Кенже қыз
Бағдат Көлұзаққызы,
Сафуан Шаймерденовтың жары
Жазушы Сафуан Шаймерденовтың жары – Бағдат Шаймерденова тоқсан жастың төріне озды. Сафуан Шаймерденовтың туғанына тоқсан бес жыл. Осы үлкен даталы күндердің қарсаңында қаламгер шаңырағына барып, Бағдат Көлұзаққызымен тілдесіп, өткен күндерде қалған естеліктерге, бұрынғы мен бүгінгінің әңгімесіне қанығып келдік…
Ұшқан ұя
Әкем жарықтық көненің әңгімелерін көп айтатын, шежірекөкірек кісі болатын. Құран оқып, намазынан жаңылмаған күйі кетті. Жас кезінде Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сынды қазақтың аптал азаматтарының көзін көрген, біліскен, танысқан кісілер екен.
Бабам – Шоң. Қазақта мен білетін екі Шоң бар, бірі – Кереку жақта, екіншісі, менің бабам – Қарағандының Нұра өзенінің бойын мекен еткен. Шоң бабамның арғы-бергі әңгімесін Серік Қирабаев та білуі керек. Сол Шоң бабам – заманының зиялысы, оқып-түйгені мол жан болған деседі. Тіпті, қалың қолы даланы тітіреткен атақты Кенесарының өзі Ақмолаға шабуылға бара жатып, Нұраның сыртына келіп тоқтап, біздің бабаларымыз арнайы қарсы алып, Кенесары сарбаздарына ақ жол тілеп, дәм таттырған деген әңгімелерді кішкене кезімізден естіп өстік.
Әкемнің аты – Көлұзақ. Бір атадан екі ағайынды. Ағасы Өмірзақ – шаруа баққан, малды, жанды кісі болыпты. Әкем болса сөз баққан, алыс-жақын ағайын үлкен іс бастарда келіп ақылын тыңдап кететін жан еді. Шешемнің аты – Зейнеп. Кербез, керім кісі болса керек, тіпті шәй ішерде, ауыл маңындағы емес, алыстағы бұлақтың таза суын арнайы алдыртып, самауыр тұтатады екен. Әкем мен шешемнің тұңғышы ұл болғанымен, қырық күнге жетпей шетінеп кетіпті де, одан кейін жеті қыз іркес-тіркес дүниеге келіппіз.
1926 жылдың қара күзінде, 20 қарашада дүниеге есігін мен ашқан екенмін. Бұл мезгіл – ел күздігін сойып, асын қамдап қойған уақыт. Жайлаудағыдай ел абыр-сабыр қонақ күтіп, шабылып жатпаса да, алыс-жақынның тыныштық құшағындағы ауыл-ауылда қалған ағайындарының қал-жағдайын білісіп-сұрасатын тұсы екен. Әкемнің өте жақын бір жолдасының Нақыжан деген бойжетіп қалған, мінезі ер-азаматқа бергісіз, ақылды бір қызы біздің үйге қонаққа кеп жатқан тұсы болса керек. Әкем қасына кіл жақсыларды ертіп, шаруа жайымен ауылдан ұзаққа кеткен тұсында мен шыр етіп дүниеге келем ғой. Шешем толғата бастағаннан-ақ біздің үйге жиналған ауылдың бар қатын-қалашы нәрестенің қыз екенін көрген бойда: «Ойбай, мына пақыр тағы да қыз туыпты», – деп кіндігімді де кеспей, үй-үйлеріне тарап кетіпті. Жеті қыз тапты, ең болмаса біреуі ұл болсашы деген қырлары ғой. Дүниеге жетінші қыз болып келген менің кіндігімді ақырында үйде қонақтап жатқан қыз Нақыжан кескен екен. Біз әкемді көкем деуші едік, көкем үйге келгеннен кейін, дүниеге қыз келгенін білген соң, қалың әйелдің бірде-біреуі кіндігімді де кеспей кетіп қалғанын анам айтып береді. Көкем, әрине, әйелдермен бет жыртысып жатпайды. Сол кездегі Ақмоланың әйгілі базарына жылқы айдап апарып, бір жылқының құнын беріп, алтын жалатылған күміс шолпы сатып алып: «Қызымның кіндігін кескен жолың», – деп, Нақыжан апама әлгі шолпыны сыйлаған екен. «Көлұзақ жетінші қызының сүйіншісіне бір жылқының құнын беріп күміс шолпы алып кепті» деген жаңалық ауылға лезде тарайды. Сонда кіндігімді кеспей кетіп қалған ауыл әйелдері «сол кіндікті менің кеспегенім-ай» деп өкініпті дейтін. Көкем мені «Жеті қыздың патшасы» деп атады. Ауылда мектеп оқыдым. Әкесі күн түсіп қайтыс болған соң, көкем тәрбиелеп баққан немере әпкем Жаңарқада тұратын. Жолдасы әскери шенді адам, тұрмыстары жақсы, қолында енесі бар. Мен сол әпкемнің қолында тұрып оқыдым. Біз жетінші класты бітірген жылы «соғыс басталды» деп таратты.
Біздің бала күнімізде Қарағанды – ілім мен білімнің орталығы. Ақмола – шағын кент. Кішкентай кезімізде әлдекім «Қарағандыға барып кепті» десе, Мәскеу асып келгендей құрмет көрсететін. Біріншіден, ол кездегі өлшеммен жер шалғай. Қарағандыға біздің Нұрадан жол тартсаңыз, екі күн қонып, үшінші күні әрең ілігесің. Екінші, соғыс басталған соң, Қарағандыға Ленинград, Мәскеудің зиялы қауымы шоғырланды. Соларға арнап Қарағандының қақ ортасынан жаңа қала тұрғызды. Үйлері – Мәскеуден арнайы әкелген қызыл кірпіштен соғылған. «Қарағанды көрген ғой» деп, өзгенің құрметтейтіні сондықтан.
Сонымен мен жетіні бітірген соң, Қарағандыда тағы бір немере әпкем тұрушы еді, соны жағалап, оқу оқымаққа бардым. Дайындық курсына қабылдандым. Жаңа жылдан соң бізге жатақхана берді. Оқудан қол босасымен қоғамдық жұмысқа жегеді. Эвакуациямен келіп жатқан эшелондарға көмектесіңдер деп жібереді. Онда соғыстан оралған жаралылар бар. Дәрісін бересің, киімін кигізесің. Біресе Қарағандының шахтасына апарып, үлкендер қадағалап тұрып ұсақ-түйек жұмыстарды істетеді. Сөйте жүріп оқу оқимыз. Дайындықтан жақсы өтіп, бірінші курсқа көштік. Біздерге үлкен қалалардан келген ғалымдар сабақ береді. Олар орысша сөйлейді, біз – қазақша. Сонда да бірдеңе қылып түсіндіреді. Және өте ұғынықты түсіндіреді. Кілең доктор, профессордың қолына түскен соң қойсын ба, бір-екі жылда біз де оң-солымызды танып, көзіміз кәдімгідей ашылып қалды. Кейбір ұстаздар негізгі пәндерден ғана сабақ беріп қоймай, көркемөнер, әдебиет, театр мен суреттен де дәріс оқып кетеді. Ленинградтан келген Филиповна деген ұстаз әлі есімде. Сол кісінің айтуымен курстың студенттері Ленинградты көрмесек те, көргендейміз, атақты сарайлары мен көшелерін аралап келгендей болушы едік. Сөйтіп, Қарағандыдағы Педагогикалық институттың екі курсын бітірген бізді «аяқталмаған жоғары білімдерің бар, енді елге қызмет етіңдер» деп, ауыл-аймаққа мұғалім етіп жіберді. Мен Ақмолаға кеттім. Ол кезде қыздар мен ұлдар бөлек оқиды. Ақмолада екі мектеп: Жамбыл атындағы қыздар және Сталин атындағы ұлдар мектебі. Мен Сталин атындағы мектепке, кілең ұлға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берем. Бір жыл мектепте сабақ берген соң мені, тырнақтай қызды облыстық оқу бөліміне нұсқаушы қылып жіберді. Ол кезде «жоқ, мен бармаймын» деп айта алмайсың. Ақмоланың өзі теміржол ғана өтетін кіші қала болғанымен, айналасында ауыл көп. Бастығым біресе ана ауылға, біресе мына ауылға тексеріске жұмсайды. Мен: «Айнабеков ағай барса, сол кісімен бір жүрсем», – деймін қиылып. Жалғыз-жарым жүруге қорқасың. Ол кезде 17-18-дегі кезім. Шынашақтай қызды ауыл менсіне ме? Ал Айнабеков ағайды бәрі таниды, сыйлайды. Ол кісі С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам апайдың ағасы. Оқыған, көпті көрген жан. Ескінің жырын абайлап айтса да, елітіп әкетеді. Сол кісімен ауыл аралап, елдің жайымен, мұғалімнің жағдайымен танысып, түрлі нұсқау беріп жүрдік.
Бір жылдан кейін мені Алматыға оқуға жіберді. Әрине, әкеме жағдайды айттым. Әкем: «Балам, Алматыға барып оқу оқы. Оқысаң – төрге озасың. Оқымасаң – босағада қаласың», – деді. Осылайша Алматыға жол тарттым.
Опера театрының қарсысындағы үй
Біз Ақмоладан пойызға мінгенде күн қоңырсалқын еді. Мезгіл – тамыз айы. Бірінші Алматыдан түстік. Алматының күні күйіп тұр, төбеңді тесіп жібере жаздайды. Бекетте есек арбамен ары-бері қатынайтындар жүк тасып, ақша табады екен. Біздің ауылда түйе, жылқы бар. Есекті бірінші көруім. Қолымыздағы жүгімізді есек арбаға салып, бірнеше қыз қазіргі бірінші Алматы бекетінен қалаға қарай жаяу аяңдап келеміз. Жолай орыс арбакешке: «Күннің ыстығында жаяу жүріп шаршадық, әрі шөлдедік. Арбаға кішкене отырайықшы», – деп қиыламыз. Алайда, арбакеш: «Есегім шаршап қалады», – деп отырғызбайды. Осылайша, жаяу-жалпы, бұрынғы Калинин мен Фурманов көшелерінің қиылысына келдік. Қазіргі Опера театры ол уақытта да бар, сол театрға қарсы Орталық Комитеттің үйінде немере ағам тұрады екен. Алматыға оқуға кететінім жөнінде шешім қабылданған соң, әкем іздетіп жүріп, ағамның мекен-жайын таптырған. «Осы үйге бар да, Көлұзақтың қызы екеніңді айт», – деген. Арбакеш орысқа: «Мені осында күте тұрыңыз», – дедім де, үшінші қабатқа шығып кеттім. Үйде шалақазақ ұйғыр жеңгем бар екен. Үш-төрт бала ойнап жүр. Ағам – оқыған адам. Түрксібтің бас инженері. Содан осы үйде тұрып оқитын болдым. Бұл үйдің екінші қабатында Мұхтар Әуезов тұрады. Мен баламын ғой. Мұхаң, әрине, мені білмейді, бірақ ағамды жақсы таниды. Валя жеңгей үйге дүкеннен ананы-мынаны тасып жүргенін көреміз. «Тетя Валя, сізге көмектесейін», – деймін қасына жүгіріп барып. «Жарайды, көмектесе ғой», – дейді. Қолындағы жүгін екінші қабатқа дейін көтерісіп барам. Рахметін айтып, қолыма екі-үш кәмпит ұстатады. Қарсы бетте Шара Жиенқұлова тұрады екен. Оқуға келіп жатқан алғашқы уақыт қой, жексенбі еді. Асүйдегі жеңгем мені дауыстап шақырды. Барсам: «Ана кісі Шара деген атақты биші, жүрісіне, киіміне қарашы», – деді. Шашын жиырма шақты қылып, ұп-ұсақ етіп өріп алыпты. Үстінде өзбектің шәйісінен тігілген көйлек. Үлбіреген жұп-жұқа перделерді кір жайғышқа іліп жүр. Қозғалысының өзі – би…
Мені ҚазҰУ-дің үшінші курсына бір-ақ қабылдады. Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев секілді кілең мықтылармен бірге оқимын. Тұрсынбек Кәкішев бізден бір курс төмен. Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Бейсенбай Кенжебаев – біздің ұстаздар. Мұхаң бізге екі жыл сабақ берді. Қазақтың фольклорынан, қырғыз әдебиетінен дәріс оқиды. Мұхаң дәріс оқитын күні жан-жақтан студенттер, жастар жиылып, ине шаншыр жер қалмайды.
Сафуанмен 1946 жылы таныстық. Курстас болып жүрдік. Бірақ ол кезде жігіт жайын ойлайтын мұрша жоқ. Күнде кітапханаға барып конспекті жазамыз. Әкем анда-санда хат жазады. «Жақсылап оқы, егер оқымайтын болсаң, Алматыға барып, үйге алып кетем», – дейді. Әкемнің сол сөзіне сенем. Бір күні келіп алып кете ме деп қауіптенесің. Күнде сабақ оқып, үйге қалжырап келесің. Жеңгем ұйғыршылап тамақ жасайды. Қазақтың тамағын да сағынасың. Сонда да сабақ оқып, ауылға деген сағынышыңды тежеуге тырысасың. Екі жыл ағамның үйінде тұрып оқыдым да, оқу бітірер жылы жатақханаға көштім. Үйде тұрып жүргенімде-ақ қыр соңымнан қалмай, кітапханаға барсам, бірге барып, үйге дейін шығарып салып жүрген ағаң енді соңымнан мүлдем қалмады. Ақыры, ойлана-ойлана, әрі оқуым да аяқталып қалған соң: «Мені далаға тастап кетпейтін шығар», – деп ойладым да, ағаңның ұсынысына келісімімді бердім. Мені Қарағандыға жолдамамен жұмысқа жіберді. Университетті үздік тәмамдаған ағаң «Лениншіл жастың» Қарағандыдағы тілшісі. Әкеміздің батасын алып, Қарағандыда Мұғалімдер институты берген үлкен бөлмеде өмірімізді бастадық.
«Болашаққа жол»
Екі жыл Қарағандыда тілші боп жүріп, ағаң әдебиеттің де жұмысын ұмытпаған екен. Алматыға келген уақытта, жиған-тергенінің басын құрап, жасы отызға жетпей «Болашаққа жол» деген романын жазып бітірді. Ол тұңғыш кітабы 1953 жылы жарық көрді. Бұл ағаңның алғашқы романы. Кейін ыңғай повестке бет бұрды. «Болашаққа жолды» Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар жақсы бағалады. Арада екі-үш жыл өткенде алып, қосатындарын реттестіріп, «Инеш» деп шығарды. Жұрт ол кезде кітапты бас алмай оқиды. Ағаңның кітабы пышақ үстінен таралып жатты.
Ағаң ол кезде «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болып қызметтер атқарды. Қызмет ете жүріп, «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» повестерін жазды. «Дөкей келе жатыр», «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесаларын көптеген театр сахналады.Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын,
Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург
А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударды. Мұның бәрін тәптіштеп отырғаным, әдебиетші ретінде мен ағаңның шығармашылық қызметін төртке бөліп қарастырамын: біріншісі – көркем әдебиет, екіншісі – драматургия, үшіншісі – сын, төртіншісі – аударма. Бұл менің ғана емес, Сафуан Шаймерденов шығармашылығын кәсіби түрде зерттеп, саралаған өзге де әдебиетшілердің пікірі ғой. Ағаңның «Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы құрметті атағына ие болды. Әр жылдары «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Қызылжар қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Бұл ағаңның шығармашылық жолы, сол шығармашылық жолда төккен терінің өтеуі. Ағаң күндіз жұмысында, көркем дүниені негізінен кешке жазып жүрді. Жазу үстеліндегі заттарға тиісуге болмайды. Қалам, қарындаш, қағаздары өз орнында тұруы керек. Кабинетте тыныштық, тәртіп, тазалық болғанын қалайды. Бірақ ол кісі балажан болғандықтан баланың шуын, ойынын, у-ду әңгімесін ауырсынған емес. Олардың шуының ортасында отырып жаза беретін.
Ағаң екеуміз жарты ғасырға жуық қатар жүрдік. Бір-бірімізді әбден танып, білдік. Бір-бірімізге ненің ұнап, ненің ұнамай тұрғанын қас-қабағымыздан-ақ ұғына беретінбіз. Адамның жастық шағы, кейпі бәрі өзгереді, ал адамгершілік – мәңгілік қалады деуші ме еді? Адам ретінде өте кішіпейіл, сөйте тұра тік мінезді ағаңның жолында жақсы адамдар көп ұшырасты. Ол уақытта әдебиеттегі, басқа саладағы болсын тұлғалармен дос-жар болдық.
Қ.Бекхожин, З.Шашкин, Т.Ахтанов, Қ.Мұхаметжанов, М.Хасенов, Ә.Нұрпейісов, Н.Тілендиевтермен қоян-қолтық араласып тұратынбыз. Ғабит Мүсіреповтің шаңырағымен ағалы-інілі дос болдық. Құсни апамыздың тәрбиесін санаға құйып өстік. Сафуанның оқуына тікелей көмек жасаған – Сәбит Мұқанов, ол кісімен де сыйластығымыз жақсы еді. Әлібек Дінішевтің шешесі Кәмила апай да мені туған сіңлісіндей көруші еді. Саяным үлкен қызының атын сол кісінің құрметіне Кәмила деп қойды. Жарты ғасырдан аса уақыт Әбен Сатыбалдинмен, Гүлнар апаймен көрші тұрдық, бауырластығымыз артқан дос болдық. Төртінші қараша – Гүлнар апайдың, 27 қараша – ұлымыз Саянның туған күні. Осы екі мерекеде екі үй бір-бірімізге жатырқамай қонақтап, жүрекжарды тілектерімізді айтып жататынбыз.
Отбасы болған кейінгі бір жылдары әкем үйге келгенде Гүлнар апаймен танысты. «Қарағандыдан болсаңыз, менің әкемді көрген шығарсыз?», – деп сұрады Гүлнар апай. «Жас кезімізде әкеңді көрдім, айтқанын істедік, көрсеткен жолымен жүрдік. Оқыған, мәдениетті азамат еді», – деді әкем. Сол кезде Гүлнар апай: «Менің әкемді көрген екенсіз ғой», – деп жылап жіберіп, әкемді құшақтай алды. Содан бері Гүлнар апай мені жақын тартып, сіңлі санап жүрді.
Саян туғанда Сәбит Мұқанов, Гүлнар Дулатова, Әбен Сатыбалдин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов секілді талай мықтыны шақырып, тай сойып, той жасағанбыз. Ырза болған жұрт батасын беріп кеткен. Сол бата дарып, Саянымыз мықты азамат болып ер жетті. Отбасының емес, қазақтың мақтанышына айналды. Көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Азия хоккей федерациясы кеңесінің мүшесі, КСРО-ның жастар және ересектер арасында 10 дүркін чемпионы, екі рет күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпиондары кубогының және КСРО кубогының иегері, «Динамоның» алты жыл, КСРО құрамасының бес жыл капитаны, көгалдағы хоккейден қыздар құрама командасының бас бапкері және республикалық көгалдағы хоккей федерациясының президенті болды. Алайда, өмірден тым ерте кетті…
Өзің де білесің, ағаң Желтоқсан оқиғасы кезінде жанын шүберекке түйіп, Қазақстан Жазушылар одағы пленумында отыз сегіз минут сөйледі. Колбиннен де, басқадан да жасқанбай қазақтың басына келген қиындықты ашына айтты. Осы оқиғадан соң ағаңның артынан шам алып түсіп, бір жыл бойы ізін аңдығандар да болды. Сонда да сабырлы қалпын сақтай білді, ешкімге барып шағынған емес.
Өмірінің соңғы жылдары Шоқан туралы кітап жазсам деген арманы бар еді. Алайда, Саянымыздан айрылып қалған соң, қайғы қолына қалам ұстатқызбады. Кейін ағаң да үш жыл бойы ауырып жатып қалды. Осылайша Шоқан туралы жаза алмады. Одан бөлек, өзі жазған, бірақ кітап болып басылмаған шығармалары да жетерлік. Барлығы менде сақтаулы. Шықпай қалған дүниелері бір кітапқа жүк. Мақалаларын, сындарын реттестіріп қойдым. Биыл ағаңның туғанына 95 жыл. Осы дата аясында сол дүниелері жарық көрсе деген тілегім бар.
Сафуан Шаймерденовтың шығармашылығы туралы ғылыми жұмысты Қызылорда университетінен ҚазҰУ-ге келіп тұрып, Гүлсім деген қыз ғылыми жұмысын қорғады. Одан өзге, ағаңның жеке заттарынАлматы мен Астанадағы Ұлттық музейге табыстадым. Алайда, міне, неше жыл соңынан жүгіріп жүрсем де, Сафуан Шаймерденовтың атына Алматыда немесе басқа қалада не көше, не мектеп берілмеді. Туған өңірі Петропавлда баяғыда қазақ мектебі жойылсын дегенде бір қазақ мектебін жапқызбай, алып қап еді, сол мектепке ғана аты берілді. Ағаңның бүкіл жазғандары он томдай болады екен. Сол он томдығы жарық көрсе екен деймін. Көше, мектеп, кітапханаға атын берсе деймін… Адамда арман таусылар ма, көзім тірісінде ағаңның атына көше берілгенін, он томдық шығармалар жинағы жарық көргенін көріп кеткім келеді.
Жазып алған
Қарагөз Серікқызы.
БАҒДАТ АНАМА
Біртуар тұлға, шын дарын
Сафуандай асылдың
Күзеткен арын панасы.
Бәрінен артық бағасы
Саяндай нардың анасы.
Тоқсанда топтан қалмаған,
Газет, журнал, кітапқа
Төрт сағат арнап күніне
Оқудан бір сәт талмаған.
Үздік ұстаз атанып,
Талантты жастан таныған.
Мейіріммен баурап жаныңды,
Сынымен жігер жаныған.
Дана болмақ тәлімнен,
Сыйлы болмақ санадан.
Жүзге де келіп бабыңмен,
Аман-сау жүрші, анажан!
Зәмза ҚОҢЫРОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.