Су – нәр, су – тілсіз жау
Халық арасында табиғаттың тосын құбылыстары жайлы оның ішінде «топан су» туралы көптеген аңыз-әңгімелер мен қарама-қайшы пікірлер айтылады. Мәселен, сан ғасырлар бұрын болған жойқын су апаттары қайталануы мүмкін деген болжамдарды ара-тұра естіп жатамыз. Дүниежүзінің әр түкпірінде, сондай-ақ, өз еліміздің кейбір аймақтарында орын алған су басулар әлгі түсініктерді растай түсетіндей әсер қалдырады. Тосын құбылыстардың болуын Табиғаттың Адамзатқа қаһарланғанының белгісі деп те түсіндіретіндер бар. Ал ғалымдар бұл апаттарды ғаламдық жылынумен байланыстырады. Жалпы, дүние жүзіндегі су ресурстарын қорғау, ауыз судың сапасын арттыру, тосыннан болатын құбылыстардың алдын алу мәселелері бүкіләлемдік проблемаға айналғандай. Осы орайда мамандарға соңғы уақыттағы су тасқындарының жиілеуінің себебі неде? Әлемді бұрын басқан Топансу қайталанады деген болжамдар қаншалықты рас? Суға қатысты табиғи апаттарды болдырмау үшін елімізде жасалатын сақтық шараларынан бөлек, әлемдік деңгейдегі қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін не істеуіміз керек деген сауалдарды жолдаған едік.
Дәулет Қалибекұлы,
география ғылымының кандидаты
Су – жойқын күш
Жер шарында халық санының өсуі күрделі, әрі шешімі қиын проблемаларды тудыратыны сөзсіз. Солардың ішінде аса маңыздысы – су проблемасы, су сапасы. Өткен ғасырда планета тұрғындарының саны шамамен төрт есе, ал суды пайдалану жеті есе өскен. БҰҰ-ның бас хатшысы Бүкіләлемдік су күніне 22.03.2009 ж. орай жолдауында «Су – теңдесі жоқ байлық» деген болатын. БҰҰ-ның құрамына енетін Бүкіләлемдік Метеорологиялық мекемесі құжаттарының тақырыптарының «Әлемдегі су қоры: ол баршаға жеткілікті ме?..», «Су – өмір мен ажалдың басты себептерінің бірі», «Су ресурстары кеміп бара жатқан әлем…», т.с.с. болып келуі су мәселесі бүкіләлемдік проблема екендігін көрсетеді. Жер шарының қайсыбір ауданында немесе қандай да бір мемлекетте өркениет деңгейі жоғары болса, онда су көп пайдаланылады деген сөз. Суды пайдалану сол елдің өсу деңгейінің көрсеткіші деуге де болады.
Ал судың әкелетін қасіреттері ше? Олар: апаттық жағдайды орнататын судың тасуы, сел тасқындарының адамдардың өміріне қауіп туғызуы, ғимараттарды қиратуы, егістік алқаптарды жарамсыз етуі, т.с.с. Яғни су нысандарының, өзендер мен суқоймаларының қандай қауіп-қатерді бойына жасырып отыратыны белгісіз. Су басу – табиғаттың ең шығыны көп құбылысқа жатады. Соңғы жылдары осындай төтенше құбылыстар планетамызда жиілеп кетті. Мысалы, жақындағы Амур өзеніндегі су тасуын алайық. Шілденің аяғында басталған жаңбыр тамыз айы бойы күнде дерлік жауды. Соның нәтижесінде өзен жайылмасы (өзенге жақын орналасқан ойық аудан) 4-5 м. тереңдікте суға толды, су өзен бойымен 30-50 км.-ге жайылды. Қаншама елді мекендерді, жолдарды, егістік алқапты су алып кетті, адам өміріне қауіп төндірді. Немесе осыдан екі-үш жыл бұрын суының тасуынан апаттық жағдай орын алған өзіміздің Жайық өзенінің еліміздің экономикасына біршама зиян келтіргенін айтуға болады.
Соңғы кезеңде су тасқындары және көктемгі қар мен жаңбыр суының тасуы бұрынғыға қарағанда қауіптірек байқалуда. Себебі, біріншіден, бұл жағдай климаттың біржақты жылынуымен түсіндіріледі, екіншіден, біз өзіміз кінәліміз… Себебі, су нысандарына жақын қоныстанамыз (су нысандарының бірнеше жылда қайталанып отыратын деңгейлерінің экстремальді мәндерін ескермейміз), үшіншіден, әр жыл сайын Жер бетінде жүздеген жаңа су бөгендері салынады, себебі, олар адамзаттың өмір сүруі үшін аса қажет. Бірақ көптеген гидротехникалық ғимараттар қажетті беріктілікпен салынбайды немесе көбісінің әбден тозығы жеткен, ал оларды уақтылы жөндеуге немқұрайлы қараймыз. Оның арты неге әкеліп соқтыратыны белгілі, алысқа бармай-ақ, соңғы жағдай – Қызылағаш трагедиясын айтуға болады. Қазіргі кезде 20%-дай бөгеттегі апаттар гидрологиялық есептеулердің дұрыс жүргізілмегендігінен болып отыр. Өткен ғасырдың басында Жер шарындағы өзендердің қайта жаңарып отыру периоды (яғни өзеннің бастауынан теңізге құяр жеріне дейін ағу уақыты) 16,5 тәулік деп саналды. Ал жыл сайын әлемде өзендердің бойында бірнеше жүз жасанды суқоймалары салынады. Олар өз кезегінде судың ағысын төмендетіп, бұл көрсеткіш 2-25 тәулік шамасында деп жорамалданады, сондықтан сумен тасылатын майда бөлшек тау жыныстарының, тұздардың арна түбінде шөгуі қарқынды жүруде. Сол себепті, өзендер таязданып кеткен, үлкен өзендерде кеме қатынастары тоқтатылған. Көктемгі су тасу кезінде мұндай бітелген өзен арнасына су сыймай елді мекендерді, жолдарды шайып кетіп жатыр.
Ал таулы аймақтарда сел жүру қаупі жоғары. Селтанушы ғалымдардың пікірінше, бұрынғы тұрғызылған селден қорғау жүйелерінің климаттың жылдам өзгеруі жағдайында сенімділігі төмен болып қалып отыр. Оның мысалы ретінде былтырғы Алматы қаласының Наурызбай ауданында болған селді айтсақ та жетерлік. Мұндай әлемнің әр түпкірінде болып жатқан «үлкен» судың апаттық жағдайларын жаңалықтардан көп еститін болдық. Сондықтан судан болатын гидрометеорологиялық қауіпті құбылыстардан қорғану немесе болдырмау бүкіл әлемдік мәселе болып табылады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрінен туындайтыны, су ресурстарына, судың жыл ішінде таралуына, су нысандары режиміне және экстремальді гидрологиялық сипаттамаларына антропогендік факторлардың тигізіп отырған әсерін дұрыс бағалау болып табылады.
Суды, су нысандарын, су қорларын және су проблемаларын Гидрология ғылымы зерттейді. Гидролог-практиктер өзендер мен көлдерде үздіксіз тұрақты бақылаулар жүргізеді. Гидролог-ғалымдар су нысандарының мінезін – режимін (тәртібін) басқаратын гидрологиялық процестерді оқиды. Суды қолдану мақсаттарына қарай әр түрлі гидротехникалық ғимараттарды жобалауды, күрделі гидрологиялық есептеулерді жүргізеді. Кез келген көпір, жол астынан (үстінен) өткізілетін құбырлар, электр жеткізу желілерінің бағаналары, қорғаныс дамбалар – барлығы гидрологиялық есептеулерді қажет етеді.
Келешекте еліміздің су қауіпсіздігі мәселелерін шеше алатын білікті гидролог-мамандарды дайындау – бүгінгі күннің басты талабы.
Айнұр Мусина,
география ғылымының кандидаты
Су басудың алдын алу – өте өзекті мәселе
Сумен байланысты апаттар туралы сөз қозғаған кезде, су нысандарының орналасқан жерін анықтау маңызды. Сол себептен жазық жерлер мен таулы аймақтарда байқалатын құбылыстардың табиғаты, қалыптасу, жүріп өту ерекшеліктері, салдары әр түрлі. Таулы аудандарда болатын су тасқындарына ауа температурасының жоғарылауы мен мұз бен қардың шамадан тыс еруі, үздіксіз нөсер жауындар ықпал етсе, жазық аудандардағы жыл сайын байқалатын қыс бойы жинақталған қардың көктемде кенеттен күн жылынуына байланысты күрт еруінен, теңіздер мен мұхит жағалауындағы жел қума құбылыстары орын алған жағдайда байқалуы мүмкін. Әр уақытта, әр аймақта көрініс беретін бұл құбылыстардың орын алуы климаттық факторларға да тәуелді. Әйтсе де, жер бедері, көмкеруші тау жыныстары мен антропогендік факторлардың ықпалын да жоққа шығара алмаймыз. Соңғы кездерде климаттық өзгерістердің әсерінен болып жатқан су басулардың алдын алу шараларын қарастыру әлем бойынша өзекті мәселеге айналып, ғалымдар түрлі зерттеулер жүргізуде. Ал осы аталған табиғаттың тосын құбылыстарының жиілеуіне адамдардың шаруашылық іс-әрекеті басты себептердің бірі екендігі баршаға мәлім.
Біз кез келген құбылысты болжай алмауымыз мүмкін. Бірақ оның алдын алу шараларын жасау арқылы үлкен шығындардан сақтануымызға болады. Әрбір су нысанының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты жасалған болжам екіншісіне сай келе бермейді. Кез келген апатты құбылыстың қалыптасу ерекшеліктері мен олардың туындауына ықпал етуші факторлар ғылыми тұрғыда өз тұжырымдамасын тапқан. Сол себептен де біз мұндай құбылыстардың байқалуын үнемі табиғаттың адамзатқа қаһарланғанының белгісі деп айта алмаймыз. Сондықтан да қазіргі кездегі жиі су басулар мен су тасқындарының негізгі себептері жоғарыда айтылғандай, климаттық және антропогендік факторларға тәуелді.
Әрине, әлемдік деңгейдегі қауіпсіздікті ұйымдастыру бір-екі күнде шешілетін мәселе емес. Ол тыңғылықты жұмысты және көлемді дайындықты қажет етеді. Мұндай қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру барысында ғылыми негізделген тұжырымдамалар мен дәлелдемелерге сүйенгеніміз абзал. Сол себептен де апатты құбылыстардың орын алуына септігін тигізіп жатқан ҒТР салдарымен күресе алатын ҒТР-2 қажет. Оның жетістіктері осы кезде орын алып жатқан апатты құбылыстардың алдын алуға, оның зиянды салдарын төмендетуге немесе тіптен болдырмауға бағытталуы тиіс. Осы орайда, еліміздегі әрбір азамат экологиялық сауатын дамыту арқылы қоршаған ортаны сақтай отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады деп ойлаймын.
Бетті әзірлеген Гүлім СЫДЫҚОВА.