Қараторғайдың әні
Үміт ТӘЖІКЕНОВА
Мен бүгін асүйдегі терезенің алдына ұшып келдім. Әдетте біз бұл кезде таңғы асты ішетінбіз. Көбіне үнсіз отырушы едік. Ол мүлде тіс жармайтын, ал мен ауық-ауық бірдеме айтқан боламын.
Енді міне, тәнім жер қойнына тапсырылғаннан кейін, арада бір күн өткенде құс болып оралдым. Ол мені бірден байқап, селк ете түсті де, көзін терезеге қадап, тесіле қалды. Мен де оған белгі беріп: қарасаңшы, иә, қарасаңшы дегендей боламын. Иә, бұл мен ғой, міне, ұшып келіп тұрмын! Жылама, қымбаттым, қайғырма! Көз жасыңды тый. Менің енді еш жерім ауырмайды… Міне, үстімдегі киіміме қарашы, қандай сәнді, кеуде тұсым көк-жасыл зүбәржат, арқа жағым сарғыш түсті зәйтүн мақпал, ал мойнымда қап-қара мойынорағышым бар.
Тіп-тік терезеге жабысып алып, оның өзіне-өзі сенімсіз кейіпте біртүрлі үрейленіп отырғанына қарап тұра беру маған өте ыңғайсыз еді. Біздің көзіміз түйісіп қалғанда мен оны мүлде шошытып жібермейін деп, пыр етіп ұштым да кеттім.
Содан бері оның көзіне түспеуге тырысып, алыстан бақылап қана жүрмін. Оның үстіне, уақытым да аз, өйткені, мен өзім тап болған жаңа дүниеге бірте-бірте үйренісуім керек қой. Өз еркім енді өзімде, қалай қарай ұшатынымды, қайда барып қонатынымды өзім білем, ал баяғы ауру, дерт дегендерді мүлде ұмытқанмын, көңілімде еш уайым жоқ, қазір мен де сен армандайтындай ұзақ саяхатқа шыққанды ұнатамын, есіңде ме, қымбаттым, сен үнемі алыс та жақын сапарларға шығуға ынтығып тұрушы ең ғой. Міне, мен сондай жып-жылы шуақ пен шаттыққа толы, сәт сайын таң-тамаша ертегілер мен жа-
ңалықтарға кезігетін мәңгілік саяхатқа шықтым.
Сендер қырық күндігімді өткізгеннен кейін, араға үш күн салып, сәл ғана ашық қалған асүйдің терезесінен ішке ұшып кірдім. Жатын бөлмеде жарық жанып тұр екен. Бірден солай қарай самғадым. Бұл жолы қараторғай болып келіп едім. Көлемі шағындау жатын бөлменің ішінде шыр айнала ұшып жүрмін. Ол осы бөлмеде еді. Қорқып кетті ме, әлде таңырқап қалды ма, білмеймін, орнынан атып тұрып, дәлізге шығар есікті бекітті де, кедергісіз ұшып шығуым үшін жатын бөлменің терезесін айқара ашып тастады. Ал менің бірден кете қойғым келмеді, себебі, алыс жақтарға ұшар алдында оның қасында біраз бөгеліп, қоштасқым келген.
Мен енді Сырдарияның жағасына, өзім туып-өскен өлкеге, атақорымға ұшып барамын. Ол жақтағы бір төбенің басында қыштан салынған, іргесін ықылым заманалардан бері су мүжіп, жел кеулеген ескі Шерін мұнарасы тұр. Ауылдағы көнекөз қариялардың айтуынша, оның балшығына аттың қылын қосып, биенің сүтіне илеп жасаған көрінеді. Тағы да сол ақсақалдар айтады, бұл мұнара баяғыда-а-а, біздің бала күнімізде осындай еді, әлі де солай деп. Мен бірде (ол кезде қырық күн толмаған) сүйікті жарымның қайғырып отырып тушьпен біздің ауылдың жанынан ағып өтетін дарияның суретін салғанын көргенмін. Сонсоң… сол жаққа қарай ұшқым келді.
Кенет ол телефонға қарай ұмтылды, шамасы, біздің ұлымызға (ол осында, жақын маңда тұрады) телефон шалмақ болды-ау деймін, өйткені, айқара ашылған терезеден ұшып шыққым келмей, айналшықтап жүріп алдым емес пе. Бұл мен екенімді білсін, сезсін деген оймен енді жарқанатқа айналдым, себебі, мен тышқан жылы туғанмын ғой, сондықтан да ол маған ылғи әзілдеп, сен тапқан-таянғаныңның бәрін өзіңнің ініңе, яки, үйіңе тасисың деп күліп отырушы еді. Мен перденің ар жағына кіріп кеттім де, тырнағыммен матаға жабысып тұра қалдым, бірақ оның жарқанаттарды жақтырмайтыны есіме түсіп, қайтадан қараторғайға айналып кеттім. Сөйтіп, ол менің қайда екенімді байқап үлгергенше төбесінен бір айналып ұшып өттім де, ашық тұрған терезеден сыртқа қарай зауладым. Содан соң алыстан көз салып, біресе перденің артына, біресе шкафтың жан-жағына үңіліп қарап, әлгі құсты, яғни мені іздеп жүргенін біраз уақыт бойы бақылап тұрдым.
Бірде екеуміз санаторийде демалып жүрген кезде оның назары бір қызық жұпқа түсті: кәрі анасын ертіп келген егде жастағы кісі ме, әлде, үлкен әпкесін ертіп жүрген інісі ме деп ойладық. Сөйтсек, ерлі-зайыптылар екен. Шынында да, күйеуі әлі қарттыққа бой алдыра қоймаған, ал әйелі онымен салыстырғанда мүлде шөгіп, екі бүктеліп қалыпты, оның үстіне, «о» әрпі сияқты иіліп қалған қамытаяғын әзер қозғап, ілбіп басады. Өткен өмірдің мехнаты мен тұла бойын меңдеп алған сырқаттың азабы жанына әбден батып, жаншылып қалған тәрізді. Бір уыс боп шәушиген бетін өрмекшінің торындай терең әжімдер олай да, былай да аяусыз шимайлай беріпті. Байғұс әйел үнемі көзін төмен салып, аяғының астына қарап жүреді. Қасындағы әңгіме айтып келе жатқан кісінің жүзіне зер салғысы келсе, еріксіз басын шалқайтады. Бірақ ақырын сыбырлап шығатын даусы құлаққа сондай жағымды әрі аз сөйлесе де ойын нақты, ұғынықты етіп жеткізеді. Ең ғажабы, оның жүзінен өкпе-реніштің, ашу-ызаның, ауру адамға тән шарасыздықтың ізі де байқалмайды, есесіне «тағдыр салды, мен көндім» дегендей, мықты сабыр, терең төзім, ерекше жігер сезіледі. Ал күйеуі болса қолынан келген жақсылығын жасап, жаны қалмай қасында бәйек болып жүреді. Ол шамасы, сырт көзге босбелбеу, иі жұмсақ кісі сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, өте күшті, өз отбасы үшін отқа да, суға да түсуге бейіл азамат болса керек.
Қымбаттым, қартайған кезде мен де саған сондай ілтипат білдіріп, қолтығыңнан демеп, сүйеу болып жүрем ғой деуші ем… иә-ә, иә, сені аялап, сені сыйлап, сені құрметтеп өтер ем. Сөз жоқ… сөйтер едім. Бірақ тағдырдың үкімі басқа боларын кім білген…
Мұның өзі, осыдан төрт ай бұрын басталмап па еді. Менің ағзамнан ақыры аты жаман аурудың белгісі табылды. Онсыз да денемді меңдеп алған дерт жеткілікті еді… Неге екені, дәрігерлер де, туыстарым да – бәрі шындықты менен жасыруға тырысты. Олар сірә, менің күшті, қайратты екеніме іштей күмәнданады-ау деймін, сол үшін де әлгі диагноздың қорытындысын естісем, жағдайым күрт нашарлап кетер деп ойлаған болар. Бірақ мен де дәрігер емеспін бе, оның үстіне, бақандай 43 жылдық тәжірибем бар. Сондықтан да оны менің сезбеуім, білмеуім мүмкін емес еді.
Жер бетіндегі өмірімнің соңғы төрт айы… Оның әрбір сәті біз үшін үнсіз қоштасу, бақұлдасу болды. Иә-ә… өте ауыр, шексіз қоштасулар еді… Бірде мен тәуекелге бел буып, оған ойымдағыны жасырмай, ашық айта салдым. Біз екеуміз жаман өмір сүрмеген сияқтымыз деп, шүкіршілік жасадым. «Сен не! Қой ондай сөзді!», – деп ол шошып кетті. «Көп ұзамай мен дауыстан айырыламын, сол кезде саған айтқым келген нәрселерді айта алмай қалуым мүмкін. Кінәм болса, кеш мені, кеш», – дедім. «Не үшін кешірім сұрайсың?! Сен мені ешқашан ренжіткен жоқсың ғой. Мен саған қашан да ризамын. Сенімен бірге барлық уақытта бақытты болдым», – деді ол таусыла сөйлеп.
Мен де өмірге риза екенімді, әлі де болса біраз уақыт жарық дүниеде өздеріңмен бірге бола тұратынымды, ақтық демім таусылғанша тіршілік етуге ұмтылатынымды сездіруге тырысқаныммен, күннен-күнге мынау жер бетіндегі тірліктен алыстап бара жатқанымды сезіп, біліп жаттым. «Ана жақтағы» күтіп жүрген әке-шешемді, жақын туыстарымды жиі көретін болдым. Түн ортасында ұйқым қашып, бөлменің ішін ары-бері кезіп жүргенімде бұдан біраз жыл бұрын дүние салған екі досымның бірінен кейін бірі соңымнан еріп, иығыма қолын тигізбек болғанын сезетінмін.
Ол мені сабырға шақырып, төсегімнің бас жағында кезінде әкем ұстаған, кей тұстарына қағаз салып, белгілеп кеткен Құран тұрғанын есіме салады.
Әкем жарықтық өте ұстамды, байыпты, өзінің әрбір ісіне сенімді кісі еді. Өмірінің соңғы күндерінде мен оның әлденеге мазасыздана бастағанын байқадым; қашанда мейірім шашып тұратын тұңғиық қара көздері суланып, әлденеге іштей алаңдайтыны анық сезілді. Кейде тіпті, көзінен мөп-мөлдір жас тамшылары үзіліп түсіп, төмен қарай сырғанап бара жатушы еді. Оны көру маған әрі таңсық, әрі ауыр болатын…
Ал менің көзімде жас жоқ. Жаныма батқан дертті жеңілдетіп, жүрегімді, кеудемді тастай уысына сығымдап қысып алған сырқатымды, мынау жарық дүниеге деген қимас сезімімді көз жасыммен бірге шығара алмадым. Мен үнемі сол жайында ойладым, ақыл-ойым, сана-сезімім осы тақырыпқа қайта-қайта айналып соға берді. Өз әкемнің, жақында ғана тірі жүрген кісінің кенеттен ғайып болып кеткеніне сене алмай жүрген қапалы күндерді еске алдым. Қайда?.. Қайда ол дейтінмін. Мен үшін аса қымбат, бір-бірімізді үнсіз түсінетін әкемнің расында да мәңгілікке бір төмпешік болып қалғаны ма?.. Ол енді ешқашан қайтып келмейді, мен оны енді ешқашан көрмеймін дегенге қалай сенбекпін…
Кейде өмірден түңіліп, баз кешіп кетемін. Әлденеше рет екі дүниенің шекарасына барып қайтқандай болдым. Өзіміз тұратын тоғызыншы қабаттан секіріп кеткім келді, асылып өлсем бе деп те ойладым. Бірақ қалай, қайтіп?..
Бірде мен оған: «Менің өлгім келеді, бірақ сені жалғыз қалай тастап кетем?! Одан да, кел, екеуміз терезеден бірге қарғиық. Ең дұрысы сол болар», – дедім.
Ол мені құшақтап, көзіме көзін қадап: «Не деп жатырсың?! Балаларды ойласаңшы, олар содан кейін қалай өмір сүреді? Бұ дүниеден әркім өз абыройымен аттанғаны жөн емес пе. Есіңде ме, қариялар: «О жасаған ием, екі дүниеде де абыройымыздан айыра көрме деп тілеуші еді ғой. Сен бүйтіп Құдайға қарсы келме. Алланың берген жасын жасармыз. Бәріміздің барар жеріміз бір. Тек жолымыз ғана бөлек болар», – деді.
Оған да оңай емес, әрине, өзін-өзі ұстап, морт сынып кетпеуге тырысады; Жаратқан иемізден менің азабымды жеңілдетуін тілеп, шын пейілімен егіліп дұға жасайды, қатал тағдырдың басқа салғанына көнеді. Соңғы күндері осындай шарасыздықтың әсерінен біздің арамызда бұрын-соңды болмаған бір оқшаулық пайда болды. Мен оны кінәлағам жоқ. Бұл оның өзін де, мені де алдағы тағдырдың бұйрығына икемдей бастағаны еді… Рас, ол бұрын да маған байқатпай шағадати кәлиманы есіме салып, бір-екі рет айтқан-ды. Мен ештеңе сезбегендей болып қайталадым… оның мені бақилық сапарға дайындап жатқанын мүлде білмегендей кейіп таныттым…
Міне, ең соңғы сәт те келіп жетті. Бұған дейін болмаған бір сұмдық ауру, сұмдық дерт кеудемді жарып барады…
Ал сонсоң… жалғыз соның ғана даусын естідім… ол аһ ұрып, булығып жылады. Иман үйіру – оның мен үшін жасай алатын ендігі қалған жалғыз шарасы… ол мені мәңгілік сапарға шығарып салып тұр…
Қайғырма, жылама, қымбаттым, мұнда менің жағдайым жақсы, ұзақ уақыт бойы жанымды азаптаған ауру сап басылды. Мен енді… сені күтемін. Бірақ сен асықпа: әзірге балалардың жанында бол. Ал мен сенің жаныңда жүре беремін айналып.
Сен шелпек пісіріп, маған құран бағыштап, сонсоң терезені ашасың да, зеңгір аспанға қарайсың…
Әне, сол кезде бір қараторғай сайрап, саған қарай алыстан ұшып келе жатады.
Орысшадан тәржімалаған
Нұрғали ОРАЗ.