Мақсатымыз – Тәуелсіздікті баянды ету
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Нұрлан Оразалин өткен тарихқа шолу жасай отыра, Тәуелсіздіктің мән-мағынасы, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігіміз жөнінде жақсы баяндама жасап, үлкен ойлар айтты. Осы ретте, Сіздерді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтағым келіп отыр! Бағана: «Тәуелсіздік – ұлт тұтастығының белгісі» деген сөз айтылып қалды. Бәзбіреулер үшін Тәуелсіздік Көктен түсе қалған сияқты, оңай келе қалған секілді көрінуі мүмкін. Нақтысында, олай емес. Тәуелсіздік – ғасырлар қойнауына кеткен ата-бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен киелі ұғым. Тіптен арыға бармай-ақ, бергі «Зар заман» кезеңі, Алаш көсемдері, Совет Одағы тұсындағы қазақ қаншама қиындықты, қаншама зобалаңды басынан өткерді. Осы Тәуелсіздік турасында көптеген шығармалар жазылды!
Егемендік үшін күрес ешқашан тоқтамайды. Себебі, Алып империялардың Әлемді басқару жолындағы жорығы кезінде Тәуелсіздік үшін күрес жалғаса бермек деп ойлаймын. 25 жылда жеткен жетістігіміз бен әлі жүзеге асырылмаған біршама дүниелеріміз бар. Бізге алакөзденіп отырғандар да жетерлік. Тіл шұбарлығы, дін шұбарлығы осындай бір ойға жетелейді екен. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау – қаламды қару еткен қауымның мойнында екенін ұмытпағайсыздар. «Егемендігіміз, Азаттығымыз турасында туындылар жоқ…», – деп ауызды құр шөппен сүртуге дағдыланғанбыз. Бұл оймен келіспеймін. 25 жыл ішінде қаншама шығармалар туды. Бір ғана мысал келтірейін… Жуырда, Астанада Әбіш Кекілбаев шығармашылығына байланысты үлкен жиын өтті. Ондағы қарымды қаламгердің «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген мақалаларының өзі 1600 беттен асады екен. Сондағы 500 бет кірпіштей кітап болып шықты. Көптеген поэмалар, романдар, повестер, әңгімелер жазылды. Сол себепті, Сіздерді ұлт байрағының түбінен табылуға шақырамын. Осы ретте, ақын-жазушылар ұсақ-түйек, ырың-жырың, бос сөз, қысыр әңгіме, пендешілік, кекшілдік, қастастық секілді кесірлі нәрселерден биік болуы керек. Өйткені, Біз Еңселі елдің қаламгерлеріміз! Ұлттық мүддені қорғап, ұлттық мәселелерді шешетін уақыт әлі алда деп білемін. Сыншыларымыз, әдебиеттанушыларымыз ширек ғасыр ішінде не жазылып, не жазылмағанын саралап, сараптап, көпшілікке түсіндірсе деген тілек бар. Біздің ең басты мақсатымыз – жастар жүрегінде отансүйгіштік, елжандылық сезімін оятып, тәрбиелеп, солар оқитын жақсы шығармалар жазу, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп танып, Тәуелсіздікті баянды ету. Бәріңізге рахмет, мерекеміз құтты болсын!..