«Пай-пай жұбайлар» қойылымынан соң…
20.01.2017
2383
0

Жазушы Талаптан Ахметжан есімі көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Қаламгердің тұстастары, әріптестері, аға-бауыр достары да кезінде Талаптан Ахметжан шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдірісіп, Өскеменде жүрген жазушы шығармашылық ортадан алыстамасын деп Алматыға алдыртқан еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Риза Әділбекқызы жазушының шығармашылық жай-күйі мен ортасы турасында былай деп әңгіме өрбітті…


Риза Әділбекқызы,
Талаптан Ахметжанның жары


– Талаптан Ахметжанмен бір ау­данның тумасысыздар. Сіздерді та­быстырған Өскемендегі орта жайлы айтып берсеңіз…
– 1970-80 жылдары Өскеменнің тұр­ғылықты халқының тоқсан пайы­зы орыстар болды. Иә, оқу із­деп келген студенттер, жұмысшы жас­тарды қосқанда азғантай ғана қа­зақтар да бар-тұғын. Бірде біздің қа­лаға Төлеухан Батыганов деген жас режиссер келді. Алматыдағы аты дыңдай Өнер университетінің тү­легі екен. Келе сала Өскеменде Ха­лық театрын ашты. Оған «Маз­дақ» деп ат қойды. Қаламызда ай­нал­дырған төрт-бес-ақ оқу орны бар. Сол оқу орындарының қабыр­ға­ларына хабарландыру іліп ке­тіп­ті. Студенттерді, жастарды Ха­лық теат­рына шақырыпты. Пединс­ти­тут­тың филология факультетінің орыс бөлімінің студентімін. Хабар­ландыруды оқығаныммен, аса қы­зығушылық білдіре қойған жоқ едім. Есесіне, ауылында клуб мең­геру­шісі болған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын құрбым Ро­за­ның әлгі халық театрына барып, актерлер құра­мында ойнағысы келді. Жас­тардың көбі күндіз – жұмыста, сту­денттер – сабақта болғандықтан кеш­құрым бас қосады екен. Қа­раңғы бата жалғыз-жарым жүруге қыз бала именеді ғой, сондықтан өнерлі жастардың дайындығына Роза құрбыма еріп барып жүрдім. Олар сахнада дайындық жұмыс­та­рын жасайды. Мен көрермен за­лын­да тамашалап отырамын. Қал­­тай Мұха­мед­жа­новтың «Пай-пай, жұбайлар-айын» сах­на­ла­мақ­шы. Спектакль жұбай­лардың той кө­рінісімен ашылады. Қос ға­шық­ты ортаға алып, жастар сахнаға дөңгелене вальс билеп шығуы керек. Жұпқа бөлгенде, бір жігіт жеке қа­лып қойды. Төлеухан аға көрер­мен залында отырған маған қарап: «Риза, бері келші», – деп шақырды. Сөйтсем, мен әлгі жалғыз қалған жі­гіт­пен сахнаға билеп шығуым ке­рек болған екен. Әрине, үзілді-ке­сілді бас тарттым. Бірақ оған Тө­леухан аға қояр болмады: «Сах­наның бастапқы көрінісінде ғана, жұп құрап вальс билеп шықсаң бол­ды, одан әрі қинамаймыз», – де­ді. Содан не керек, әлгі жігітп­ен­сах­наға билеп шығатын болдық. Ол жігіт – Талаптан ағаң болатын. Та­нысып, енді билейік десек, Тә­кең вальс билей де алмайды. «Тө­леухан аға, мына кісі вальс би­лей ал­майды ғой», – дедім мен де қа­рап тұрмай. «Ендеше, өзің үйре­тер­сің», – деді ағай. Сөйтіп, ағаң­мен таныстығымыз барысында Тә­кеңе вальс үйретіп, «Пай-пай жұ­байлар-ай» қойылы­мының басында бірге дөңгелене билеп шық­қаны­мыз бар еді.
Ол уақытта Жоғары оқу орнын бі­тір­геннен кейін міндетті түрде үш жыл­ға басқа жаққа жұмыс істеуге жі­беретін дәстүр болған. Оқуымды бі­тіріп, мен сол кездегі Торғай об­лы­сына жұмыс істеуге кетіп қал­дым. Тәкең оқуын жалғастырып жат­ты. Алланың жазуы ғой, үш жыл­дан кейін біз қайтадан кез­дес­тік. Сол кезде Тәкең: «Мен енді се­нен айрылмаймын», – деді. «Әкеме хат жаздым, біз енді үйленейік», – деп. 1984 жылы отбасын құрдық.
Тәкеңнің өлең, әңгімелері, ма­қалалары аудандық, облыстық га­зет­ке шығып тұрғанымен, ағаң Құ­рылыс институтының студенті. Оқу бітірген соң Тәкең де жолдама­мен үш жылға Ақтөбеге жұмысқа ке­тетін болды. Бірақ ол кезде біз шаңырақ көтергендіктен, отбасылы деп, жағдайына қарап, Өске­мен­де қалуына рұқсат берді. Тәкең Цемент зауытына бас маман болып жұмысқа тұрды.
Біз осылайша  өмір сү­ріп жаттық. Өскемен – орысқолды ор­та болғанымен, мұнда жайсаң жандар көп еді.
Ағаңның әңгіме, өлең жазып жүр­ген талантын байқаған соң, Ал­матыға, «Жігер» фестиваліне ша­қырту келді. Бұл – тауар нарқы қым­баттай түскен, дүкен сөрелері бо­сай бастаған 1989 жыл еді. Тәкең Ал­матыға жиналып жатыр екен де­генді естіген өзге студенттер, жас­тар тізім жасап, «Маған Алматыдан ананы әкеп берші, мынаны әкелші» десіп, шығарып салдық. Тәкең Алматыдан сондай көңілді, ерекше бақытты болып оралды. Бірақ бізге ешқандай базарлық әкел­мепті. Онысын бірден айтты: «Лауреат атандым, соны жудық», – деді. Қалихан аға, Әкім аға, Орал­хан ағалар секілді қазақ әде­биетінің кіл жақсылары жылы қар­сы алып, ақ баталарын беріп шы­ғарып салыпты. Соған мерейі өсіп келген беті. Оралхан аға, тіп­ті, өз кітабына қолтаңба жазып бе­ріп­ті: «Айналайын, Талаптан, қа­быр­ғаң қара жерге тигенше талаптан», – деген екен. «Ағамның сол аманатын орындауым керек», – деп, Тә­кең әркез айтып отыратын.
– Алматыға кештеу келдіңіздер. Сол кездегі бас қаланың шығарма­шы­­лық ортасы Талаптан ағаны жат­сынған жоқ па?
– «Жігер» фестиваліне барған са­парында да, кейінгі уақытта да, Дидахмет ағамыз Тәкеңе: «Елде жүр­сің. Онда әдеби орта жоқ. Шы­ғар­машылық жағдайың қиындау бол­май ма? Алматыға ат басын бұр­саң, жазушылармен де, шығар­ма­шы­лық ортамен де аралас-құра­лас­тығың артар еді, жазуыңа да пай­дасы сол», – деп шақырыпты. Ол кезде Тәкең облыстық телевиде­ниеде жұмыс істеп жүрген кезі. Күн­дердің бір күнінде Алматыға жиналдық. Ол уақыт қала мен қала арасы алшақ қой. Алматы біз үшін тіптен бөтен орта. Мен: «Туысымыз да, туғанымыз да жоқ. Қалай ба­рамыз, қайтіп күн көреміз?», – де­дім шошып. «Алматыда да біздер сияқ­ты адамдар тұрады», – деп ағаң да өз айтқанынан қайтпады. Осылайша, Алматыға қоныс аудар­дық.
Тәкеңді бұл қаладағы шы­ғарма­шы­лық орта жатырқаған жоқ. Се­бебі, ағаңның бірнеше өлең, ма­қа­ла, әңгімелерін аудандық, об­лыс­тық басылымдарды былай қойғанда, рес­публикалық ірі-ірі әде­би басылымдар басып қойған еді. Әрі ағаң Алматыға келе сала сол кез­дегі ең танымал әдеби басылым «Қа­зақ әдебиетіне» жұмысқа тұр­ды. Ағаңның қатарластары – Ас­қар Алтай, Роза Мұқанова, Нұрғали Ораз, Әнуарбек Әуелбек сияқты кіл мықтылар. Олар да Тәкеңді жат­сынған жоқ, бірден бауыр тұ­тып, емен-жарқын араласып кетті. Аға жазушылар да ініге ізет көрсе­тіп, жақын тартып, тәрбиеледі.
– Өскемен мен Ал­матының айырмашылығын сез­діңіз­дер ме?
– Біз  Өскеменде де екі-үш пәтер ауыс­тырдық. Өскемен қиыр қала бол­ған соң ба, әлде бізге тек жақсы адам­дар кезікті ме, бәрі сондай мейір­бан, кеңпейіл болды. Әрі ағаң­ның да мінезі өте жайлы азамат еді ғой. Цемент зауытында түр­лі адам, түрлі ұлт өкілдерімен жұ­мыс істеді. Солармен де қабақ шы­тып, кейігенін байқамадым. Әр­қайсысының тілін тауып, жұ­мыс­қа ынталандыра білді. Алма­ты­ға қоныс аударар кезде сан салада бірге істеген әріптестері де, дос-жаран да қимай қоштасты. Сон­дықтан Өскемен бізге ыстық ұя бол­ды.
Алматыға ағаң алдымен кетті де, пәтер жалдаған соң, соңынан біз бардық. Аэропорттан Роза досы екеуі қарсы алды. Бір көргенге Ал­маты маған ерекше сұлу, сондай жы­лы, жарқын қала секілденді.
Ол кезде қазіргі Ақсай ықшам ау­данында жатаған үйлер көп еді. Со­ның біреуінен пәтер жалдапты. Ағаң­ның айлық жалақысы – 100 сом. Оның 70 сомын пәтерге бе­ре­міз. Соның өзінде көп ұзамай «пә­те­ра­қыны аз төлейсіңдер» деп, үй ие­лері кейіген соң, ол үйден шығуға ту­ра келді…
Алайда, мұндай ұсақ қиын­шы­лық­тарына қарамай, біз Алматыны бө­тенсінбедік. Үлкен шаһарды то­сыр­қамауымыздың себебі – жылы шы­раймен қабылдаған достарына да байланысты шығар. Бауыржан Ома­ров, Қали Сәрсенбай, Асқар Ал­тай сынды аға, бауыр, достары біз­ді үйлеріне қонаққа шақырып, сон­дай бір жарқын ортаға түстік те кет­тік.
– Қаламгерлер  ішінде Талаптан ағамыздың  етене араласып, сыр­лас­қан адамы болды ма?
– Ондай адамдар өте көп болған шы­ғар. Солардың бірі – Алматыға кө­шіп келуіне себепші, Дидахмет аға мен досы Асқар ғой. Марқұм Ди­дахмет ағаның үйі ол кезде Дос­тық даңғылының бойында екен. Бөл­месінің терезесін ашқанда ар жа­ғынан тау көрініп тұратын. Тә­кең Өскеменнен Алматыға барған­да міндетті түрде Дидағаңның үйі­не соғады екен. Содан екеуі те­ре­зеден тауға қарап қойып, таң ат­қанша әңгімелесетін көрінеді. Ли­за жеңгей солай дейтін. Одан өзге Қалихан аға, Оралхан ағалары қам­қорлыққа алып, жөн-жоба көр­сетіп жүрді. Әкім аға  ұстазы бол­ды. Туған інісіндей бауырына тартты. Сол жылдары «Таразиді таң қал­дырған Талаптан» деген мақала да жазды. Кейін отбасымызбен ара­ластық. Әкім аға мен Тәкеңнің кей­бір мінездері де ұқсас.
Тұстастарынан Қали Сәр­сен­бай, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Нұр­ғали Ораз, Бауыржан Омаров, Әнуарбек Әуелбек сынды қалам­герлермен жақын болды.
– Тұстастары, әріптестері Талаптан  ағаның  мінезінің жайсаңдығы туралы көп әңгіме айтады. Ол кісінің мінезін сіз жете білдіңіз ғой. Қандай жан еді?
– Жас кезіңде әр түрлі мінез көр­сетесің. Өзім үйде де ерке өскен қыз­бын. Бойымда қырсықтық сияқ­ты жаман мінез бар. Ағаңа өк­пелесем, қырсығып, сөйлеспей қоя­тынмын. Ал Тәкеңнің мінезі бө­лек. Ешқашан кек тұтпайды. Кең. Мен қырсығып қалсам да, қа­сыма отырып алып, әңгімесін ай­та береді. Мен сонда да үндемей қоямын. Әлдебір уақытта Тәкең сө­зін кілт үзіп: «Айналайын-ау, мен ұмытып кетіппін ғой. Сен ме­німен сөйлеспейтін едің-ау. Кешір, ендігәрі сөйлеп мазаңды алмайын», – дейтін күліп. Біз бір-бірімізді ұрыспай, ақырындап тәрбиеледік. Тәкең маған көп нәрсеге басқа көз­қараспен қарауды үйретті. Әр адам­да адамгершілік бар шығар. Бі­реудің бойында ол қасиет басым бо­лады. Ағаң сол адамгершілік қа­сиеті басым жандардың қата­ры­нан еді. Ол ешқашан адамның бойы­нан жаман мінез көрмейтін. Қай қылығын да жақсыға жорып отыратын. Кейбіреулер қызметі өз­герсе, өзі де өзгереді ғой. Тәкеңде он­дай мінез болған жоқ. Әйтпесе, ми­нистрлікте қызмет етті, газеттің Бас редакторы болды. Бірақ өзгер­меді.
– Талаптан Ахметжанның шы­ғар­­машылыққа келген кезі қалам­гер­лердің қоғамға керексіз сезініп қал­ған тұсы болатын. «Осы жолды бе­кер таңдаған екенмін, бұрынғы жұ­мысым дұрыс еді» деген кезі жоқ па?
– Жоқ, олай өкінген емес. Алла Та­ғала қаламды екінің біріне серік етпейді. Жазу о бастан саған беріл­ген соң, оны сыртқа шығармаса та­ғы да болмайды. Тәкең сондай адам еді. Ол өз өмірін жазусыз   елестете алмайтын. Қандай қиын кез­дерде де ойын қағазға түсіріп отыратын. Ол кезде заман, әрине, қиын болды. Пәтерден пәтерге кө­шіп жүрдік. Алматыға келгенде «Үй алып қалармыз» деген үміт те­бар. Бірақ, «үй берілмейді, жер бе­ріледі екен» деген әңгіме шықты. Сол уақытта Шығыс Қазақстанда үл­кен жер сілкінісі болды да, Шы­ғыс  жақтан келгендерге жер беріліп жат­ты. Алматы қаласының сол кез­дегі әкімі, марқұм Заманбек Нұрқаділов. Заманбек аға қазақтың жас­тарына көп жақсылық жасады ғой. Сол кісінің пәрменімен бірқа­тар жастардың әрқайсысы алты со­тықтан жерге ие болды. «Шаңы­рақ­тан» алты сотық жерді біз де ал­дық. Сол жерде жоқтан бар құ­рап, шағын ғана үй тұрғызып ал­дық. Ол кезде мен балалармен үй­де­мін. Тәкең жалғыз өзі жұмыс іс­тейді. Үшінші қызымызға аяғым ауыр. «Шаңырақ» жақ қазіргідей емес, ел тұтас көшіп келе қоймаған уақ­ыт. Жол, инфрақұрылым, абаттандыру жоқтың қасы. Біздер, әйел адамдардың жоқ жерден мәселе тауып алатын бір мінезіміз бар ғой. Со­дан мен де күндердің бір күнінде: «Үлкен қыз мектепке барады. Ол қандай мектепке, қалай барады? Үйі­міздің жайы – мынау. Тіпті, ба­ланың сабақ оқитын бұрышы да жоқ», – деп сарыуайымға салындым. Тәкең: «Сен ешқашан жоқ де­ме, несіне уайымдайсың, жоғың­ды бар қылар қасыңда мен бармын ғой», – деп жұбатқан еді.
Иә, небір ауыр заман бастан өт­ті. Жазудың қиындығына шыда­ма­ған кейбір жігіттер басқа салаға ке­тіп қалды. Әдебиетте санаулы жі­гіттер ғана қалды. Солардың ішін­де Талаптан да жүрді.
Қиын замандардан да, Құдайға шү­кір, өттік.
– Талаптан Ахметжанның ал­ғашқы кітабы қашан жарық көрді? Оны оқырман, автордың өзі қалай қабылдады?
– «Тұма» деген алғашқы кітабы 1993 жылдары жарық көрді. Ағаң, әрине, ерекше толқыды. Қалам­гер­лерге біраз уақыт қаламақы бер­мей, кейін қайтадан бере бас­та­ған бір уақыт болды. Тәкеңнің кі­та­бы қаламақыны қайтадан бере бас­таған тұста жарық көрді. Әлгі қа­ламақымыз  800 доллардай. Ағаң Министрлікте қызметте. Бұл кезде біз әлі «Шаңырақта» тұрып жатырмыз. Автобус дұрыс қатынамайды. Үлкеніміз – Бұлбұл мектепте. Мектепке бару үшін алты шақырымдай жерді жаяу жүреміз. Көршілердің біразы шамасы келгенінше көлік алып жатқан уақыт. Мектепке бара жатып Бұлбұл: «папам да мәшине алса» дейтін. Тәкең қаламақысын алған соң: «Мен де бір мәшине алайын», – деді. Ертесі Дидахмет аға­мен барып, бір көнетоздау «Мос­к­вич» таңдап келді. 1960 жылғы кө­­лік екен. «Түсі қызғылт сары екен» деген. Мәшинені үйге әкелсе, теңізкөк түстес. «Москвич» емес, «Победа» сияқты. Тәкең өзі қатты қуанып жүр. «Бұл көліктің темірі асыл» дейді. Бұл – біздің отбасы болып алған тұңғыш үлкен мүл­кіміз еді. Сондықтан қуаны­шымыз­да шек жоқ. Сол мәшинамен Бұлбұлды мек­тепке апарады, өзі жұмысқа бара­ды. Министрлікте бір үйдің ба­ласындай болып Райхан Мә­жен­қызы, Қуандық Түменбай, Балтас Оспанұлы сынды аға-апалары жұмыс істейді. Солар: «Терезеден қарасақ, Тәкеңнің көлігінің түсі де ерекше, дауысы да ерекше», – деп күлетін.
Ол кезде шамамызға қарамай қо­нақ шақырғышпыз. «Кітабым шық­ты. Енді жуайын, үйге үлкен кісі­лерді шақырайық»,– деді Тәкең. Үйге келетін кісілерді айтып отыр­са, кіл мықты, атағы дар­дай ағалар. Қа­лихан аға, Сайын аға, Дидахмет аға, Әкім аға, Райхан апай… «Дені дұрыс ыдысымыз да жоқ, үй тар, қонақты қалай қарсы аламыз?», – деп есім шықты. Содан не керек, дайын­дық басталды. Үйдегі барлық мүлікті сыртқа шығардық. Өзі­міз­ше дастархан жайып, Тәкеңнің тұң­ғыш кітабын жудық. Қаламгер аға­лар жақсы-жақсы әңгімелер айт­ты, батасын берді.
Ол уақытта қаншама ақын-жазу­­шы кітабын шығара да алмай жүр­ген кез ғой. Сондықтан ағаң­ның тырнақалдысына бәріміз қуа­нып, «Шаңырақта» той жасадық. Одан кейін Тәкеңнің бірнеше кіта­бы жарық көрді. Әкім ағамен бір­ле­сіп жазған кітап диалогтары да шық­ты…
– Талаптан Ахметжанның  жеке мұрағаты сақтаулы ма? Бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған дүниелері бар ма?
– Қолжазбаларының бәрі де шық­қан сияқты. Кейінгі жылдары Дидахмет аға Тәкеңнің күнделік­те­рін, бірқатар жазбаларын ал­дырт­қан. Кітап шығару ойда бар еді. Сол кітапты әне-міне шы­ғара­мыз деп жүргенде Дидағаңның өзі де бақиға бетін бұрды. «Тұмар» деген спектаклі жарық көрмеді. Дәу­летбек Байтұрсынұлы Тәкең тура­лы естеліктерді кітап етіп жи­нақ­тау ісін қолға алайын деп еді. Ма­териал аздау болды да, ол кітап та баспа бетін көрмеді. Болашақта жарық көрер деген үміт бар.
Тәкең «Қазақ әдебиеті», «Әде­биет айдыны», «Парасат» секілді ба­сы­лымдарда қызмет етті. Сол кез­дегі мақалаларын өзі де жи­нақ­та­ған. Сол дүниелерін балалар өс­кен кезде, мақалалар, естеліктер, сы­ндар деп жеке тарау-тарауға бө­ліп, кітап қылып шығару ойымызда жүр.
Өмірінің соңғы кезінде Тәкең көптеген спектакль жазды. Алғаш шыққан «Екі жүрек», «Қараторғай» спектакльдері, балаларға арналған «Тазша» деген ертегісі Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрында қойыл­ды. «Сұлу мен суретші»  М.Әуе­зов атындағы академиялық теат­рында жүрді. Өскеменнің, Орал­дың облыстық театрларында «Қараторғай» қойылды. Осы спек­такльдерін де бір кітап қылып топтастыру ойда бар шаруа.
Балаларға: «Кейін аяқтарыңнан тік тұрғаннан соң, папаларыңның кітабын шығарарсыңдар», – деп жиі айтамын.
Тағы бір айтайын дегенім, өмі­рі­нің соңына қарай Тәкең осы пә­терді  алды. Бұл пәтерді иеленуімізге марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы­ның да шарапаты тиген еді. «Үй беріліп жатыр екен, соған өтініш жаз­саң қайтеді», – деген кезде Тә­кең екі бөлмелі үйге өтініш жазды. Құжаттарға қол қояр кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы: «Неше баласы бар?», – деп сұраған көрінеді. Ол кезде біздің үш қызымыз бар. «Үш ба­ласы болса, онда үш бөлмелі пә­тер берілсін», – деп, Тәкеңнің өті­ні­шіндегі екі бөлмелі пәтерге емес, бірден үш бөлмелі үйге кіретін бол­дық. Тәкеңнің бір арманы – жеке жұмыс кабинеті еді. Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесі жеке кабинетім бо­лады деп қуанып жүрді. Өкі­ніш­тісі, пәтерді жөндейміз, оны кабинетке айналдырамыз деп жүргенде уақыт зымырап өтіп жатыпты. Тә­кең жеке жұмыс кабинетінде отырып көп жұмыс та істей алған жоқ.
Осы үйге кіргенде төртінші пер­­зентіміз – Мағжан дүниеге кел­ді. Бұл үйде ағаңның соңғы туған күнін әріптестерімен бірге отырып атап өттік. Ағаң «Әдебиет айдыны» ба­сылымын да, ұжымын да өте жақ­сы көрді. Газет «Қа­зақ әдебиеті» құрамына қосылатын уа­қытта қатты уайымдады. Басылым жабылады деген жылы, 16 жел­тоқсан, туған күнінде: «Балалар мені құттықтамақшы екен, жұ­мыста дастархан жайып, рах­ме­тім­­ді айтайын», – деді. Мен: «Бәрін үйге шақырайық, көңіл сыйса, бәрі сияды ғой», – деп редакция ұжы­мын үйге шақыратын болып шеш­тік. Тамаша бір отырыс болды. Жұ­мыс барысында кез келген жағ­дайды бастан өткереді емес пе, әріп­тестер бір-бірінен кешірім сұра­сып, қызықты жағдайларын ай­тысып, бас қосты. Тәкең әрқай­сы­сына жеке-жеке тоқталып, бой­ларындағы қасиеттерін тізіп, бә­ріне рахмет айтты. Сөйтсек, бұл – Тәкеңнің соңғы туған күні екен. Келер жылдың  жазында ағаң бетін бақиға бұрды.
– Т.Ахметжан шығармашылы­ғы­ның насихатталуы жөнінде не ай­тасыз?
– Нұрлан ағаның үйіндегі Фаузия апай ҚазҰУ-дың бір студенті Тә­кеңнің шығармасы бойынша дип­ломдық жұмыс қорғағанын ай­тып еді. Өзіміздің қызымыз Әй­герім сол ҚазҰУ-дың Шығыстану фа­культетін бітірген. Дипломдық жұмысында Корейдің бір жазушысымен Тәкеңнің әңгімелерін са­лыс­тыра қорғады.Қорғау аяқталып, әр­кім өз пікірін айтып жатқан тұс­та, диплом жетекшісі Тәкеңді сырт­­тай таниды екен: «Диплом қор­ғаушы әңгімесі талқыланған жазу­шының қызы», – деп танысты­рыпты. Диплом қорғауға қатысқан өзге ұстаздар: «Мұны бұрыннан неге білмедік?», – деп таңда­нып­ты.
Әкелері қайтыс болғанда бала­лар қатты қиналды. Сондай қиын уақыттың бірінде балаларды отыр­ғызып қойып, әкелері туралы әң­гіме айттым: «Әрқашан әкелеріңді мақ­тан тұтыңдар. Өйткені  ол мақ­тан тұтатындай-ақ азамат болды. Бірақ ешқашан да «менің әкем еді», «мен соның перзенті едім» деп біреу­дің алдына жұмыс сұрап, оқу сұ­рап бармаңдар. Әкелеріңнің атын бұлдамаңдар», – деген едім.
– Әке жолын қуған перзент бар ма?
– Бірде теледидардан Дидағаң­ның ұлы Дәулеттің әңгімесінің соңын көріп қалдым. «Ұстаздың ба­ла­сы ұстаз болуы мүмкін, нау­бай­шының баласы да наубайшы болуы мүмкін. Бірақ жазушының баласы жазушы болуы өте сирек кездеседі», – деген мазмұнда әңгіме айтты. Сол сөз рас шығар.
Кейін жаза ма, жазбай ма, біл­меймін.Бірақ кіші қызымыз Әй­герім­нің бойынан жазуға деген ің­кәр­лікті байқаймын. Аздап өлең жа­зады. Қалған балалардың жазуға деген, әкелерінің шығармаларына деген құрметі ерек.
Тәкең тірі болса, 2016 жылдың 16 желтоқсанында елу беске келер еді. Өскеменнің облыстық кітап­ха­насында Тәкеңнің кітап көр­месі ұйымдастырылды. Облыстық теледидарда Тәкеңнің шығар­ма­шылығына тоқталған хабар, конференция өтіпті. Тәкеңді әлі күн­ге ұмытпай, шығармашылығын насихаттап жүргендерге алғы­сым­ды білдіремін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір