«Ерке» күшік
03.02.2017
1771
0

Шілденің шіліңгір күні еді. Жапырағы жауқазындай жайқалған жасыл Жайықтың жағасында серуендеп, ну тоғайдың көлеңкесін саялап қайтуды әдетке айналдырған Несібелі бұл жолы қызы Нұрайға тосыннан қолқа салды. Ешқайда баруға зауқы соқпай, аптап ыстықтан Нұрайжан басын ала қашты. Соған қарамастан шешесі: «Жолшыбай Ақас апай­дың үйіне со­ғайық. Осы Оралға көшіп келге­ніне бәлен жыл болды. Барып сәлем бермедің. Айтпақшы, ол үйде керемет күшік бар кіш­кентай. Ауласында дәу қабаған ит тұр байлаулы» деп еліктіре, желіктіре жөнелді. Сәби шағынан жәндік біткенге, үй жануарларына тіптен өш Нұрайдың сол сәтте жанарынан от ұшқындап қоя берді. Аспан жерге түсіп тұрса да дереу жиналды. Сөй­тіп, екеуі ми қайнатар қ­а­пырықта Жайық өзені­нің дәл маңында тұрған қос қабатты сәулетті мекенге жетіп барды.

– Кіріңдер, қош келдіңдер. Апаларың үйде, – деді қақпаны айқара ашқан қонақжай қо­жайын. Қашан көрсең де дөңгелек бетінен қан ойнап тұратын үй иесімен сәлем-сауқат сұрас­қан Несібелі ішке кірді. Төр жақта газет оқып отырған Ақас апайына емен-жарқын амандас­ты.
– А, бұ сендер ме? Қане, жоғары шығыңдар, – деді жүзінен жылылық ескен ақын. Сол-ақ екен, кіргеннен аяқтарына оратылған титтей ала күшік «аһ» деп үріп жіберді.
– Біздің Ешко ғой. Қорықпаңдар, ти­мейді.
– Ешко деген аты жақсы екен. Бұл «Джек-рас­сел-терьер». Ұлыбританиядан шыққан тұ­қым, – деді осы сәтте Нұрай иттер туралы жазылған кітаптарды көп оқитынын ортаға салып.
– Иә, дұрыс айтасың. Ағаларың Махош­тайға арнайы тапсырыспен алдырып еді.
– Бұлар аң аулайды. Әсіресе түлкі мен
ег­еуқұйрықты қуып жүріп ұстап алады. Өздері тұқымынан қызба мінезді. Інге тез кіріп, тез шығады, – деген Нұрайдың бар көңілі кіш­кен­тай күшікке ауа түсті. Олардың бір-бірімен өзі жайлы шүйіркелескенін сезгендей Ешко шәуілдеп үруін үдетті. Даусы шіңкілдеген ащы болғанмен, былай қарамаға сүп-сүйкімді. Күнбағыс майын жағып қойғандай денесі жып-жылтыр. Ақ түсті терісі мен шолтиған құй­ры­ғының әр жерінде жер картасы пішіндес қоңыр таңбалар толып тұр. Ойнақы көздері еліктің лағындай мөп-мөлдір. Бойы бір қарыс болғанмен іштегі қызуы сыртына сыймай, қайраты тасып барады. Үй иелері «Ешко, қой қане, жат қане!» деген сайын қайқаңдап, өршеленіп, кең бөлменің бұрыш-бұрышына жүгіріп, былқылдаған мамық орындықтарға қарғып мініп, одан лақтай секіріп түседі. Ит атаулы ақырып-жекірген дауыстан сескеніп зып беруші еді, иә жорта сылқ құлай қалушы еді. Ал Ешконың еркелігі ерекше… Тым еркін, пысық. Ешқандай ескертуді «бантиктей» қал­қиған құлағына ілер емес. Қайта үнін құбылтып өршелене түседі. Ара-арасында өтіріктен ырылдауды да ұмытпайды.
– Қап, сені ме, бәлем! Махоштай алып кетші мына періні. Сарайға қамап тасташы?! – деп Ақас апай ренжи бастады.
Әжетай шақырсам да келмейді. Айтқаныма көнбейді, – деп немересі ұртын томпайтты.
Махоштың айтуы орынды. Манадан өзі­мен-өзі ойнап жүрген Ешконы аяқ астынан түлен түрткендей. Маржандай аппақ тістерін ақситып қойып, бірдеңені бүлдіруге іштей қамданып жүр.
– Есіруін-ай, ә? Маған күніне он кісі келіп кетеді. Бірақ ешкімге мұндай қылық көрсеткен емес. Әлде, Нұрайды баласынып тұр ма екен. Қой, қызым да бойжетіп қалыпты. Өзі студент. Мүмкін емес баласынуы. Әлде, мені сендерден қызғанған түрі ме?! Бұл жарықтықтар бәрін сезеді. Кейбір адамдардан ақылды,– деген Ақас апай ақыры тентектігін қоймаған күшікті Махошқа мықтап тапсырып, ас бөлмеге бет­теді. Үстел үстін жүзіммен жайнатып, балдай тәтті шәйін қайнатып, рахаттанып бір демалуға бекінді. Содан қуыршақтай қылқиып қарсы алдында отырған Нұрайға тамсана қараған күйі кеседегі шәйді баппен ұрттап қойып ертегідей әдемі естеліктерін айта бастады.
– Апырмай, баяғыда мен де осы Нұрайдай қыз едім. Үлбіреген гүл едім. Жұпар иісі аң­қы­ған қайран жастық шағым-ай!
Аты мәшһүр ақын емес пе. Қырмызыдай құлпырған қызғалдақ ғұмырды кім аңса­майды. Манадан көңілі әлгі күшікке ауған Нұрай енді ақын апасын тырп етпестен тың­дауға көшті. Жүрегін шабыт кернеп, сыр тиегін ағытқан қаламгердің әр сөзін көңілге кестедей тоқып үстелдің бір шетінде Несібелі отыр. Үше­уінің арасын өткір қайшымен үзіп жіберсең де, жыр­тылмайтын жібек жіп жалғап жатқандай…
Таудан аққан бұлақтай тізесіне дейін төгілетін қолаң шашын аңсап, жоқтай береді арманшыл, қиялшыл ақын. Алтыннан да қымбаттау жастық шағын қырдан қызғалдақ тергендей кеудесіне жиып алған. Сағыныштың сарғалдағын көкірегіне көбелектей қондырған. Көк теңіздің түсіндей боп сәулесі шашыраған моншақтай мөлдір көздерінің бүгін нұры бө­лек. Тұңғиықтан жылтыраған жанары көлең­кені шетке ысырған шуақтай. Алмадай албыра­ған Нұрайға қараған сайын жырақта адасып қалған жас дәуреннің сағымын іздеп, соңынан қуады кеп, қуады кеп…
– Шіркін, Фаризаш екеуміз егіз қозыдай қа­тар жүруші ек. Жандай дос едік. Қуықтай пәтерде де кең тыныстап, тату тұрдық. Қол ұстасып Алматының көшесімен келе жатқанда жұрттың көзі екеуміздің шашымызға түсуші еді. Фариза қою қара бұрымын желкесінің тұсынан төмен қарай түсіріп, қамшыдай ғып өріп қоятын. Мен көбіне төбеме түйемін. Ол кезде төбеге шаш түю сән болды. Қазіргілер ғой шаштарын шырша құсатып жайып жүре­тін. Кейде шашымды бос жіберсем асау тол­қын­дай бұрқырап бағынбайтын. Ондайда Фариза қайратты қолдарымен уыстап жинап, орап-орап төбеме қонжитатын. Содан кермек қасымызды саусақтың ұмшымен ғана сәндеп киноға кететінбіз. Опа-далапсыз-ақ ажарлы едік, нәрлі едік. Жастық шақты немен алмас­тырасың, айтшы. «Махаббат қызық, мол жылдар» сол… Бүйтіп мазалай бермейтін. «Сұлу қызыма» қараған сайын көңілім көншіп, көктем кездерім есіме түсіп отыр.
Ақын ұзап кеткен қайықтай қайта оралмайтын Алатау бөктеріндегі арайлы сәттерін айтып тауыса алар емес. Ай маңдайы жіпсіп, көңілі көншіп, жаны бірленген сайын сүйрік­тей саусақтарын жұмсақ қызғылт шаштарының арасына жүгіртіп қойып, хикаясын жалғай түседі. Әсіресе, дара дарын Фаризасын сағын­ғаны соншалық, әр естелігі сағат тілін алға сүй­реп барады. Ал Нұрай болса, «Ешконы қай­да қамады екен» деп тыныштала қойған кү­шікті іштей уайымдап қояды. Мақамына келтіре айтқан бұл әңгіме Несібеліге майдай жаққан…
– Әрине, әркімнің маңдайына жазылған тағдыры бар. Өмірдің ағысы кімді аяған. Бір күні ағаларың жолықты да, Фаризам жырақтап қала берді. Жұлдыздай жымыңдап тұңғышы­мыз келді дүниеге. Жазөгім, Ғазөгім, Тәкөшім. Бірін-бірі қарлығаштай қуып жетті. Әкелері күй тартса үшеуі торғайдай тыпырлап билей­тін. Үшеуінің қалампыр аңқыған иістері танауымды тесетін. Бала деген жарықтық ата-ананың бақыты ғой. Алпыс екі тамырыңды иітіп, дүниенің қызығына қылықтарымен қандырады. Әкелері түн көрпесі түрілгеннен балық аулайды. Күні бойы үшеуін бағып-қа­ғып жүріп тілімнің ұшына тірелген шумақ­тар­ды блокнотқа асығыс-үсігіс жаза саламын. Қал­ам мен қағазды қазанның қасына әкеліп қоямын. Бір күні Ғазөк пен Тәкөш үстелдің астына тығылып қуыршаққа қағаздан көйлек жасады. Көздеріне қайшыны сұғып алар деп қастарына барсам, пытырлатып өлең дәп­те­рімді қиып тастапты. Жыр дәптерім бір қуыр­шақтың үстінде жапырақтай желбіреп тұр. Енді қайттім?! Содан инеге жіп өткізгендей қайшыдан аман қалған әріптерді құрастырып, түнімен отырдым. Шала ұйқы күйімде жыр құрастырдым құрақ көрпедей ғып. Ішімді өлеңнің азап-дерті өртеп барады. Үш балапан өскенше мынау сүмбіл шаш та сиреді. Фаризадан да алыстадым. Солай, Нұрайжан, жас­тық шақ деген көзді ашып-жұмғанша жалаудай желбіреп өте шығады. Өзіңдей көркем қыз, мінекей – ана, әйел, әже болып алдыңда отыр. Бұл да өмір. Осы күнге жеткізген Тәңірге мың шүкір!
Қай қиырда, қай жолда гүл-арудың бұры­мы­нан сусылдап түсіп қалған қайран қызыл «орамал-ай!». Ақынның жан сырын естіген сайын қиялдың сарайына сапар шеккен Несі­белі жүрегінің парақшасына «ескірмейтін» бұл естелікті шүберектей түйіп алды. Ақас апай да жасыл кілем төселгендей шөптері жайқалған кең аулаға терезеден ойлана көз салды. Тап осы мезетте «бұлар әлі шәй ішіп отыр ма?» дегендей, әйнек терезеден бадырайып Ешко­ның қарап қалмасы бар ма! «Бар шаруаны тып-типыл еттім. Қулығымды асырдым, ма­ған енді бәрібір» дегендей дөмпиіп, тілін салақтатып, әйнекті жалап-жалап қояды.
– Әй, анау пері аулада жүр ғой. Оны кім шығарды. Күн өтіп кетпесін, – деп апай енді бар зейінін Ешкоға аударды.
– Әжетай сыртқы есікті қаттырақ жауып едім. Бірақ сытылып шығып кетіпті.
Иттің аулаға сұранбай, рұқсатсыз шыққа­нын, өзінің бұған кінәлі емесін немересі әр жақтан есіртіп айтты.
– Жә, жүре берсін. Іші пысқан шығар. Серуендесін.
– Біз де сыртқа шығайықшы. Иттермен ойнайықшы,– деп осы мезетте Нұрай да маза­сыз­дық танытты.
– Өткен-кеткенді айтып уақыттарыңды алдым ба?
– Жо-ға, о не дегеніңіз. Қайта, бір жасап қалдық. Мен, мен ғой, қызым керемет естелік­терді дуалы аузыңыздан естіді өз құла­ғы­мен. Мұндай сәттер қайталанбайды. Бұл да білгенге тарих! – деп тықылдады қаламдас сіңлісі.
– Жарайды, айналайыңдар, аман жүріңдер. Қызымыздың қуанышын бірге көрейік. Ол да күні ертең ғой. Қане, енді сыртқа шығып, ауа жұтайық. Ыстық басылған шығар. Жайыққа барайық. Алақанды өзенге малайық. Мына тымырсық күнге бір тамшы жаңбыр тамса ғой, шіркін-ай, ә? – деп ақын сыртқа қарай бетте­ді.
Төбесі жабық, айналасы ашық жазғы «сенеге» шешіп кеткен аяқ киімдерін таппай Несібелі мен Нұрай кенет кілт тұрып қалды. Бір-біріне сұраулы жүзбен абыржи қарады.
– Әу, неғып тұрсыңдар?
– Апа, тәпішкеміз жоқ.
– Жоғы несі?! Қайда шешіп едіңдер?
– Осында, тап мына араға.
– Ішке шешпедіңдер ме?
– Жазды күні аяқ киіммен үйге кіруге ұялып…
– Қап! Қайда кетуі мүмкін, ә?! Аулаға бө­тен ешкім кірген жоқ. Мына ит лақтырып тас­тамаса. Әй, Махош, бері келші?
– Не болды әже? Құлағым сізде?
– Қарашы, анау сарайды. Мына ит сүйреп тас­таған шығар. Апаларыңның тәпішкісі жоқ.
Ақас апай қатты қайран! Кімнен көрерін, қайдан іздерін білмей дал. Тілалғыш балақай сарай жаққа жүгірді. Одан байлаулы тұрған үлкен иттің ұясына барды ентігіп. Маңайдың бәрін көзімен шолып шықты. Жандайшап Еш­ко да әрлі-берлі шапқылап, зірдек қағып жүр.
– Әже көрінбейді.
– Шөптің арасын асықпай қара!
Айналаны мұқият тексерген қырағы Махош кенет «Әже, таптым, міні жатыр!» деп қуанғаннан айқайлап жіберді. Сосын белуардан келген көк майсаның ортасында кідіріңкі­реп тұрып қалды.
– Тапсаң, бері әкелсеңші. Неғып тұрсың Махоштай?
– Жоқ, әкелме. Өзіміз барып киеміз,– деп ақкөңіл Несібелі жалаңаяқ тұра шапты. Көкорай шөптің үстімен Нұрай да жүгірді.
– Ойбай, тәпішкім, тәпішкім?!
– ?
– Біреу пәршә-пәршәсін шығарыпты! Кім екен мұны істеген? Сау-тамтығы қалмай жыр­тылған аяқ киімдеріне қарап Несібелінің көңілі бұзыла жаздады.
– Кім болсын, анау ит шығар, – деп жандарына Ақас апай да жетті жанұшырып. – Масқара-ай, дымын қалдырмай шайнап тас­тапты ғой! Бауларын үзіп, жеп қойған!
Аяққа сұғуға жарамай қалған төрт бірдей тәпішкіні көріп одан бетер байбалам салды.
– Иттен жараған! Сол ит қой мұны істеген! Манадан қиғылықты салуы жаман еді, бәсе?! «Алыстан ұры келген жоқ!». Махош, саған ес­керт­тім ғой, оны дұрыстап қадағала деп. Мынау не енді? Бәрін мүжгілеп тастаған. Ит иттігін жасайды деген осы!
Ауланың іші абыр-сабыр, айқай-шуға толды да кетті. Жаңа ғана әдемі естеліктен сыр шерткен сәт лезде естен шықты. Қайта, зәулім коттедждің жан-жағы биік ақ тастармен қалашықтай қоршаулы тұр. Әйтпесе, өзенге қарай ағылған жұрт ауладағы «тегін қызықты» тамашалап тұрар ма еді. Өзін кінәлі сезінген Махоштың ақ сары жүзі ұяттан өртеніп төмен қарады. Басы күнбағыстай салбыраған күйі сарай жаққа бұрылды.
– Жарайды, апа, Махошқа ұрыспаңызшы? Оның түк жазығы жоқ,– деп Несібелі жақтай түсті.
– «Иттен жараған!». Атам қазақ қалай біліп айтқан, ә! Кісі көрмегендей үріп, қиқар мінез көрсетіп еді. Ақыры дегеніне жетті. Тұра тұр, бәлем! Осы қылығың үшін жазаңды беремін. Сазайыңды тартқызамын. Қараңғы жерге қамаймын. Қасық су да татырмаймын. Осы ыстықта қатала, мейлі. Тәпішкі жыртқанның көкесін көрсетем әлі! – деп «тәтәй апасы» Ешкоға қаһарын төкті. «Ерке күшікті» шыбық­пен сабамаса да, қатаң жаза қолданаты­нын қадап айтты.
– Не боп қалды, Ақас-ау? Жайшылық па? Кімге ұрсып жатырсың? Даусың өктем естілді ғой, – деп дау-дамайға шыдай алмаған отағасы да аулаға атып шықты.
– Не болушы еді. Көрмейсің бе, мына тәнкеткілерді. Шетінен кеміріп, кимейтін қып тастапты анау пері!
– Мәссаған?! Ыңғайсыз болған екен. Мана айттым аяқтарыңды үйге шешіңдер деп. Өздері тыңдамаған. Ешконың жаман ғадеті жоқ еді. Неге бүйтті екен, ә?
– Ит болғасын, иттігін істейді-дағы! Жете­сіз!
– Жә, ұрыспашы, енді. Онсыз да дірілдеп, сенен қорқып тұр. Бұған өкпелеп, қан қысымың жоғарылап кетер, – деп мінезі жайсаң қожа­йын көздері жасаурап, балағын жалаған күшігін жерден көтеріп, қойнына қысты.
– Болар іс болды осымен. Ішке кіріп Тәкөш пен Жазөктің туфлиін көріңдерші. Жазғы түрі де бар. Үйлескенін киіп алыңдар, – деп Ақас апай кіреберісте қабырғаға жабысқан дәу шкафтың суырмасын ашты.
– Ой, апа, сізді әбігерге салдық-ау. Бұлай боларын кім білген. Әлгі күшікті айтып, қызымды еліктірген мен едім. Тәпішкіміз де су жаңа, тәуір еді. Ешконың істегені,– деп Несібелі қысылып-қымтырылды.
– Оқасы жоқ. Ол итті жазғырдың не, сөктің не? Дым болмағандай сүйектерін кеміріп ұя­сында жатыр, – деген ақынның ашуы тарқап, сабырға келді.
– Өзі сұм боп тұр ғой. Бөтен аяқ киімді білуін айтам-ау?
– Түу, мама, Ешконың «жеті бас» екенін мана айттым ғой. Оның жақ сүйегі өте күшті. Біздің тәпішкіміз оған түк емес, – деп Нұрай аяқ киіміне іші удай ашыса да, күшікке шаң жуытпады.
Осылайша мінезі қыңыр күшіктің «шағын қойылымына» қаныққан үшеуі толқыны баяу тербелген Жайықтың жағасын бетке алды.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір