Қисындылық пен даналықтың айқын дәлелі
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері, міне, 25 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.
Тәуелсіздігін жариялаған соң Қазақстан қоғамды жүйелі реформалауға кірісті. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сол кездегі мәлімдемесі бойынша, Қазақстан бұрынғы саяси және экономикалық жүйеден толық бас тартты. Мемлекет алдында демо-
кратиялық, құқықтық мемлекет құру, әлеуметтік бағдарланған нарықтық қатынасқа көшу, мемлекеттік тәуелсіздікті күшейту сияқты заманауи маңызды міндеттер тұрды.
Республиканың егемендігін алуы Қазақстанның алдына тек қана өзінің сыртқы саяси стратегиясын құру ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең күшті мемлекеттермен саяси және дипломатиялық қарым-қатынас орнату арқылы әлемдік қауымдастыққа кіру міндетін тартты. Қазақстан мен басқа да кеңістіктен кейінгі республикалар үшін халықаралық қауымдастыққа кірудегі басты қиындық қысқа мерзім ішінде нарықтық бағыттағы экономиканы құру үшін стратегиялық ұстанымдарды айқындау, саяси құрылымды демократияландыру мен қоғамдық қатынастарды жаңарту ғана емес, сонымен қатар, мемлекетаралық ынтымақтастықтың мазмұны мен түрлерін анықтау, сыртқы саясаттағы бағыттарды, басымдықтарды таңдау қажеттігі еді.
Бұл кезеңде Қазақстанның алдында жаңа мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оны халықаралық аренада таныту мен әлемдік экономикалық байланыстарға қосу мәселелерін шешу міндеті тұрды. Бірақ сыртқы саяси қызметтің басты салаларындағы қиындықтар, әсіресе сол кезеңде Сыртқы істер министрлігі әлі құрылмаған болатын, шет елдерде бірде-бір дипломатиялық өкілдік болмады, білікті мамандар жоқтың қасы еді. Осы жағдайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айтуы бойынша, мемлекетаралық қарым-қатынастардың толық келісім негізін құру керек болды. Достастық пен ынтымақтастық келісімдеріне, қарым-қатынастардың негізі туралы келісімдерге қол қоймай іскерлік байланыстарды орнату мүмкін емес еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап, көптеген дамыған мемлекеттермен толық ауқымды экономикалық келісімдерге қол қойып, саудада қолайлы жүйе орнатуға бірте-бірте қол жеткіздік.
Қазақстан өзінің сыртқы саяси мақсаттарын айқын анықтады, ол – ұлттық қауіпсіздікті және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, алыс және жақын шет елдермен байланыстарды кеңейту, еліміздің экономикасына инвестиция салуға қабілетті тиімді әріптестерді іздестіру болды. Елбасы Қазақстан қазіргі заман талаптарына жауап беретін және ұлттық-мемлекеттік құндылықтарға сәйкес сыртқы саясат жүргізуі қажет деп есептеді.
Еліміз геосаяси жағдайына байланысты алыс, жақын жатқан мемлекеттер тарапынан қызығушылық тудырды. Географиялық орналасуы және оның ұлттық мүдделері сияқты ұзақ мерзімді сипаты бар факторлардың ықпалымен Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басымдық берілетін бағыттары қалыптаса бастады. Жаһандық сипаттағы қауіп-қатердің пайда болуына, жаһандану үдерісі мен жаңа технологиялардың дамуына, жаңа экономикалық құрылымның қалыптасуына, аймақтық деңгейдегі халықаралық ынтымақтастықтың тереңдеуінің сан алуандығына байланысты дүние жүзінде болып жатқан түбірлі де дүбірлі өзгерістер мемлекетіміздің сыртқы саясатының бағытына түзетулер енгізуге мәжбүрлейді. Өзекті халықаралық проблемаларды шешуге қатысты жедел әрі икемді үн қатысу мақсаты осы мәселелерде жаңа көзқарастарды әзірлеуді және жүзеге асыруды қажет етеді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін халықаралық ұйымдармен, атап айтатын болсақ, БҰҰ, НАТО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және т.б. бейбіт қатынастарды реттей бастады. Қазақстан халықаралық ұйымдарға нақтылы мүшелігін ғана емес, сонымен қатар мемлекет мүдделерін қорғау мен қамтамасыз ету және әлемдік саясаттағы Қазақстанның ролі мен алатын орнынан туындайтын, осы ұйым тарапынан қарастырылатын мәселелер бойынша өзіндік нақты ұстанымдарының болуын қамтамасыз етті деуге болады.
Елбасының сыртқы экономикалық қызметті реформалауы Қазақстан Республикасына әлемдік экономикалық үдерістің мүшесі болу мүмкіндігін берді. Халықаралық экономикалық ынтымақтастық пен әлемдік экономикаға кірігу ҚР ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторына айналды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының сауда қатынастары әлемнің 180 мемлекетімен орнатылған. Сыртқы экономикалық саясатты жаңғыртудың келесі кезеңі қазақстандық экспорттаушылардың өнімдерін халықаралық нарыққа шығару немесе ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды.
Қазақстанның Азия мен Еуропаның қиылысындағы геосаяси орналасуы, экономикалық және әскери-саяси мүдделері, сонымен қатар қазіргі экономикалық әлеуетінің болуы оны ірі аймақтық мемлекет ретінде қалыптастырудың алғы шарттары болды. Қазақстан өзара қауіпсіздікке, егемендікті құрмет тұтуға, аумақтық тұтастық принциптерімен өзінің төңірегінде тұрақтылық пен ізгі көршілік аймағын қалыптастыруға мүдделі.
ХХ ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік дамуда жаһандану үдерісі басталып, тез қарқынмен дамып келеді. Дамыған елдер барынша үстемдік жүргізу әрекеттеріне, географиялық орналасуына, көмірсутегі шикізатын шығару мүмкіндігіне қарай топтасып алып, ықпал жүргізу аймақтары үшін нағыз талас басталды. Жаһанданудың басты бір талабы – кез келген мемлекеттің қандай да болсын бір қоғамдастық құрамына кіру қажеттігі болып қалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған еуразияшылдық идеясының дүниеге айрықша қатынас түріндегі мәдени-философиялық доктрина ретінде іске асыру осы теңсіздікті жоюдың басты жолы, адам тіршілігінің әр түрлі тараптарын үйлестірудің бірден-бір тәсілі болар еді.
Бүгінгі таңда Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы байсалды да парасатты қадамдарының арқасында көрші мемлекеттермен тұрақты өзара ықпалдастық әрі тең әріптестік орнатқан, осының негізінде біртұтас экономикалық кеңістік – Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру секілді өміршең үрдістер белең алып, интеграциялық ықпалдастық жүйесі айқындала түсуде.
Тәуелсіз жас мемлекетіміздің еліміздің қауіпсіздігі, оның ха-
лықаралық қауымдастықпен арадағы ынтымақтастығы қазіргі заманда елдер мен халықтарға, бейбіт тұрғындарға қатер төндіретін халықаралық террор мен экстремизмге қарсы тосқауыл қою мәселелері Қазақстанның алдына алғашқы күндерден-ақ көлденең тартылды. Бұл, әсіресе, өз тәуелсіздігіне енді ғана қадам басқан, әлемдік қоғамдастықта әлі орны айқындалмаған, уақытқа байланысты күрделі жағдайдан әлі шыға қоймаған ел үшін аса маңызды еді.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы немесе жалпы халықаралық сипаттағы жетістіктері егемен еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланыстырылады. Елбасы өзінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Ғасырлар тоғысында», «Сындарлы он жыл» және тағы басқа еңбектерінде республикамыздың сыртқы саясаттағы басымдықтарын тұжырымдаған болатын.
Сонау 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «саяси және экономикалық реформалар негізіндегі елдің тұрақты дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны құрудан» тұратын сыртқы саясаттың негізгі мақсатын айқындады. Кейін әлемдік қоғамдастықтың кең тануына және қолдауына ие болған белгілі халықаралық бастамаларды қоса алғанда, дәл Елбасы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының авторы болып табылады. Қол жеткізілген елеулі табыстар Қазақстан Президенті іске асырып жатқан сыртқы саяси бағыттың қисындылығы мен даналығының айқын дәлеліне айналды.
Н.Ә.Назарбаев халықаралық байланыстарымызды дамыту үшін бірнеше мәселені қатар шешу қажеттігін, атап айтқанда, «Қазақстанды халықаралық дәрежеде мойындатып, оның қауіпсіздігі мен аумақтың тұтастығын қамтамасыз ету, әлемдік шаруашылық жүргізу мен экономикалық байланыстарға белсене араласу қажет болды», – деп атап көрсетті. Бұл аса қиын да күрделі міндеттерді орындау үшін дүниежүзі мемлекет басшыларымен, жетекші экономикалық алыптармен, халық-
аралық ұйымдармен келіссөздер жүргізілді, шетелдермен, халықаралық ұйымдармен 3 мыңнан аса құжаттарға қол қойылды. Қазақстанның халықаралық қатынастардағы алатын орны мен ролін анықтау үшін еліміздің географиялық, геосаяси және геоэкономикалық жағдайы мен мүмкіндігі ерекше маңызды болып отыр. Қазақстан өзінің географиялық жағдайын ескере отырып, халықаралық аренада көпвекторлық, яғни көп қырлы бағдар ұстайды. Оның мәнісі таяу және алыс шетелдермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Бұл бағыттағы стратегиялық міндет – еліміздің тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы мен шекарасының бұзылмайтындығы орындалды. Еліміздің геоэкономикалық жағдайына талдау жасағанда дүниежүзілік қоғамдастықтың елімізді ХХІ ғасырдағы негізгі энергия көздерін берушілердің бірі деп білуі есепке алынады, біздің мемлекетіміз мұнайдың, газдың, көмір мен уран кендерінің дүниежүзілік қорларын иеленушілер ішінде алдыңғылардың бірі екендігі белгілі. Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін шетел инвесторлары 1991 жылдың бас кезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет кезектегі басым салаларына өз капиталдарын салғысы келетін шетелдік инвесторларға едәуір жеңілдіктер мен артықшылықтар беруді көздейді. Жан басына шаққанда шетелдік тікелей инвестицияларды тарту деңгейі жағынан Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің алғашқы бестігіне кіреді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда егемендік, аумақтық тұтастық, табысты әлеуметтік-экономикалық даму секілді өмірлік тұрғыдан маңызды ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету бойынша тұтас проблемалар кешенін шешу жөнінде іргелі шаралар жүзеге асырылды. Ядролық қарудан бас тарту мемлекеттің жетекші ядролық державалар тарапынан халықаралық қауіпсіздік кепілдігін алуына мүмкіндік берді. Қазақстанның құрлықтағы шекараларын заңды түрде ресімдеу оның аумағына қол сұғылмауы мен оның тұтастығына халық-
аралық-құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етті. Қазіргі таңда елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі басымдықтары ішкі және сыртқы қатерлерге, экстремизм мен терроризмге, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға, этнос-
аралық және конфессияаралық жанжалдарға және басқаларға қарсы тұруды ғана білдірмейді. Қоғамдық, әскери, саяси, ақпараттық қауіпсіздікпен қатар экономикалық қауіпсіздік те мемлекеттік саясаттың шешуші факторы болып танылып отыр.
Елдің қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде экономикалық факторлар – өндірістің бәсекеге қабілеттілігі, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы, қаржылық, энергетикалық, азық-түліктік және көліктік қауіпсіздікті, ұлттық экономиканың, оның ішінде индустриялық-инновациялық құрамдасының тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанды әлемдік экономикалық жүйеден оқшаулап тастауға жол бермеу үлкен роль атқарады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңғырту мен технологиялық және инновациялық жаңарту ғана әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары динамикасын сақтауды қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан алғанда, ел Президенті ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясы, сондай-ақ «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдау қазақстандық реформалардың мазмұнын нақтылай түсіп, іргелі мағынаға ие болып отыр.
Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру терең жаңғырту жүргізуді, ғылымды қажетсінетін экономика моделін жасауды, инвестициялар, ғылыми зерттеулер, еңбек өнімділігі деңгейін арттыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Осы іргелі мақсатты іс жүзіне асырудың маңызды тетіктерінің бірі Қазақ-
стан экономикасының өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге кірігуін тереңдету болып табылады. Ішкі және сыртқы саясат бағытының басымдықтарын айқындай отырып, Қазақстан басшылығы интеграция – уақыт талабы, ал одан бас тарту елді әлемдік экономиканың ту сыртына ығыстырып тастайды деген пікірді негізге алды. Қазіргі әлемде бірлескен күш-жігер ғана ағымдағы және әлеуеттік қауіп-қатерлер мен сын-қатерлерге лайықты жауап беруге ықпал ете алады.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында негізгі мақсаттардың бірі ретінде «өңірлік және халықаралық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне одан әрі кірігу» белгіленген. Интеграцияны тереңдету жөніндегі стратегияның маңызы Қазақстан ғана емес, кірігу үдерісіне барлық қатысушылар үшін де объективті түрде арта түсіп отыр.
Бүгінгі таңдағы халықаралық қатынастар жүйесінде Орталық Азия елдерінің болашақта алатын орны өте маңызды және өзекті болып отыр. Өйткені, аймақ елдерінің болашағы мен басымдықтарын дамыту дүниежүзінің, оның ішінде Азия аймағының тұрақтылығына байланысты. Аймақтық және халықаралық саясатта тең құқылы мемлекет болу үшін Орталық Азия елдері серіктестіктің, ынтымақтастықтың, қауымдастықтың тиімді жолдарын таңдағаны дұрыс.
Сондықтан Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен саяси-экономикалық ынтымақтастығы қалыптасуының даму жолдарын көрсету, бұл ынтымақтастықтың қандай дәрежеде дамып отырғандығын, оның болашағы мен бағыттарын айқындауда Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасында қол қойылған екі және көп тарапты саяси-құқықтық, нормативтік құжаттар аймақ елдерінің инте-
грациялануға құлшыныс танытатындығын білдіреді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Жалпы аймақтық мүдделерді ескермей, тар ауқымда ұлттық мүдделерді ғана көздейтін ұлттық мемлекет құру жолындағы кез келген агрессиялық әрекет Орталық Азиядағы стратегиялық тепе-тендікті бұзады деген қағиданы біз, Орталық Азия елдерінің басшылары, күні бүгіннен бастап түсініп, сонымен жарақтануымыз керек…», – деген болатын.
Қазақстан Республикасында 2017 жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де әлемдік тарихта маңызды қадамдардың бірі болмақ. Бүкіл дүниежүзінің ең озық үлгідегі жетістіктері Еуразия жүрегі – Астанада тоғысып, еліміздің мәртебесі өсіп, жаңа белестерге көтерілетіні анық.
Жарылқасын ЖАППАСОВ,
Молдахмет МЫРЗАБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың доценттері.