Тарақандар
25.11.2016
2789
0

Есбол НҰРАХМЕТ


Бұрынғы дырдуы мол, көңіл­ді ортадан бір жола бас тартып, базар маңындағы ескі жатақ­­-
ха­налардың біріне көшіп келдім. Осы күнге дейінгі жинаған дү­ние­­лерімнің үштен екісі кітап екен, көшіп келе сап, тең-тең жүктерді түгел ақтарып тастап, кітаптарды бір бұрышқа үйіп қойдым. Аядай бөлмені ретке келтіріп, барлық затты орнына қойғанша да әжептәуір уақыт кетті. Еденін жуып, шаңын сүр­тіп, тазалап, қайта жинап болған соң барып «уһ» дедім.
Оңашада ойлануға мүмкін­дік туар, тоқтап қалған шығарма­шы­лығыма қайта машығайын деген жоспар болды. Сөйте тұра, жаңа пәтер іздегенде сүзгіден өткізіп, қатты сабылып кеткемін жоқ, бұйырғаны деп, жұмысқа жақын маңайдан, арзандау ке­зік­кен осы жатақхананы ала салдым. Жатақхана қожайыны қырықтарға тақаған жуан әйел: «Мұнда тек семейныйлар ғана тұ­рады, тыныш» деген. Жатақ­хана маңында ұсақ балалар мен кәртең әйелдер көп жүрді. Бәрі де мен алған бөлме секілді, ұзап кетсе 15-20 шаршы метрлік бөл­меде тұрып жатқан көрінеді, мұндағы бөлмелердің бәрінің өлшемі бірдей екен.
Аядай бөлмеде су да жоқ, душ­ та жоқ, бәрі сыртта. Су тасу – істеп үйренген жұмыс қой, ол жағы қиындық туғызбады. Кешке қарай байқағаным, бөлмеде тарақан бар екен. Ауылдың баласы болсам да, осы бір жыбыр­ла­ған қоңыз, құрт деген нәрсе­лер­ден қатты сескенетінім бар еді, тарақандарды қалай да құр­ту керек деп шештім. Базар жа­қын, бір күні себетін, бір күні ша­шатын, тағы бір күні бүркетін дәрі әкеліп қолданып көрдім. Алғашқыда жоғалған секілді болады, кешке қарай, үйге кіріп, шам жаққанда, қойдай өрген тарақандар бұрыш-бұрыштағы қараңғылыққа қарай саулап бара жатады. Кітаптарымның арасына сүңгіп кеткенін де көрдім. Базарға тағы шаптым, баруын барсам да, енді басқа бір дәрі алуға құлқым болмады. Сатушылар да танып алған, кеше бір дәріні ең кереметі осы деп көр­сет­се, бүгін басқа біреуін көрсе­тіп: «осы дәрі жоғалтпай қой­майды! атпичаю» деп сарнайды… Ақыры, алдымен көр­ші­лерден кеңес сұрайын деген ой келді. Солар бір жақсы дәрілер ұсынар, соны байқап көрермін.
Кешке бөлмені жинап, өзім­ше реттеліп жатқанымда: «жи­на­лысқа шақырады» деп көр­шінің кішкентай қызы есіктен айтып кетті. «Кім шақырады?» дегеніме «Хазәйкә» деп жауап берді де жөнеп берді. Таңданған кейіппен сыртқа шықсам, аулада біраз адамдар жиналып тұр екен. Бәрінің аңдығаны «Хозяйканың» аузы.
– Так, жиналып болдыңдар ма? Жанар, тағы кім бар шық­паған? Шақыршы Алуаны!
«Хозяйканың» дауысы өктем, бұйрықпен сөйлеп, қатты шы­ғып жатыр.
– Бәрі шықты, ешкім қалған жоқ. Алуа қазір келеді, – дейді Жанары елгезектік танытып.
Екінші қабатқа шығатын бас­палдақтан толық түспей, қабырғаға сүйеніп екі-үш еркек тұр екен, солардың қасына барып мен де тұрдым. Төменде жиналғандардың көбі әйелдер. «Хозяйка» мінбердегі шешендей сарнайды. Ашыған ұнша қам­пиған қарыны ақтарылып кетердей әрең тұр. Үстіне киген киі­мі де денесін буылтық­тан­дырып, тойған өрмекшіге ұқса­тып қойған. «Өстіп айтпасам түсінбейді екенсіңдер» деген түсіндірмемен үстемелеп сөзінің арасына әжетхананың айнала­сындағы атауларды жиі кіргізіп жатты. Біраз жұрт ұялғандай күлді, біразы үндеген жоқ, бая­ғы­дан тұрып келе жатқандар болса керек. Шет жақтағы жас­тау қыз маған мұның еш қатысы жоқ дегендей мен жаққа қарап жымиды. Мен де қатысым жоқ дегендей, езу тарттым да, мойынымды созып, шамдары самаладай жамырап, көліктер ағылып жатқан көшеге көз салдым. Тынымсыз тіршілік дауысы – бір жағымызда электрлі бұрғы ызың­дап құлпытастар қашап жатыр, газды өкірте басып, зулап өткен машиналардың шың­ғырта берген сигналы базар маңын­дағы адамдар шуылын басып кетеді. Әлде бір нәрсе тарсылдайды, шұғыл құтқару машинасының дауысы құлаққа жетеді, озандап барып қайта басылады…
Жиналыс біразға созылды. «Хозяйка» кәнігі шешендердей мүдірмей сөйлеп, бірде жұртты бір дуылдатып алса, бірде күлдіріп, әуелгі былапыт сөздер­ді қайталап, өстіп айтпаса түсіне алмайтынымызды ескертіп, зекіп, соңында «всем ясно?» деген сұрақпен аяқтағанда, әр жерден: «Иә», «Түсіндік», «Ясно» деген сөздер естіліп жатты. Тү­сін­генім, аптасына бір рет субботник, бір рет жиналыс өтіп тұрады екен.
Жұртпен жүздесе қалған сәт­ті пайдаланып тарақан туралы сұрағымды қойып алайын деп жанымда тұрған жігітке бұрыл­дым:
– Сіздерде тарақан бар ма? Тарақанға қарсы қандай дәрі қолдандыңыз? – деп сұрадым.
– Ау? – деп сұрақ қойып алды да, жауабымды күтпестен, – мен көбінде Ресейде жүрем, бизнесім бар. Мұнда көп болмаймын, қарбаласпын негізі, – деп бұрылып кетті.
Өңінен осындай жерде тұрып жатқанын онша мойындай қой­май­тыны байқалады. Қонымды жауап ала алмасам да қайта сұ­ра­мадым. Екінші көршімді бөл­ме­сіне кіре бергенде ұстадым. Отыздар шамасындағы қара жігітке:
– Аға, сіздердің бөлмеде та­ра­қан бар ма? – деп сұрадым.
– Болады ғой… – селқос, ұнатпаған пішінде жауап берді.
– Қандай дәрі қолданып жүр­сіз? – дедім жылдамдатып, асығып тұрғанын байқап.
– Бәрін…
Есікті тарс еткізіп жаба салды. «Именно қандай дәрі? Мен бірнешеуін сынап көріп едім…» деп түсіндіре бастаған сөзім есікке қысылып қалғандай болды. Бұдан да өнімді ештеңе таба алмаған соң, келесі көршінің есі­гін қақтым. Есікті ашқан ал­пыс жастар шамасындағы апа болды:
– Апа, сәлеметсіз бе! Мен жа­ңа көшіп келген көршілеріңіз едім. Менің сұрайын дегенім, сіздер тарақанға қарсы қандай дәрі қолданып жатырсыздар?
– Қарғам, үлкен ұлым минис­терствода жұмыс істейді, үш бөл­мелі квартираға ақша жинап жатыр, скора кетеміз, мұнда көп тұрмаймыз…
– Жоқ, апа, менің сұрайын дегенім…
Есік тағы да тарс жабылды. Ашуым келе бастады, қызық екен, оның қанша уақыт тұра­ты­ны неме керек? Пәтері неме керек? Дұрыстап жауап бере салса, қайтеді?..
Керней бастаған ашуымды басып, неде болса деп үшінші көршімізді мазаладым:
– Сәлеметсіз бе! Көршіңіз едім… Менің сұрайын дегенім, тарақанды қалай жоғалттыңыз­дар? Қандай жақсы дәрі ұсына­сыз? Бөлмеде тарақан көп екен, кө­зін жоғалтпасам, сескенуші едім… – дедім жымиып, есік ашқан жастау әйелге жылдамдата сөйлеп. Арғы жақтан баланың жылаған дауысы естіледі.
– Сәлеметсіз… жақсы… Біз негізі қаланың сыртынан жер алайық деп жатырмыз… үй сал­сақ сонда көшеміз… – деген сөз­дерді үзіп-үзіп тез айтты да, есі­гін шала жауып баласына қа­рай кетті…
Шала жабылған есікті ашарымды, не жабарымды білмей аңырып аз тұрып қалдым. Ақы­ры амалым құрып, бөлмеме қайтып келдім. Күн ақшамнан асып қалған, шамды жағып қал­ғанымда, қараңғылыққа қарай өріп бара жатқан тарақандарды көрдім…
Енді не істемек керек? Бір танысым: «ондай көп бөлмелі жатақ­ханаларда барлық бөл­ме­де­гілер бір уақытта тазаламаса, тарақан жоғалмайды, бір бөл­ме­ден бір бөлмеге көшіп жүре береді» деген. Бірақ мына көр­шілер­мен тіл табысып, бірлікке ке­лу қиын іс болды. Бір жолы асы­ғыс сыртқа шығып бара жат­қа­нымда, есік көзінде темекі шегіп тұрған қабағы қатыңқы, ең­гезердей жігіт: «Бауырым, жай­лап жүрсейші, адамдарды ояттың ғой ұйықтап жатқан!» – деп гүр ете қалды. Елемей кете бергем, сонда да әлденеге ілік іздеп тұратын жастар аз емес еке­нін байқадым. Ал кейбір түс­та­ныс боп қалған көршілердің өзі аман-сәлемге сараң. Бәрінің жүзінен ашу, жек көру, реніш менмұндалайды. Үлкендер жағы жүдеу, көңілсіз. Бала-шағаның да орынсыз жыртаңы, ойыны көзге түсе бермейді. Шынымен ты­ныш жатақхана болып шық­ты…
Екі ай өтті. Көршілермен әлі араласып кете алмадым. Еш­қайсы­сының көшіп кеткенін де байқамадым. Күн қысқарып, түн ұзара бастады. Кешке келіп шам жақсам, тарақандар қараң­ғы бұрыштарға қарай өріп бара жатады. Қыс тақау. Күн суыса жоғалар деген үміт бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір