Қалып пен түр һәм автор
Қазақ прозасының қоржынына бір кітап қосқан автор күллі әдебиет алдында жауапты екенін қаншалықты сезінетінін кім білсін?! Жазудағы жауапкершілігіне сай парызын өтеп жүрген қалам иелері арасында оқырман жүрегіне жол тапқандары да, «шаң басқан архивтерде» қалып қойғандары да кездеседі. «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген көзқараспен қарар болсақ, кейінгі буын өкілдерінің жазу мәнерінен нендей жайды аңғарамыз? Кешегінің сөз сардарлары хақында осы уақытқа дейін біраз әңгіменің тиегі ағытылғаны мәлім. Өткеннен назарымызды бүгінге бұрып, қазақ прозасының ауылына көз салайықшы. Қай автор, қай төбеде бой көрсетіп тұр екен…
Қаламгердің жазу стилі әдебиет әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы іспеттес. Шабандоз шабыттың тұлпарына мініп, қиял мен ойға келген маржан сөздерді тізе берсек, шығармалардың бәрі бір анадан туған бауырдай болар еді. Көркем сөзге де өзін айқындап, ерекшелеп тұратын белгі керек. Ол, әрине, сол сөздің иесінің авторлық міндеті. Жазу дейтін ардақты қызметке кірісерде Зейнолла Қабдоловтың «Ал мен көрінген жұртша емес, тек қана өзімше жазуым керек. Ол үшін жаңа сыр ашу аз, соны ұтымды жеткізетін тың түр табу шарт!» деп толғануы заңды екен. Осы толғаныстың ізімен қазіргі прозада «көрінген жұртша емес» өзіндік стилімен өз ортасынан оза шапқан авторды таптық.
А.Чехов айтқан қысқалық концепциясын құптаған автор ата нақылын өз шығармашылығымен үндестіре білді. Алдағы әңгімеміз Ерболат Әбікенұлының соңғы шыққан «Желтоқсан ызғары» атты жинағы жайлы болмақ.
Пышақтың қырындай ғана кітапты қолға алғанда еріксіз сұраулы ойға батасың: таланттың өлшемі қалыңдығы бір қарыс жинақ болмаушы ма еді?! Ол кезде кітап мазмұнындағы он сегіз әңгіменің атымен ғана таныс едік. Кейін білдік: кітапта көңіл пернесінің қылын шертіп, бірден жүрекке барып қонақтайтын орамды ой бар екен. Қаузаған тақырыбы жеті атан түйеге жүк болады. Автордың шығармашылық аудиториясы – қала. Қала қазағының психологиясын кейіпкер бейнесіне боямасыз береді. Бұл құбылысты «Көтеу» әңгімесіндегі Алмас, «Кіші ғылыми қызметкердегі» Дерттібек, «Дамбал» шығармасындағы Жыртыңгүл, «Ит» әңгімесіндегі Ғабит образынан анық байқаймыз. Тақырып аясы қазіргі қоғамның күрмеулі мәселелерімен ұштасып жатыр: қаладағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы, жұмыссыздық, қазақы саясат, парақорлық және ер мен әйелдің осы шақтағы келбеті. Жанр таңдау жағынан жалғыз көзірі – әлеуметтік сатира. Заман шындығының суретін сөзбен салуда юмор, сарказм мен иронияны негізгі авторлық әдіс етіп алғандай. «Кәдімгі ет пен теріден жаралған министр. Адамнан аумайды» дейді аты-шулы «Министр» әңгімесінде. Оқырманды жәй ғана бір жымитып, мақтамен бауыздап отыр. Кейіптеуі, сөз қолданысы, айшықты тіркестері өзгеше. Әсіресе, «Ең соңғы шылымын» парақтағанда, еріксіз куә боласың: «Жалаңаш аспанның шақылдаған жалғыз көзін қызыл перде бүркеуге жақын». «Үстінде күн шатыр». Оқиғаны баяндау тәсіліне қарасақ, автор бойынан теориялық дағдының сәл-пәл сарқыншағын байқаймыз.Бұл шешімімізге әңгімелеріндегі көркемдегіш құралдар дәлел: соның ішінде деталь (дамбал, ит), жалғыздық, жатсыну, қарсылық («Желтоқсан ызғарындағы» Азат бейнесі), конфликт, әңгіме ішіндегі әңгіме көп кездеседі. Осы ретте сыншылардың қазіргі толқын жайында «Жазушылардың жастанып оқитын дүние жаза алмай жүргені теориялық білімінің жоқтығынан болар» деген екі ойлы пікірін ескерсек, мына кітаптың жазушысына ішіміз жылығандай. Әлқисса… «Желтоқсан ызғары» әңгімесінен айшықты (орнаментальды) прозаның кей элементтерін жолықтырғандай болдық: «Бұл түнде жағылған әрбір шырақ біз үшін еді. Бұл түнде айтылған әрбір ән, жайнаған әр жұлдыз біз үшін еді. Соғылған шапалақ, әлемнің шаттығы бұл түні біз үшін еді». Қаламгер шығарма барысында сандарды дәл әрі жиі қолданады. Сюжет ойнататынын да байқадық. Мәселен, «Дамбал» әңгімесінде деталь («қызыл дамбал») арқылы сюжет ойнатып, бұқаралық ақпарат өкілдерінің қазіргі ахуалы мен өзгенің қаңсығын таңсық қылған қазақ психологиясын көрсетеді. Осы шығармада әсірелеу көркемдегіш құралы сәтті қолданылған. «Ал күйеуі: ұрыны бар ғой жерге кірсе шашынан суырып алам, көкке шықса сирағынан тартып түсірем. Тозаққа кірсе де, тауып алам. Сосын терісін сыпырып, тұзды суға шомылдырып, қаптаған халықтың алдында, шыңғырған құлындай шипақтатам». Нақ бір батырлар жырына еніп кеткендей күй кешесің. Аталмыш шығарма желісі асқан әсірелеуге құрылса да көкейімізде «болашақты болжаған әңгіме» деген сұмдық ой қалдырды. Ал «Ит» әңгімесі психологиялық параллелизмнің ерекше көрінісіне ие. Біз мұны үштік тұлғасында былай тарқаттық: Сәбиттің анасының көзінің көрмеуі мен иттің көрмейтін көзі және автор жасырған штрих полковник Ғабиттің көзіне шел толып, мейірім атаулыны көрмей қалуы.
Автордың өз стилі бар: кейіпкер есімін шығарма ортасында не диалог арасында береді. Әңгімелерінің көбі монолог пен диалогтан тұрады. «Елу теңгедегі» ағасының інілері жайлы айтқан мына бір монологі қазіргі қоғамның қоңырауын соққандай: «Өздері ұлтты шексіз сүйеді. Айтатын әңгімелерінің барлығы ұлттың тағдыры, істейтін істерінің барлығы ұлттың қамы. Ондайлар – мына қоғамның жауы ғой! Ұлтсызданғандарын әкелу керек еді. Құлқыннан басқаны ойламайтындарын әкелу керек еді. Оһ, олар байитын еді. Өсетін еді». Қаламгер осы әңгімесінде қала мен ауылдың рухани айырмашылығын дөп басып, оқырманға қанын тамыза жеткізеді. Кешегі Оралхан Бөкей мен Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармашылығында кездесетін «АЙҚАЙ» сарынын қолымыздағы әңгімелер жинағынан кезіктірдік. «Желтоқсан ызғарындағы» бас кейіпкердің (Азаттың) күллі қазаққа арнап айтқан сөзі автордың айқайы ғана емес, нақ қазіргі уланған қоғамның жан айқайы іспетті: «Аштық деп атамды әкеттіңдер. Соғыс деп әкемді әкеттіңдер! Ол аз болғандай, «Желтоқсан» деп әйелімді әкеттіңдер. Мені мүгедек еттіңдер! Иттің балалары деп бар дауысымен айғай салды». Ойымыз тұманға айналып, жанарға еріксіз жас келді…
Автордың бір қасиеті бар: бәлкім кемшілік, яки артықшылық. Қысқа жазады. Оқиға желісі де оқырманды жалығуға жеткізбейді. Бір оқырлық. Төртбұрышты фигураны алар болсақ, жазушы соның тек бір жағын ғана әңгімелейді. Мысалы, «Кіші ғылыми қызметкер» әңгімесінде қарапайым қазақ образын соншалықты көнбіс көрсеткен. Оқырманға әсерлі болуы үшін әсірелеудің белгілерін пайдаланған. Әңгімелерді парақтай келе бірді-екілі қайталаулар мен ұқсастықтар тапқандай болдық. Сюжет желісінің түрленуіне қызмет етіп тұрған дамбал «Министр», «Ақын», «Дамбал» әңгімелерінде қатар ұшырасады. Бір шығармада негізгі рольге ие болса, екіншісінде эпизод аясында берілген.Ал «Ақын» шығармасындағы жер дауына байланысты бір үзік ойдың ұшығын Мұхтар Мағауиннің «Ұлтаралық жанжалынан да» байқаймыз. Автордың жазу стилінің кей элементтері өз замандасы Бейбіт Сарыбайдың шығармашылығында да көрініс тауып тұр. Кейіпкер келбетіне келер болсақ, «Күйеуінен қорықпайтын әйелдегі» Жаңбырбай мен «Дамбал» әңгімесіндегі Шакрабоши образының ұқсас екенін аңдаймыз. Оқиғалардың ауруханада өтуі не ауруға қатысты, яки автобуста орын алуы автордың шығармашылық зертханасында жиі қайталанады. Кейіпкерлері тым ақымақ, тым қарапайым. Лирикалық кейіпкері көп, ірі кейіпкері жоқ. Бір әңгіменің жүгін екі-үш кейіпкер ауырсынбай-ақ алып шығады. «Көп кейіпкерді шұбатып қайтем» дегені де дұрыс шығар, бәлкім. Кейіпкерге есім қоюда шеберлік не астарлы философия жоқ. «Біздің геройымыз» деп еш қиындықсыз әңгімесін жалғастырып кете береді. Немесе «Тойханадан екеу шықты. Екеу дегенім ербеңдеген екі тірі адам» деп, жазу мәнері мен қалыбын сақтай отырып баяндайды. Жәй сылдыр баяндау емес, кейіптеп, образды баяндау. Бұл да бір шеберлік болар деп түйдік. Кітаптың әлқиссасы «Қасірет» әңгімесіне қатысты жылт еткен ойымызды жасыра алмадық. Қазақ әйелінің шарасыздығын көрсеткен оқиға соңы мезгілсіз аяқталғандай. Қолдан жасалған қасіреттен кейінгі батқан күнә мен шеккен азапты бейнелеп, алдағы кешкен өмірінен бір-екі сюжет жасауға болар ма еді?!
Кітап ұстаған көптің бірі есебінде шығарма хақындағы ойымызды жасырмай айтуды оқушылық парызымыз деп санадық. Көкейге қонған, салмағы жел көтермейтін даттауы мен мақтауы тең пікірлерді ортаға салмасақ, оқырман ретіндегі міндетімізге сын болатындай-ақ. Кітап пен авторға, қала берді әдебиетке обал жасамайық деген ниетпен жазған едік…
Маржан ӘБІШ.