ЕСҚОЖА БАБА
02.12.2016
1623
0

Өмірбай ӨМІРЗАҚ


1. Пролог
Есқожа деген елімнен,
Ерлер шыққан еңіреген.
Кім жүрген менің шенімнен,
Асыл-жауһар кеткен жоқ,
Әсте менің белімнен.
                                            ЖАМБЫЛ.

Тарбағатай, Сауырдан бастау алып,
Аягөз сансыз қырдан асқан анық.
Лепсі құмға қарай желпінеді,
Су емес, суырылған дастан ағып.

Алашқа жайылғанда жайлы атағы,
Жетісу құс біткенді сайратады.
Қара жол қалтырайды қалытқыдай,
Ақсуды кешіп барып Ай батады.

Балқытып басқан жерін барады, әне,
Уақыт – замананың қара нары.
Күндіз күміс, түнімен алтын аққан,
Қаратал қаздай мамық таранады.

Шежіре шегенделген мың ғасырмен,
Мың ғасырмен бүгінгі сырласың мен.
Үміттің ақ сәулесі суға айналып,
Шымырлап Шудай үнсіз құмға сіңген.

Көл де қалып елсізде шағалалы,
Боз сағым боз қанатын қағады ары.
Жауқазын жүректегі жалғыз үміт,
Адыраспан гүліндей ағарады.

Үкімін үнсіз жолдап патша тақтан,
Күркіреп зеңбірегі қырды қаққан.
Отқа орап Шымқала мен Таразымды,
Қоқаңдап қоқандықтар атқа шапқан.

Күйі жоқ қонысынан ауған елдің,
Қаңсыған ескі жұртта қауға көрдім.
Барар жер, басар тауы жоқ қазаққа,
Жаратқан өзің ғана сауға бергін.

2. Екінші толғаныс
Суықтөбе басы биік,
Мұнар шалған бауырын.
Бура бұлты жасын иіп,
Шарықтатқан тау ұлын.

Бала бұлақ мөлдіреген,
Жанға шипа дәру сынды.
Таудан ғажап көлді көрдім,
Тамсандырған бар Үйсінді.

Өткір екен шалғыдан бір,
Шыңдар, шыңдар! Қалталанған!
Сүйінбайы шалқыған жыр,
Батырлары арқаланған.

Бұл Байсында тұрған адам,
Заманынан асып туып.
Қарасайы ту қадаған,
Жер кіндігін басып тұрып.

Байқалмайды ұлан сыры,
Бәйге сүрлеу қырда қалған.
Саурық пенен Сұраншыны,
Жамбыл болып жырлау арман!

Не болса да бастап көрем…

3. Бірінші жыр
Құлашы аламанда жазылатын,
Мырзабектен төгілді Бәзіл ақын.
Сұңқардай шашып барып жіліктеді,
Шежіренің сүбелі қазынасын.
Гүл өлке үлбіреген жаныңа азық,
Бұлақтың жазықтағы әні нәзік.
Майтөбе мен Қастекті көгендеген,
Сарымсақты, сағақты Сарыжазық.

Өр ақын бар билікті мықтыдан ап,
Қыран көз жан-жағына шықты қарап.
Тарт, өрге! – деді ызғарлы Шойынжан би,
Мырзабекті билеген түкті қабақ.

Ақылмен әлімсақтан алдын орай,
Шашылды көкжиектен алтын арай.
Сабырын салиқалы сақтаған жан,
Тағынан иек қақты хан Нұрабай!

Жаратқан шашса ылғи баққа нұрды,
Көңілден күмістей бір ақ қағылды.
Балпаң басқан Саурықты жетелеп кеп,
Көкжал Кәшке күлімдеп топқа кірді.
– Ағайын, айналайын дидарыңнан,
Алпыс екі тамырым мида ағылған.
Қарадан төре атанған бозым едім,
Ақ көңіл әлпештеген сыйға құрбан.

Жүйріктің тасырқаса тағасызы,
Жасқантады мұндай да аға сұсы.
Түрікпеннің тұлғалы немересі,
Қарақыпшақ Қобыланды нағашысы.

Шапағаты мол тиген жиі еліне,
Жол берем Қараштайын киеліме.
Жол берем бауырыма, баһадүрге –
Құрама Құлпы бидің жиеніне.

Жарасқан меңдей әсем гауһарыма,
Ақ байла Майтөбеде тау талына.
Есқожаның аруағы қолдап жүрсін,
Бата бер мына шұбар таутаныңа.

Болатқа өң кірмей ме қақтағанда,
Бұл Үлпет әлі-ақ мінер ақтабанға.
Жанардан жасын көрдім жарқылдаған,
Қылыштан ары-бері аттағанда.

– Аумин! Бата бердім қолыңды жай,
Әрқашан сараласын жолын құдай.
Алатауға жарассын нар тұлғасы,
Жалдағы гүлдеп тұрған тобылғыдай.

Айналсын иісі қазақ ардағынан,
Таңдай атсын таулардың ар жағынан.
Қолтығы тұлпарлардың сөгілгенде,
Қолдасын Қарасайдан қалған ұран.

Боз сағым көз ұшынан бұрып белді,
Сары жел желпіп өтсе тұнық көлді.
Қараштың әр сөзіне дән риза,
Көпшілік қолдап ала жүріп берді.

Екінші жыр
Есқожа қас батырым, қарқаралым,
Ар жүгін, ел намысын арқаладың.
Арысым, алпамысым, әрі ақылшым,
Ойыңнан айналайын шалқар ағын.

Мұратқа айдар қойған ұл жетеді,
Көктейді Малдыстықтың құлжа тегі.
Сабырға өз ақылың тізгін болсын,
Бура күн буырқанып бұл да өтеді.

Бусанса байтақ өлке алып туған,
Қызғалдақ қол бұлғайды жанып қырдан.
Арыстанның жалындай далбағайы,
Көксауыт көздің жауын қарықтырған.

Боз оба қалды артта «Қаңлы күлген»,
Уыт ой, усойқы боп тамды тілден.
Қара жер, уық – бесік тербетілді,
«Ой желке» жол жорғасын салды бірден.

Осында асқаның да, тосқаның да,
Бәрі де тезге түсті қас-қағымда.
Жау қарасы ірілеп түсті көзге,
Найманбайдың белінен асқанында.

Шоқпарға тіл біткендей тақымдағы,
Қызыл қан қап-қара боп ақылдағы,
Қуғыншы тамырлата бұлақ бойлай,
Есқожа сарбазымен жақындады.

Бұлт оранып аспанның тегіс төрі,
Қынаптай үңірейді өңі іштегі.
Қызыл ауыз ақ бозын тең тебініп,
Қылыш ұстап Ақкөбік еңістеді.

Шалдырған елден шыға боз қасқаны,
Қараниет адамның өзге аспаны.
Әкесінің төрінде отырғандай,
Қарасақал бас батыр сөз бастады.

– Тыңдағын, екі жақтың елшілері,
Кімге түсер бұл жолы көр шідері.
Көзтаныс, көрші жатқан жамағатпыз,
Есқожа, мықты болсаң келші бері!

Ер болсаң Ақкөбіктей тасынарсың,
Ашынарсың, ботам-ай, ашынарсың.
Домалап Майтөбенің етегінде
Бір қазақтың қиылған басы қалсын.

Жетіпсің-ау, кәрі боз алып-ұшып,
Сауытың барқын күнге шағылысып.
Жайлауымда жатады енді малың,
Ыстықкөлдің суынан қанып ішіп.
Әлсіздің жұртта қалған қосы қара,
Күлкі болдың, мінеки, досыңа да.
Талай-талай батырды шөктіргенмін,
Әулиені көргенім осы ғана.

Дүркіреп қорығынан құлан қашты,
Адамда да бар екен жыланбасты.
Жын ба, әлде, пері ме көктен түскен,
Ажалына ұмтылды бір албасты.

– Сабырға шақырамын алғашқыда,
Қызбадан, қазымырдан қалмас мұра.
Ежелден қадірлісің, қырғыз елі,
Бір жағы үкілеген жамбас құда.

Көңілде қалып ойдың қара қағы,
Бауырлас от өшпесін арадағы.
Негізі, жылқы қуу жау ісі ғой,
Ел бірлігін бұзғаның жарамады.

Сөзімнен бұзылмайды мақал әрі,
(Жолда қап Ақкөбіктің атақ, ары).
Қызыл ауыз, ақбоздың бақытына
Осы сай «Қызыл ауыз» атанады.

Алдаспанын алатын терең малып,
Қазақ қой, әрқашан да кенен халық.
Көкөзектің мол суы көбік шашар,
Күркіреуік астында денең қалып.

Үзеңгі теңестірдің қашан маған,
Өзіңді айдаһар ой қоса арбаған.
Ішіңде қара қазан сақырлады
Қайта бір, Алатаудан аса алмаған.

Іңкәр жанмын көретін зейінді көл,
Жарқын ой жиһанкезден кейін жүрер.
Таста қалған тұяғын «Ойжелкенің»,
Тұлпар ізі деп айтар кейінгілер.

Ұмтылған Есқожаның пірі басып,
Ақкөбік секем алды түрі қашып.
Қылышын сонда-дағы сермейді өткір,
Үрейі қашқан шақта Қырым асып.

Қалқаннан үйіріле жанды жалын,
Сұм ажал алады екен аңдығанын.
Шоқпарға Ақкөбіктің өзі ұрынды,
Тізгінсіз тоқтата алмай арғымағын.

Сұмдықты қос шеріктің көзі көрді,
Елік үрей зауласа кезіп өрді.
Ойжелкеден түсе қап алып тұлға
Иман суын бұлақтың өзі берді…

Желпінген шақта суық жан ызғары,
Қалтырады қыр гүлі тамыздағы.
Ақындар мен батырлар елі деген,
Есқожадан осылай аңыз қалды.

3. Есқожа өсиеті
Бетегелі белесте,
Талайлымен егеспе.
Қиялай ұшқан қарлығаш –
Жаз еркесі емес пе.

Қаймықпа қысқы ызғардан,
Өрісті сақта із қалған.
Жарымайды қоңсыға
Қоғалы көлді қызғанған.

Басыңда бүтін баспана,
Тәуба деп отыр асқа да.
Шыңырау құдық екен деп,
Қауғаңды қатты тастама.

Өсекші тұрса тұсыңда,
Атағың кетер Мысырға.
Бұрқыратып Бетпақты
Күліңді желге ұшырма.

Тоғайлы жерде тұйғын көп,
Жылынғын құрғақ қиды үрлеп.
Сырыңды ашпа жауыңа,
Жамаулы киім кидім деп.

Пенденің ісі уақ-ты,
Тәңірім ғана қуатты.
Жадағай, жайдақ екен деп,
Орынсыз кешпе суатты.

Таға алмай келем елге мін,
Осында кепкен жөргегім.
Жұртта қалған қазыққа,
Оралып қайта келмегін.

Бала тілі – бал болар,
Өзен көркі – тал болар.
Қара тілдің данасы,
Ауылдың сәні – шал болар.

Арылмас әсте кие, құт,
Несібем күнді жиі еміп.
Түсімді көрген айтайын,
Алатауға сүйеніп.

Дұрыс пішіп толымын,
Бұралған тілдің жолы мың.
Айналайын, ақ жұртым,
Ақ байлап, адал жорығын.

«…Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде…»
Мамықта жатып түс көрдім,
Білмедім ұзақ, келте ме?

Күңгірттеніп күле кеш,
Не түн емес, күн емес.
Жарқырап кетті айнала,
Елесті қуып бір елес.

Жағалай жалын тез жанып,
Жаңғырық шыңды кезді анық.
Жақындады жұлдыздар,
Бүгіле таулар қозғалып.

Білмедім қайда арланы,
Самала көздер жанды, әне.
Аң патшасы арыстан,
Ақсиды жеті сармағы.

Осы бір жайға таңғалып,
Түйіндей алмай аңғарып,
Төсегімде ояндым,
Көзімді ашсам жап-жарық.

Жаһанда мынау базарлы,
Дәретті, әрі азанды,
Қақ жарылып қалың ел
Өскенбай абыз сөз алды.

– Самғашы бозым, самғашы,
Ай менен Тұмар таңбасы.
Жолыңа шырақ жағыпты
Пайғамбар берген балбасы.

Жетімдерін жебеген,
Кемтарларын еңеген.
Шаңырағың – береке,
Айшықталар керегең.

Тілегіне жетіп ел,
Кетілген тұяқ жетілер.
Арыстанның жеті сармағы
Өзіңнен қалған жеті бел.

Сөзіңе сай боп жасағы,
Ұрпағың шыңнан асады.
Ақ киізбен көтерген
Хандықпен жерді басады.

Абыздың лаулап реңі,
Сыйынғаны пір еді.
Ағытып кемер белдігін,
Саурыққа ғұмыр тіледі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір