«Асартоғайдан» ассаңыз…
Атам заманғы тарихтан аты мәшһүр «Жібек жолының» бір бөлігі – бүгінгі Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай созылған Құлжа күре жолы. Күре жолдың қадірі мен оны басып өткен адамзаттың тағдыр-талайы оның екі жағын жағалай өскен теректерге жақсы таныс болар… Бала кезімнен күре жолдың бойымен ары-бері жүрген сайын осы ағаштарды қай уақытта, кім, қалай отырғызғаны туралы ой жетелейді де тұрады. Ағашты отырғызған сәт бір мезет болса да көз алдымнан кинолента секілді жүгіріп өтсе ғой деген арман көңіл түпкірінде бүлкілдейді. Кәрі көк терек үнсіз мүлгіп тұрғанымен қоршаған ортаны тазартып, көмір қышқыл газын ұдайы сіңіреді. Тарих қойнауындағы түрлі уақиғалардың жай-жапсарын да сабырмен ішінде сақтап тұрғандай… Ата-бабамыз қалдырған жаманды жинап, жақсысын бөліп беретін тал-дарақ отырғызу дәстүрі келер ұрпақ жалғайтын жақсы істің бірі. Қазақстандағы орманды алқап ел аумағының бар болғаны 4, 6 %-ын алып жатыр екен. Ал шөл және шөлейт жерлер 56 %-ын құрайды. 1 гектар жердегі орман сағатына 2 кг-ға дейін көмір қышқыл газын жұтады, бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газына тең. Заман алға жылжыған сайын техника дамып, адамзаттың тіршілігін жеңілдеткенімен, қоршаған ортаға едәуір залалын тигізіп отыр. Кейінгі жылдары Қазақстанның орманды алқабын көбейту жолындағы нақты шаралар тек үкімет тарапынан ғана емес, жеке азаматтардың бастауымен де қолға алына бастады. Сондай азаматтың бірі – Сәуле Алипова. Сәуле Базарбайқызының достарымен әдеттегі әңгімесі ауылды қайтсек көркейтеміз дегенге келіп тірелген еді. Ойласа келе азаматтар адамзатқа да, табиғатқа да пайдалы ағаш отырғызу, айналаны көгалдандыру ісімен айналысуға бел шешеді. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылдық округының төмен жағынан 71 гектар жер телімін алып іске кірісіп кетті. Асартоғайда басталған іс орманды алқаптың 4,6-% ын одан әрі арттырады деп сенеміз. Бүгінде «Асартоғай – достар бағының» жұмысымен біраз адам хабардар. Тек ел ішінен ғана емес жақын шетелдерден де азаматтар келіп қолұшын созуда. Біз бүгін осы істің басы қасында жүрген Сәуле Алипованы әңгімеге тарттық.
Сәуле Алипова
– «Асартоғай – достар бағы» – жобасын қолға алған екенсіздер. Жұмыстың барысы туралы айта өтсеңіз?
– «Асартоғай – достар бағы» деп атаған себебіміз, бұл жобаны о баста достарымызбен бірге қолға алған едік. Кейінірек әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің талқысына ұсынып, бос жатқан жерді көгалдандыру ісін бастағанымызды айтқанда көп адам қолдады. Алғашқыда бақ, тоғай отырғызуға бағытталған бұл жобаны қолдаушылар көп болғандықтан орманға айналдыру туралы да ойлана бастадық. Сол себепті де бұл жобаның толық атын «Асартоғай – Қазақстанда орман отырғызамыз»деп өзгерттік. Осы атпен жұмыс тобы құрылып әлеуметтік желілерге тіркелді. Интернет арқылы Асартоғай деп іздеген адам біздің атқарған жұмыстарымызбен кең таныса алады. Көктемгі және күзгі ағаш отырғызу науқаны, олардың күтімі, суарылу жолдары барлығы осы парақшаларда жарияланады. Кейінгі жылдары айналадан егілген талдардан гөрі, кесілген ағаштарды жиі көреміз. Көмір қышқыл газын сіңіретін ағаш азайған сайын, көмірқышқыл газын бөлетін дүниелер көбейіп келе жатыр. Машиналардың түрі жыл өткен сайын жаңаруда, өндіріс орындары көбеймесе азайып жатқан жоқ. Олардың барлығы белгілі бір деңгейде ауаны ластайтыны белгілі. Тозып бара жатқан жер-ананың тіршілігіне тыныс беру мақсатында, еліміздекенже қалған орман шаруашылығын дамытуға өз үлесімізді қосуды мақсат еткен едік. Бастаған ісімізді көпшілік қолдай кетті.
Жұмысты бастағанымызға бір жылдан аса уақыт өтсе де біраз шаруаның басын қайырдық. Орман егетін жер іздеуге біраз уақыт кетті. Жер тапқан соң неден және қалай бастаймыз деп ойланып тұрған тұста әлеуметтік желідегі біздің жұмысымызға қызығушылық танытқан достарымыз бірінен кейін бірі көмек қолын соза бастады. Бұл кезде тал егуге ниет білдірген адамдардың тізімі де дайын болған еді. Жердің ағаш отырғызуға бөлінген көлемі нақты анықталған соң, Алматыдан, шалғайдағы өзге қалалардан тал егуге ниет еткен еріктілер ағылып келе бастады. Қиын да қызығы мол күндер солай басталып кетті. Тіпті, бір күні түнгі сағат онекілер шамасында фейсбук желісінде отырған Жаңаөзенде тұратын Жалғасбай Баймағанбетов мырзаның «Сәуле қарындасым, үйдегі жеңгең екеумізге арнап қайың ағашын отырғызшы, қайың бізге қатты ұнайды. Біз жақта тал өспейді. Сол тал өскенде кемпірім екеуміз барып көлеңкесінде шәй ішейік», – деп, сағаттың түнгі он екі болғанына қарамай, банкомат арқылы киви кошелекке қаржы салып жібергенде қолға алған жұмысымыздың қаншалықты маңызды және халыққа керек екендігіне тағы да көз жеткізгендей болдық.Еліміздің басқа қалаларынан, тіпті сонау Ақтөбеден келген жастарға ризалығым тіпті ерекше. Бір тал егу үшін соншама қашықтықты жүріп келген отандастарымызға алғыстын басқа айтарымыз жоқ. Ал Алматы қаласынан «Еркем-ай» балалар бақшасы мен «Дана» жеке мектеп ұжымы балаларымен келіп 130 тал ағаш отырғызғандағы әсерімізді айтып жеткізудің өзі қиын.Бұндай қолдауды көрген соң Асартоғайдың кейінгі ұрпаққа керек екенін терең ұғынып, жұмысымызға білек сыбана кірісіп кеттік.
– Осы уақыт аралығында қанша көшет отырғызылды? Ол сіздер пайдалануға алған жердің қанша аумағын алып жатыр?
–Алғашқы бір жылға жоспарлаған 5 га жерді игердік. Мұндай ауқымды әрі маңызы жоғары жұмысты бірден бастап кету оңай емес. Дегенмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, көпшіліктің арқасында жұмыс жайлап ілгерілей бастады. 5 га жерге қазір 3000 данаға жуық әр түрлі тал ағаштарын отырғыздық, оның ішінде жеміс ағаштарынан бастап, жабайы ағаштардың бірнеше түрлері бар. Асартоғайға контейнерден дала қосынын жасап қойдық, құрал-сайман қоятын орын, еріктілерге тамақ дайындайтын асхана мен жатын орын дайындалған. Бұл тек жазғы мезгілге арналған. Алдағы уақытта қысқы мезгілде пайдалануға болатындай етіп орын дайындауды қолға аламыз.
– Ағаш көшеттерінен бөлек, гүл отырғызуды да қолға алған екенсіздер. Сіздер өсіретін гүлдердің ерекшеліктерін айта кетсеңіз?
– Павлония деп аталатын әдемі өсімдік түрі бар екен. Оның біздің аймақта өсуі қиын көрінеді. Біз осы Павлонияның көшеттерін әкеп отырғыздық. Жапырақтары үлкейіп, көркем өсімдік жерсініп келеді. Әрине, оған арнайы күтім керек, шама келгенше күтімелдеп жатырмыз. Оның өсіп келе жатқанына қарап көңілімізді қуаныш кернейді. Тек гүлдер ғана егіп қоймай, күнкөріске қажет көкөніс түрлерін де ектік. Көкөністер мен гүлдерді ұрығынан өсіріп, көшет алатын шағын жылыжайымыз да бар. Бұл жылы жайда Асартоғайдың органикалық жерлерді игеру лагері арнайы көкөніс түрлерін егеді. Онда органикалық тыңайтқыштар мен сұрыпталған дәндерден өндірілген өсімдіктер ғана пайдалыналады.
– Осынша аумақты суару мәселесі қалай шешілді?
– Ыстықта, аптапты далада өсімдік өсіру үшін су ауадай қажет. Сондықтан су көзін табу алғашқы жұмысымыздың бірі болды. Бұлақ. Иә, кәдімгі бұлақ. Жанымыздан кәдімгі табиғи бұлақ көзін таптық. Мұны біз жақсылыққа жорып, қатты қуандық. Трактормен қазғанда 2-3 метр жерден су шықты. Әрине, жалғыз бұлақтың суы осынша аумақты суаруға жетпейтіні анық, жанынан су ұңғысын \скважина\ қазып су шығардық. Сол скважинадан аққан суды шелектеп тасып әрбір талдың түбіне құйдық. Еккен тал мен скважинаның арасы жүз-екі жүз метр болды, сонда да шелектеп су тасуды жалғастыра бердік.Бұл жұмыстың оңай емес екені белгілі. Бұлай суғаруға да еріктілер мен қосын басында күн-түн демей қонай-түней жұмыс істеген мақсаты бір достарымыз белсене кірісті.
– «Асартоғай – достар бағы» фейсбук парақшасында осы аумақта Қазақстанның картасын жасау жоспарланғанын жазған екенсіздер, мұны қалай жасайсыздар?
– Асартоғайда өсімдіктерден «Қазақстанның геоглиф картасын» жасау – идеямыздың ең тамашасы болмақ. Бұл идеямыз да әлеуметті желіде талқыланып, жер-жерден қолдау білдіріп, үлес қосамыз деген жастар көп болды. Қазақстанның картасындағы әр облыстың түр-түсін сақтай отырып, сондай түстегі ағаштар мен өсімдіктерді таңдап отырғызбақпыз. Бізге тиесілі 71 гектар жердің 20 гектарына құстың ұшар биігінен ғана көруге болатындай Еліміздің картасын жасау үшін топографиялық сызбалар жұмысы жүргізілуде. Оны да осы әлеуметтік желі арқылы біздің жұмысымызбен танысқан «АстанаИнжПроект» компаниясы қолға алды. Біз осы бастамаға нақты қолдау білдіргені үшін «АстанаИнжПроект» компаниясына алғыс айтамыз.
– Көгалдандырудың мұндай жобасы Қазақстаннан өзге елдерде де бар. Шетелдегі әріптестеріңізбен қарым-қатынас жасап жүрсіздер ме?
– Көгалдандырудың мұндай жобалары шет елдерде жақсы дамыған. Біз қолға алған жобаның Қазақстанда аналогы жоқ. Сондықтан да болар, олар алғаш біздің идеямызбен танысқанда таңырқағандарын жасырмады. Алғашқылардің бірі ретінде көмекке «Бритиш Американ Тобакко», «HOMADEX», «KOKON GROUP», «ENVICON-A», «Cenral Asia Communicatiins», «Altel» компаниялары келді. Көмек қолын ұсынған компаниялар бұлармен шектелмейді. Асартоғайдың логотипін көрген адамдар жақсы түсінеді.
Халықаралық Мaraquia компаниясы біз істеп жатқан жұмыспен танысқан соң қуана-қуана бізді өз компаниясына тіркеді. Яғни Асартоғайда тек қазақстандықтар ғана отырғызған ағаштар емес, сонымен қатар, шет ел азаматтарының да атаулы ағаштары өседі деген сенім бар. Бұны халықаралық қатынастардың нығая түсуіне қосқан үлесіміз деп білемін. Маракуия сайтына кірген азаматтардың Қазақстанның бір бұрышында орналасқан 71 га жер телімінің картасын көргенде отаншылдық сезімі мен табиғатты аялауға деген ниеті арта түсетініне сенімім мол.
Асартоғайдың жұмыс тобында қазір нақты тіркелген 1059 адам бар. Ал келіп көмектесіп жатқандар одан да көп. Әлеуметтік желідегі біздің тілекшілерімізді де мен осы санатқа қосар едім. Өздері келіп еге алмаса да, менің орныма егіңдерші деп қаржыларын салып отырған әрбір азамат біздің қатарымызда. Олар да біздің заңды мүшелеріміз. Сондықтан да нақты санымызды айту қиын. Құдай қаласа алдағы көктемде үлкен жұмыс атқарылады деп күтілуде. Бұл іске үлес қосу үшін бізбен бірге жүру міндетті емес, терминал арқылы Асартоғайдың есепшотына 3200 теңге салсаңыз, сіздің атыңыздан бір түп ағаш отырғызып, оның екі жылдық күтімін өз мойнымызға аламыз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді ұстанатын қазақ баласы осы көктемде бізге қосылса ылайым қатарымыз көбейетіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБАЕВА.