Ойыннан ой іздеу
Спорт дегенде көз алдыңа батыр тұлғалы кісі елестейтіні бар. Иә, расында да бүгіндері Әлем спортында ойдан гөрі күш пен алғырлыққа негізделген ойын түрі көбейген екен. Бұның себебін әлділердің әлсіздерді жаншып, әркез тұқыртуға дайын жүретін тосын мінезден іздеген жөн секілді. Дегенмен де, шахматтан Әлемнің 13-ші чемпионы Гарри Каспаров бір мерейтойда сөз сөйлеп тұрып: «Темір – материя. Ол сынады. Ал ой өзгеріссіз қалады», –
деген сөзін естіген біраз шенеунік орнынан бір тұрып, бір отырған екен. «Қазақ та спорт, оның ішінде интеллектуалды спорттан құралақан емес қой» деген ойдың келуі мұң екен, «Дөңгелек үстел» әзірлеуге деген құштарлық оянды.
– Бүгіндері спорт дегеніміз не және оның мән-маңызы, қажеттілігі мен дамуы жөнінде айта кетсеңіздер?..
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ,
спорт шолушысы:
– Жалпы, спорт өте керемет нәрсе ғой. Ол белгілі ереже немесе дәстүрге сай көбінесе жарыс күйінде өтетін әрекет. Спорт жалпы алғанда физикалық мығымдылықпен қатар, ақыл-ойдың қалыпты қызметіне тікелей байланысты дүние. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсартып және моральдік жағынан күшею үшін шұғылданады. Мәселен, спорттың даму тарихына зер салсақ, қоғамдағы өзгерістермен қоса, спорттың мән-мағынасын да түсінуге болады. Қытай жерінде біздің дәуірден 4000 жыл бұрын қазіргі спорт мағынасына жақын әрекеттің болғанын айқындайтын заттар мен құрылыстар бар. Гимнастика ежелгі Қытайдағы кең тараған спорт түрі болыпты-мыс. Перғауындар мазарларындағы бейнелер мен заттар бірнеше ғасырлар бұрын да спорттың әр түрі болғандығынан хабардар етеді, оның ішінде жүзу мен балық аулауды айта кетуге болады. Ежелгі парсы елінде поло және рыцарлардың найзаласу жарысының негізі қаланған-ды. Ежелгі Грекияның өзінде алуан түрлі спорт болған. Ең дамыған түрлеріне күрес, жүгіру, диск лақтыру және арба жарысын жатқызсақ болады. Осы тізімге қарағанда Ежелгі Грекияда (жалғыз онда ғана емес, т.б. жерлерде) әскери мәдениет пен әскери өнер спортқа тікелей қатысты болған. Сол жерде әр төрт жыл сайын Пелопонессе маңында Олимпиада ойындары өтіп тұрған. Осы күндері адамзаттың даму деңгейіне сәйкес, әсіресе, БАҚ пен байланыс жүйелерінің пайда болуымен спортпен шұғылданатындардың да саны арта түсті.
– Спорт пен патриотизм егіз бе?
Қанат МАҚАШЕВ,
жеңіл атлетикадан спорт шебері:
– Егіз! Себебі, сен елжанды азамат болмасаң, онда жеңіске жете алмайсың. Есіңізде болсын, кез келген адам Отаны үшін барын беруі керек. Совет кезінде біз патриот болдық. Қазақты, қазақтың жерін сүйдік. Сөйтіп, жарыс сайын жанымызды салып, ар үшін арпалыстық. Бүгіндері қазақ спорты қарқынды дамып келеді. Мысалы, Өзбекстан мен Қырғызстан спортшыларымен салыстырғанда көш ілгеріміз. Бірақ бір өкініштісі сол, сырттан әкесінің құнын төлеп спортшыларды алдыратын «ауру» таптық. Сонда: «Қазақ не істейді? Қайда барады?» – деген сұрақ туады. Жалпылдап солардың қас-қабағына қараймыз. Сөйтіп, өзімізді-өзіміз біреудің алдында тәуелді етіп қоямыз. Егер тарихқа көз жүгіртсек, егемендік алғалы Қазақстанға қанша спортшы әкелінді және оның қаншасы қазір елімізде қалды? Санаулы. Иә, бірі әлем біріншілігінен, бірі Олимпиададан жүлде алып берген де шығар. Ал қазір солар қайда, ал олардың ізін басқан спортшыларымыз ше? Кейде кәсіби маманды емес, әуесқойды тапқанымызға мәзбіз. Шетелде бәсеке мықты болғандықтан, көбісі шыдас бермей, басқа елге көшіп жатады. Сондай бір «үшінші сорттыларға» жалынып-жалпайғанға әбден әдеттенгенбіз. Осындайда қазақтың данышпандығына қайран қаласың. Жазба әдебиеті аз сақталса да, халқымызда ауыз әдебиеті өте мықты дамыған ғой. Үлкен ой, идея бір ғана мақал-мәтелге сыйып кетеді. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген ғой бабаларымыз. Өйткені, әр саланың өз маманы бар. Мысалы, мен спортқа 5 сыныпта оқып жүргенімде келдім. Міне, содан бері бұл сала өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен. Яғни мен – спортшымын. Ал спортшы деген Ұлы есім. Сондықтан, мен журналист, я құрылысшы, я бизнесмен бола алмаймын.
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Қақаң дұрыс айтады. Бүгіндері спортта толып жатқан проблемалар бар. Бір қарағанда бәрі жақсы, бәрі дұрыс секілді көрінгенімен, шешілмеген мәселе шаш-етектен. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезінде: «Ауылға көңіл бөліңдер!», – деп тапсырма берді. Арты науқанға айналды да кетті. Биліктегілердің барлығы жапа-тармағай ауылдарға жүгірді де, шалғай жерлердегі жағдай біраз дұрысталғандай көрінді. «Ауыл жылы» бітіп еді, барлығы қайта жайында қалды. Неге сол жалғасын тауып, бақыланбайды? Себебі, оны тәптіштеп тексеріп жатқан адам жоқ. Бұдан бөлек, неше жылдан бері қазақ тілінің мәселесін шеше алмай жүрміз. «Қазақша сөйлемейді» деп бір-бірімізді айыптаймыз. Ал өз ісімізге, сөзімізге мән беру жоқ. Совет Одағының енді тарап жатқан тұсында Кишинев (Молдова) қаласында тұратын досымның үйіне бардым. Ауылда тұратын әкесінің үйіне қонаққа шақырды. Сыныптастары келіп, сәкіде әңгімелесіп отырсақ, әлгі үшеуі бір-бірімен тек молдован тілінде сөйлеседі. Мен отырмын көзім бақырайып түк түсінбей. «Орысша сөйлеңдерші, мен де араласайын» десем, досым: «Садық, кешір, мен молдован бауырыммен өзге тілде сөйлесе алмаймын», – дейді. Міне, біздің елмен салыстыруға да келмейтін, кішкентай ғана мемлекеттің ұстанымы осындай. Кейде осы жағдайға жетуіміз масыққанымыздың да кесірі ме екен деп ойлаймын. Бірақ қазір жағдай біртіндеп түзеліп келе жатыр, түзеледі де. Тек болатын істің тезірек орын алғанын, мәселенің жылдамырақ шешілгенін қалап тұрамыз.
Қанат МАҚАШЕВ:
– Спорт жастардың қолында. Бәрі айналып келгенде сапалы кадрге тіреледі. Елімізде жастарды қолдауға арналған «Дипломмен ауылға», «Болашақ» деген секілді бағдарламалар көп. Бірақ олардың нақты жіберілетін, өңірі, аймағы көрсетілмеген. «Көш жүре түзеледі» дейміз ғой. Мысалы, әр мамандық бойынша жоғары оқу орындары облыстарға сұрау жіберілсе деп ойлаймын. «Лондонда Қазақстан 12 орын алып, Әлемді дүр сілкіндірді», – дедік. Егер соның бәріне ой көзімен қарасақ, сол алтындарға біз қалай қол жеткізік? Екі Қытай, бір Ресей спортшысы, өзге жүлделерде де солардың үлесі бар. Егер соның бәрін алып тастасақ, біз қай сатыда тұрушы едік?! Таңғаламын. Бізде ағылшын тілін білетін маман қазақ тілін білетіннен әлдеқайда жоғары тұрады. Осының өзінен-ақ басшылықтың қазақ спортшыларына деген көзқарасын байқауға болады.
– Мынандай бір сұрақ қойғым келіп тұр. Негізінен, спорт маңызы жағынан өз ішінде екіге бөлінеді екен. Біріншісі, күш-қуатты қажет ететіні, екіншісі ақыл-ойға баса назар аударатыны. Осы ретте, қазақта интеллектуалды спорт қаншалықты дамыған?
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Сіз айтып өткен интеллектуалды спорттың бірі – дойбы. Ол спорттың дамуы бұдан бірнеше ғасыр бұрын басталды. Көшпенді бабаларымыз (сақ дәуіріндегі) «шатран» деген ойынды білген екен. Әуелгі кезде оны ойнауға тыйым салғанына қарамастан қазақ даласына тез тарап кетіпті. Сауда керуендерінің қазақ даласына келуіне байланысты бізде бұл ойын халықтың сүйікті ойындарының біріне айналған. Қазақстанның Шығысында бұл ойынды «дойбы» десе, Батыс аймақтарда «шатраш» деп атайды. Қазақтың «екі жеп биге шығу» деген сөзі бұл ойынның ежелден келе жатқандығының, оның ұлттық ойынымыз екенінің бір белгісі. Қазақ-
станның бірінші чемпионаты 1935 жылы өтіп, оған 12 ойыншы қатысыпты. Бір ерекшелігі, алғашқы чемпион ұлы Абай немересі, семейлік Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов (бұрынғы деректерде Әкрам) болғандығында. Әрхам Кәкітайұлы екінші рет 1949 жылғы өткен республика біріншілігінде чемпион болған. Бұл кісі сонымен бірге тоғыз құмалақты да жақсы ойнаған, бірнеше рет ел біріншілігіне қатысқан. Абайдың мұражайында ұлы ақын ойнаған дойбы тақтасы мен тастары сақталған. Қазақтан бірінші болып дойбыдан спорт шеберлігіне кандидат болған – Шәкір Әлімбайұлы Жамбыршин. 1931 жылы Мәскеу қаласының біріншілігінің қола жүлдегері, 1969-1975 жылдары Республика дойбы федерациясының президенті, екі рет Қызыл Ту орденді, КСРО Министрлер Кеңесінің лауреаты. Бұл кісі соғыс алдында өткен Мәскеу қаласының біріншіліктерінде сол кезде Мәскеуде студент болған кезінде ойнап орындаса керек. Бұл нәтиже сол кездегі өте үлкен жетістік, себебі, шеберлер мен кандидаттар ол кезде саусақпен санарлықтай болған. Содан былай қазақ дойбышыларының спорттық жетістіктері бірте-бірте өсе бастады. Қазақтан дойбы, шахмат және тоғыз құмалақ жайлы алғашқы үйрену кітабын жазған Талапбек Сұлтанбекұлы. Ол «Дойбы ойыны», «Шахмат ойнай білесің бе?», «Шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ» сынды кітаптардың авторы. Қазақ жігіттері арасынан тұңғыш дойбыдан спорт шебері болған – Бақ Қуанышбайұлы Иманәлиев. Бақ Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылының тумасы. Жастайынан көзі көрмей қалған жігіт тағдырдың тәлкегіне көнбей білім алып дойбы үйірмесіне қатысып, әуелі әздер арасындағы, сосын сау көзділер арасындағы жарыстарда озып 1984 жылы алғаш рет КСРО финалына қатысқан бірінші қазақ жігіті. Қазақстанның өзінің дойбыдан спорт шебері көпке дейін болмады. Себебі, дойбыдан спорт шеберінің нормасын орындау алынбайтын қамалдай болды. Республика чемпионы болу аздық етті. Мысалы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған көкшетаулық Қайырлы Әбдірайымовтың өзі спорт шебері нормасын орындауға жете алмады. Спорт шеберінің нормасын орындау шарты өте қиын болды. Жарысқа кем дегенде 7 спорт шебері қатысқан жағдайда, кем дегенде 70 пайыз ұпай жинау қажет болды. Сонымен бірге, арнаулы одақтық сарапшылар комиссиясы партиялардың сапасын тексеріп ойын шеберлігі тиісті деңгейде деген жағдайда ғана спорт шебері деген атақ берілетін. Міне, осы атаққа, мұндай шоқтығы биік көрсеткішке 1982 жылы Бақ Иманалиев қол жеткізді. Ол 30 жасында «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде қазақтар арасында тұңғыш рет спорт мастерінің нормасын артығымен орындап тұңғыш дойбыдан спорт шебері атанды. Бақ Қуанышбайұлының бұл жетістігінің ерекшелігі – көздері сау ойыншылармен болған жарыста жеңуі еді. Көзі сау гроссмейстерлер мен мастерлердің өздері жарыстарға чемодандары толған дойбы теориясының кітаптарын арқалап жүретін, әр дойбышыға қарсы оның партияларын талдап дайындалатын, спорттың осы түрімен кәсіби айналысып жүргендер еді. Теориялық жаңалықтарды Бақ арнаулы дойбы әдебиетінен өз бетінше оқи алмады. Дойбы Меккесі саналатын Мәскеу, Ленинград, Одесса сияқты орталықтардан жырақ тұрғандықтан мықты гроссмейстерлермен кездесіп тұруға еш мүмкіндігі болмады. Міне, осындай жағдайда бір ғана өзінің таланты мен ерекше есте сақтау қабілетіне сүйеніп ойнады. Ол осы атағын кейінгі жарыстарда одақтың ең мықты спорт шеберлері мен гроссмейстерлерімен жарыстарда бірнеше рет дәлелдеп көрсетті. Мен бұны неге айтып отырмын?! Себебі, қазақ спортының, оның ішінде интеллектуалды спорттың тарихын білгенде ғана өзімізге деген қызығушылық арта түседі. Бізге бәрі Батыстан келіп, қазақ аспаннан аяғы салбырап түсе қалғандай көреміз.
Қанат МАҚАШЕВ:
– 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен дойбыдан әлем біріншілігінде төрт бірдей қазақ өз жасындағы біріншілікте жеңіске жетіп, әлем чемпиондары атанды. Ақтөбелік 15 жасар дойбышылар Мират Жекеев пен оралдық Алтынай Жұмагелдиева қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпиондары, ал Ресейде тұратын қандастарымыз Жанна және Мәжит Саршаевтар (Астрахань) өз құрдастары арасында әлем чемпионы атанды. Арада бір жыл өткен соң Мират Жекеев Азия біріншілігінде чемпион болып алғаш рет қазақтан бірінші болып халықаралық гроссмейстер атағын алды. 2013 жылы тағы бір жерлесіміз ақтөбелік Ахмет Бәшімов халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізді.
Дәкеңнің қазақ интеллектуалды спортының тарихын білуге қатысты ойына толықтай қосыламын. Спорт үшін ең қауіпті нәрсе – нигилизм. Себебі, ол Отаны үшін емес ақша, байлық үшін жеңіске жеткісі келеді. Ал тарихты білмеген адам қалайша өз елінің патриоты бола алады?!
Айталық, көптеген ойындар негізі ерте заманда ойлап табылған, дойбы да соның қатарынан. Дойбы типтес ойындар ежелгі Мысырда кең тараған.
Шахмат пен дойбының ұқсастығын бұл екі ойынды ойнамаған адам да байқай алатын шығар. Екі ойында да тақта мен тор қолданылады, қара және ақ болып бөлінеді және кезекпен жүріп отырады. Дойбының қазіргі түрін 12 ғасырларда француздар ойлап тапқан. Ойлап тапқанда қалай, олар шахмат пен мысырлық Алькерк деп аталатын ойынын қосып дойбы ойынын шығарған. Дойбыдағы тастардың жүрісі, яғни диагональ бойынша жүреді, бұл шахматтағы «патшайымның» (ферзя) жүрісінен алынған. Сондықтан да Англияның кейбір жерлерінде дойбыны «draughts», яғни шахматтағы патшайымның жүрісі деп атайды…
– Дойбы ойынының зерттеушісі Гарольд Мюррейдің айтуынша «дойбы ойыны әлемде басқа ойындарға қарағанда өте жәй тараған» екен. Бұдан шығатын қорытынды, спортта алдыға бірінші ой емес, күш озады деуге негіз бар ма?
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Меніңше, күш пен ой қатар жүруге тиіс. Спортшы сонда ғана үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, бір қарағанда бокс беттен былшылдатып ұра беретін спорт түрі секілді көрінгенімен, өте ақылды әрі алғыр болмасаң ұтыла бересің, ұтыла бересің. Әли, Фрейзер, Форман, Шулц, Тайсон, Мейвезер, Головкин, Пакьяо, Дзюлар өте ақылды боксшылар ғой. Ақылды болмаса ол Әлем чемпионы атанбас еді ғой.
– Қазақтың ұлттық спорт түрі жөнінде не айтар едіңіздер? Атам қазақ сөз бен істі қатар алып жүрген ғой…
– Мен былай ойлаймын… Қазір Храпатый, Илин, Зайчиков, Жаппарқұл, Рахимов, Өтешов секілді зілтеміршілердің шығуы тегін емес. Себебі, қазақ топырағынан қаншама білекті де жүректі батырлар шыққан. Ал интеллектуалды спортқа келер болсақ, асық ату – ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан ғой. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Одан кейін көкпар…
– Көкпарды интеллектуалдық спорт түріне жатқыза аласыз ба?
– Әрине! Өйткені, бұнда тек күш қана емес, ойлылық та басым болады. Яғни бұнда жылдамдық пен логика үлкен роль ойнайды. Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені, салмағы 30-40 кг немесе 50-60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек. Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені қанжығаға байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге, атты екі аяққа көтеруге тыйым салынады. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын және ойлануды қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.
Қанат МАҚАШЕВ:
– Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыптасып орныққан спорт түрi, бұл – тоғызқұмалақ. Міне, нағыз интеллектуалдық спорт деп осыны айт. Бұл спорт түрi – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнерi. Жарыс командалық болып келеді. Команда құрамы 2 ер, 2 әйел. Жарыс Қазақстан Спорт істері жөніндегі комитет бекіткен қолданыстағы жарыс ережелері бойынша өткізіледі. Команда жеребе тарту бойынша 2 кіші топқа бөлінеді. 1 орын алған команда өз кіші тобында финалдық топ құрып, 1- 2 орындар үшін ойнайды, 3-4 орын алғандар 5-8 орындарға және т.б. ойнайды. Кіші топтағы ойын нәтижелері финалда есепке алынады. Топшалардағы және финалдағы ойындар айналу жүйесі бойынша бір айналымда өткізіледі. Жеңімпаз команда жиналған ұпай саны бойынша анықталады, жеңісі үшін – 2 ұпай, тепе-тең үшін – 1, жеңіліс үшін – 0 ұпай.
– Қанат аға, осы орайда ойын және оның мән-маңызы туралы айта кетсеңіз…
– Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін. Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды роль атқарады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады.
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Негізінен қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек», т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес», т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады. Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз. Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Алғашқы қауымдық құрылыс, ертедегі тайпалардың одаққа біріккен дәуірлері ұлт ойындарының едәуір дамыған кезеңі болды. Көшпелі өмір кешіп, мал баққан тайпалардың көзін ашқаннан көрген театры да, өнері де, көңіл көтерер қызығы да осы ұлт ойындары еді.
– Яғни Жансая Әбдімәлік секілді феноменнің шығуы заңдылық дейсіз ғой?..
– Кез келген Ұлы жаңалықты тарих пен халықтың болмысынан іздеу керек. Себебі, Асан бабамыздың: «Ой түбінде жатқан сөз» деген ойлы теңеуін әлі ешкім айта алған жоқ. Сондықтан спорт та ақыл-парасатты қажет етеді!..
– Сұхбаттарыңызға рахмет!
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.
ПІКІРЛЕР2