Кім күзетер жүдеген шерлі іргемді!..
13.01.2017
1521
0

Олжас Қасым

Сағым қуған
Көп күндер!
Көз алдымда!
Ауыл-аймақ!
Құлындай жүрген кезім салып ойнақ.
Көңілде күй тұндырып, бұлдыр-бұлдыр,
Тұратын сонау қырда сағым ойнап.

Қайда екен, мөлт-мөлт еткен мөлдір шағым?
Шығарып жүгіруші ек жолдың шаңын.
Еркем деп шақырса анам енді бізді,
«Кел-кел» деп шақыратын сол бір сағым!

Сауылдаса сәуле көк күмбезінен,
Қашамыз бас сауғалап күн көзінен.
Мұндайда ерегесіп досым бізді,
Елітіп әкететін бірге өзімен.

Әп сәтте ашатұғын бір жаңалық,
«Қайтайық» деп өтінді қырға барып.
Келейік деді сосын сағым ұстап,
Тамағын әлсін-әлсін қырнап алып.

Тербеліп нұрлы шуақ, жылы ағысқа,
Толтырып кеудемізді қуанышқа.
Тал түсте елеңдесіп екі бала,
Сайланып тартып кеттік түу алысқа!

Көрсетті көрбілте жол шығар өрді,
Келеміз маңдайға алып құба белді.
Шақырған шақырымды жеңу үшін,
Шырқаймыз қайта-қайта бір әуенді.

Шіркін-ай, тисе дейміз қолымызға,
Қарайлап оңымызға солымызға.
Сабылып сағым қуып кеттік ұзап,
Қалды ауыл қарауытып соңымызда.

Бағана тұрған жері осында еді,
Қашықтап кетіпті ғой көш ілгері.
«Тезірек жүгірмесек кеш қаламыз»,
Кенеттен асықтырды досым мені.

Тұрса да аяқ талып, әлім құрып,
Қалдырдым осы жолда бәрін де ұмыт.
Алқынып, оза бердім алға ұмсына,
Күдікті үмітіме бағындырып.

Ойнатып жүрегімнің мың ырғағын,
Өрледім, өршелендім, зуылдадым.
Асықтым, аршындадым, қарыштадым,
Тоқтамай тарттым тура бұрылмадым.

Жеткенде дедек қағып, адыр асып,
Құлазып сала берді көңіл асық.
Борпылдап ыраңды жер табан асты,
Қу сағым кете барды тағы қашып.

«Желпініп, жайдақ шауып, желікке еріп,
Жеткенім осы ма еді серік болып».
Деп едім қайран досым зар жылады,
Еңкілдеп көз жасына ерік беріп.

Тар кезде бермесем де тауып емін,
Жұбаттым жабырқаған жанын оның.
Сағымды қуып жетем, алам ұстап,
Дегені жүрегімде әлі менің.

Армансыз есіл еңсе асқақтар ма?
Ерлік қой семсер серттен бас тартпау да.
Өртеніп күн астында, өзек талып,
Сол күні қайттық үйге кеш батқанда.

***
Арада сынап – жылдар сырғанады,
Төбемнен көшті күндер зырлап әрі.
Мен кеттім үмітімнің жетегімен,
Ол кетті мекен етіп сұр қаланы.
Талай жыл көрмей оны сағынған ем,
Кездестім отау құрған шағында мен.
Жан досым үйленіпті тағдыр қосып,
Әдемі сары қызға Сағым деген.

Өзге асыл қымбат досқа бар ма жетер,
Сан адам ғұмыр бойы арман етер.
Отырды ол қарсы алдымда баппен күліп,
Сағымды қумаппын деп сонда бекер.

Екеуі орын тапқан тәтті өмірден,
Жайнатты жан сарайын ақ көңілмен.
Қиялмен барғандай боп отырдым мен,
Ентігіп сағым қуған сәтке бірден.

Бойымды сағыныштың тербеп әні,
Аңсаймын жан-тәніммен сол даланы.
Кеш білдім біз сағымның кейпіндегі,
Арманды қуыппыз ғой ең бағалы.

Сонау жыл,
Сары далада сабылдырған,
Тағдыр ма дегеніне бағындырған?!
Қайрылып, қайта барсам таба алам ба?
Сағындырған бал күнді, сағым қуған!

Жоғалған ауылда жазылған жыр
Көргім келді,
Бетегелі, жусанды қырды байсын,
Сезінесің мендегі мұңды қайсың?!
Ей сағыныш,
Неге жүрегімді ұрғылайсың?!

Көргім келді.
Құлаған үйдің орынын,
Жалғыз талдың тентек жел қиды ма өмірін?!
Қайтымсыз, қамырықты,
Шертесің күйді көңілім.

Көргім келді,
Аспанын осы маңның, тауын, гүлін.
Шақырым жеңіп, өзіңді сағынды ұлың.
Ауылдас, көзтаныстар моладағы,
Өлтірді бәріңді кім?

Сенгім келді,
Бұл жерден бір бақытты тапқаныма,
Ұзақ қарап түнгі ауыл оттарына!
Қыр қызының қыраулы терезесін,
Имене қаққаныма!

Өргім келді,
Өлең етіп таңдарды манаураған,
Қайта оятып шақтарды оралмаған.
Өкінішімді келіп пе ем кетем бе деп,
Табыстап саған далам!

Келгім келді,
Құлазыған көруге торғын белді.
Кім күзетер жүдеген шерлі іргемді!
Қайран мекен ошағы алаулаған,
Сөндің бе енді?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір