Оқ атылмайтын майданның қай шебіндеміз?
Ақпараттық майданның адамзатқа артар жүгі жаугершілік замандағыдан артық түспесе, кем соқпай тұр. Әрбір саяси күш өз мүддесін қорғайтын ақпарат таратса, рейтинг қуалаған бұқаралық ақпарат құралдары анықталмаған ақпарат таратып, ақпарат алушыларды адастырып жүр. «Шөп те өлең шөңге де өлең» деген секілді, шөп те, шөңге де ақпарат болып кетті. Жаһандану заманындағы ақпарат тасқынының күші құдды шегі мен шебі жоқ майдан алаңы секілді. Сұрағы көп, жауабы бір-біріне шырмалған шырмауықтай созылып кете береді. Біз бүгін осы тақырыпта бірқатар журналистерге «Бір тақырып, үш сауал» айдарымен сұрақ қойған едік.
1.Ақпараттық майдан дегенді біз қалай түсініп жүрміз?
Мұрат ЕСЖАН, журналист, Academy of Art University магистранты:
– Бағзы заманда соғыстардың өз ереже, заңдары бар еді. Арыға бармай-ақ, өткен ғасырдың басын алып қарасаңыз, Гааг конвенциясында соғыстың міндетті үш шарты көрсетілген. Соғысты бастарда міндетті түрде жариялау керек; Соғыс біткенде, екі тарап қол қойып, ресми аяқтау керек; Екі жақтың әскерлері арнайы форма киюлері керек. Яғни ол соғыстарда сіз кіммен соғысып жатқаныңызды білесіз, жаудың қайда жүргенін көріп, тани аласыз, басталғанынан, біткенінен, кімнің жеңіп, кімнің жеңілгенінен хабардар боласыз.
Бүгінгі ақпараттық майданның қауіптілігі ол соғыстардан кем емес, бірақ айырмасы – жоғарыдағы белгілердің ешбірі жоқ. Кімнің кіммен соғысып жатқанын, кімнің жау, кімнің дос екенін айырып болмайтын, шегі жоқ және арнайы шебі жоқ майдан. Ақпараттық майдан екі тарап арасында немесе белгілі орында жүріп жатқан жоқ. Оның түрі де, тараптары да көп, сондықтан пәлен деген кесімді пікір айту да оңай емес.
Ақпараттық соғыстар негізінен мына төрт нәрсені қамтиды: пропаганда, манипуляция, дезинформация және деморализация. Біздің майдандағы қауқарымыз қандай? Өз басым мемлекеттің қандай да бір деңгейде пропагандамен айналысқанына қарсы емеспін. Дегенмен, оның тиімді жолдарын әлі таба алмай отырмыз. Тізеге басу, көрсең де көресің, көрмесең де көресің саясаты басым. Бұл тұрғыда Түркия тәжірибесі оң деуге болады. Олардың мемлекеттік БАҚ-тарды мемлекетшілдік пен отансүйгіштіктің тиімді құралына айналдыра білгенін байқау қиын емес. Бізде халықтың медиаға деген сеніміне селкеу түскелі көп болды. Ең алдымен соны қалыпқа келтіру керек.
Егер ақпарат біржақты берілсе, ол манипуляциялық сипатқа ие болады. Кейбір деректерге сенсек, ел азаматтарының 60-70 пайызы ресейлік арналарды қарайды. Кабелдік және спутниктік арналардың қолжетімділігі бұл мәселені тіпті ушықтыруда десек болады. Оны былай қойғанда, кейбір отандық БАҚ-тар ақпарат пен сараптаманы әлі күнде солтүстік көршіміздің сайттары мен агенттіктерінен алып отыр. Бүгінде әлемге ғана емес, өзімізге Ресейдің көзімен қарайтын азаматтар шоғыры тым көп екені жасырын емес. Дегенмен, соңғы жылдары батыстың ақпарат құралдарынан тікелей көшіру үрдісі де қалыптасып қалды. Дегенмен, ол мәселенің шешуі емес. БАҚ-тың басым бөлігі Ресейдің де емес, Қытайдың да емес, Батыстың да емес, қазақтың, Қазақстанның көзімен қарайтын деңгейге жеткенде, ақпараттық майдан, қару, қауіпсіздік туралы айтуға болады. Әзірге, кешіріңіздер, бір ақпараттық манипуляцияның құрбанымыз.
Дезинформация мен деморализация тақырыбы айтпаса да түсінікті шығар. Дәстүрлі «ақпарат таратушы – ақпарат алушы» схемасы өзгеріске түсіп, «ақпарат таратушы – ақпарат алушы – ақпарат таратушы» сатысына өткелі ақпараттың шынайылығы мен ақпараттық этика, мәдениет мәселесі, тіпті перденің артында қалды. Қазір кім жылдам, сол ұтады. Біз жылдамбыз ба? Бәлкім, біздің сайттар әншілердің инста-
грамдағы жаңалықтарын бірінші болып беруден жылдам шығар, ал негізгі һәм маңызды тақырыптарды жеткізуде шабандап тұрмыз.
2.Ақпарат майданындағы қауқарымыз қаншалықты?
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, жазушы:
– Жасырын ақпараттық майданда дәл қазір біз қорғансыз тұрмыз. Жаһандану экспансиясы кезінде қоғамның ақпараттық қауіпсіздік деңгейі төменгі сатыда қалды. Мәселен, Францияның өзі жаһандану ықпалында түстік деп телеарналардан көрсетілетін шетелдік фильмдерді іріктеп, 50 пайыздан асырмай отыр. Ресей жаңа ақпараттық технологияларды жасайтын талдау орталығын құрайық, оның мамандары масс-медиаларда жұмыс істесін дейді. Жаһандану әуелі қоғамның адам ресурсын қожыратуды көздесе, ХХІ ғасырда адам капиталы – басты құндылық. Социологтар адам капиталы ұлттық байлық ретінде дамыған елдерде 80 %, Ресейде 50 %, ал бізде 17 % деген мәлімет береді. Бұл – адам капиталының сапасына әсер ететін тәрбие, медицина, білім, ғылым саласы деградацияға түсті деген сөз. Стат.мәліметке жүгінсек, біздің елде орыс этносы 20,61 % ғана, бірақ орта мектептің 31 %-ы орыс тілінде оқытылады, электронды ақпарат құралдарының 78 %-ы, кинотеатарлардың 97 %-ы орыс тілінде. Ақпараттық күресте қоғамдық қауіпсіздік концепциясы жасалмағаны тағы белгілі.
3. Нақты ақпаратты уағында алмаудың салдары қандай?
Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист:
– Былтыр жазда Алматы қаласындағы құқық қорғау органдарына жасалған шабуылды еске түсірсек. Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын адамдар шабуыл жасалғанын жылдам білді. Кімнен? Тағы да сол әлеуметтік желіде желдей ескен ақпараттардан. Алматының бірінші вокзалында бір топ адам полицияны қырып кетіпті, «Жұлдыз» ықшамауданында жарылыс жасапты, тағысын-тағы ақпараттар төрт-бес сағатқа дейін толастамады. Көп адам күмәнсіз сенді, үрей пайда болды. Ал Алматы қалалық әкімдігі жағдай бақылауда деген хабарды түстен кейін бір-ақ таратты. Оған дейін қайда қарады? Неге жылдам хабар бере алмады? Осыдан кейін жел сөзге сеніп, оны әрі қарай әлеуметтік желілерде таратқан адамдарды айыптауға бола ма? Еске салайық, 2014 жылы Қазақстан парламенті «жалған ақпарат тарату туралы» заңды қайта қарап, жауапкершілікті
күшейткен. Одан бері де осы бап бойынша бірнеше адам сотталды. Тағы бір мысал. Шетелдегі елшіліктеріміздің біріне телефон шалдым кеше. Сайттарында тұрған телефонына хабарласқанымда менің қазақ тілінде сұрағаным шамына тиді ме, әлде басқа себебі бар ма, орыс тілінде зілдене сөйлескен әлдебір қызметкер тұтқаны тастай салды. Сол күйі тұтқаны алмады. Ал мен сол елшілік іс-әрекетінің елді шулатқан әлдебір ақпаратқа қаншалықты қатысы бар екенін сұрайын деп едім. Ақпарат құралына жауап бергісі келмейтін қызметкерлер қарапайым халықпен сөйлесуші ме еді? Халқыңыздың кей бөлігі әлгі елшіліктің Сирияға «жиһадқа» кеткен қазақ жігіттерімен байланысы бар екеніне сенеді. Қолдарында дәлелдері де бар сияқты. Ақпарат жалған болса елшілік неге терістемейді? Осындай мысалдарға қарап халықтың ақпаратты қабылдау деңгейінен гөрі тиісті орындардың ақпаратты тарату деңгейі туралы сөз қозғаған дұрыс сияқты көрінеді. Халық – көп. Көптің ішінде жел сөзге сенетіндері де, естігеніне емес – көргеніне сенетіндері де бар. Үнемі шынайы ақпарат таратып, халықтың сеніміне ие болмағандардың шын сөзі де зая кетеді.
– Халықтың ақпаратты қабылдау деңгейі қандай?
– Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі бірнеше танымал банктердің банкротқа ұшырағаны туралы әлеуметтік желілерде жаппай ақпарат тарап, халықтың біраз әбігерге түскені есіме түсіп отыр. Азын-аулақ жиған тергенін депозитке жинақтап жүрген қарапайым адамдарға да, қаржысын сол банктерге жинақтап отырған бизнесмендерге де жайсыз хабар болды. Ақпаратты естіген бойда біраз адамның банкке жетіп барып, депозитін алып кеткеніне сенімім кәміл. Көп ұзамай әлгі ақпаратты алғаш таратқан адам ұсталды. Бірақ ол ұсталғанша күмәнге іліккен банктер де, салымшылар да әуре-сарсаңға түсті. Неге? Біріншіден, ақпарат рас па, өтірік пе, оны тексеруге көптің құлқы да, уақыты да жоқ және ең бастысы – ақпаратты тексеруге мүмкіндігі жоқ. Өйткені, банктер өзінің қаржылық ахуалы туралы шынайы ақпарат таратпайды. Банк сайттарында тұрған қаптаған қалың цифрды қаржы саласының мамандарынан өзгелер түсінбейді. Банкке жетіп барсаң да қарапайым менеджерлер банк жағдайы туралы толымды ақпарат бермейді, бере де алмайды. Сондайда қарапайым тұтынушы қай сөзге сенуі керек? Әрине, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынына» көбірек сенеді. Дәлел келтірейік, таяуда ғана «Qazkom-ның» «Халық Банкіне» қосылуы мүмкін екені туралы әлдебір жорамал – кісі сенетіндей ақпарат жария болды. Артынша «Халық Банкі» мен «Qazkom» мәлімдеме жасап, ондай келіссөздер болмағанын, болуы да мүмкін еместігін мәлімдеді. Бірақ сол аралықта біраз жұрт депозиттерін «Qazkom»-нан әкетіп үлгерді. Кейбіреулер банктің мәлімдемесіне сенді. Сөйтіп отырғанда өткен аптада ғана «Qazkom» басшылығы «Халық Банкпен» арада келіссөз болатыны жайлы ақпаратты өздері таратты. Демек, алғашқы жорамалдар шындыққа жанасатын болғаны ғой. Осыдан кейін жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынына қалай сенбейсің?
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.