Қапастағы бұлбұлдар
03.02.2017
1849
0

Қай ықылым заманда да ақындардың тағдыры оңай болмаған. Соның ішінде, әсіресе, Сталин заманында өмір сүрген ақындардың көрген күнін құдай басқа бермей-ақ қойсын. Сол тұстағы өнер адамдарын еске алсам, менің көз алдыма үнемі қапаста тұрған бұлбұл елестейді. Тоты құсша, үйретілген сөздерді айтуың керек. Өзгеше үн шығарсаң барар жерің белгілі. Мезгілсіз шақырған тауықтай басың шабылады. 

Қолына қалам ұстап жүрген, бы­лайғы жазба ақындардың да тақырып таңдау жағынан одан артып тұрғаны шамалы еді. Олар да заман ауқымына бағынды, белгілі ұрандарға үн қосты. Өздерінің тірі қалғанына, басқалар секілді басы шабылып кетпегеніне разы еді. Сондықтан өмірден тым ерте кетіп, еркін қанат қаға алмаған қазақтың бір топ талантты ақындары: Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Ғали Орманов, Абдолла Жұмағалиев, Жұмағали Сайын, тағы басқалардың мұраларына баға бергенде, осы жағ­дайды әркез есте ұстауымыз керек. Осылардың ішінде табиғат берген таланты дайын қалыпқа сыймай, асып-төгіліп, кейінгі ұрпақпен тіке тіл қатысқан ақын – Қасым Аманжолов қана. Басқалары темір құрсауды бұзып шыға алмады. Әлгі Тайыр марқұмның: «Өзім де қумын, Ок­тя­брь­ден ары аттап баспаймын» дейтіні жәй әзіл емес, осы бір ауыз сөзде тұтас бір дәуірдің трагедиясы жатыр.
Сол тар заманда көкіректегі запыран мұңын ашық айта алмай, арманда құса боп өткен ұрпақтың көр­некті бір өкілі – бүгін туғанына 100 жыл толып отырған Қапан Сатыбалдин. Қарап отырсақ, Қапекең өлең жазуды тым ерте, мектеп қабыр­ғасында жүргенде бастаған екен. 1936 жылы «Мен жырлаймын» атты тұң­ғыш жинағы шыққанда, Қапан не­бәрі жиырма бір жаста. Жас ақын әдеби жұртшылыққа соғыстан бұ­рын-ақ танылып болған. 1939-1940 жылдарда «Венеция кегі», «Айдан тамған жас», «Ашылған құпия» дас­тандарын жазады. Соңғы «Ашылған құпия» поэмасы үшін комсомолдың сыйлығын алады… Сатыбалдин со­ғыс кезінде де көптеген жырлар жаз­ды. «Совет жауынгері» атты майдан­дық газетке тілші бола жүріп жазған көп дүниелері баспасөзде үзбей жарияланып тұрды. Әйтсе де, соғыстың алды-артында Қапан қаламынан туған шығармалардың ең көрнектісі – «Әлия» поэмасы екені даусыз. «О, Вольтер, атағыңа иемін бас» деп бас­талатын бұл еңбекті кезінде замандастары жоғары бағалады. Ескерткіші Алматы төріне енді орнап жатқан қазақтың батыр қызы Әлияның әдебиеттегі бейнесін алғаш сомдаған – Қапан Сатыбалдин екенін айтуымыз керек.
Алайда, соғыстан кейін Қапекең өлең жазуды мүлде азайтты. Тіпті бі­­раз уақыт үнсіз қалды. Қасым Аман­жоловтың:
«О, Қапан Сатыбалды,
Сатыбалды баласы жатып алды.
Жатып алды, аққудай ақын даңқын
Атып алды, тарихта аты қалды», –
деп әзіл жазатын осы тұс. Бұл дағда­рыс­тың сыры неде? Біздіңше, мұның себебін таланттың тапшылығынан емес, заманның таршылығынан із­деген жөн болар. Әлеуметтік заказдан, бір сарынды ұран өлеңдер жазудан ақынның жалыққаны бай­қала­ды. Жалғыз ұлының есімін Нау­рыз­бай – Науан қойған азаматтың көкірегін­де не жоқ дейсіз?! Ақын мен уақыт арасында қайшылық туғаны анық.
Қапекең ендігі жерде өлеңнен гөрі өрісі кеңдеу, ой айтуға, келеңсіз қылықтарды сын тезіне алуға мүм­кін­­дігі мол, өзге жанрларға ойыса бас­тайды. Драматургияға ден қояды. Елуінші жылдарда: «Ұзақ жол», «Ая­гөз ару», «Қабаған ит», «Махаббат маша­хаты», т.б. пьесаларын жазады. Облыстық театрларды қоспағанда, «Қабаған ит» спектаклі Әуезов атын­дағы академиялық театрда, «Аягөз ару» мен «Махаббат машахаты» рес­пу­бликалық жастар театрында қойылғанын білеміз.
Қапан Сатыбалдин біраз жылдарын киноға арнады. Бұл саладағы еңбегі де жеміссіз емес. Оның сце­на­рийлері бойынша «Ән шақырады» атты толық метражды көркем фильм, «Дина Нүрпейісова», «Кеген өңірінің ерлері» деген деректі фильмдер түсі-рілді. Ал Қапанның прозалық шы­ғар­малары өз алдына бір төбе. «Қара торғай», «Сырдәрия тасыған шақ», «Айналайын, Үндістан» повестері мен Африка сапарынан туған «Қарсы алдымда – қара Құдай» атты жол естелігі бүгінге дейін өз құнын жой­ған жоқ. Бұған әр жылдарда жазылған әңгіме, очерктерін қоссақ, қыруар жұмыстың тынғанын көреміз.
Қапекең аудармаға да атсалысыпты. Крыловтың біраз мысалдарын, Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмасын аударған. Авхаз жазушысы Георгий Гулианың «Сәкендегі көк­тем» повесін, Борис Горбатовтың «Әкелердің жастық шағы» пьесасын да қазақша сөйлеткен… Бұған енді қоғамдық қызметті қосыңыз: Кино­с­тудия­ның орынбасар бастығы, «Жұл­дыз» журналы бас редакторы­ның орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Жазушылар одағының хатшысы… Кемел шағына жетпей, елуден асар-аспаста өмірден өткен азамат үшін осының өзі де аз шаруа болмаса керек.
Әдетте, мұндай мерейтой кезінде ақын-жазушылардың артындағы әдеби мұрасы ғана емес, оның кісілігі, адамгершілік қасиеттері, адамдарға істеген жақсылығы да еске алынады. Ұрпаққа үлгі тастау, кейінгі жұрт там­санып айта жүретін сөз қалдыру – екінің бірінің маңдайына жазыл­маған. Осы тұрғыдан алғанда, Қапан ағамыздың өз басыма жасаған бір азаматтығын өмір бойы ұмытпай­мын.
1965 жылы университетті бітіруге жақындап, диплом жазуға шыққан кезіміз. Соңғы курстың екінші жарымында студенттердің Алматыдан қызмет іздей бастайтын әдеті. Бірге оқитын кейбір еті тірі жігіттер осын-дағы таныс-білістерін, жерлес ағала­рын жағалап, газет-журналдарға орналасып та жатыр. Әрине, менің де арманым – астанада қалу. Бірақ бір қиын жері менде басқалар сияқты ағалап-жағалайтын ешкім жоқ еді. Әйткенмен, «Үмітсіз – сайтан» деген. Біреулерден «Қазақ әдебиеті» газе-тінде бір орын босапты дегенді есті-дім де, «нем кетіп барады, мен де бағымды сынап көрейін» деген оймен, ат басын солай қарай бұрдым. Бұрын шығармаларын оқығаным болмаса, газеттің бас редакторы Қапан Сатыбалдин деген кісіні жүз­бе-жүз көріп тұрғаным осы. Ол қо­-
ңыр­қай өңді, қайратты қара шашын оң жағына аудара қайырған, бойы ортадан гөрі төменірек, бірақ қор­ғасын құйған сақадай шымыр адам екен. Жүзінен әлдебір жылылықты сездім де, редактордан ештеңені жасырмай: осыдан үш-төрт жыл бұрын Қытайдан келгенімді, университетті үздік бағамен бітіргелі тұрғанымды, егер орын табылып жатса, «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеу мен үшін зор мәртебе екенін үстемелей айтып жатырмын.
– Қалам қауқарың қалай? Бірдеме жазасың ба? – деді Қапан бас-аяғыма барлай көз жіберіп.
– Қолымнан бәрі келеді: өлең де, әңгіме де, сын мақалалар да жазам. Оның біразы республикалық газеттерде жарияланып та жүр! – деймін өзімді қалайда өткізгім келіп.
Редактор менің жанұшырған сөз­деріме езу тартып күлді. Сонан соң алдындағы папкадан әлдебір қағазды шығарды да:
– Бізге бір адамның керек екені рас. Жақында Сағи Жиенбаев баспаға ауысып еді, соның орны бос тұр. Бі­р­ақ соған «құда түсушілер» көп. Міне­ки, бұрын он екі адам тізімделген ек­ен, он үшінші етіп сені де жазып қоя­йын, – деп әлгі тізімге мені де қос­ты. – Орыстарда «он үш» бәлендей оң­ған сан емес. Дегенмен, біз қазақ­пыз ғой, хабарласып тұр, – деді сөз соңында.
Мен салым суға кетіп, редактор­дың алдынан көңілсіз шықтым. Жаңағы көкпардан бірдеңе тиеді деп үміт етудің өзі артық еді. Сол оймен пойызға билет алдым да, осындай әредікте ауылға барып келейін деп, Семей жаққа аттанып кеттім. Содан арада оншақты күн өткенде бір-ақ оралдым. Келген соң әнекүнгі жағ­дайды білмек болып, «Қазақ әде­бие­ті» газетінің редакциясына соқ­тым. Үміт жоқ, жәй далбаса көңіл… Бірақ қызық болғанда, мұнда мені үлкен қуаныш күтіп тұр еді. Босағадан аттай бергенімде-ақ, қайран Қапекең:
– Әй, бала, барсың ба? Қайда жо­ға­­лып кеттің? – деп дауыстап жі­бер­­ді.
– Ауылға барып келдім, аға! – дедім бір жақсылықты сезгендей жүр­егім атқалақтап.
– Қыдыратын кезді тапқан екенсің! Мен сені жұмысқа алайын деп іздеп отырсам…
– Алыңыз, аға… Еш өкінбейсіз! – деймін қуаныштан не айтып тұрға­нымды өзім де сезбей.
– Бірақ сонша адамның арасынан сені неге таңдағанымды білесің бе? – деп Қапекең қарқылдап күліп алды. – Әнекүні айтып едім ғой: сенен бұрын он екі адам тізімде тұр деп. Байқасам, солардың әрқайсысының соңында екі-үштен адам жүр. Үйде де, жұмыста да маза жоқ – шырыл­да­ған телефон… Солардың ішінде жан­күйер қолдаушысы жоқ, саяқ жүргені – жалғыз сен екенсің. Содан ойлап-ойлап келдім де, саған тоқтадым.
– Өте дұрыс істегенсіз… Рахмет, аға!
Содан, не керек, Қапекең Рая дей­тін хатшы әйелді шақырып алды да, сол арада мені жұмысқа алу туралы бұйрыққа қол қойды. Еңбек стажым басталған сол бір 1965 жылдың 15 наурызы мәңгі есте қалды. Әрине, Қапекеңнен басқа біреу болса, ол орынды менен гөрі пайдалырақ, қарымта қайтатын әлдебір ағайынға бұлдап өткізуіне болар еді. Бірақ Қа­пан ағамыз ондай пендешілікке бар­мады. Адалдық, кісілік дегеніміз осын­дай-ақ болар. Егер адамдар әмісе осылай бір-біріне шапағат-сәулесін түсіріп, көмек қолын созса, бұл дүние әлдеқайда нұрлы, әлдеқай­да кең болар еді-ау!
Қапекеңнің адамды тани білеті­ні, достық байланысты ешқандай есепке құрмайтыны – оның Есенберлинге деген қарым-қатынасынан да айқын көрініп тұратын. Мен ол кезде дүниеде Есенберлин деген жазушы­ның бар-жоғын білмейтінмін. Қыз­метке жаңа кірісіп жүрген кезім­де, Қапанның кабинетіне жасы елуге келіп қалған, үстінде көнетоз ақ плашы бар, қанаты сынған қаздай бір жағына сәл қисайып басатын, ақ шашты, аласа бойлы бір адам келіп-кетіп жүрді. Әлгі адам көбінше жұмыс аяғына таман келеді де, редактормен әңгімелесіп отырып қалады. Кейде екеуінің әзіл-қалжыңдары жарасып, бірге кетіп бара жатқанын көреміз.
– Біздің редактордың қасынан шықпайтын осы ақ плашты кім? – дейміз жастар жағы бір-бірімізге иек қағып.
– Бұл – Қапанның досы, Ілияс Есенберлин деген жазушы! – дейді редакциядағы егде қызметкерлер.
Артынан сұрастырып білсек, ол шынында да, соғыстың алды-ар_тында бірнеше поэма жариялап, өлеңдер жинағын шығарған байырғы қаламгер екен. Елуінші жылдары қуғынға ұшырап, соңғы он-он бес жылда ештеңесі басылмай, еш жерде аты аталмай, ұмытыла бастаған. Қа­зір киностудияның бір бөлімінде елеусіздеу қызмет атқаратын болса керек.
Арада біраз уақыт өткенде, Қапе­кең бір күні мені кабинетіне шақыр­ды. Барсам, редактор өзі ғана отыр екен. «Не боп қалды» деп үркектей кірген маған:
– Мұнда таяу келіп отыр! – деп жылы шырай танытты. Алдында әлдебір кітап пен «Жұлдыздың» жаңа саны жатыр екен. Соларды маған таман сырғытты да: – Мына кітапты оқыдың ба? – деді бетіме барлай қарап.
Бұл – Есенберлиннің таяуда жа­рық көрген «Айқас» атты романы еді. Дүкенге түскенін көрсем де, әлі оқы­ған жоқ едім, шынымды айттым.
– Ендеше, осы кітапты жақсылап оқып шық! – деді Қапекең. – Роман шығар-шықпастан Сейілбек Қыш­қашев деген біреу мына журналда сойыпсал мақала жариялапты. Істеп отырғандары – көрінеу қиянат. Біз осының ақиқатын айтып, жазушыға ара түсуіміз керек.
Мен «Кітапты оқып көрейін» дегендей күмілжіп едім.
– Сен, бала, ондай былқылда­ған­ды қой! – деді Қапекең. – Ілияс – менің жан аяспас, жалғыз досым және өте талантты адам. Сол досыма жазықсыз жала жабылып жатқанда ара түсе алмасам, мен мына жерде редактор болып несіне отырмын?! Бір апта уақыт берем. Алдағы дүй­сен­біде мақала менің алдымда жатсын!
– Жарайды, аға. Айтқаныңыз бол­сын! – дедім бұл жолғы тапсыр­маның жөні бөлек екенін аңғарып.
Редактордың соншама адамның ішінен бұл жолы мені таңдауы тегін емес. Мен сыр шашпаймын, әрі өзіне қарыздар адаммын. «Жақсылыққа – жақсылық» дегендей, менің де бір кәдеге жарайтын кезім келіп еді. Ол уақытта жұмыс шақ келтірмейтін жас кезіміз. Айналасы төрт-бес күннің ішін­де романды да, журналдағы сынды да оқып шығып, айтылған уақытта мақаланы тас-түйін жазып та болдым.
Қапекең айтса айтқандай, жур­на­л­дағы мақала әділетті аяққа басқан, әдеби сыннан гөрі жазушыны қорлау үшін жазылған фельетон тәрізді бірдеңе екен. Жас сыншы «жуас түйе жүндеуге жақсы» деді ме, әлде біреулердің айдап салуымен
ар­ан­далып қалды ма, кесіп айту қиын… Мен өз мақаламда сыншының кітап­қа таққан қисынсыз кінәларын түгел жоққа шығарып, «Айқас» романының қазіргі техникалық интеллигенция өмірінен жазылған сәтті еңбек екенін дәлелдеп шықтым. Кейін Ілекеңнің осы романына Мемлекеттік сыйлық берілді.
Мақала Қапекеңе ұнады. Газеттің келесі нөмірінде бірден басылып шықты. Сол күні түске таман редактор шақырып жатыр дегенге барсам, қасында Есенберлин бар екен. Бүгін оның да мерейі тасып, көңілді жүр­ген кезі болса керек, қалың еріндері түріле, ырсыңдай күліп, Қапанға бірдеңелерді айтып отыр. Мен сәлем беріп, қастарына таяғанда, редактор басын көтерді де:
– Ілияс, әлгі сен үшін жарғыға түсіп, Қышқашевты қысқаштай қыс­қан Жұмаділов деген қызметкеріміз осы! – деді үнінен әлдебір мақтаныш лебі есіп.
– Айналайын, қанатымен су сепкен қарлығашым сен екенсің ғой! – деп Ілекең де орнынан көтеріле берген. Басында қол беріп амандасты да, оны азырқанды білем, қапсыра құшағына алды.
– Рахмет, бауырым! Сенің адал көңіліңе алғыс айтайын деп келдім. Мына Қапан біледі, менің осы жасқа келгенше баспасөз бетінде жылы сөз естігенім осы! – деді ағынан жарылып.
«Жақсыдан – шарапат» деген сол. Мен Қапекең арқылы Ілияс Есенберлинмен алғаш рет осылай таныстым. Арамыздағы екі мүшелге жуық жас айырмашылығына қарамастан, кейін бұл байланыс шығармашылық достыққа айналды. Көп ұзамай Есенберлин қазақ әдебиетінде тарихи романның көшін бастады. Біз сол көштің жүгін артысып, бұрауын байластық.
Жалпы, Есенберлин мен Сатыбалдин арасындағы риясыз достық кейінгі ұрпаққа үлгі болғандай. Қапан қайтыс болғанда, Ілекеңнің қатты қайғырғаны есімде. Қабір басында сөз сөйлеген кезде де егіле жылап тұрды. Ол кезде Ілекең «Жазушы» баспасының директоры болатын. Сатыбалдин шығармаларының төрт томдығын бірден жоспарға енгізіп, ізін суытпай оқырман қолына тигізді. Антқа адалдық, достық қа­рыз­ды ақырына дейін өтеу дегеніміз осындай-ақ болар.
Көз көрген замандастары тірі тұрғанда, өлген аруақты еске алмай, аттап өту – кешірілмес күнә. Қан­шалықты жүректерде сақтаулы дегенмен, мынадай қым-қуыт заманда естелікті де жаңғыртып тұру керек. Әсілі, мүшелтойлардың атқаратын басты қызметі де осы болса керек. Бұл пәниде мәңгі тұратын ешкім жоқ, бәріміз де – бес күндік жарық дү­ние­нің қонағымыз. Бір белдің астында бейтаныс ұрпақ тұр. Олар қандай мінез, қандай талғам танытады? Лайым, тарихи зердеміз үзілмесін, жазушылардың екінші ғұмыры ұзақ та, баянды болсын деп тілейік!

Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның Халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір