаш орындалды. Он жеті жасында Абай атасы Мицкевичтен тәржімалаған «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзін» әуенге салыпты. «Неге? Қалай?» деп сұрағанда, «білмеймін, әй­теуір осы өлеңді жақсы көрдім, оқыған сайын бір әуен есіме орала берді» деп жауап бер­гені бар.
Менің білуімде, шын композитор үшін әуен шығару, дүниені оның басқа адамның құлағына естіле бермейтін әуендік, дыбыс­тық эквиваленті арқылы түйсіну – ауа жұтып, ас ішкен сияқты табиғи реакция. Тұр­сынжанның сөзімен айтсақ: «сөз тау­сылғанда көңіліңде әуен ойнайды. Айна­лаң­дағы бар құбылыс – әуен…».

Ғалым Доскен.


Менің тауым

Түкемсалға.
Менің тауым биік те емес
бөркің түсер басыңнан.
Жайдақ та емес
жамыраған төбешіктер басынған.
Менің тауым – менің тауым!
Суығы да сүйкімді,
Періштелер демалатын үй сынды…

Менің тауым – Аллам, сенің
ең әдемі шығармаң,
Топырақтан, тастан емес,
музыкадан құралған.
Менің тауым – мейірімінің Меккесі,
Өлеңнің ауа жұтар өкпесі.

Сол тау ғана
мен білетін ең ғажайып құбылыс,
Сол тау ғана
өн-бойына дарытпайтын ібіліс.
Жылап барар жалғыз алтын мекенім –
Менің тауым!
Гүл көмкерген етегін…

Гүлнар Салықбай.


 

ТҮКЕМСАЛДЫҢ ГАЛСТУГЫ

Түкең жұмысқа шығарда жақсы көретін бір қызыл түсті галстугын таба алмай қатты ашуланады. «Көзіне түсе қалған көлденең затты қаттап-бүктеп, адам таппайтын жерге жинап тастайтын» Назгүл жеңгемізге де, «көрмес – түйені де көрмес» Тілеуге де, «сол көненің көзіндей галстугын соңғы уақытта жиі сынап кеткен» Әселге де қатаң ескертулер айтылып, қызыл карточкалар көрсетіледі. Ысқырығының үні бәсеңдеген кезде жолың болғыр Тілеу соған ұқсас бір галстук тауып, тағып бере қояды. Түкең сабасына түсіп жұмысқа кетеді. Бірақ күні бойы жақын досы сыйлаған сол бір естелік заттың жоғалғанына налып, көңіл-күйі онша болмайды.
Кешке үйге кіріп келгенде, жеңгеміз де, Тілеу де, Әсел де, тіпті еңбектеп жүрген Даниял да атасына «әлі таппадық» деген кінәлі жүзбен қарайды. Түкең тағдырдың бұл сынағына да көндігіп, диванға сылқ етіп отыра кетеді де, киімін шеше бастайды. Костюмін іледі, құлықсыз галстугын шешіп алады. Сосын жейдесін сыпырған кезде бөлмеге Тілеу кіріп келеді де, қарқылдап күліп жібереді. Көңілі жүдеу Түкемсал бұл мазаққа шыдамай енді жарылайын деген кезде Тілеу әкесін қолынан тартып, айнаның алдынан бір-ақ шығарады. Қараса, айнадағы Түкемсалдың жейдесі де, сүйікті қызыл галстугы да орнында тұр. «Қалайша? Қалайша?» деп апалақтаған ағамызға Тілеу: «Бүгін жұмысқа қос қабат жейде киіп, қос галстук тағып барып келіпсіз. Мұндай өнер сіздің ғана қолыңыздан келеді»,– дейді.


 

ТҮКЕМСАЛДЫҢ ТЕЛЕФОНЫ


Түкеңе телефон соқтым. Рахаттанып ұзақ сөйлестік. Ұлы Тілеудің көлігінде бір жақтан келе жатыр екен. Мен де телефонның дауысын шығарып қойып, жұмыстан үйге қайтып бара жатып машинада сөйлесіп отырғам. Жарты сағат әңгімеден соң мен де үйге таядым, Түкеңдер де үйлеріне жетті. Ар жақтан Тілеудің: «Түспейсіз бе машинадан?» деген дауысы естіліп тұр. Бірақ менімен сөйлесіп отырған Түкеңнің асығатын түрі жоқ. Оның үстіне үнінен бір алаң сезіледі. «Құдай-ау, қайда кеткен?» деп күбірлей сөйлеп салоннан бірдеңе іздеп отыр. «Түке, тағы да шақшаңызды таба алмай жатырсыз ба?» деймін. «Жо-жоқ. Ол емес» деп күмілжиді ағам. Тілеу де: «Не нәрсе еді?» деп тақақтап қоймайды. Бір уақытта «Әй, жарайды енді не болса да жоқ» деп көліктен шығуға ыңғайланды да, «О, әкең, сенімен сөйлесіп отырған екем ғой» деді. Ар жақтағы Тілеу де, бер жақтағы мен де қарқылдап тұрып күлдік. Қожанасыр ағам манадан төңірегін сипалап жарты сағат бойы менімен сөйлесіп құлағында ұстап отырған қалта телефонын іздеген екен.

Ғалым Боқаш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір