БАСЫМЫЗҒА ӨЗ БӨРКІМІЗДІ КИГЕНІМІЗДІҢ АРҚАСЫ
02.12.2016
1098
0

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын


Жер бетінде мыңнан астам (кейбір деректерде сәл көбірек) ұлт бар болса, соның 200-інің ғана мемлекеті бар екен. Аллаға шүкір, сол екі жүздің ішінде он миллион қазақ та бар. Саны жағынан бізді бірнеше орап алатын көптеген ұлттардың бі­реуге жалтақтап отырғанын еске алғанда, өзінің туы, тілі, астанасы, әлемдік нормаларға сай бекі­тілген шекарасы бар мемлекетің болғанына тәубе дейсің.

1986 жылы мектеп бітіріп, Ал­матыға келгенде бейне бір жат қа­лаға келгендей күй кешкенім есім­де. Ол кезде Алматы түгілі об­лыс орталықтарында да өз ті­лімізде шүйіркелескен  адамды си­рек көруші едік қой. Осы күні қай жерде де қазақша қауқыл­дас­қан жұртты көріп, шүкіршілік ете­сің.
1991 жылы  21 томдық «Қара­қал­пақ  фольклорын»  әкеліп бер­генімде курстасым Әділ Ботпа­нов саны аз, біреуге күні қара­ған автономиялы респуб­ликаның осыншама байлықты жүйелеп, қағазға түсіргеніне қат­ты таңғал­ған. Кейін университет бі­тіріп, ҚР Ғылым академия­сы­ның «Әде­биет және өнер» институтына жұмысқа тұрған сәтімде біз­дің де мол мұрамызды жүйелеу жө­­нінде бастама көтеріліп, нақты жос­пар жасалғанына куә болға­ным бар. Нәтижесінде 100 том­дық «Бабалар сөзі» дүниеге келді. Бұл да ең әуелі басымызға өз бөр­кімізді кигеніміздің арқасы!
Қазір әр облыс өз  топыра­ғында ту­ған таланттарды түгендей бас­тады. Осы ретте 2005 жылы Ақтө­бе­де сонау Асанқайғыдан бастап бү­гінгі біздің қатарымызға  дейін­гі сөз иелерінің  «Жәдігер» атты антологиясы жарыққа  шық­ты. «Ақ­төбе кітапханасы» сериясымен әзірге 23 том  кітап шықты.   Ақ­төбеде енді облыс әкімі  Берді­бек  Сапарбаевтың қолдауымен «Адырна» атты респуб­ликалық  әдеби-көркем, көпшілік журналы оқырманға жол тартты.
Музыкадағы Әуезовіміз атан­ған  Ахмет Жұбановқа бірде «Ақ­тө­беде емес, Қаратөбеде тумаған екем…» дегізген, классик жазушы Тахауи Ахтановқа, одан бергі сан дарынға «Ақтөбе қабылда­май­ды…» деген шарасыз сөзді айт­қыз­ған Ақтөбенің қақ төрінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атақты «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне ескерткіш қойыл­ды. Тахаң мен Қуан ағаның әдемі ескерткіші бой көтерді. Көше­леріміз аруақты бабаларымыздың есімдерін иеленді. Бұл да Тәуел­сіз­діктің арқасы!
Тәуелсіздік тұсында әдебиетке келген біздің буын, бізден кейінгі буын қал-қадерінше еңбек етіп ке­леді.
Бір кезде ағаларымызға газет-журналға шығармаларын баспа­сөзге жариялау қиын  болса, қазір ондай мәселе жоқ. Басылымдарды айтпағанда, жаңа ғана жазған дүниеңді әлеуметтік желі арқылы немесе сайт, порталдар ар­қылы жариялап жіберуге мүм­кіндік бар.
Қазір баспалар жақсы автор­ларға өздері шыға бастады. Осы арада айта кететін бір мәселе бар. Біздің ағаларымыз бұрын 50-ге кел­генде барып, мұқабасын қа­тырма қағазбен, 15-20 баспа­табақ кітап шығарса, қазір әдебиетке келгеніне көп бола қоймаған та­лап­кер де сондай мүмкіндікке ие. Баспалар да солай талап қояды. Меніңше, осы мәселеге бір үңілу керек сияқты. Баспа бекіткен кө­лемді толтыра алмаған жас та­лап­кер  жанталасады. Ал бұл өз ке­зегінде сапаға әсер етеді. Ме­нің­ше, жас талапкерге 5 баспа­та­бақ көлеміндегі  кітап та аздық ет­пейтін секілді. Әрине, хас та­лант­қа ешкім тұсау болмайтыны хақ.
Осы кезге қаламақы мәселесі ше­шілмегені, кітаптардың өте аз тиражбен тарайтыны, өкінішті-ақ. Бұл мәселелер алдағы уақытта ше­шімін табады деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір