Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын
13.01.2017
2523
0

Шежіремді ұрлапты, зулапты күн
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.
Алтын адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнының қымбаттығын! –
деген Мұқағали ақынның айтқанымен келіспеске болмас. Сол Алтын адамның құнының қаншалықты қымбат екенін, біздер, бүгінгі қазақ қаншалықты ұғынып, түйсініп жүрміз? Есік-қорық мұражайына келушілер,  жылдан-жылға қарасы көбейіп келе жатқан оқушыларға, жастарға, жасөспірімдерге өз тарапымыздан өткен тарихтың қымбат қазынасы, өткен дәуірдің асылы мен жауһарын таныстыра отырып, осы сауалдардың жауабын іздейміз. Есік обаларын аралата жүріп ғасырлардан жеткен үнге құлақ қоюын сұраймыз. Осы даланы мекендеген байырғы бабаларының немен күнелткенін, қандай биік мақсаттарға жеткенін, кім болып, нендей істер атқарғанын құлақтарына құюға тырысамыз. Иә, бізге тек қана оқушылар келмейді. Олардың ата-аналары, ұстаздар, ұлы дала өркениетінің сән-салтанатын тамашалау үшін шетелдік қонақтар да арнайы келіп, бағзы өркениеттің дүр-жауһарларымен танысып қайтады.    
Біреу білсе, біреу біле бермес, Тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күні 1983 жылдан бастап атап өтіледі. ЮНЕСКО-ның жанынан құрылған кеңестің ассамблеясы бекіткен тізімде әлемнің 175 мемлекеті бар. Солардың бірі – тарихи мұраға бай Қазақ елі.

Сол тарихи мұраның бір бөлігі – «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы. Бұл мұражай 1970 жылы сақ ханзадасы жерленген қорған табылған аумақта, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәйкес, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Стратегиялық ұлттық жобасы аясында құрылды.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы — еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды объектілердің бірі.
Бүгінгі таңда аталмыш қорғау аймағына «Есік І»  қорымдарына жататын 80-нен астам қорғандар, «Рахат» және «Өрікті»   сынды ежелгі сақ қала-жұрттары кіреді.
Мұражайдың негізгі қызметі – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау мақсатында ғылыми-зерттеу, мәдени-біліми және туристік қызметтерді ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеп, сақтау, оны жалпы халыққа насихаттау.
Қазіргі уақытта  қорық-мұражайдың қорғау аумағын қоршау, мұражай жанында орналасқан бірнеше обаларды музейлендіру, кезінде сақтардың резиденциясы болған Рахат және Өрікті қала жұрттарында қазба жұмыстарын жүргізу, оны консервациялау мен музейлен­діру арқылы жаңа туристік жолдар салу, «сақ ауылы» жоба­сын жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
2011 жылдан бастап қорық-мұражай Стратегиялық ұлттық «Мәдени мұра» жобасы аясында «Жетісу сақтарының мәдениеті және Есік обасы», «Жетісу сақтарының мифологиясы мен идеологиясы» тақырыбында ғылыми-қолданбалы зерттеу жұмыстарын, «Музей «ЕСІКті» ашады»,  «Алтын адамның» ашылу және зерттелу тарихы (аңызы мен ақиқаты)», «Өткенге салауат, жастарға – аманат» әлеуметтік-мәдени жобаларын да іске асырып келеді.  Сонымен қатар, жыл сайын тақырыптық дәрістер, семинарлар, экспедициялар мен басқа да музейлік шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Алтын адамның құпиясы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі — археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі бар. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы жәдігерлер болып табылатын 80-нен астам сақ қорғандары мен «Рахат» және «Өрікті» ежелгі сақ қала-жұрттарына да экскурсия жүргізіледі.
«Есік» қорық-мұражайы 2012 жылы ғылыми субъекті ретінде аккредиттеліп, 2011 жылдан бастап лицензия археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қорық-мұражай отандық және шетелдік көптеген ғылыми-мәдени ұйымдармен байланыс орнатқан.
Біздің мұражай тарапынан атқарылып жатқан іс-шара өте көп. Соның бірі – «Есік обасы және Жетісу сақтарының мәдениеті» атты ғылыми-қолданбалы жоба жүзеге асырыла бастады. Жобаның негізгі мақсаты – Есік аумағындағы сақ заманының археологиялық ескерткіштерін зерттеу. Бұл жұмыстарға Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдарын да  тарттық.
1950 жылдарынан бері күллі әлемнің назарын өзіне аударған, көшпелі бабаларымыздың өркениетінің жәдігерлері «Есік» қорғанынан табылды. Осы өңірдегі сақ қорғандарын Жетісу археологиялық экспедициясы арнайы түрде зерттегені белгілі. Ал 1970 жылы көрнекті ғалым, қазақ археологиясында игі ізін қалдырған Кемал Ақышев бастаған археологтардың зерттеулері нәтижесінде еліміздің ұлттық брендіне айналған «Алтын адам» обасы табылды. Сол себепті «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын құрудағы басты мақсаттардың бірі осы өңірде орналасқан. Атап айтқанда, 80-ге жуық археологиялық ескерткіштерді қорғау, зерттеу және насихаттау кезек күттірмес мәселе болып отыр.
Бекмұханбет Нұрмұханбет­ұлы осы жерде Америка ғалымдарымен бірлесіп, зерттеу жүргізген. Қазба жұмыстары барысында 15 жебе мен аттың ауыздығы табылған.
Ғалымдардың болжауынша, ертеректе бұл аймақта 600-дей қорған болған екен. Қазір қалғаны 150-дей ғана. 422 гектардан асатын Есік қорық-мұражайының қорғау аймағына 2 қалашық пен 80-нен аса сақ қорғаны кіреді.

Гүлмира Мұхтарова,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, тарих ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір