Жүз доллар
03.02.2017
2231
1

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ


Көп өтпей Гер-аға үйіне шақырды. Өткендегі әңгімені қайта жалаулатып, төбемнен құй қаза­тын шығар деп қипақтап барғанмын. Бірақ Гер-ағаның ондай қазымырлығы жоқ екен, «айтарымды айтып болғанмын, ендігісін өзің біл, қарақ» дегендей, ол шүйгінге ат ізін салған жоқ. Даңқты жазушы мұндай қарапайым, жұпыны тұрады деп кім ойлаған. Төсек-орыннан басқа жердің бәріне кітап патшалық құрыпты. Төрт бөлменің қайсына кірсең де, төбеге дейін тірелген кітап. Кабинеттегі сөренің жоғарғы сатысына Гете мен Абайдың майлы бояумен қолдан салып, ернеуі жылтыр жезбен шегенделген шағын суреттері қатар қойылыпты. Жақтауға ілінген зерлі домбыра шын шебердің қолынан шыққан-ау, сірә, әр дыбысқа шанағы зыңылдап, өзінен-өзі сөйлеп тұрғандай. Жазушыны сырқат әбден қажытыпты. Аяғын әзер сүйреп, үстел-орындық­ты қолымен демей жағалап қана жүреді екен. Меңдеген дерт тәнін тоздырғанмен, бір ғажабы – көздері жап-жас. Кең ашылған жанары іштегі әлдебір бұлқынған ыстық қуатпен ұшқын атып, лыпыл қағады. Үстелдің қарсы бетіндегі биік арқалы орындыққа жайғастым. Жанындағы қара телефон құмыға сыңғырлай жөнелген. Гер-аға үркектей қарап, «құтқаршы мынадан» дегендей:


– Әй, Рая, бүгінгі лимитім біткен, әкетші мы­наны! – деді. Рая апай көрші бөлмеге алып кетті де, әлдекіммен күле амандасып жатты.
– Менің ұйықтап, тамақтануға дейін әр кү­нім қатаң режимге құрылған, – деді, неге телефон алмағанын түсіндіргендей бетіме жымия қарап. – Күніне он екі-ақ қоңырауға жауап беремін. Мы­нау – он үшінші. Ауырып-сырқамасам, күні­не бес сағат жазамын, үш сағат оқимын. Бүгін, ис­ключение ретінде, саған жарты сағатымды бөлдім.
«Астағфиралла! – дедім ішімнен. – Біздікі не деген иен-тегін есепсіз жатқан уақыт! Мына тірі аруақ күйімен қалай жұмыс істейді? Біз бол­сақ қой, саусағымызға тікен тиіп кетсе, аһылап-үһілеп жатар едік!». Еңбек пен ауру діңкелеткен арса-арса түріне аянышпен қарап отырсам, ол мені мүсіркейтін тәрізді.
– Мен бүгін байып отырмын, жүдә, – деді бо­зарған өңіне жылы шырай жүгіріп. – Өзің сияқты жақсы көретін ініме тәбәрік берейін деп шақырдым. Жомарт әкім бауырым әдеттегідей екі қап соғым әкеп тастады әне, – деп асхана жаққа иегін көтерді. – Қазы мен қартаны кертіп асайтын бұрынғы қазақтығым қалғаны қашан. Гастрит, қасқыр ит… қаптаған ит ішіме кіріп алған. Маңайдағы қызылсырап жүрген сыйлас, бастас шалдарыма сыбағасын таратып беремін. Мені «мынау бір сексен кітап жазған бейнетқор ақсақал еді» деп үкімет асырап жатқан жоқ. Оның не тамаққа, не дәріге жетпейтін мардымсыз са­да­қасына күнім қараса, ақсақ аяғым көктен кеп, баяғыда-ақ өмірем қабар едім. Мені асырап жүрген – айналайын қазағымның өзі. Абайдың Еуропада тұратын рухани ұрпағы бар. Құлжанов деген аяулы азамат! Қазақ мәдениетін насихаттап әлемге танытуға көп еңбек етіп жүр. Ағылшын ком­позиторына Шәкәрім қажының әндері негі­зінде симфония жаздырып, жақында Парижде презентациясын өткізді. Менің де біраз кітабым­ның шығуына жәрдемдесті. Абайдың Берлинде басылған тәржімасы үшін маған ырғын гонорар жіберіпті! Бүгін соны алып, жаман ағаң жарты Рокфеллер боп отыр. Туғаннан бері қазақ атамнан жақсылық көріп келемін, қашанғы ала берем, мен де берейін! – деп суырмадан алып, жуан сары конвертті үстелдің үстіне қойды. – Немісті сараң дейсіңдер ғой, сараң болсам да ши басын сындырайын. Оның үстіне, өзің бір жағы балдыз екен­сің, біздің Раяның төркіндері де Қазанның тумасы ғой, қанша жасырғанмен ел құлағы – елу, білем. Мә, мынау мың доллар…
– Мы-ың!? – Даусым қатты шығып, қалай ұш­ып тұрғанымды білген жоқпын. Шошынып шегіне бердім. – Мұны қайтем?
– Өй, жынды екенсің ғой өзің! – деді Гер-аға таңырқап. Менің жынды екенімді әлі күнге білмейтін сияқты. – Ақшаны қайтем деген адамды бірінші рет көріп тұрмын. Қайтушы едің, керегіңе жұмсайсың.
– Көп қой!..
– Көп емес. Мың доллар деген қазір бұйым ба, тәйірі. – Жыртық-тесігіңе жұқ та болмас дегендей, менің тозыңқырап кеткен үсті-басымды көзінің қиығымен елеусіздеу сипап өтті…
Рахмет айттым ба, қоштастым ба – бірін де білмеймін, бір қарасам, көшеде келе жатыр екенмін қаңғалақтап. Аяғымды әлтек-шәлтек әр жерден бір басамын. «Мың доллар… Мың доллар!..». Аузым да, жүрегім де – бүкіл іші-сыртым осы сөзді қайталап келе жатқандай. Көңілім лепіріп жер-көкке сиятын емеспін. Күллі жаһан жарқырап-жайнап шыға келгендей әп-сәтте. Нет­кен құдірет! Миллионы, миллиардтары барлардың қалай жүрегі жарылып кетпей жер басып жүреді екен. Неткен мықтылық, неткен ерлік десеңші солардікі!
Бүйірімді бүлк-бүлк түрткілеп ішіме сыймай бара жатқан қуанышымды бөліскім келіп әйеліме телефон соқтым.
– Әләу, қаты-ыш!
– Не болды-ей? – Қай жағымнан милиция сап етіп кеп қалар екен деп жан-жағына алақтап, күн қақтаған жолдың жиегінде шекілдеуік сатып тұрған байқұста қайбір көңіл-күй болсын, даусы шаңқ етіп қатқыл шықты. Онысына қарағам жоқ, даңғырлап айғай салдым:
– Сен енді Машкеевичтің қатыны болдың!
– Өй, жексұрын, аузыңнан жақсы сөз шық­сайшы. Сен өліп, соған тигенім қалып па енді? Оның кім еді?
– Ойбай-ау, Қазақстанның Рокфеллері ғой ол!
– Не былжырап тұрсың өзі?
– Миллионер болдым деймін!
– Е, қайырлы болсын! Сөзің рас болса, үйге бір бөлке қара нан ала келерсің!.. – деп телефонды жаба салды. Әлбетте, сенген жоқ, құс келіп, құс қайтқанда, науқасым қозып көтеріліп кете­тінім бар, соның шалығы деп ойлағаны гәміл.
Сабырым кетіп, не істеп, не қоярымды біл­мей­мін. Қалтамдағы конвертті бір алып, бір саламын. Байып келемін, шалқып-тасып келемін. Машкеевич деймін-ау, Машкеевич түгілі оның көкесі де бүйтіп шалықтамайтын шығар. Қиял басыма сыймайды, басым қалпағыма сыймайды. «Әйеліме, балаларыма, өзіме киім-кешек аламын. Әлде қатынға әлгіндегі мазақтағаны үшін ештеңе алмай қойсам ба екен ерегесіп? Жоқ, алайын, байқұс бәрімізді асырап жүр ғой… То­ңа­зытқышты сықитып толтырып тастаймын!..». Арманым одан арыға бармай бітіп қалады, басқа ештеңе керегі жоқ сияқты. Иә, рас-ау, одан ар­тық­тың не керегі бар?
Төбесі теп-тегіс қырқылып, жол жиегінде жал­дана өскен бұталардың қолтығында тығылған қадау-қадау скамейкалардың біріне отыра кеттім. Қою көлеңкесін төбеме төңкере салған балапан қайыңның жапырағы тып-тынық ауада өзінен-өзі сусыл-сусыл жел шақырып, шұрқырап қайнап тұр. Конверттен долларларды алып, орындықтың үстіне қаз-қатар жайып тастадым. Көз алдым бұлдырап, көк толқынның ортасында қалғандай­мын. Көгілдір арманымның көк теңізі шалқып-шайқала жөнелгендей. Ұзақ қарадым көзім талғанша телміріп. Таңырқап отырмын. Атын естіп, тамсанып, табынғаным болмаса, қолыма «тірідей» ұстағаным осы. «Атаңа нәлет көк құлақ, доллар деген сенбісің, ей?!». Аударып-төңкеріп ары қараймын, бері қараймын көкейімде сан алуан сұрақ балалап. Желке шашы жалбыраған шалдың суреті салынған бір жапырақ қағаз ғана. «Не сиқырың бар сенің? Адамның қолымен жасалып, адамның өзін құлыңа айналдырдың. Се­нің жолыңда бәрі жанын береді, қанын төгеді, атысады, алысады. Саған қолы жеткеннің бәріне қолы жетеді: ұры мен қары бай-бағлан атанады, сұмырай сұлтан болады, бүкір мен соқыр үрдің қызын құшады… Неткен құдірет, неткен сиқыр сенікі? Адамзаттың Құдай жасау қолынан келсе, сол Құдай сен боларсың, сірә! Кім саған табынбайды, кім саған бағынбайды?».
Кенет төбеме төнген балапан қайыңның сусылы күшейіп, жапырақтары сатыр-сұтыр тыпырлап дүр сілкінді. Орындық бетінде жайыл­ған көк қағаздар үйірлі көк кептердей дүр етіп көтеріле бергенде, есім шығып жалма-жан үстіне жалп етіп құлай кеткем. Құшағыммен қаусыра жиып, қалтама салам дегенше бір көк құлақ бәрібір бауырымнан сытылып шығып, бейбіт­ші­лік көгаршынындай қанаты сытырлап ұша жөнелді. Тұра сала ұмтылдым. Етек-жеңім жайылып біраз жерге далақтап барып ентігімді бастым. Ұйытқыған жел оңды-солды үйіріп жеткізер емес. Қалықтаған көк қағазды әуелі бір жігіт көрді, қалт тоқтап, таңырқай қарап сәл тұрды да:
– Доллар! – деп айғай сап жүгіре жөнелді қаң­ғалақ қағып. Жанай өтіп бара жатқан кексе әйел жалт бұрылып:
– Кәне? – деді көзі алақтап.
– Әне!
Әйел де қоса жүгірді. Апалақтай ұмтылып сү­рініп кеткенде, басындағы сары ұлпа паригі жел төңкерген қаңбақтай анандай жерге домалап түсіп еді, оған да қараған жоқ…
Дүрмекке ілескендердің қарасы лезде көбейіп кетті. Жан-жақтан алақ-жұлақ етіп қосылып жатыр топырлап, тасқындап. Ер-әйел, жас-кәрі. У-шу, бірін-бірі кимелеп, қолдарын ербең-ербең жоғары созып көк қағазды қуып барады. Бірақ аспандағы «бақыт құсы» ұстатар емес. Жел шыр-көбелек үйірген көк қағаз біресе төмендеп, біресе қалықтап, қол созымға құлдилай беріп, ел әне ұстадым, міне ұстадым деп шуылдап, жаны ышқына бастағанда, мазақ қылғандай лып қайта шарықтай жөнеледі. Бірін-бірі баса-көктеп, жы­ғыл­ғанның үстінен таптап өтіп, у-шу жанталас­қан жұрт­та ес жоқ. Көк қағаз сәл төмендей қалса шу ете қалады:
– Міне, міне!
– О, аруақ, қолдай гөр!
– Әне кетті!
– Мен алам!
– Былай кет!
– Өзің кет, менікі ол!
– Өлтірем сені! Секіргенде неге қолымнан қағасың?..
Ес-ақылынан айрылған жандардың түріне түршіге қарадым. «Өз қолымен жасаған құдіретіне өзі табынған адамзат қандай ақымақ десеңші!».
Елірген қалың тобыр ештеңені елең қылар емес, кең көшеге кептеліп, оңды-солды ағылған машинаның жолын бөгеп тастады. Үздік-создық боздаған клаксон, жалт-жұлт шатынаған көздер, кіжінген боқтық… ию-қию айғайдан құлақ тұнады.
Қарадан-қарап жүз доллардан айрылып қал­ғаныма ішім удай ашып-ақ тұр. Бірақ қуғам жоқ, көппен таласқам жоқ. «Сабыр, сабыр, – деймін ішімнен. – Өле жегенше, бөле жеген жақсы. Көктен түскен олжа емес пе, садақа!». Дүйім жұрт­ты лезде ес-ақылдан адастырған алақандай көк сайтанның ізінен көз ұшынан үзілгенше таңыр­қай қарап тұрдым. Дүркірей шұбырып қалың нөпір арман қуып барады.
Кенет «оу, мен неге мәз боп тұрмын осы» деген­дей, өз-өзімнен шошып кеттім. «Бір қа­ғаздың соңынан осынша адам жүгіріп барады. Қалтамда бір емес, осындайдың тоғызы жатқа­нын біреу-міреу біліп қалса ше?». Жан-жағыма ұрлана қарап, жылыстай бердім. Қорыққанда жынды адамның ойына неше түрлі үрей елестейді екен ғой. Біресе долларларым қойынға тыққан кептердей пыр етіп ұша жөнелетіндей боп көрінеді. Жалма-жан қалтамды сыртынан басып-басып қоямын, «бармыз, дін-аманбыз!» деп сықыр-сықыр етеді бар болғырлар.
Алтынның буы болады деуші еді, доллардікі одан артық болмаса, кем емес шығар-ау, әлде жын ба екен?! Аяқ астынан желік бітіп, айналама астамсып, ажарлана, ожырая қараймын. Тасып-төгіліп кең дүниеге сыймай келемін. Кеудем шалқақ, жүрісім талтақ. Екеуі екі жаққа қисайған ескі бәтіңкемнің тесік ұлтаны, «корольді» «тұз­бен» басқан карташыдай, асфальтті сарт-сұрт ұрады. Біреуге сүйкенгің кеп пәле іздеп тұрады екенсің. Әсіресе, қатынның әлгіндегі: «…үйге бір бөлке кәрә нан ала келерші-ің» деген қыжырт­пасы есіме түсіп, күлкісін күмірем қаптырғым келіп кетті. «Қалай күлгенін көрейін зәнталақтың!». Дереу таксилетіп «Барахолкаға» тарттым. Келген бойда қожайын келіншек ибәлі келіндей иіліп-бүгіліп, тәтті сыңғырлай жолымды кес-кестеген соң, бірінші кездескен контейнерге кіре салғамын. Есік пен төрі тай шаптырым. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар шығар-ау. Қай жағыңа қарасаң да көзің тұнады. «Мені ал, мені ал!» деп жайнап тұр. «Қойшы, бұл Қытайдікі ғой, жүр, анда Бішкектікі бар, соған барайық» деп, боса­ғаны басына киіп өңмеңдеп кіріп келе жатқан қара бұжыр еркекті бір қайқы ерін, қатпа әйел қо­лынан тартып шығарып әкетті. Қожайын ке­ліншек жалт етіп ала көзімен ата қарады. Өзі үріп ауызға салғандай сүйкімді екен. Ренжітіп алам ба деп қорғандым. Жалпы, маған бәрібір. Осы жұрттың «Қытайдікі жаман-жаман» деп алып, ақыры соныкін киіп, соныкін ішетініне таңғала­мын. Екі ұлым мен қызыма, әйеліме, өзіме әр мау­сымға лайықтап қос-қостан киім алдым. Тр­у­­си-майка, нәскиге дейін ұмытқамын жоқ. Алып жатырмын, алып жатырмын, аладорбаға қат-қатымен тоғытып жатырмын. Американың мына кәрі шалының басы мұндай берекелі болар ма, тіпті мұрты қисаятын емес. Әй, біреуінде бір қараның бәсі бар-ау, сірә! Шындасам, бір кон­тейнерді түгел төңкеріп әкеткендей екенмін. Кү­лімкөз келіншек бетіме күлмің-күлмің қарап қойып, күлкісін қоса есептегендей, калькуля­тордың бір нөлін артық басып та жібереді. Төрт амалды әрең ежіктейтін шала сауат қатынның жоғары математиканы шекілдеуікше шағатын алтын басымды қорлап, басынып тұрғанына намыстансам да, ашуымды тәк-тәк шаужайлап, өтірік байқамағансып қоя салдым. «Е, бұ да қай­бір жетіскеннен өстіп тұр дейсің. Осымен нанын айырып жүр ғой. Жемейтін адам жердің астында, тамағы тесік пәндә емес пе» деп, нөлге нөл қосып, «сдачу ненадо!» дедім төсімді қайқайтып.
Жолай «оптовкаға» соғып, жарты қойдың сүмесі мен күріш, шекер, мейіз-миуаны көтер­ге­нім­ше тағы алдым. Саудаласпай сұрағанын ұс­тата салып, кесек-кесегі, мөшек-мөшегімен сыпыра сиырып жатқан мырза жігітке «пай-пай, сауда қылсаң, осылай қыл!» дегендей сүйсіне қарайды айналамдағылар. Машинаның белін қайыстырып, артынып-тартынып ымырт жабыла үйге жеттім. Біздей байып тұрған кісінің қалтасында «нешаснәй» қазақтың құнсыз теңгесі қайдан жүрсін, құлағынан суырып, шоферға жүз долларды ұстатқам. «Еңбегі бар ғой, жарты күн жанымда жүрді, жүктерімді тасысты жал­балақ­тап». Ана қалтасын бір, мына қалтасын бір ақтарып, тыпырлап қалған соң қолымды бір-ақ сілтедім:
– Сдачу не надо.
Ұрты суалып, сорған кәмпиттей сопайған жүдеу өңді жігіт шегір көзі шегедей қадалып, сілейді де қалды. Тұрып-тұрып:
– Надо же… бывают дураки! – деді. Аңқиған аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды-ау, білем.
– Я и есть дурак! – дедім жымия күліп. – Разве жизнь интересна без дураков?
Есі шығып кеткен бейшара жігіт қалбалақ­тап, жүктерімді подъездге дейін көтерісіп апарды.
Хош, қалтамда әлі екі жүз доллар сықыр-сықыр етіп, төсімді шоқтай қыздырып жатыр. Қажеттің бәрін алдым. Киім-кешек, ішіп-жем… бәрі бар. Енді мұның керегі не? Көршілерім есіме түсті. Бірінші қабаттағы үш бөлмелі үйде әркім­нен төрт бала тапқан, махаббатта интернационалшыл, жесір орыс әйелі тұрады. Есігі алқам-сал­қам, тұтқасы жұлынған. Бойлай дыр-ду. Біре­се айғайласып, бірде дарылдап ән айтып, шуылдасып жатқандары. Міне, мұрындарын кезек-кезек қорқылдата тартып, көздері жылты­раған төрт бала топырлап сыртқа шығып барады. Маша шашы дудырап, жартылай ашылған есіктің аузында темекі тұтатып тұр екен.
– Привет, сосед!.. Ба, бизнессменом стал что ли? – деді қатар тізілген ала дорбаларға иегін қа­дап.
– Нет, я – Дед Мороз. Я вам подарок принес! – деп, қайда сыйғызарымды білмей тұрған екі көк құлақтың бірін ұстатып ем, пәлеге қалғаным­шы, мойныма асыла кетіп, сасық демімен тұн­шық­тыра, аузымнан тілімді суыра сүйсін-ай келіп. Өзіме де обал жоқ, лоқсып жіберем бе деп едім, бұлқынып жүріп әзер құтылдым құша­ғынан.
Біздің подъезде шекесі шеруен атып тұрған­дар шамалы. Көбі жалғыз-жарым, кәрі-құртаң­дар. Әсіресе, үшінші қабаттағы қазақ кемпірінің халі кісі аяғандай. Бір ұлы орыстан қатын алып, Пензаға көшіп кеткен. Екіншісі екі дипломы бол­са да жұмыс таба алмай ақыры ұрлық қылып, түрмеде отыр. Өзі бұрын мұғалім болып істеген екен, пенсиясы мардымсыз. Ай сайын аузынан жырып, Заречныйдағы түрмеге сәлем-сауқат тасып жүргені. Бірнеше дүркін таңертеңгі алаң-елеңде аула шетіндегі қоқыс контейнерін қопа­рыс­тырып жүргенін көріп қалғанмын. Ақжаулы­ғын иегінің астынан шарт байлап, екі иығы қуш­иып, таяққа сүйенген күйі тық-тық басып кетіп бара жатқан аянышты кейпі көз алдыма келгенде, жүрегім шаншып-шаншып кетті. Жүз долларды сол кісіге апарып бердім.
– Бұл не?
– Доллар.
– Ой, Алла, Әміриканың ақшасы осы екен ғой, ә! – Көзін сығырайтып көк қағаздың мөріне аударып-төңкеріп ұзақ қарады. – Балам-ау, өзің­нің де бала-шағаң бар, мынау көп ақша ғой?
– Жоқ, апа, алыңыз. Маған бір жақсы адам кө-ө-п ақша берді.
– Ендеше ол жақсы адамды Құдай жарылқа­сын! Дүние азған-тозған деп қарғанамыз, небір ізгілікті ғазиз жандар да бар-ау. Рахмат, қара­ғым!..
«Қызыл крест» қоғамындай қайырымдылық миссиясын атқарып болған соң, ала дорбаларды құлағынан сүйрелеп, үйге де жеттім-ау. Есікті айқара ашып қойып, бірін сүйреп, бірін көтеріп, үсті-үстіне топылтып кіргізіп жатырмын. Бі­реуінің өзі бір кісіге жүк болардай теңкиген тең­дей-теңдей ала сөмкелерді көрген сайын әйелім­нің көзі күлмің-күлмің, жүзі жылмың-жылмың.
– Бағана қылжақтаған екен десем, шынымен Машкеевич бопсың ғой!
– Болсақ несі бар екен? – дедім, осындайда бәл­сініп қалайын деген оймен мардымсып. – Ол да екі аяқты пәндә шығар!
Бәле қатын бұлаңдап, ығыма қарай құлай кетті:
– Одан бір де кем емессің, бәтірекесі!.. Әлгі жур­налда басқа кісінің атымен шыққан рома­ныңа гонорар берді ме?
– Кім берсе де берді ғой. Құдайдың бұйырт­қаны деп ала берсеңші!
– Иә, дұрыс айтасың. Берем десе де, алам десе де бәрі Алланың өз қолында. Жаңа ғана кейіп отыр едім. Бүгін түк саудам жүрген жоқ. Жарыма­ғыр қайыршы, екі милиционер қайдан сап ете түскенін білмеймін, сүйрелеп жүріп дорбамды тар­тып әкеткені. Қолымды бұрап сындырып жібере жаздады, ой, иттен жаралған немелер! Міне, әлі ауырып тұрғанын қарашы… Не жаздым, бұл Құдайға деп қарғанып-сіленіп отыр едім, міне, үйіп-төгіп бере салған жоқ па! Ей, Алла, кешіре гөр күпірлігімді… – Пайғамбардың ұрпа­ғы көзі мөлтілдеп, ерні жыбырлап, екі алақаны­мен асығыс бетін бір сипап өтті.
Қоңырайған үйдің іші әр бұрышынан шырақ жанғандай нұр жүгіріп, жайнап сала берді. Жүрек қуантып жып-жылы боп кеткендей. Қуаныш кер­неп, шат-шадыман күлкі аузы-мұрнынан шығып тұр. Әйелім де, ұл-қыздарым да киім-кешектерді кезек-кезек өлшеп мәз-мәйрәм. Ба­ғам өсіп, мәртебем артып-ақ тұр еді, шайтан аз­ғыр­­ғандай аузымнан қағынғаным. Қарап тұрмай:
– Ақшаның бәріне алсам, тіпті үйге сыймай ке­теді екен ғой! – демесім бар ма. Жәнияның күн­қақты жүзі балбырап мүлдем мейірленіп кетті:
– Тағы да ақшаң қалды ма?!
– Жоқ. Екі жүз доллар артылып еді, көрші­лер­ге бере салдым.
Жәния тұрған жерінде аяғын тыпырлатып, шыңғырып жіберді:
– Не дейді мына жарымес? Елге бергені несі?!
– Артық ақшаны қайтем? Бәрін алдым емес пе? Жетеді сол!
– Атаңны басы, жетеді!.. Миллионер бол­ған­дай шіренуін! Ой, сорлы… Благодеятель! Жаныңды баға алмай жүріп, елді жарылқаған не теңің? Бұл біткен соң боғыңды жейсің бе?
– Біткен соң, мұны берген Құдай тағы да береді. Жаратқан құлын Алла-Тағалам жарыл­қау­сыз қалдырмас… Түсінсеңші, Жәния, қара қазақ емес, Қожаның қызы емессің бе. Пайғам­барымыздың хадисінде: «өзің тоқ боп, көршің аш отырса, онда сен мұсылман емессің» демей ме? Қарайласпасақ кісілігіміз қайсы? Мына Сапура апай мен Машаның жағдайын білесің ғой, пәшти қайыршы емес пе?
– Ей, милау, біздің қайыршыдан қай жеріміз артық? Маша дейді… Ол деген ұшығы шыққан жалап, алқаш емес пе. Соңғы баласына алимент алайын десе, кімнен туғанын өзі де білмейді. Аяған кісісінің түрін!..
– Мейлі… балаларына обал! – дедім міңгір­леп. Жәнияның күнге күйген ап-арық қос жұдырығы тас түйіліп, селк-селк етеді:
– Аллам-ау, не дейін енді. Оқтаумен бір періп ана жарты басыңды бір-ақ жарайын ба осы! Күйдірді-ау мынау, күйдірді-а-ау!.. – Аузы үнсіз ашылып, көзі алайып сәл тұрды да, шарқ етіп шалқасынан түсті. Жүрегі әлсіз еді байқұстың, шынымен жүріп кеткені ме?! Балаларым зәресі ұшып шу ете қалды. Есім шығып, қанатын жа­йып қыт-қыттаған әтештей, шыр айналып құр жүгіре беріппін. Менен гөрі қызым естияр екен, жүгіріп барып бір стакан су алып келді де, аузын толтырып бетіне бүркіп кеп жіберді. Жәния сон­да ғана есін жиды. Көзін ашып, бетімізге аңтарыла жағалай қарап сәл отырды да, не болғаны есіне түскендей маған тұра ұмтылды. Түтеп, түнерген жүзінен сескенбеу мүмкін емес еді – тұра қаш­тым. Бөлмеден бөлмеге тығып ал кеп қусын:
– Жарымес!.. қояншық!.. есуас!.. жынды!.. нақұрыс!.. ауыш!..
Менің диагнозымды бейнелейтін синонимдер аузынан автоматтың оғындай сақ-сақ атылған сайын, қолы жарыса қимылдап, тәпішке, бәтіңке, оқтау, кітап… уысына іліккеннің бәрі соңымнан қуып жетіп, бірі жаурынымнан, бірі бөксемнен… оңды-солды зеңбіректің оғындай сарт-сұрт төпелеп жатыр. Бұлтарып, бұғып, басқасы не болса ол болсын дегендей, басымды қорғап әлекпін. Балаларым ойын көріп мәз. Айғайлап, күліп, бізбен жағаласа шапқылап жүр. «О, мама – біздің снайпер, дәл тигізді!» деп қояды. Артиллериялық ұзақ атқылаудан кейін барып әйелдің әпігі әзер басылғандай болды. Гаубица­ның толассыз төмпештеуінен есеңгіреп қалдым. Жәбір көрген жетім баладай үрпиіп, бір бұрышта жалғыз тұрмын. Көгерген, іскен жерлерімді ауырсына сипап, әйеліме іштей ренжимін: «Е, Жәния-ай, сен де осындай ма едің?! – деймін іштей мүжіліп. – Сол ақшасы түскір болмағанда да күнімізді көріп едік қой. Неге сонша тарыл­дың? Жоқ-жітікпен бөліскен сауап емес пе қайта. Мейі­рім­ді, мәрт-ақ едің, жоқшылық сенің де жүрегіңді қарайтып, жүнжітіп жіберген бе?!».
Жалпы, бізге басы артық байлық жақпай ма деп қалдым. Күндегі беті балық көзденген майсыз қара сорпамыз берекелі еді. Тәубамызды қырық қайталап, томпиған қарнымызды тыр-тыр қасығанда, Жаратқанның осы бергенінен артық ештеңенің керегі жоқ сияқтанып көрінетін. Бүгін, міне, ала дорбалармен ілесіп, ала көңіл араз­­дық үйге бірге кіргендей. Жаңағы екі жүз дол­лардың күйігінен кейін әйелімнің қабағы түзелмеді. Сөмкелерді аударып-төңкеріп ақтарған сайын күңкілі көбейіп кетті:
– Езіліп кеткен қырық жылғы құрма!.. Мы­на­ның бәрі жылтыраған Қытайдың алмасы!.. Сары мейізді кісі ала ма екен, күкірттің түтініне ысталған, уланып өлсін деп жүрмісің!.. Қып-қызыл ақшаны ит-рәсуа ғып!..
Кезек етке келді. Құйрығы қазандай Еділ­бай қойының омыртқаны бойлай қақ бөліп шабылған тұтас жарты ұшасы. Сүбесінің сөгілген майы шынашақ елі. «Енді не айтар екенсің?» деп, өзімше еңсемді тіктеп, ажарланып тұр едім, одан да мін тапты:
– Иістене бастаған ба, немене? – деп еңкейе беріп танауын тыржитты. Деуін десе де одан ары кекжиген жоқ. Үстелдің үстіне ұзынынан салды да, қолындағы қайқы пышақ лыпылдап, сүйек­тер­дің жігін оп-оңай ажыратып, лезде мүше-мүшесімен бұтарлап тастады. «Бирюса-6»-ның мардымсыз мұздатқышын қанша нығарлағанмен жартысы да сыймады.
– Құдай-ай, холодильникке де жарымадық-ау! – Тоңазытқышқа бір, үстел үстінде жайрап жатқан етке бір қарап, пұшайман болған һаял байқұсты аяп кеттім. Шын жаным ашып, қалай ақыл айтарымды білмей тұр едім, бір керемет ой кептердей қалықтап кеп көкейіме қона қалғаны. Дереу мойыномыртқа мен қары жілікті іліп алып, есікке қарай беттегем.
– Әй, қайда барасың?
Әмірлі дауыстан еріксіз мойнымды бұр­дым:
­– Көрші апаға апарып берейін… Бәрібір сасып кетеді ғой…
Әйелі түскірдің екі көзінен екі ракета атыл­ған­дай, қып-қызыл өрт лап етті. Қызыл жалын қазір-ақ жалмап шыжғыра жөнелетінін сезгенде, тыпырлаған жүрегім кеудеме сыймай, торғайдай шырылдап қоя берді.
– Әй, жарымес, біз бітеуміз бе? Қанды ішіп болды ғой, мына нақұрыс. Ажалымыздан бұрын өлтіретін шығар! Кет, жоғал!..
Түрі адам шошырлықтай түтеп, бақырып-шақырып жүгіріп барып қолына ілінген плита үстіндегі шойын сковородканы жіберіп ұрды. Жалма-жан бұғып, бұлтарсам да соңымнан зыр­қы­рап қуған сковородка сұрмергеннің оғындай құтқарған жоқ, қақ жаурынымнан тиген соққы­дан жалп етіп етпетімнен ұштым. Бір уыс әйнек­тің ұнтағын шашып жібергендей көзімнің оты жарқ ете түсті.
– Тұр, кәне, кет!
Тұрғам жоқ. Жәбірленіп жатырмын. Жәния­дан тап мұндай қатыгездікті күткен жоқ едім. «Сковородка отта тұрған болса ше? Бата тимесе де қата тиіп, өзі жарты ми, жарық басыма тисе қайтер еді?!». Өз-өзімнен үрейлі ойлардан шошынып, дір-дір еттім. Бірақ менің не ойлағаныммен оның ісі болған жоқ. Есікті теуіп ашты да:
– Кәне, аяқ-қолынан ұстаңдар, – деді зілде­ніп. – Қашанғы қанымызды іше береді, қарасын батырсын бұл жерден!
Жүрегім дір етіп, тынысым тоқтап қалғандай болды. Балаларым қайтер екен деп жатырмын, үміт пен күдік итжығыс. Әйтсе де шешелерінің сөзінен шыға алмады. Төртеуі төрт жағымнан сүйрелеп, дәлізге шығарып тастады. Есік сарт жабылды. Жатқан жерімнен тырп еткемін жоқ. Балаларымның жұлқылап қосыла сүйрелегені жаныма қатты батты. Бетімді басып өксіп-өксіп жібердім.
Сыртта ымырт ішін тартып үңірейіп тұр. Жұлдызы жоқ бітеу аспан суқараңғы. Күзгі кебір жапырақтарды қытыр-қытыр кеміріп, асфальтті сырт-сырт ұрып суық жаңбыр сіркірейді. Подъез­дің күнқағарынан кенерлеп аққан суға шикі еттің күлімсі иісі шығып шырыштанған қолымды жудым. Есігі жоқ ішке қарай суық тартып азына­ған подъездің аузында тұра-тұра бойым тоңазып, қалтырай бастадым. Сүт пісірімдей мезетте қатынның ашуы тарқаған шығар деген дәмемен үйге келдім. Қоңырауды жасқана бастым. Ешкім үндей қоймаған соң, үсті-үстіне өршелене басқам. Әлдене тарс етті де, қоңыраудың үні өшті. Енді есікті жұдырығыммен ұрғылауға көштім. Сонда да міз бақпаған соң, теріс қарап өкшеммен теуіп-теуіп жібердім босағаны солқылдатып.
– Аш, әйтпесе сындырамын! – дедім ызаға булығып.
– Сындыр! – деді әйел арғы жағынан шаң­қыл­дап. – Қазір милиция шақырам, анада жат­қан жындыханаңа қайта барасың. Қояншығы қозып, күнде істейтіні осы деймін. Одан да аман тұрғаныңда кет!
Антұрған қатын милиция шақырса, пәле боп жүрер деп шынымен қауіптене бастағам. Ше­ше­сімен қосанжарланып кенжем Қошқарбек кіжіне айғай салды:
– Сендей әкенің бізге керегі жоқ, кет! Сен – жындысың!
«Кішкене ғой, шешесінің айтағымен айтып тұр» деп өзімді қанша алдарқатқым келсе де, жүрегім мұздап кетті. Өне бойым қалшылдап, үн-түнсіз шегіне бердім. Кеудемнен итерген қара дермантин есіктен қанша ұзасам да, қайда барсам да жаңағы шіңкілдеген дауыс құлағымда тұрып алды ызыңдап: «Сендей әкенің керегі жоқ!.. керегі жоқ!..».
Пошта жәшіктерінің аузында кептелген тегін газеттерді подъездің баспалдағына төсеп қанша отырғаным белгісіз. Аңғал-саңғал есік-терезеден жел ызғып, сырттағы суықты пештің мұржа­сын­дай суырып, қай бұрышына тығылсаң да қамсау болар емес. Сүйегіме дейін сықырлап мұз боп қатып қалғандай. Бүкіл денем қоқиып, қат­тырақ қи­мылдасам, опырылып түсердей. Тісім тісіме ти­мей сақылдап, орнымнан әзер көтерілдім. Көрші кемпірдің есігін қақтым амалсыз.
– Апа, менмін ғой! – деп атымды айттым, «мас боп келіп тұр» деп ойлады ма, ашпады. – Апа, тоңып кеттім, кішкене жылынып алайыншы! – «Тоңса өз үйі бар емес пе, неге бармайды» дей ме, есік тағы да міз бақпады. – Апа, жаңа жүз доллар беріп едім ғой, ашыңызшы!.. – дедім сол жақсылығымды бұлдағандай есіне сап. Берген ақшасын алғалы кеп тұр деді ме екен, тіптен тым-тырс. Ары қақтым, бері қақтым, аузы қисайған ағаш есіктің қиюы жымдасқан еріндей жігін жазар емес. Сірескен аяқ-қолымды роботша қозғап қайтадан төменге түстім. Машаның есігі шала жабулы екен. Қиюынан қылпылдаған ұс­тарадай жарық дәліздегі қараңғылықтың қарынын қақ тіліпті. Іштен күлкі аралас дабыр­лаған дауыстар естіледі. Жасқана есікті тықыл­даттым.
– Заходи! – деді іле-шала, «кім болсаң да кіре бер» дегендей жайдары әйел даусы. Ішке кіре беріп ем, жалаңаяқ, шашы дудырап, саусағының ұшында темекісі түтіндеп есікке қарай келе жат­қан Маша құшағын жайып, қарсы ұмтылды:
– О, сосед! Мой благодеятель! Добрыня Никитич! Менің жарылқаушым! Кел, кел!..
Төрт құрлықтың төліндей өң-түрі бөлек төрт бала бөлменің бір бұрышында үрпиіп отыр екен, маған үрке қарап, жылтыраған мұрындарын бір-бір тартып қойды. Ас үйдегі үстелді ортаға алып екі еркек, екі әйел отыр. Шалабурыл. Қауқылда­сып қарсы алды. Көк түтін көз ашытады. Жыбырлап түйдек-түйдек будақтаған көк мұнардан қарсыдағы адамның бет-жүзі бұлаңытып әзер шалынады. Жүз доллардың төбесіне су құйылса керек, үстел үсті сіресіп тұр: колбаса, сардельки, скумбрияның аузын бақадай ашқан екі қалбыры, майшабақ, тұздалған қияр… Әрине, арақ-шарап екібастан. «Жигулевское» мен «Роял» қақ ортада бой таластырып тұр.
Үйге кірген соң да көпке дейін денемнің дірілі басылмады.
– Түу, көрші, қай жердегі мұздатқыштан шыққансың, қатқан балықтайсың ғой өзің! – деп Маша тар жерде тақаса берген жалаңаш иығын тітіркене тартып алды.
«Таныстық үшін» – сыңғыр-сыңғыр бүйір қағыстырған рюмкалардың әлденешеуінің аяғы аспаннан келді. Бітік көз, жуантық, сары еркек ықылық атып тез мас болды. Ұзын, сабалақ ша­шы жайылып, үстел шетіне сүйеніп жатып қалды. Ұрты суалған ашаң жігіт әлі тың. Ішкен сайын қанын ішіне тартып, бетінің қожыр сепкілі ай­қындалып, өңі бозара түседі екен. Өрге салсаң, төске озған нағыз дүлдүлдің өзі-ау тегі. «Киров» заводында істепті, бесінші разрядті токарь. Қазір завод жабылған, жұмыссыз. Іші қан жылап, ұрынарға қара таппай шабынып отыр.
– … этим дундукам – калбитам дали свободу и что получилось? Все разбомбили… хрен будет самостоятельной страной! – деп жұдырығын екінші қолының уысына сарт сүңгітіп, білегін сап­тады. – Какая им техника, пусть баранов своих пасут! На заводе только парторг был казахом и то был фронтовиком-инвалидом. Остальные мамбеты мыкались подсобниками, тачку таскали. В декабре 86-го, блин, как мы их шугали арматурой!..
– Весь сыр-бор с них начался! Несчастные «декабристы»!.. – деді балық көзденіп қалғып-шұлғып отырған шеткі қатын селк етіп оянғандай бойын тіктеп. – Меченная сука раскачал лодку. И тот бес поганный еще хлеще, развалил всю страну. Ех, какая была империя!.. Теперь сиди и кусай свой локоть!
Маспен мас болмайын деп қанша сабыр сақтасам да запыраным көтеріліп, қызынып кеттім:
– Ей, друзья, если вам здесь так уж плохо, почему бы вам шмотки не собрать и не переехать в Россию? Матушка – Русь всегда своих обездоленных детей приветит и обласкает…
Біз сөйлеген сайын, пәленің алдын алайын дегендей, Маша байқұс:
– Кончай политклуб! – деп үстелді жұды­ры­ғымен сарт еткізіп, орнынан ұшып-ұшып тұрады. Бірақ онысын құлаққа іліп жатқан ешкім жоқ. Сепкіл сары менің сөзіме бұқа көзденіп қабақ астынан сүзе қарады:
– Почему мы должны шмотки собирать? Мы на своей земле. Где русский мужик, там – Россия!
– Да, это наш город Верный! – Жаңағы кес­пелтек семіз қатын тағы суланған домбыл езуін қай­шылап құйысқанға қыстырылды, – Наши предки построили форпост Верный…
– Кстатьи, – деді жігіт тырнағының түбінен кесілген молақ сұқсаусағын шошайтып. Шегенің басындай тесірейген кішкентай көк көздері сондай бір шабытпен ұшқындап кетті. – При Колпаковском во всех парках и скверах были таблички с надписью: «Собакам и киргизам вход зап­­рещен!».
– Сука! – Қалай ақырып орнымнан атып тұрғанымды білгемін жоқ. – Теперь я запрещаю ходить на своей земле поганным собакам как вы! – «Роялдың» қылмойнынан қылғындырып ұстадым да, түбін үстелдің қырына бір періп сындырып, тұра ұмтылдым. Езуінен селедьканың майы ағып малжаңдап отырған кеспелтек қатын:
– Мама! – деп баж етіп үстелдің астына зып берді. Бүкіл орыстың жыртысын жыртып гүжіл­деп отырған патриотқа да жан керек екен, қарғып тұрып:
– Ты че, ты че!? – деп, екі қолын көтеріп, есік­ке қарай арқасымен шегіне берді. Бақырып кеп Маша мойныма асылып алды:
– Не надо, Тольян! Успокойся, прощу тебя…
Қайтып үстелге барғамын жоқ. Қолымдағы шөлмектің сынығын қоқысқа тастай салдым да, бөлменің түкпіріндегі диванға кеп жантая кеттім. Талай сойқанды көріп жүрегі шайлығып қалған сәбилер маған үдірейе қарап, бір-біріне тығыла түсті. Ас үй жақтағы үш қатынның сыбыр-күбірі құлағыма кіріп-шығып жатқан жоқ, ойым ойран-ботқа. Бұрын естіп-көріп, куә боп жүрсем де ба­йы­бына бармаған нәрсенің бойын енді танығандай таңырқап отырмын. «Өле жатқан алқашына дейін пиғылы мынау, басқаларына не жорық. Бұлар жақынға жатбауыр, балам, ұр­пағым деп емешегі үзілмейді, ата-анаға қайрыл­майды, қатыгез, мейірімсіз, томырық, лас… бірақ Отан, Россия десе, қылша мойнын қылшыл­да­ған балтаға төсеуге әзір. Көзі үңірейіп аш отырса да, аузы сасып батпаққа аунап жатса да Әлеммен алысады, Россияның намысы деп кіжінеді. Әне, шабынып, тып-тыныш жатқан Украинаны бассалды. Айдаладағы Алеппоға салып жатқан ойраны анау. Жарты дүниені жайпап, бауырына басып тұншықтырып жатса да бәрі аз бұларға. Орыс мұжығына теңдік, әділет, демократия керек емес, жапырып-жайпап бәріне үстемдік етсем дейді. Өзі Құл болса да, басқаны өзіне құл еткісі кеп тұрады. Ал біз ше? Неге елім, қазағым деп өзеуре­мейміз өліп-өшіп? Ойлайтынымыз – өз бала-шағамыздың қамы, отбасы, қора-қотанның күйбеңі. Одан арғыға көңілімізде алаң жоқ. «Тәңір асыраған тоқтысын бөрі жемейді», «Көппен көрген ұлы той», «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді», «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар…» деп сақалы беліне түспек түгілі аяғына оратылып, баяғыда-ақ алжып кеткен қайдағы бір қыртымбай мәтелмен өзімізді алдарқатып, бәрін бір Құдайға тапсырып қойғанбыз. Өзіміз ештеңе істегіміз келмейді. Неге біз осынша бейғам, бойкүйезбіз? Қашан мәңгілік ұйқымыздан оянамыз, қашан?!».
Суықтан дірдектеп кеп жөпелдете тастап-тас­тап жіберген екі-үш рюмка буыныма түсті ме, бо­йым жылып маужырай бастағанмын. Қазақты оя­там деп кіжініп отырып, өзім қалғып кетіп­пін.
Бір уақытта жүрегім лоқсып оянсам, таң атыпты, мұрнымды асап алардай аузын аңқайта ашып Маша жатыр қасымда қор-қор етіп. Демінен божыған тамақ пен арақ, темекінің қойыртпақ иісі мүңкіп қолқа атады. Үсті ашық-шашық. «Не істеп қойдым?» дегендей зәрем ұшып, орнымнан атып тұрдым. Жайлап басып, беті-қолымды шайдым да, сыртқа шығып кеттім.

ПІКІРЛЕР1
Сәпен (Сәби) Аңсатов Әбдіқадырұлы 07.02.2017 | 20:51

Тұрысбек. Жарайсың! Риясыз сенесің, күлесің, жылайсың. Гүлденген Қазақстандағы жабайы нарықтың жәй отбасына, бейкүна жандарға қасіретті ықпалын түсінесің. Адамдық, азаматтық және пенделік те бар. Орыстардың өзімшілдік пиғылы әдемі көріністапқан. «Қазақты оятам деп кіжініп, өзім де ұйықтап кетіппін» — Ешкімді бей-жай қалдырмайтын, ой салатын тіркес. Дәні де, дәмі де бар дүние екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір