«Жастықта көкірек зор…»
20.01.2017
1839
0

Редакцияға келіп түсетін әңгімелердің ішінен белгісіз авторларды көріп қалғанда, әдебиетке тағы бір жазушы келді ме екен деген үміт оянады. Екі жастың біріне келмей жатып, төрге отыруға, бата беруге құмартып тұратын басымыз күндердің бір күнінде «Мұны алғаш әдебиетке мен алып келгем», – деп айту үшін шығар мүмкін, аса бір махаббатпен болмаса да, әжептәуір ыждахатпен ден қоясың. Күн сайын әркім бір аша беретін шашылып жатқан Америка қайдан табыла қойсын, көп жағдайда ортан беліне іліне беріп, көңілің құлазып отырып қаласың. Әдебиетке тағы бір жас талаптың қосылмағанына емес, әлгі ішкі есебіңнің мүрдем кеткеніне.
Сәл болмағанда қонып тұрған абырой…

Біздің бұлай жанығуымызға се­беп те жоқ емес болатын. Әу бас­тан бергі көрген-баққанымыз әлгі кеп. «Бәленше Түгеншенің батасын алған»; «Көрнекті Жазушы ал­ғаш рет Ұлы Жазушының на­за­ры­на іліккен»; «Бұл ағаң әдебиеттің есі­гін әлдекімдер сияқты именіп емес, жұлқи ашып, арқырай кір­ген»; «Ол әдебиетке келгенде біз бү­кіл қазақ әдебиетінің жаңа дең­гейге өткенін сезіндік» деп бастала­тын күшенген сөздерден құлағымыз тұнып біткен, басқа ештеңені есті­мейтін жағдайға жеткенбіз. Ал­ға­шында біз де дәмелі жігіттердің қа­тарында арқырап та, жарқырап та жазып көрдік – назар салған жан ­болсашы. «Әдебиеттен кетем!»  деп мәлімдеме жасап, ірілік та­ныт­паққа енді оқтала берсек, өзі­мізге дейінгі бір «неудачник­тің» ес­­тіген сөзі есімізге түсе береді: «Сен әдебиетке келіп пе едің, өзі?»… Біз мына жақта әдебиеттің тө­­рі­н­ен дәметіп жүрсек, үлкендер та­бал­дырығын аттағаныңнан ха­бар­сыз. Не шығып кете алмай, не кі­ріп бара алмай, түрімізге қара­май Абайдың мұңын бойымызға шақ­тап: «Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес» деп, әндетіп қойып, есік күзетіп әлі жүрміз.
Өлермен деген ағайын бар, сен кіре алмай тұрған есіктің о жағына бір, бұ жағына бір шығып, жөңкіледі де жүреді. Анда-мұнда саңылаудан бай­қап қаламыз, қақ төрде отырған ағаң­ның құлағына әлденені сыбыр­лап тұрады. Сосын, жылы жымиып шы­ғып келе жатады. Бәрімен дос, бә­ріне жұғымды. Ал жазуы… Бір­деңе жазғанын көрмеппіз осының. Бі­рақ қай ауылда жиын-той, қай ауызда жақсы сөз – оны сол жерден та­басың. Сол ағайын бір күні әл­де­бір кептің шетін шығарды. Айтуын­ша, әдебиетте жазушылар болады, со­сын, қайраткерлер болады. Жазуы жақсы болғанмен өзі өте нашар адам­дар бар екен. Соншама дарыны мен біліміне қарамай өмір сүру­ге икемі жоқ, әлсіз тұлғалар болатын көрінеді.Бар тіршілігі жазумен ғана шектелетін адам әдебиеттің да­муына соншалық үлес қосады деу – ұшқарылау сөз. Әдебиет бү­гін­нен ғана тұрмайды ғой, өткені, ер­теңі бар дегендей. Тарихи тұлға­лар­ды дәріптеу, ұрпаққа насихаттау мәселелерін атқаратын осы қай­раткерлер. Яғни сөздің емес, істің адамдары. Демек, әдебиет тари­хын тек жазушылар ғана жаса­майды. Бүкіл бір дәуірдің тұтас де­мін сезіну үшін тасқа басылған сө­зін ғана емес, сол алып механизм­нің әрбір ұсақ тетігін зор ынтамен тәптіштей зерттеуге тура келеді. Әде­биет өзіне қызмет еткен жазу­шы­лардан гөрі қайраткерлерге кө­бі­рек қарыздар. Әдебиетті дамытатын да, алға жетелейтін де солар. Со­лай да солай… Қысқасы, біздің са­баз өзін жазушыдан жоғары са­най­ды екен. Сонда ғана айналасы іні мен досқа толып жүретінін ұқ­қан­дай болдық.
Сөйттік те, қарап отырмай, қол­жазбаларды ақтарыстыратын әдет таптық…
Белгісіз есім, алғашқы шы­ғар­ма… Тәжірибенің аздығы, жазу ма­шығының толық қалып­таспа­ға­ны көрініп тұрады. Тілі мен стилі тәуір көрінсе де, көп жағдайда ша­шы­раңқылық көзге ұрады. Сосын оп-оңай айта салуға болатын дү­ниені тәптіштей түсіндірем деп, күр­делендіріп, өзі де малтығып қа­лады. Мәселен, бір бөлменің ішін суреттеу үшін әр бұрышқа мән беріп, жеке-жеке суреттеп кетеді. Өзіне дейінгі жазушылардың мұн­дайда қандай тәсілдерге барғанын, қалай жеткізгенін білгісі-ақ келеді, бірақ оған қарайлауға тым кеш. Ар­найы іздесе де таба қоюы қиын. Се­бебі, көркем шығармаға тұңғыш қол артып тұрған жас жазу процесі кезінде кездесетін негізгі қиындық­тар­дың қай тараптан соғатынын біл­мейді. Өзі оқыған мықты шы­ғар­­маларда бөлменің ішіндегі зат­тар бар көрінісімен көз алдында қа­лып қоятын. Оның түпкі мәнін ұғып, көрініс пен әрекеттің жымда­са қоюының себебін анықтағанша аз малтықпайтыны анық. Сосын жазу­ды аса қиын деп санамаған. Ен­ді ғана, бетпе-бет келгенде көзі жет­ті. Алғашқы қадамдарды қы­зық­­тай түссеңіз, бұдан да басқа көп­теген дүниелерді байқар едіңіз. Бірер мәрте басуға жарамаса да, «осыдан бірдеңе шығады-ау» деген авторларды арнайы іздегеніміз бар. Еститінің бір жауап: «Жазып кө­рейін дедім. Жарап жатса, басылып жат­са, ары қарай көрем. Болмаса…». Бол­маса мамандығын басқа жақ­тан іздемекші. Жақсы мағына­сын­дағы өлермендік жоқ. Немкетті. Біз ылғи айта беретін максимализмнің елесі де жоқ. Әшейін бір тәжірибе. Сон­да ойлайсың, жастық амбиция­ның серпіні де адамды біраз жерге сүй­рейді екен ғой деп. Әрине, ол
ам­бицияның да сабыр тауып, пара­сат­қа ұласатын күні болады (соған же­те алсаңыз). Жазудың басты мақ­саты да ақын айтпақшы: «махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуға тиіс».
Бальзак қаламымен әлемді жау­лағанға дейін қаншама том кі­тап жазған. Өзін қаржылық жа­ғы­нан қамтамасыз етем деген жұ­ба­ныш­­пен жүріп, ақыр аяғында то­қ­­­тай алмай қала жаздапты. Цвейг­­тің айтуынша, тапсырысқа жұ­мыс істеп үйреніп алғаны сонша, «Томпыш» пен «Шегірен был­ға­рысы» шығып, аты әлемге әй­гілі бол­ған, материалдық жағ­дайы жақсарған кездің өзінде әл­дебір қалтарыстарда әлдекімдерден тапсырыс түсіп қала ма деп, елегізіп тұра­тын әдеттен арыла алмай-ақ ке­тіп­ті. Бар-жоғы жиырма жасында күніне аз дегенде 30-40 беттік қол­жазбаны бұрқыратып жазып тас­тауды меңгерген Бальзак осы не­мқұрайлы жазудың салдарын өмір бойы тартып өтіпті. Стиль мен тіл қалыптаспай тұрып бұзыл­ған, қалыпқа келуі де оңай бол­ма­ған­ға ұқсайды. Бірақ Бальзак – Баль­зак болғаны үшін ғана өзін игере алды. Оны Бальзак жасаған сол тапсырыспен жазған күнге дейін қалыптасып үлгерген дүние­та­нымы мен білімі, кішкене терезеге ғана сыйып тұрған шағын көрі­ніс­тен шексіз әлем жасай алатын ғажап фантазиясы еді.Басқасын айтпағанда, оны әлгі жазу фабрика­сынан құтқарып қалған – әке-ше­шесі тауып берген чиновниктік қыз­метін тастатып, жазушы болам де­гіз­ген әдебиетке деген махаббаты бо­латын. Ал бізде соның бірі де жоқ, әшейін сынап көрмек ниет қана екен. Көркем шығармашылық­ты қызметтен қол босағанда ай­на­лы­сатын хобби дәрежесінде ғана ба­ға­лайтынымызға қарамай, бәл­кім жолымыз болып кетіп жатса, атақ­ты, абыройлы болуға да кетәрі емеспіз.
Жазуды енді бастап жатқан жас­тарға ортақ бір кемшілік – әде­би ахуалды білмеу. Кім не жазып жүр, соңғы кезде кімдер жиі оқы­лып жатыр деген сұрақ ешкімді аса қы­зықтырмайды. Оқырманға қан­дай тақырып өтімді деген әлеу­мет­тік зерттеулердің болмауы да біздің жас қаламгерлердің ә дегенде қа­лып­­тасып кете алмауына әсер етпей тұрмайды. Өзі оқыған азғантай авторлар салған ескі сүрлеумен ша­малап жазып көреді. Тахауи Ах­та­нов бір сөзінде: «Өзгелер космос туралы жазып жатқанда, біздің қа­­зақ сол баяғы қойды жаза бере-
ді», – депті. Өзінің көрген-білгені де сол төңіректе, оқығаны да шамалы болғасын, «арқасы қысып» кеткенде шумақтап төгіп тастайтын ақын­дарға еліктеп, төпелей жөне­ле­ді. Оның сыртында, «қазір том-том романдардың заманы өткен», – деген екіұштылау пікірдің де көп ай­тылуы жазсам деген жастың жауап­кершілігін жеңілдетіп жібер­ген­дей. Әдебиетке романмен келе­тін бұрынғылар алғашқы сөйлемін қандай күйде отырып жазды екен… Қаншалық ойлануға мәжбүр болды екен… Ал бүгінгі біздің замандас ауылда жүргенде басынан өт­кен немесе әлдекімнен естіп қалған бір оқиғаны негізге алады да, бастап кеп жібереді. Сәтсіз болған жағ­дай­да, асса бір әңгіме құрдымға ке­теді. Ал бұрын мұндай жағдайда басқа емес, білдей бір романның тағ­дыры қыл ұшында тұратын.   Ба­льзак ең алғаш жазылған шығарма­сы сәтсіздікке ұшыраған соң тарт­­пасына салып қойыпты. Өзінің ал­ғаш­қы сәтсіз қадамынан жүрегі шай­лығып қалғаны сонша, өмірі­нің соңына дейін қайта қарауға, оқып көруге жүрегі дауаламапты. Бәл­кім бізге осындай бір сәтсіз­дік­тер керек шығар деп ойлайсың кейде. Соншама жүрегің шайлығу үшін де ірі болуың керек шығар. Қа­зақ айтатын «жақсының аттан жығылғаны да – жақсы» дегенге ұқсас бір кеп. Ал біздікі «менің жақ­сы өлеңдерім жаман өлеңдерім­ді асырайды» дейтін қазақ ақыны­ның әзіліндей ғана өкініш екен. Өзіміз көзіне түссек деп жүрген ақсақалдардан бата алған күннің өзінде Чеховтың Толстойдан хат алған кезіндегі толқынысындай сезімді бастан кеше алар ма екен­біз… 4-5 жасында көріп, өмір бақи кеу­десіне сақтап өткен Абай бей­несі Әуезовті оңашада қанша рет толқытты екен… Бар болғаны «Ауы­лыңа барасың ғой, балам, анаң­ның мазасын ала берме!» де­ген бір ауыз сөзін өмір бойы мақ­та­нышпен айтып жүру үшін де Абай тереңдігіне Әуезовше бойлай алу керек қой. Сол Әуезовтің дәрі­сін тыңдаған қаншама қазақ болды, бірақ соның бәрі дәл Кекіл­байұ­лындай толқи алған жоқ. «Ырыс жұғады» дейді қазақ, бірақ ол да кісісін тапса ғана. «Бай – байға, сай – сайға құяды» дейді, ал­ғашқы сәтсіздіктен шығарар нә­ти­же де, жақсыдан алған бата да ар жа­ғында негіз бар, көкірек көзі ашық адамға ғана дариды.
«Әдебиетті жекелеген тұлғалар жасайды» дегенді жиі айтып жүрміз ғой. Түптің түбінде осы ақиқатқа ден қоюға тура келеді. Уақытпен бет­пе-бет келгенде атаң берген ба­та да, ағаң жазған алғысөз де жайына қалады. Әлдебір сыншының мақ­тауы яки даттауы да белгілі бір уа­қыт кеңістігінің тынысы ретінде ға­на айтылып жүріп, ұмыт болады.
Жазуға енді келген, әдебиеттің та­балдырығында тұрған жастардың көпшілігі ә дегеннен түңіле сөй­леу­ді әдет етеді. Өзін әдебиет­танушы­мын, жазушымын деп жар салған бір замандасың бүгінгі әдебиеттің «кө­к­ейкесті» мәселелері жайлы күңі­рене сұхбат береді. Қанша ыш­қын­ғанмен (өз  ойынша шыңғырған шын­дықты айтып отыр) сол баяғы үйреншікті гөй-гөй. «Қазақ әде­биеті Нобельді қашан алады?»  дейді. Рушылдықты қояйық дейді. Кі­тап оқылмайды, жазушы құр­мет­телмейді, қаламақы жоқ… Тағы не? Таралым тұралап тұр, аударма мә­селесі ақсап тұр… Бұл ештеңе емес, біздің замандастар өзі оқыған бір-екі жазушысын ғана бағалайды, оқымағандарын үнсіз ғана айналып өтеді. Оқымай баға беру, көр­мей билік айту әдеби ортаның қу­лығын шебер меңгерген алдыңғы буыннан жұққан, біз асқындырып жатырмыз. Мәселен, кітаптан қол үзу бізді қайда апарады деген сұ­рақ­ты қоямыз да жатамыз. Қоғам­дық, әлеуметтік тұрғыда осы қа­лып­та кете берсек қандай қоғамға тап боламыз деген нақты болжам әлі айтылған жоқ. Сол баяғы гөй-гөй, жалпылама, қашыртпа жауап. Біз алдымен осы қулықты мең­гер­дік. Бұрынғылар жеке басы үшін, өз қызығушылығы үшін жазатын, ал біз ә дегеннен бір қара түнек мұңға кіріп аламыз да, толассыз гөй-гөйге басамыз. Ешкім сұрап, қыс­тамаса да, қазақ әдебиетін әлем­ге таныту керек деген міндет ар­қалап ала қоямыз.Жасанды пат­риоттық, жалаң ұран осыдан келіп шы­ғады. Әлемге кеткен қазақтың есе­сін қайтарам деп, кектеніп жаз­ған шығарма оңушы ма еді, жансыз, солғын шығады. Мұндай әсіре ұлтшылдықтың тағы бір себебі – да­рынның, білімнің кемшілігін әл­­гіндей «өр рухпен» қымтап, жасырып қалуға тырысу.Мұндай «пат­­риоттық» асқақ сезім ар жа­ғын­дағы тәп-тәуір жазушылық та­биғатын тұншықтырып тастайды. Жас адамның бойында «Мен ұлт­қа қызмет етіп жүрмін» деген жа­сандылық пайда болады. Мұн­дай адамның қаламынан табиға дүние туа қоюы екіталай.
…Ар жағың бос болғасын, өзің­ді қорғамай болмайды. Атаңның берген батасы, ағаңның артқан үміті, замандасыңның сен туралы айт­қан жылы пікірі, бәрі-бәрі дұ­рыс пайдалана білген адамға ал­дыр­мас қорған. Және жазуға келерден бұрын мынаған өзіңді мықтап сендіріп аласың:  Әдебиетші болу – алдымен ұлттық  руханиятқа қыз­мет ету. Ал ұлттың мүддесі үшін тайталасып жүрген адамға қар­сы болу – қазаққа қарсы болу. Де­мек, қазақта сенен асқан мықты жоқ, елдің сенен асқан аяулысы жоқ. Бұл – өзіңді қорғаудың негізгі шар­ты.
Сосын, не айтсаң да, қалай жаз­саң да, ерік өзіңде…

Алмас НҮСІП.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір