АҚ УНИВЕРСИАДАҒА ӘЗІРЛІК
02.12.2016
1133
0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауында 2020 жылға дейін тұрғындардың 30-дан астам пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы ерекше айтқаны есімізде. Осы орайда дүбірімен дүйім жұртты ұйытып келе жатқан XXVIII Бүкіләлемдік Студенттер арасындағы Ақ Универсиада-2017 ойындары қалың бұқараның назарын өзіне аударып қана қоймай, спортқа көңіл бөліп, белсене айналысуға зор мүмкіндік туғызғалы отыр. Жүзден аса ұлт пен ұлыс тұратын Алматы қаласының тұрғындары үшін аталмыш аламан жарыс тарихи спорттық мереке боларында дау болмас. «Оңтүстік астанамызда» осындай қысқы спорт түрлерінен өтетін аламан сайыстар алғаш рет өтіп отырған жоқ. Алматы қаласында 2011 жылы 7-ші қысқы Азия ойындары өткені әлі есімізде болар. Ол Азиада ойындары да қаламыздың инфрақұрылымына айтарлықтай үлес қосқан болатын. Міне, енді кезекті келе жатқан Бүкіләлемдік XXVIII Ақ Универсиада-2017 қаламызда бірталай спорт сарайларының бой көтеруіне өлшеусіз мән беріп отыр. «Оңтүстік астанамызда» Әлемдік стандартқа сай салынып, қолданысқа беріліп отырған хан сарайындай «Haiyk Arena» мен «Аimaty Arena» спорт орындары осы универсиадаға ғана емес, келешекте жалпы қала тұрғындарының спорттың қалған түрлерімен айналысуына қызмет ететін болады. Айталық, «Аimaty Arena» 12 мың адамға орын есептелген болса, «Haiyk Arena» 3 мың адамдық орын бар. Ал «Атлетикалық ауыл» 5 мың адамдық орынға есігін айқара ашып отыр.

Бірақ сол соғылған зәулім спорт кешендері ішін спортқұмар халыққа толтыру үшін бағаны аспандатпай, қалта көтеретіндей етіп қойса, нұр үстіне нұр болмақ еді. Сонымен қатар, қысқы уни­вер­сиаданың тарихында тұңғыш рет біздең елде, көрікті қаламыз Алматыдағы Алатау ауданында байрақты жарысқа арналып арнайы «Атлетикалық ауыл» бой кө­­термекші. Мұндай құрылыс ор­­ны бұрын-соңды болмаған еді.
Универсиаданың өзінің қай­рат берерін қанатты сөзі, ерек­ше­ленетін белгісі, айырықша тұ­мары болуы шарт. Елімізді тұғыш рет өткелі отырған XXVIII универ­сиа­­даның негізі жарқын символдары ол «Қанатыңды кең серме» де­ген жастарымызды жігер­лен­діретін сөз тіркесі болса, биікке ұм­тылуды көксеген «U» әрпі болып танылған. Сонымен бірге, елі­мізге танымал тұлғалардың алып жүретін алауы мен қанатын жайған сұңқар құстың суреті белгіленген Универсиада-2017 бойтұмары, классикалық стильде металл корытпасы арқылы жиек­тері ұлттық  ою-өрнектермен айшықталған алтын, күміс, қола жүлделер марапаттайтын салтанатты сәтін күтіп тұрғандай.
Шетелдік Спортшылар мен делегация, қонақтардың елімізге ұшып келуіне орай Аймақтық және Халықаралық ұшу жолына «Эйр Астана» АҚ біршама жеңіл­діктер жасап, Универсиаданың басты серіктестіктерінің біріне айналып отыр. «Эйр Астана» АҚ со­нымен қатар, эстафеталық алау­дың Қазақстанды аралап өтуі­не де барынша мүмкіндік­те­рін жасамақшы. Бұл да бір қуа­нарлық жәйт. Өйткені, Отаны­мыз­да осындай әлемдік деңгейде өткелі отырған жарыс барысында тырп етпей тыныш жатып алмай, еліміздің маңдайалды салалары­ның жомарттық жасап жатқан­ды­ғын ерекше елеп-ескерген орын­ды.
Айтпақшы, алауды үздік сту­дент­тер алып жүретіні белгілі бол­ды. Соған орай, қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарында конкурстық байқау бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар» демекші, ортасынан озып шыққан студенттерді ірктеу жұмыстары белсене жүріп жатыр. Бұл да бір салтанатты шараға де­ген жақсы бір көзқарасты біл­дір­се керек. Бір мысал, Ита­лия­ның Торино қаласында кезекті Уни­вер­­сиада өткеннен кейін бір жыл­­дан соң, абитуриенттердің оқу­ға тусуге деген құлшынысы он есе артқан екен. Сондықтан ай­тулы Универсиада барысында алау көтерген студенттерді көрген алматылық жастардың білімге, оқуға деген құштарлығына жақ­сара түсеріне сөз жоқ.
Әрбір қаладан 60-қа жуық адам Универсиада алауын алып жүру мәртебесіне ие болатын бол­­са, Алматы қаласы осы құр­мет­ке 100 адам бөлене алады деп жоспарлаған екен. Хош, сонымен көптен күткен ұлы думанның да басталар күніне бар-жоғы екі айдың көлеміндей уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8 жұлдызы ара­лығында өткелі отырған Бү­кілә­лемдік XXVIII қысқы Уни­вер­сиада ел спортының тарихына жаңа есімдерді тіркетіп, әсерлі ес­теліктерімен көпшіліктің есін­де ұмытылмастай болып қалаты­нын­да күмән жоқ. Жан алысып жан беріскелі отырған байрақты бә­секеге 2 мыңға таяу спортшылар келіп қатысып, әр елдің үкі­леп қосқан саңлақтары спорттың 12 түрінен күштерін сынамақ.
«Универсиада» барысында
3 мың­ға тарта шетелдік және өзі­мі­здің елдің еріктілері атса­лысу­ға білектерін сыбанып әзір тұр. Сонымен қатар, аталмыш до­даны 30 мыңнан астам қазақ­стандық және шетелдік туристер келіп тамашалайды деп күтілуде. Сайыстар өтетін жерлер теле­көр­се­тілімдер арқылы әлемнің
80 мем­лекетіне таралып, 1 млрд. ас­там көрермен халық тамаша­лай­тын болады.
Міне, осындай ауқымы кең Бү­кіләлемдік жарыстың қазақ же­рінде өткізіліп отыруының өзі елі­міз үшін үлкен мәртебе болып отыр. «Универсиада» Оңтүстік ас­танамызда өтетін болды деген сәт­тен бастап, қысқы спорт түр­лері­нен өтетін аламан жарысқа елі­міз болып жұмыла жұмыс жа­сап келді. Ақбас Алатаудың ақ бауырында орын тепкен сүйікті қаламыз – Алматы халқы Бү­кілә­лемдік XXVIII студенттер Универсиадасын асыға күтуде. Спорт нысандары тас-түйін дайын, ел намысын қор­ғай­тын спорт­шыларымыз да ерекше әзірлікте. Иә, Әлемнің әр түкпірінен кел­ге­лі отырған мыңдаған қонақ­тар­ды жайлы жер­­ге жайғастырып, қазақы қо­нақ­жайлығымызды та­ныта отырып, олардың қауіп­сіз­дігін қадағалау оңай шаруа емес. Осы бағытта Бүкіләлемдік XXVIII студенттер Универсиада ди­рекциясы жан-жақты дайын­далуда.
Қазіргі таңда допинг дауы Әлем­дік ақпараттар ағымының аса назарында тұрғаны белгілі. Оған дәлел – Ауыр атлетикадан ай­ды аспанға шығарып, Әлемдік ре­кордттар жасаған Олимпиада чем­пиондары допинг дауына ілі­гіп, бар медаль, атақтарынан жұр­дай болып, тақырға отырып қалуы. Сондықтан осы қоғамда ушығып тұрған уытты мәселені де ерекше назарда ұстауды жөн көрген Универсиада-2017 дирекциясы FISU Медициналық ко­ми­тетімен бірігіп, Бүкіләлемдік XXVIII қысқы Универсиада жа­рыс­тарына қатысты жаңадан до­пинг-бақылау жұмысын жасап шы­ғарған екен. Сонымен бірге, спорт­шыларды сынақтан өткі­зу де жоспарда қатаң қаралған. До­пинг-бақылу жүйесі «Бүкіл­ә­лем­­дік допингке қарсы кодекс пен  Ха­лықаралық сынақтан өт­кізу стан­дартына» сай жасалып отыр.
Спортшылар үшін жарақат алып қалмаудың өзі бір жеңіс бо­лып саналады. Бетін ары қыл­сын, бәсеке барысында ауыр жа­рақат алып қалған спорт­шы­ларға жедел жәрдем көрсету ол қалалық медициналық орта­лық­тарының жауапкер­шілігіне жүк­телген. Сондықтан жарыс ке­зін­де Алматы қаласының 8 ста­­­ционарлық орталықтары кө­мекке  тартылып, 30 медициналық жедел жәрдем бригадалары қам­тылған.
Мұның өзі спортшыларымыз бен келген қонақтардың аман-сау­лығы айрықша назарда де­ген­ді  білдіреді. Ал Универсиадаға қатысып, ел намысын қорғағалы отырған 227 спортшының 121-і ұл, 106 қыз бала екендігін айта кет­кеніміз жөн болар. Студент жас­тарымыз еліміздің Көк байрағын көк­тен желбіретіп, табысты өнер көр­сетуді мақсат етуде. Қазақ­стан­­ның намысы үшін сынға түс­келі отырған спорт­шы­лары­мыздың ішінде Денис Тен, Юлия Га­лышева, Роман Керч, Айдар Бек­жанов, Абзал Әжіғалиев, Нұр­берген Жұмағазиев, Денис Никиша секілді алтыннан үміт­кер маңдайалды алыптарымыз бар.
Алдағы Универсиада бары­сын­да еліміздің әр аймағынан эс­тафета алауының тұталуы атал­ған Бүкіләлемдік студенттер ара­сында жалауын желбіреткелі отырған байрақты сайысты наси­хаттаудың маңызды бір бөлігі бо­лып саналады.
Қаңтардың 25-29 аралығында Алматы мен Астанадан өзге Қа­зақ­станның әр облысының орта­лығында алау оты жағылады. Жа­рыстың ашылуын білдіретін алау оты 2017 жылдың 25 қаңта­рын­да Астанадағы Назарбаев университетінің қабырғасында тұталып, ақпанның 29 жұлды­зын­да эстафеталық алаудың жа­былу салтанаты Алматыда өтеді. Эстафеталық алауды елімізге та­нымал қоғам, мәдениет, спорт са­ласындағы белгілі тұлғалар жә­не студенттер алып жүретін бо­лады.
Жалпы, еліміз егемендік ал­ғалы бері қазақстандық спорт­шы­лар Бүіләлемдік студенттер арасында өтетін Универсиадаға 12 рет қатысып, 44 медал жеңіп ал­ған екен. Оның 18-і алтын,13 кү­міс,13 қола медальдар. Ал Қа­зақстанның Универсиада тари­хындағы ең жарқын жеңісі – 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен жарыс болып есептелінеді. Сол сында саңлақтарымыз шаң­ғы жарысы, биатлон, фристайл секілді спорт түрлерінен 5 алтын және өзге түрлерден 6 күміс жүл­дені ел қоржынына түсіріп, Қазақстан командасы Fisu ресми емес есебі бойынша  үшінші орын­ды иеленген болатын. Ал ен­ді қазақ жерінде тұңғыш алауы жағылатын аламан жарыста қазақстандық спортшылардың командалық үздік үштікке та­ласудың талабы қаншалықты екендігін алдағы бәсекеде көре жатармыз. Ал әзірге XXVIII рет өткелі отырған Бүкіләлемдік Уни­версиада-2017 жарысына дайын­дық жоғары деңгейде жа­са­лынып жатыр деп толықтай ай­туға болады. Уақыт өзі сыншы әрі емші десек, көптен күткен ұлы мереке халықтың есінде ұмы­тылмастай әсерде қалар деген ойымыз бар.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір