«АРДАМ БАШИ ТИЛ»
16.12.2016
1488
0

Серіктес ТОҚҚҰЛОВ

Махмуд әл-Қашқари өзінің ұлы шығармасы «Диуан лұғат ат-түрікте» «Ардам баши тил», яғни Абайша айтқанда, «Өнер
алды – қызыл тіл» дейтін түрік мақалын мысалға келтіреді де: «Сөздің көркіне жеткен адам сол арқылы бекзаттығын танытады» деп қосады. Ал біз, сондай бекзаттардың бүгінгі ұрпағы болсақ, өз ісімізде, ойлау және әсіресе, сөйлеу мәнерімізде соншама ұқыпсыз әрі жауапсызбыз.

Бұрынғы-соңғының барлық діни қайраткерлері не істеді? Сөйледі – сөз сөйледі. Бұрынғы-соңғының әмбе саяси қайраткерлері не істеді? Сөйледі – сөз сөйледі.
Солардың сөздері дүниені өзгерт­ті.
Дұрыс сөйленбеген және дұ­рыс ұғылмаған сөздер адамның дү­ние келбетін теріс қабылдауына соқ­тырады. Ал бұл өте қауіпті.
Тарихи әдебиетте көк түрігі дей­тін атау сөз бар. Орыс тілінде, тіп­ті басқа тілдерде де ол көгілдір тү­рік­тер мағынасында аударылып, со­лай қабылданады. Ал көк, көгілдір сөзі бүгінде екіұшты, тіпті кәнизак ұғымындағы қорлау мәнде естілетін болған. Шындығында, мұндағы көк – аспан мағынасындағы сөз: Көк түрігі – Аспан түрігі – Көктің тіреуі. Осман империясы осыдан шыққан, яғни Оспан, Аспан, Көк қағанаты. Бір ғана Көк сөзі дүниеге басқа мағынада түсіндіріліп, адам танымастай өзгергенін көреміз.
Мәңгі Ел, Жаңғыз, ТаңНұры, Нәр­Уыз, ҚазАҚ, ҚазаАр, АрИесі, БатАй, ШығадыАй, ҚұбылАй секілді ата тарихымыздағы өзекті сөздерге бай­ланысты да осыны айтуға болады. Шынында, Моңғол, Шыңғыс, Тәңірі,  Наурыз, Қазақ, Хазар, Арий, Батый, Шағатай, Құбылай деп жазғанда сол сөздерді өзіміз де танымаймыз ғой. Сөздердің өздері де, мәндері де адам танымастай боп өзгереді.  Мәселен, ме­нің өз аты-жөнімді Цэрктэц Тюкюл деп жазғанымдай.
ХХ ғасырдың  екінші жартысынан беріде Жеңіс, Қайрат, Серік, Болат, Майра, Айгүл, Шолпан сияқты есімдер   көбейді. Ахмет, Ислам, Расул, Зухра, Мәдина, Махамбет, Иса секілді араб есімдер ежелден көп тараған. Индира, Владлен, Мэлс, Совет дейтін таңсық есімдер де кездеседі. Бізді неғұрлым қызықтыратыны – Темір, СұлуТаң, Бәрі Ақ, АлтынАй, Жамбыл, СүйініпАй, СипатыАй, Томирис, Алпамыс, ТолғанАй, ТоқАй, ДосАй, Жі­б­ек, Нұрбала, Нұрилла, Бөрібай, Мәми, Қазбек, БекНұр, Кенже қа­тарлы түбірлі есімдер.
Бізге  ежелдің ең түбінен жеткен есімдердің бірі, сірә, Томирис болар деймін. Бұл қай тілдегі есім? Менің бі­луімше, ол Тамыр Иісі дегеннен шыққан болар деймін. Ал Атилла ше? Ол Еділ сөзінен шыққан деу – қате. Атилла – Аттылы деген сөз!
Л.Гумилевтың «Каспий айнала­сын­­дағы мыңжылдығында» (268 б.): «Олардың біреуі, Құтыб ад-Дин «хорезмшах» лауазымына ие болды, бірақ ол өз тайпасының арқасында емес еді, оған сүйеу болған қаңлылар мен түркімендер еді. Оның ұлы Атсыз дәурені өткен селжүктерден нақты тәуелсіздік алды, ал оның мұрагері Ил Арслан мен оның ұлы Текеш және Текештің ұлы Мұхаммед ұзаққа созылған кескілескен ұрыстардан кейін Жентке, Маңғыстауға, бү­кіл Иранға, Әзірбайжанға, Гүр мен Маураннахрға ие болды. Кіш­кен­тай ғана жазиралы  алқап орасан державаның орталығына айналды, бірақ онысы, әрине, өзінде жоқ күш-құдіреттің арқасында емес еді», – дейтін ақпарат бар. Де­мек, Аттылы мен Атсыз сол кездегі дағдылы есімдер болған.
Лев Гумилевтің «Каспий ай­на­ла­сын­дағы мыңжылдығында» келтірілетін оның туыстарының есім­дері мынадай: нағашысы – Ругила, бауыры – Блед, әкесі – Мундзук, ба­ла­лары – Эллак, Денгизих, Ирник.
Герил, гунн акацир. Атиллаға қа­тысты деген атаулар бар. Енді дұрыстап оқып көрелік: 1. Ругила – Рухы Ел: 2. Блед – Біледі: 3. Баламбер – Балама бер; 4. Мундзук – Мұң Жоқ; 5. Эллак – Ел Ақ; 6. Денгизих – Теңіз; 7. Ирник – Ер Нық; 8. Герил – Кері Ұл, Ер Ұл; 9. Гунн – Күн; 10. Акацир – Аға әскер.
1889 жылы Н.М.Ядринцев ашқан, Томсеннің оқуындағы Орхон-Енисей ескерткіштерін бәріміз білеміз. Сол жазулардағы адам есімдері, халықтар мен жер аттары нені білдіреді? Адам есімдері мынадай: Тоны-көк, Кұл-тегін, Алп Елтемиш, Қапаған-хан, Білге-хан, По-бег, Сұлу, Құтлуг хан, Йоллаг.
Енді осы сөздерді қазіргі транск­рип­циямен жазып көрелік:
1. Тоны-көк –  Тәңі көк.
2. Күл-тегін – Гүл Сұлтан.
3. Алп Елтемиш – Алып Ел Темес.
4. Қапаған хан – Қабаған хан.
5. Білге хан – Білгір хан.
6. По-бег – Бөбек.
7. Сулу – Сұлу.
8. Құтлуг хан – Құт ұлы хан.
9. Йоллаг – Жолы Ақ.
Осы есімдердің бәрі қазіргі түр­кілерге, әсіресе қазақтарға мейлін­ше таныс екенін көреміз.
ХІ–ХІІ ғасырларда адам аттарында ғарышпен және жануарлар дүниесімен байланысты сөздердің көп болғанын да байқаймыз. Мәселен:
1. Қасар – Қас Ар.
2. Бектұр – Бек Тұр.
3. Тұғрыл – Тұғырлы.
4. Жамұқа – Жан Бұқа.
5. Даридай – Дарыды Ай.
6. Сүбедей – Сипаты Айф.
7. Шикіқұтық – Шикі Құттық.
8. Мұқылай – Мұқылым Ай.
9. Бароқұл – Бәрі Құл.
10. Бури – Бөрі.
11. Бұйрық –
12. Жебе –
13. Сангум – Сен Күн.
14. Ерке Қара –
15. Құлан –
16. Жібек –
Адам аттарында Ай, Күн, Бұқа, Өгіз сөздері жиі кездеседі. Бұл, тегінде, біздің ата-бабаларымыздың дінімен және аңыз-әпсаналарымен тығыз байланысты және ТаңНұрынан (Тәңіріден) бастау алатын болса керек. Әрі олар Күнге, Айға, Жұлдыздарға, Аспанға, Жерге, Отқа және Суға та­бынатын болған. Бұл наным-сенімнің жаңғырығын біз беріректен көреміз. Атап айтсақ: ТаңШолпан, АйКерім, АлтынАй, ҚосАй, ТоқАй, ЖұлдызАй, КүнЕс, КүнБатар, ТаңАтар, т.т.
Түрік сөздерін алғаш зерттеп, сипаттау 1047 жылы жүзеге ас­ты. «Ди­уани лұғат ат-түрік» кіта­бын­да Махмұд әл-Қашқари Пайғам­ба­ры­мыздың: «Түрік тілін үйреніңдер, олар­дың билігі  ұзаққа созылады» деген сөзін келтіреді.
Еуропа тілдерінің осы сияқты сөздіктерінен 500 жыл  бұрын шыққан бұл данышпандық кітапта 6727 түрік сөзі талданып, түсіндірілген. Ол тіп­ті анайы сөздерді де жазып алып, сақ­таған. Бір ғажабы, содан бергі
10 ғасырда бұл сөздер ешбір өзгер­меген. Махмұд Қашқари «Татсыз турк болмас, башсиз бурк болмас» («Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас») дейтін  мақалды келтіреді. Тат деп парсыларды – қазіргі ирандықтар мен тәжіктерді, сондай-ақ ұйғырларды атаған. Ар – адам, ер адам. Сондықтан Тат Арлар – парсылар мен ұйғырлар.
«Диуани лұғаттың» алғысөзінде былай делінген: «әл-Қашқари араб лексиколографиясының қағидасына барынша сәйкес келуге тырысып, оның категорияларын түрік тіліне қолдануға творчестволықпен ой елегінен өткізеді. Ол түрік сөздеріне арабтардың көзімен қарап, оны түрік лексикалық материалымен толықтырады».
«Бұл бастаманың міндеті түрік сөздерін транскрипциялау болған жоқ, өйткені ХІ ғасырдағы автордың ескерген барлық айтылу нұсқаларын дәлме-дәл келтіру, біздің ойымызша, ешбір мүмкін емес».
«Кейбір дыбыстардың фонети­калық ерекшеліктері мен жекелеген көне түрік тілдерінің фонетикалық қасиеттері күні бүгін де  белгісіз болып қалуда».
«Араб транслитерациясында бас­тапқы дауысты дыбыс әрдайым хамза, белгісімен жазылады». Сон­дықтан «Диуани лұғатта» ол былай дыбысталады: 6. Ат – ат (жылқы): 12. Ит – ит; 15. Үш – үш саны; 17. Иш – әлдененің іші (іш); 18.  Ар – еркек  адам (ер); Уқ – жебе (оқ); 43. Ун – дыбыс (үн); 68. Анд –ант; 77. Ут – от; 89. Йр – жер; 9. Иш – жұмыс (іс); 115. Ун – сан (он), 116. Ун – дыбыс (үн); 129. Увут – ұят; 147. Ағыр – ауыр; 175. Атиш – атыс; 193. Улуш – үлес; 216. Азақ – аяқ; 221. Арик – өзен (арық); 250. Утук – үтік; 273. Улук – өлік; 305. Узун – ұзын; 326. Ат – есім  (ат); 337. Аш – азық (ас); Ақ – түс (ақ түс); 356. Айиг – аю; 359. Айак – аяқ; 365. Уйун – ойын: 367. Уйа – ұя; 376. Ата – әке (ата, әке); 430. Азғир – айғыр; 461. Артук – артық; 462. Уртак – жолдас (ортақ); 482. Атнан – нан; 599. Урғақ – орақ; 637. Арба – арпа; 658. Уғри – ұры: 694. Алма – алма (жеміс); 709. Укунш – өкініш; 713. Умунж – үміт.
Кейбір сөздерді біз бірден тани­мыз, өзгерген ештеңесі жоқ. Мәселен, ат, ит, алма. Ал кейбіреулері өзіміз қазір айтып жүрген сөздерге  ұқсас, бірақ бірден тани кету оңай емес, мәселен: айиг, ургак, укунш.
Дегенмен, біз бұл сөздердің дәл қазіргідей аю, орақ, өкініш деп немесе басқаша айтылғанын білмейміз. Олай болатыны – бұлар араб  әріптерімен, яғни, түрік лексикасына бейімделген бөтен әліпбидің көмегімен жазылған.
Бұдан шығатын қорытынды: әр халықтың тілдік ерекшеліктерін ес­керіп, ғылыми тұжырымдалған өз грамматикасының, орфография­сы­ның, фонетикасының өз ережелері бар дербес әліпбиі болуы керек. Бүгінде бізде осындай  әліпби бар. Сондықтан кейбір тезқатар бауырларымыздың жылдамдатып латын әліпбиіне көшу керек деп  алашапқын болғанын тү­сіну қиын және оны қабылдай қою одан да қиын.
Еуропада әуелі грек әліпбиі пайда болып, соның негізінде латын әліпбиі жасалғанын білеміз. Кирилл мен Мефодий, өз кезегінде, латыншаның негізінде өз әліпбилерін түзді. Ал осы славян немесе ор­ыс әліпбиінің негізінде, біздің ә, ө, і, ң, ғ, қ дыбыстарымызды қам­тып,  42 әріптен тұратын қазақ әл­іп­биі жасалған болатын. Бұл – біздің ұлы әдебиетімізді гүлдену жолына салған қазақ ғылымының кемеңгерлік эволюциялық жетістігі болды. Абайдың, М.Әуезовтің, О.Сүлейменовтің, М.Мақатаевтың есімдерінің өзі-ақ көп жайды аңғартады.
Егер біз заманауи қазақ әліпбиін тәрк ететін болсақ, ол орны толмас өкініш, кешірілмес кері кетушілік болмақшы. Латын әрпіне көшкеннен кейін ғаламат табыстарға жетті деп Түркияны мысалға келтіретіндер, латын әліпбиі компьютерде жұмыс істеуге қолайлы дейтін  қисынды алға тартатындар бар. Бірақ Түркия латын жазуына түріктердің өздеріне бөтен араб әліпбиінен көшкені мүлде ескерілмейді. Әрі десе, Ататүрік ке­зінде араб әліпбиін сақтап қалған болса Түркия бұдан да өрелі биіктерге  жетер ме еді – кім білсін.
Ал бұл жерде компьютер тілін алға тартудың өзі күлкілі. Қытай, жапон тілдерінде әліпби жоқ, тек пішік жазу ғана бар. Шынтуайтында, ол – әріптерді емес, сөздерді бейнелейтін сурет, белгі. Ондай  белгілер қытай тілінде 70-80 мыңның үстінен  асып жығылады. Олардың бәрін есте ұстау мүмкін емес. Бірақ қытайлар сол белгілердің бәрін компьютердің жадына салған. Сөйтіп, олардың компьютерлік сауаты көптеген елдердің түсіне де кіріп-шықпайтын өреге бір-ақ көтерілді. Сондықтан біздің әліпбиіміздің 42 әрпі компьютер үшін өлең айтқанмен бірдей.
Кибернетика мен компьютер тілі, бір болмаса, араб цифрларынсыз болмас еді. Егер Еуропа арабтың 1, 2, 3… 10 деп келетін араб цифр­лары емес, І, ІІ, ІІІ… Х тұрпат­ты рим цифрларымен кете берсе,   кибернетика мен компьютер дейтін­дердің елесін де көрмеген болар еді. Өйткені, компьютер тілі цифрлардың 0 және 1 қосарлы жүйе­сіне негізделген.
Түрік сөздерін сына, пішін, латын, араб әріптерімен және кейінірек, тілге бейімделмеген кириллицамен жазу және оқу проблемасы бізге әлі күнге дейін етене өз дыбыстарымызды оқуға һәм тануға мүмкіндік бермей келеді. Бәлкім, латын жазуын  жақтаушылар сол әліпбиге көшерде қажетті ережелердің бәрін тұжырымдап, қарық қыламыз деп уәделерін үйіп-төгетін шығар. Өз басым бұған сене қоймаймын. Оған екі түрлі себебім бар. Бірінші: өзім сөйлесіп, пікірлескен өзбектердің бәрінен естігенім: елдерінің ресми түрде латыншаға әлдеқашан көшкеніне қарамастан, ондағы халықтың басым бөлігі әлі күнге дейін кириллицаға негізделген өзбек әліпбиінің әріптерімен жазатын болса керек. Екіншіден, өзіміз де кү­ні бүгінге дейін «Қазақ» сөзін Ka­zach деп пе, Cazach немесе Qazaq деп пе – қалай жазарымызды білмей келеміз. Бұған тиянақты уәжін айтқан ғалымдарды да көре алған жоқпыз.
«Түрік-моңғолдар православие дүниесімен, Византиямен және оған серіктес-славяндармен дос болды» деп жазады Л.Гумилев «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» дейтін кітабында. Сөйтеді де: «Ал католиктік роман-герман Еуропасының агрессиясын түріктер тоқтатты әрі сонысы үшін әлі күнге шейін жазғуырудан арыла алмай келеді», – деп тұжырымдайды.
Ол түріктердің Еуропа елдерімен және халықтарымен өзара қарым-қатынасын дұрыс талдайды. Алайда, түріктердің өздеріндегі тарихи және этникалық үдерістердің сабақтастығын айқындауда ол мүлт басты.
Л.Гумилев былай деп жазады: «Ұлы Даланың бұрынғы қожалары түріктер мен ұйғырлар моңғолдардың ата тектері емес. Осы екі орам этностардың арасында жанды этникалық жадпен толтырылмаған жыра, шыңырау жатыр. Түріктер мен моңғолдардың діндері екі басқа».
«Қысқасын айтқанда, ғұн-түрік­тер мен моңғолдар – римдіктер мен герман-романдық Еуропа немесе жаңа дәуірдің басындағы эллин-римдіктер мен өздерін романдар деп атаған византиялықтар сияқты екі басқа суперэтностар».
Мұның таңданарлық жері сол, «ХІІ ғасырдағы моңғолдар мен татарларында» оның өзі: «ХІІІ ғасырда ғана қолданысқа енген «моңғол» атауы «ежелгіге ие болу» дейтінді білдіретін қытай пішігінен шыққан» деп жазған болатын.
«Сары төбетінің» ІІІ тарауында: «ХІІІ ғ. дейін қытай географтарына онша белгілі бола қоймаған моңғол­дардың тарихында нақ осылай».
Бірақ бұлай болуы мүмкін
ем­ес. Мемлекеттер, одақтар аяқ ас­­ты­нан пайда болып, жоғалып ке­туі де мүмкін, бірақ халықтарда, ұлыстарда олай болмайды. Мысалы, ХХ ғасырдың басында пайда болған Кеңес Одағы ғасырдың соңына қарай жер картасынан жоғалып кетті. Ал оны мекендеген халықтар мен ұлттар әлі де бар.
Зерделі зерттеушінің өзі де «Түріктің  «Ұлы елі» серпінді саты­сын­да» жазғанындай: «Серпінді сатыда қиялға жел бермейді, ойластырылған және салғастырылған жоспарларды орын­дайды. Сондықтан бұл саты іл­герішіл мәңгілік сияқтанып көрінеді. Нақ осы сатыда римдіктер өз астаналарын «Мәңгілік қала», түріктер өз державаларын «Мәңгілік ел» деп атаған. «Мұншама алапат елді бағыныштылықта ұстау үшін  қатыгез әлеуметтік жүйе құру керек еді. Түрікттер соны  құрды да және «Ел» деп атады… Мемлекет – этникалық институт емес, алғашқы қауымдық құрылыс жағдайында пайда болған әлеуметтік институт, ол бір  этносты тұтастай немесе бірнеше қоңсылас этностарды, яки өз  этносының бір бөлігін қамтуы мүмкін,  өйткені есеп­теу­дің әлеуметтік және этникалық екі жүйесі үйлеспейді».
Яғни түріктер үшін Мәңгі Көк пен Мәңгі Ел идеясы қасиетті екенін Л.Гумилев өзгелерден гөрі жақсы білген. Ол тіпті  қытайлардың «мәңгі» сөзін пішік арқылы қалай жазатынын да біледі.
Плано Карпини өзінің «Моңғол­дар­дың тарихы» атты кітабында Шың­ғысханның немересі Күйік ханның мөріндегі  жазуды келтіргенін Л.Гумилевтің білуі сөзсіз. Француз  ғалымы П.Пелльо бұл жазуды латын әріптерімен мынадай таранскрипцияда аударады: «Mongka t (f) ngzi-yin kucu-duz mongyol  ulus-un dalai-in xanj (a) zi (i) x il  bolya izqun-duz kuzbasu busiratuqul ayutuyai».
Аудармасы: «Мәңгі көктің күшімен ұлы Моңғолдар халқының Далай Ханы­ның бұйрығы. Егер ол бағынған халыққа баратын болса, олар оны құрметтесін және олар қорқатын болсын».
Менің мөрдегі жазуды қазақ әріптерімен аударуым: «Мәңгі  Тәңірі­нің күшімен, Мәңгі ел ұлысының, ханы­ның жарлығын жер жүзінің бар еліне жеткіз».
А.Г.Юрченко «Саяси әпсананың тарихи географиясы – Шыңғысханның ХІІІ-ХІV ғ.ғ. әлемдік әдебиетіндегі шо­луы» дейтін кітабының 263-бетінде ХІІІ ғасырдағы моңғолдардың кімдер екені толық көрсетілген: «1846 және 1853 ж.ж. Сібірде, Минусинск және Верхнеудинск маңында шаршы бетке жазылған моңғол жазбасы бар екі күміс пайцза табылды. Олардың екеуі де ұлыхандық пайцзалар деп танылды: верхнеудинск пайцзасы құрамында ХІІІ–ХV ғ.ғ. шегіндегі күміс ыдыстар бар көмбемен бірге жатқан боп шық­ты. Пайцзалардағы жазуда ешқандай ханның аты-жөні жоқ әрі олар еш­тең­емен әшекейленбеген. Ал әр кезеңдерде Еділ, Днепр бойларынан және Қырымнан табылған пайцзалар­дан Тоқты (1290-1312), Өзбек (1312-1341), Келдібек (1361) және Аб­долла (1362-1369) хандардың ат­тары оқылған болатын. Моңғол тіліндегі жазбалардың бәрі ұйғыр әліпбиімен қондырылған-ды. Барлық пайцзалардың үлгісі ұқсас немесе бірөңкей, айырмашылығы – тек хандардың аты-жөндерінде. Төрт пайцзаның бәрі де шет-шеті сәл қалың­дау жиектелген сопақтау тілімше түрінде жасалып, айналасына иесінің беліне байлау үшін бау өткізетін тесіктер қалдырылған.  Абдолла мен Келдібек пайцзаларының негізгі өлшемдеріне қарағанда, әр түрлі хандардың сенім тақтайшаларын жасаудың қатаң белгіленген қалыбы болмағанға ұқсайды.
Абдоллада: тақтайшаның ұзынды­ғы 28,0 см., ені – 9,0 см., салмағы – 359,3 г.
Келдібекте: ұзындығы – 29,8 см., ені – 9,7 см., салмағы – 497,9 г.
Қалыпты сипат тек жазбада – әр бетінде екі жолдан, әріптеріне алтын жалатылған. Грушевкадан табылған пайцзадағы (Эрмитаж, инв. №30-295) жазу: Monke tnzei-yin kucunduz / yeke cuu iali-yn iqqeqen-duz / Abdula-yin jarl ken ulu / busizeku kumbu aldaqu kumun aldaqu ukuku,  яғни: Мәңгі Көктің күшімен, (оның) Абулланың ұлы рахымымен және құдыретімен бағынбайтын кімде-кім болса, сол жазаға тартылып, өледі». Қырымнан, Симферополь ауданынан табылған көмбенің құрамындағы пайцзадағы жазуда: Monqke tuqri-in kucunduz / yeke zuu ali-in iqeqenduz / keldibeq-un rly ken ulu / busureku kumun aldaqu ukukku делінеді, яғни «Мәңгі Көктің күшімен, ұлы құдіреттің және салтанаттың қорғауымен. Келдібек әмір етті: кімде-кім бағынбайтын болса, өлтіріледі және өледі» деген сөз.
Симферополь пайцзасының бет­кі жағында шеңбер ішіндегі ал­ты телімді гүл күлтесі түрінде күн бей­несі, ал қарсы бетінде  жартыкеш ай салынған. Күн мен ай бұлт тек­тес өрнекпен бейнеленген. Бұл Ас­панды тұспалдап бейнелеу екені сөзсіз. 1246 ж. Иннокентий ІV папа­ға Мәңгі Көктің күшімен жібе­ріл­­­ген­дігін куәландыратын Күйік ханның мөріндегі жазудың бастапқы формуласы ұлыхандық және жошылық пайцзалардың алғашқы жолымен бірмәндес екенін атап өтелік. Сондай-ақ Тоқты және Өзбек хандардың алтынордалық пайцзаларында да күн мен ай нақышталған; Адолланың да, жалған хан Беклярибек Мамайдың (ХІІІ ғ. 30-шы жылдары – 1380 ж.) да пайзасынан жартыкеш айдың бейнесін көруге болады. Келдібектің пайцзасындағы аспан шырақтары басқаша бейнеленген.  Мұнда күн сегіз емес, алты сәулелі табақша түрінде, ал ай – сүңгілі шара бейнесінде емес, бұлт жастанғандай болып, симметриялық пальметтада жатқан қос мүйізді жас ай кейпінде белгіленген. Абдолланың пайцзасынан да жартыкеш айды кө­руге болады. Мұнда күн бейнесі жоқ, ал айдың бейнесі екі мәрте қайталан­ған.
Осы жазбалардың қазіргі қазақ әліпбиіндегі транскрипциясы:
«Мәңгі Тәңірінің жеке әскер жаса­ғын игерген дүр Абдулланың жарық Кен ұлы бұрар кішін алдағы укукку».
Мәңгі Тәңірінің күшіндір жеке  әскер алуының игерген дүр Келдібек ұн рлу кумун бұзыреке алдаға укук­ку».
Әлбетте, бұл жазбадағы базбір сөз­дердің мәнін қазір ұға қою қиын. Әйтсе де бұл түрік тілі екендігіне, бас­қа ешқандай тіл еместігіне дау жоқ.
Ал «пайцзы» атау сөзі «бой сызу» – «денедегі жазу», «дербес жазу» дегеннен шыққан.
ХІІ ғасырдың соңына таман ға­йып­тан тайып моңғол дейтін ел жұл­­қынып шығып, әуелі түрік-най­мандарды, керейлерді, содан соң Орта Азияны, Қытайды, жарты Еуропаны, Иранды қырып-жойып, басып алды, ал сөйте тұра олардың бәрінің дерлік аттары түрікше және хан  мөрінің жазуы түрік тілінде болды деп ойлау – қисынсыздың қисынсызы.
Аталарының соншама даңқты іс­те­рінен кейін Шыңғысханның сайып­қыран жауынгерлерінің ұрпақтары «ХVІІ ғасырдың ортасына қарай маң­ғұлдар негізгі үш салаға бөлінді. Олар: Солтүстік халғастар (халғ – түрік тілінен аударғанда – халық), оңтүс­тік түметтер, чахарлар (бұл – қа­зір Қытайдың құрамындағы Ішкі Маңғолия) және батыстағы ойраттар, Алтай мен Тянь-Шань арасындағы Жоң­ғариядағы көшпенділер. Бұл ха­лық­тар  ғасырлар бойы бірде өзара достық байланыста болып, кейде өзара қырқысумен келді… «Хальиг» деген атаудың өзі түрік тілінен аударғанда «қалдық» деген  мағынаны береді. Бұл термин исламды қабылдаған ойраттарды атау үшін мұсылмандар арасында  пайда болған. Қалмақтардың өздері оны дербес атау ретінде бері салғанда ХVІІ ға­сыр­дың соңына қарай қабылдаған. Оған дейін олар өздерін ойрат немесе торғауыт деп атап келген… Қазіргі Маң­ғолтяныцң негізгі халқы – 80%-ға дейінгі – халғастар».
Мұны жазған – қазақ кеңес агро­ном-ғалымы, ХХ ғасырдың со­ңына қарай нешеме жыл Моң­ғо­лияда қызмет істеген Ғалым Құдай­баргенов.
Демек, қазір дүние тегіс моңғолдар деп атап жүрген халықтарда этнос, ұлт, тайпа немесе ру мәндегі «маңғол» атанарлық ныспысы да жоқ. Ал бұлай болуы мүмкін емес.
«Ежелгі түріктер» атты кітабы­ның V тарауында Л.Гумилев былай деп жазады: «Сөйтіп, Ашина әу­леті қағанатының әлеуметтік құ­ры­лы­мының негізгі сипатты белгісі әскери және тайпалық құрылысты үйлестіру болды. Мұндай үйлесімді Орта Азияда іс жүзіне асырған алғашқы көшпелі халық түркиттер еді. Мұны олардың өздері де түсініп, өз державаларын «Мәң­гілік ел» деп атайтын, онысы – телестіктердің тайпалық  одақтарымен де жужаньдардың жыртқыштық топ­­та­рының үстемдігімен де салыс­тыр­ғандағы дәйектілігін меңзеу еді.
«Эль» немесе «иль» сөзін әртүрлі ғалымдар түрліше түсініп, түрліше аударады.  Бұл ұғымдағы басты нәр­се – басым күш ретіндегі әлуетті тай­памен сыйысуға мәжбүрлігі бар жау­лап алынған тайпалардың болуы.
Түркіттер құрған әлеуметтік-саяси жүйе VІ ғасыр үшін ең жақсы жүйе болатын…»
Осында тағы бір көңіл аударар­лықтай ақпарат бар: «Эрмитажда түрік гвардияшыларын бейнелейтін саз мүсіндер бар… Осыларға ұқсас олжаны А.Стейн Астана қыстағынан, сондай-ақ Турфан түбінен де тапқан».
Әліпбилер мен фонетика пробле­ма­ларын Л. Гумилев тайға таңба бас­қандай етіп жазған болатын: «Бұл авторлар, – дейді ол, – пішік жаз­уларды әліпби жазуымен бе­рерде VІ–VІІІ ғ.ғ. фонетикасын келтіреді; ал шынтуайтында қазіргі кеңестік қытайтану әдебиетінде  ХХ ғ. фонетикасы негізге алынады, соның салдарынан түрік есімдері адам айтқысыз дыбысталады да түсіндіруге көнбейді. Мәселен, ту-тү-түркітер деудің  орнына ту-узюе деген сияқты».
«Сөз жоқ, мәтіндерді дәлме-дәл оқу керек, бірақ бір ғана осы даудың тарихы грамматика мен фонетика тарихи сынды алмастыра алмайтынын көрсетіп отыр».
Осының бәрін біле отырып, Л.Гу­ми­левтің не себепті моңғолдардың, Шың­ғысханның түріктерге қаты­сы болмаған дейтінін түсіну қиын. Тіпті Жаңғыз хан өз қаға­натын мемлекеттік және әскери тәжірибе негізінде  бұ­рын­ғы түрік қағанаттарының бірден-бір мұрагері ретінде құрғанын көр­сет­кен соның өзі емес пе еді.
Лев Гумилев: «Ал Батыс Еуропа елдерінде бол­са, еуроапалық еместерге қар­сы теріс ұғым әлдеқашан туған бо­ла­тын. Кейбір географтар Вен­гр­ия­дан, енді біреулер Карпаттан бас­талады деп жүрген азиялық дала – жабайылықтың, тағылықтың, бай­лаусыз мінез-құлықтың, хан озбыр­лы­ғының мекені саналатын… Біз моң­ғолды жек көрушілік деп  атайтын аурудың тұп тамырын маңғолдардың соғыстары болған сол ХІІІ ғасырдан іздеу керек».
Бұл көп жайды аңғартады. Біздің бабаларымыз Еуропаны топан судың толқынындай басқан. Әуелі сақтар, содан соң Атилла, одан соң Темір. Оған қоса Ресей – Парижді, ал Кеңес одағы – Берлинді алды.
Енді қазір кері толқын жұріп жа­тыр. Бізді атақырға байлап  қойғысы ке­ле­тіндер  бар. Рас, ол қарудың кү­ші­мен жүріп жатқан жоқ. Аталуы да басқаша: өркениет, прогресс, жаңа тех­нологиялар, төзімділік, жұмсақ әл­ует деген сияқты. Ал осылар біз­ге қажет пе? Біздің бабаларымыз исламды қабылдаған. Сонда олар басқа діндер туралы ештеңе білмеген деп ойлаудың қажеті жоқ. Тіпті де олай емес. Түріктер ТаңНұрына (Тәңіріге) сенген, хазарлар иуда дінін қабылдаған, қыпшақтар христиан дінінен хабардар болған. Яғни олар­дың бәрі ақиқат дінді іздеумен болды. Ендеше, олар ақыр соңында Алланың ақ сөзіне – Құранға ұйыған болуы керек.
Шариғаттың қатаң заңдарына мойынсынғысы келмеген адамдардың біразы Руське кетіп, православие дінін қабылдады. Шереметьевтер, Глискийлер, Карамзиндер, Аксаковтар, Тургеневтер, Суворовтар, Кутузовтар, Чаадаевтар секілді  көптеген әулеттер солардан қалған. Булгар-түріктердің бір бөлігі Камадан Балқан асып, тілі славян православиелік христиандарға айналған. Отырған орнын сақтаған біразы түрік боп қалып, татар атанды да ислам дінін сақтап қалды. Ал негізінде  олар – түбі бір түрік халқы.
Демек, осы екі дін – сопылық ис­лам мен православиелік христиан діні біздің ұлысқа ежелден жақын болған.
Ал олардың католик дінін қабыл­да­мауына не себеп? Рим папасы Шың­ғыс ұрпақтарының сарайларына – Сары Ай Шыққа (Сарайшыққа), Қарақорымға, Ханбалыққа (Бейжінге) дін таратушы  миссионерлерін үсті-үстіне жіберіп жатты емес пе? Сірә, біздің бабаларымыз дін жайын өзіміз ойлап жүргендегіден әлдеқайда терең түсінген болуы керек.
Ислам мұсылмандар қоғамы – үмманың қамын жейді. Православие өз қауымдастығына қамқор. Католик діні өзінің тақуа рақыптарына сенеді. Ал олар некесіздік сертімен байланысқан. Яғни шіркеу иерархы – рақып (монах) болған адамның үйленуге қақысы жоқ. Бірақ осы шір­кеудің қойнауында педофилия мен гомосексуализм секілді небір сұмдықтар өркен жайып жатады. Сон­дықтан, көрер көзге содомизмді  айыптайтын болғанымен, олар, шын­туайтында, барып тұрған  киеңкілер. Әрі өздері сонысын адам құқығы, жеке адамның еркіндігі дейтін ұғымдармен бүркемелеген болады.
Мұндай бос сандырақ жаппай өті­рік­ке, сырты бүтін, іші түтін дер­лік сырдаң сұлулыққа ұласатыны сөзсіз. Олардың осындай қаукөрік салтанатынан гөрі киімі сөлбірейген, шіркеуі  ағаштан қиылған, өзі тамақ үстінде ешкімнен қымсынбастан қышқылтым ішімдігін тастап алатын балалы-шағалы православиелік поп жақсы және «Құранды оқыңдар, мен тек түзу жолға бастаушы ғанамын, күнәларыңды Құдай кешіреді» деп ақ-адал шындығын айтатын молдамның өзі жақсы.
Мешітке ішіп бару – харам бол­са, шіркеуде жас баланы зорлау – күнә болса, папаның сәулетті са­райында гомосексуализм мен пе­до­филия арқылы қан араласуын не деуге болады? Крест көтерген католиктердің дерегі жоқ сандырақ идея үшін мұсылмандарды тып-типыл қырмақшы болып Таяу Шығысқа лап қойғанын не дейміз? «Өркениетті дүние»  бейбіт қалаларға атом бом­ба­ларын тастап, тікелей эфирде бір елдің тізгін ұстарын өлтіріп жатса, ал өзге  ел­дің мардамсыған мансап иесі «уау!» деп, қуанышы қойнына сыймай, қолын шапақтап тұрса, оның аты не болмақшы?
Құдайдың бұйрығына қарамай, біржынысты неке заңдастырылып, ал педофил священник жазадан құ­ты­лып жатса әрі өзі киеңкілердің арсыз істеріне көзжұмбайлық жа­сауды өз­ге­лерден талап ететін болса – ол кешіргісіз. Керек десеңіз, менің ойым­ша, еуроцентризмнің идеялары атаулының бәрі – қайдағы бір еу­ро­одақтар, еурокеңестер, еуро­пар­ламенттер – бәрі-бәрі шіріген нәсілшілдік. Алтын  миллиардтың, күштінің құқығы дейтіндер – ХІІІ ғасырдың заңдарынан жаман. Одан гөрі социализм идеялары артық. Бауырластық, теңдік, бейбітшілік өтірік­тен, ақша мен күштінің құқығынан әлдеқайда жақсы емес пе.
Әлемдік діндердің түп қазығы – бір Құдайды, күнәні, мейірімділік пен әділдікті мойындау. Құдайдың өзі жаратқан әрбір пенде Оның алдында бірдей екенін мойындау. Тіпті күнәға батқан адам да кешірім алуы мүмкін.
Социализм идеяларының негізгі тұжырымдары дін қағидаларына қай­шы емес. Кеңес Одағында социа­лизм құру кезінде көптеген қателіктерге, қылмысқа, адам өліміне, жаппай жа­за­лауға жол берілді деседі. Солай екені рас. Бірақ католиктік шіркеудің крест жорықтарында, инквизиция кезінде адамдарды қалай қырғанын, Галилейді қалай азаптағанын еске алайықшы.
Кейбір осындай істерге басқа дін­дер де жол бергенін білеміз. ДАИШ-тің Ислам туы астында істеп жатқан сойқандары тіпті қисынға келмейді. Сонда қалай, осы аталған діндердің бәріне тыйым салуымыз керек пе? Кешірім қайда? Құдай кешірер, ал адамдар ше?
Әлеуметтік теңдік пен тең мүмкін­дік­тер идеясы Ницшенің айрық-шалық идеясымен, ауру қысқан ақ адамның қабынған миында туған астам адам идеясымен әмісе қарама-қайшылықта болады. «Мәңгі ел» – жабайы көшпелілердің кездейсоқ атауы емес, азиялық түріктердің фи­ло­софиясы – дүниені басқаша құруға деген саналы арман-ықылас.
Идеяның іргетасы 1206 жылы жарияланған болатын.
1.Мәңгі Ел – Мәңгі Мемлекет.
2. Жаңғыз Хан – Жалғыз Билеуші.
3. Билік – Басқару Жүйесі.
4. Жаза – Жазалау Жүйесі.
Сонда былай болып шығады: 1206 жылы Ес Әкейдің ұлы Темірдің үні мен оның адамдары дүние Жаңғыз хан мен оның ұрпақтары – Мә­ңгі Ел түріктер басқаратын бірыңғай, орталықтандырылған, мәңгі мемлекетке ділгер дейтін қорытындыға келді. Әрі бұл  мемлекетте Билікте жазылған біртұтас заңдар мен басқару ережелері болады деп шешті.
Оны түріктердің еш жерде байыз тауып байырқаламайтын оңтайлы Жасақтары (Жаза Ақ – Әділ Жаза) бақылайды. Ең ғажабы – ХХ ғасырда экономикасы, әскери күш-қуаты, технологиясы шарықтау шыңына жеткен мемлекет – Америка Құрама Штаттары ХІІІ ғасырда түріктер дүние құрылысының бірден-бір дұрыс шешімін тапты дейтін  пікірге келіп, соны бәз қалпында көшіріп алды. Мәңгі Елдің  ұрпақтары мен мұрагерлері – Ресейден, Ираннан, Қытайдан, Орта Азия мен Қазақстаннан өзге дүние соны құп көріп, мақұлдады. Ал біз өзімізден басқа біреулер, күш­тінің дүмі кұштілігін көрсетіп, ата-бабаларымыздың идеяларын меншіктеп алды деп шамданған бол­дық та қойдық. Тегі, дүниенің ортақ тәртіппен, ешқандай соғыссыз, аштықсыз, барша жұрттың бір-біріне деген ықыласымен өркендегеніне біз әсте қарсы емеспіз. Тек сол Потомак­тағы базбіреулердің  әрекетіндей дө­рекілікпен, өрескелдікпен және ақы­мақтықпен істелмесе болғаны.  Қалай болғанда да біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, ортақ айбынымыз – БҰҰ бар. Американдар тарихты Голливудтан оқымаса екен.

ПІКІР ҚОСУ