ТАҒДЫРШЕШТІ ТАРЛАН
30.12.2016
1650
0

Табиғат тағы да тұлданып, тосын тарпаң мінез танытып, аспан асты, жер үстінде алай-түлей аласапыран құбылыс жүріп жатыр. Неге екенін қайдам, биыл қар қалың және әдеттегіден ерте түсті. Ғасырлар бойы халық қасіретін қыңбай көтеріп келе жатқан Қаратау (Қарааспан) қара жамылды. Бұдан аттай қырық күн бұрын Берден Байқошқарұлының жамбасы жерге тиді. Ауыр қаза тек ағайын, жекжат-жұрат қана емес, күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды…

Байқошқар баласының жампоз  жаратылысы бөлек жан еді. Ол жарқын өмір жолы мен үлкен үйрену мектебінен өтті. Социалистік Еңбек Ері­нің атұстарымын демей, хас қыранның жас тір­негіндей түлеп қиырға қанат қақты. Қайда жүрсе де үздік оқыды. Қаршадайынан еңбекке ерте ара­ласып, жер жыртып, қос айдады, шөп шапты, қозы-лақ қайырды. Жас инженер жолдамамен алыс ауылға аттанды. Жиренбеді, ықыласпен үй­ренді. Кеңшарда директор да болды. Талай биік лауазымдардың құлағын ұстады. Жамбыл об­лысы Қордай аудандық партия комитетінің бі­рінші хатшысы болып, табаны күректей он екі жыл бойы абыройлы қызмет істеді. Тағдыр шешті үл­кенді-кішілі оқиғаларға араласа жүріп, халық да­налығына елгезек ден қоя жүріп, басқару тетігін ұғын­ды. Іскер басшының сыртынан ешқандай сып­сың сөз ерген жоқ. Қайта оны қарапайым ең­бекқор қырдағы қойшы, ойдағы мұрап-диқан қуа­нып құшақ жая қарсы алатын, өзі де олар де­генде бар жанын салып, жанып түсетін еді. Алтын қайнарлар мәңгілік сарқылған емес.
Асылдың сынығындай Берден ағаның қа­ламы қанатты еді. «Авестадан Алашқа дейін» шық­қанда талай тарихшылар таңдай қақты. Жа­қында ғана тұсауы кесілген «Үйсін хандығы» (Қ.Сартқожаұлымен бірге жазылған) да көш­пелілер өмірінен сыр шертеді. Онда ертеде өткен ата-бабалар іздері сайрап жатыр. Дала мәдениеті қандай екенін кеңінен көрсететін кітап. Елеулі еңбек. Қарбаласқа толы қызмет болмағанда одан үлкен тарихшы шығатынына ешкімнің кү­мә­ні жоқ болатын. Теміржолшы Мұхамеджан Ты­нышбаев, дәрігер Санжар Асфендияровтай ха­лықтың өткен өмірін қаза зерттемесе де қазақтың етек жауып, ел болып қалыптасу ұзақ жолы оны қатты алаңдататын. Бізге берген күнтізбеде Жи­реншенің Айбар (Барыс) жылы туылып, 1467 жы­лы 45 жасында Жәнібек ханмен кездесуі сәйкес ке­леді. Бұл ізденіс жұмыстарының жемісі негізі бар­лығын байқатады.
Аға топырағы суымай жатып, қоштасу рәсі­мін­де ардагер жазбагер Қожаберген (Қоянбек) Ах­метов  оған деген інілер ілтипатын жүрекжарды леб­ізімен білдірді. Қажымас қайраткердің кеудесі қазынаға толы күйі жырақ жұлдыздарға аттанып кет­ті. Қордай мен Талас аудандарының құрметті аза­маты ел-жұртының арман-үмітін ақтап өтті. Ауылда Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атын­дағы мешіт салдырып, ол имангершілік пен адамгершіліктің үлкен үлгі-өнегесін көр­сет­ті. Текті тұлғаның бейнесі барған сайын биік­тей беретінін болашақ бедерлейді әлі. Туған жерге тағзым етсек, оның атқа қонған Б.Бай­қошқарұлыдай парасатты перзентінің жүрегі мәң­гі соғып тұрғандай.

Бауырлары
Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
Рафаэль НИЯЗБЕК.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір