Асылтекті алыбым
02.12.2016
1189
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН


Осыдан тұп-тура бір айы кем он жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2006 жылдың
30 желтоқсаны күні кешкі сағат 19.00-дер шамасында қазаққа қадірі асқан қаһарман-жазушы Қасым Қайсенов өмірден озған еді.

Аға туралы азалы хабарды естіген сәтте 2006 жылдың  30 желтоқсаны күні күнделік дәптеріме мына бір сөздерді жазыппын:
Бүгін…
Қазақтың  алып  жүректі  ұлы перзенттері­нің бірі, үлкен ақыл мен парасаттың, адам­гершілік пен кісіліктің, намыс пен жігердің иесі болған, аты көзі тірісінде аңызға айналған Қасым Қайсенов дүниеден озды.
Соңғы оншақты жыл ішінде мен Қасекең­мен әкелі-балалы, ағалы-інідей болып қатты  араласып, ұғысып, білісіп, тіпті сырласып та кетіп едім. Ойы зерек, парасат-пайымы терең, аса сабырлы,  ұлтжанды кісі еді. Мына дүние­ге, қоғамда болып жатқан өзгеріс атаулыға, әр жаңалық, әр құбылысқа өз көзқарасы болатын. Мінезі сырт қарағанда кедір-бұдыры көп болып көрінгенімен, ішкі жан дүниесі ерекше кең еді, таза болатын. Еміренген кезінде ойы тебіреніп, жүрегі сөйлеп отырғандай болатын…
Әр жолыққан сайын ол кісінің бойынан қарапайымдылық пен қаһармандықтың ғажайып қазақи, адами үлгісін көргендей болатынмын. Қасекең тумысынан шешен кісі еді. Мінбеге көтерілмес бұрын, ойын әбден қорытып алып, ауызекі сөйлегенде кез келген тыңдаушысын үйіріп әкететін, ұйытып әкететін… Кейде үндемей отырғанының өзі мінбеге шығып алып, аузы көпіріп тұратын­дардан әлдеқайда басым көрінетін. Ол кісі аудиторияны қалай сыйласа, өзінің де аудитория алдындағы қадірін ұмытпайтын, бір сөзбен айтқанда, өзінің орны мен бағасын білетін.
Білгендіктен де… Әлдекімге жағымпаздан­ғысы келгендерді көрсе, ұнатпайтын. Ұнат­пағанын сұсты өңімен, суық көзқарасымен  байқататын. Көр-жерге сөзін беталды қор етіп, шашылмайтын. Тіпті болмаса, сөзін қысқа  қайырып, кесіп тастайтын.
Иә…
Алашым деген алып жүрек соғысын тоқ­тат­ты…
Қош, бақұл, асылтекті алып аға?» деп аға рухымен ойша тілдесіппін.
Мына қоштасу өлеңі де сол күндерде жазылыпты. Араға он жыл салып, күнделік бетіне асығыс түскен жазбаны да, өлеңді де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Рухыңыз екі дүние рахаты мен абыройына тең бөленсін, аға!

Елім десе – қуанған,
Жерім десе – жұбанған,
ойын отпен суарған,
серт жолында семсер боп,
шындық үшін қуарған;
еміреніп сөз сөйлеп,
тебіреніп ту алған.

Сәуле шашып көгімнен,
нұры алысқа төгілген.
қаһарланса, тыңайып,
Қазағым деп, мұңайып,
тұлпар мініп, тебінген,
бауырым деп, сөгілген,
дәуірім деп, егілген…
Арыстардың айбынды
Сөзіндей ең – жыр сынды,
алыптардың айдынды
өзіңдей ең – мір сынды…
Түлеп өскен өртеңде
асылым ең, жан аға,
тура бастар ертеңге
ғасырым ең, жан аға.

Бөлекше еді өрің де,
ерекше еді төрің де,
төрт қиыры елімнің:
«Екі тумас ерім», дер;
құшағы кең кімге де,
қиырға үні жететін,
Сен көрінген мінбе де
Аруақтанып кететін.

Көрген елге дем берер,
теңгерместі теңгерер,
пана болған ұлтына,
жаға болған жұртына,
кесіп айтар анығың,
өзгеше еді Қалыбың,
Қош! Бақұл бол, жан аға,
Асылтекті Алыбым!

01 қаңтар,
2007 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір