Мөлдір жанның «Мөлтілі»
Таяуда Ырысбек Дәбей «Мөлтіл» атты жаңа шығармалар жинағын оқырманға ұсынды. Жаңа кітапты бояуы кебер-кеппестен Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы сүйіншілеп, жұртқа таныстырды. Автордың өзін шақырып, оқырмандармен жүздестіріп, кітаптың «беташарын» жасады. Жас жазушы, белгілі журналист Қанат Тілеухан жүргізген бұл кездесу кешке Құл-Керім Елемес, Серік Нұғыман, Дәурен Қуат, Өміржан Әбдіхалықұлы, Дархан Бейсенбек, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Әбілқайыр, Ерғали Бақаш, тағы басқа қаламгерлер, кітап авторының құрметті ағалары мен үзеңгілес достары және оқырман жастар жиналды.
Осы орайда айта кетер бір жәйт, кітаптың беташарын жасағанда көпшіліктің сөзден тосылатын жөні бар. Кім-кімге де қолға жаңа түскен кітапты оқып үлгермегендіктен, оған баға беру, ол туралы пікір білдіріп,ой айту қиынға соғары ақиқат. Әсіресе, әр сөзіне жауапкершілікпен қарайтын, өзін-өзі сыйлайтын қаламгерлер үшін қолға жаңа тиген кітап туралы пікірін алдағы уақыт еншісіне қалдыра тұрудың қисыны бар. Мұнымен айтпағымыз, Ырысбектің жаңа кітабын таныстыру кешінде де жаңа туындымен алдын-ала танысқан бірен-саран дос-жараны болмаса, көпшілік қалам иесінің жалпы шығармашылығы, бұған дейін жарық көрген дүниелері жөніндегі ойларын ортаға салды. Әлбетте, әр жазбасынан этнографиялық құндылық, жазу шеберлігі, сөз байлығы көрініп жататын «Әкелеріміз айтатын әңгіме» эсселер жинағы көбірек мақталды. Бұл тұрғыда ақын Құл-Керім Елемес: «Көптеген қаламгерлер шығармашылығын алдымен өлеңнен бастайды. Қазіргі атақты жазушылардың басым көпшілігі прозадан бұрын өлең жазып, бір-екі өлеңдер жинағын шығарып барып прозаға көшкен. Ал проза жазып жүріп, қайтадан поэзияға көшкендер жоқ», – деді сөзі арасында.
Расында, солай. Проза тұрмақ, журналистикаға, соның ішінде газет журналистикасына барғандардың көбі қолына қалам түскеннен өлең жазып бастағанын жасырмай айтып жатады. Ал енді поэзиядан прозаға өткендердің қайтып қайырылмайтыны неден? Неге қаламгерлердің көбі жалындап тұрған жас шағында өлең жазып жүреді де, жасы ұлғайған сайын қара сөзге көшеді? Неге поэзия жазатындардың көбі егде тартқанда жас күніндегідей көп жаза алмайды да, ал прозадағылар көлемді дүниелер жазуға көшеді?..
Бұл сұрақтардың жауабын өмір берсе, алда бір Ырысбек Дәбейдің шығармашылық тәжірибесіне зер салып-ақ айқындай түсуге болады деп ойлаймыз. Әрине, автор Құл-Керім Елеместің сөзін жоққа шығарып, қайтадан поэзия жаққа ықылас қойып кетпесе.
Хош! Сонымен Ырысбек Дәбейдің «Мөлтіл» атты кітабының селт еткізер тұстары қайсы? Көлемі шағын ғана осы кітап оқырман үшін жаңалық, олжа бола алды ма?
Алдымен, тоқтала өтсек, жинаққа автордың өзінің соңғы жазған «Аңсар қалпе», «Бүйрек пен талон», «Жұмыс тапқан әйел», «Тау басындағы қардың дәмі», «Самұрықтың зары», «Құрал қонған қыс», «Бейбақ» атты эссе-әңгімелері мен «Қарға тамған көз жасы» хикаяты еніпті. Жалпы, жазушының барлық шығармашылығынан қазақтың кешегі тыныс-тіршілігі, салт-санасы жарқырай көрініс табады. Оның, әсіресе, эсселерінде аңызға айналған адамның бірнеше оқиғасы қамтылып, кейде бір адамның бірнеше жазбаға дәнекер болып жатқанын аңғаруға болады. Ал жаңа жинақтың жартысынан көбін алып жатқан «Қарға тамған көз жасы» хикаятынан, керісінше, бір емес, бірнеше прозалық туындыға жүк боларлық детальдар бар. Бұл тұрғыда шығарма бай, құнарлы.
«Қарға тамған көз жасы» – жазушының кіндік қаны тамған жерге, туған өлке мен алып-ұшқан бал балалық шағына деген сағынышынан туған жазба екен. Мұнда автордың жүрегіне өшпестей із қалдырған балаң махаббаты, алғашқы жанына азап шектірген ғашықтық сезімі, көрген түстей ғана болып өте шыққан, сөйтіп ендігі жерде өткен күннің еншісіне естелік боп енген махаббат хикаясы шебер баяндалады.
Жазушы Өміржан Әбдіхалық айтқандай, «Шын ғашықтық, үлкен махаббат екінің бірінің басынан өтпейді». Ал жігіт болып, жағасын түзеп, белбеу таққанында бойын билеп, қиялын көкке самғатып, бақытты күй кештірген, артынан жанын өкінішке өртетіп, жүрегін жаралаған сезімді сәттер Ырысбек Дәбей шығармашылығы үшін үлкен олжа болыпты.
Шығарманың ең ұтымды тұсы – шынайылығы, артық бояу қосып, әсірелемей, нанымды етіп берілгені. Ең бастысы, автордың өз басынан кешкені. Хикаяттағы оқиға оқырманын өзіне сүңгітіп ала жөнелетіні соншалық, ұзақ уақыт бойы оның әсері бойыңды билейді. Кейіпкерге, бәлкім авторға жаның ашиды. Бірге қиналасың. Содан соң, он бес жылдан кейін балаң махаббатын бір көрейінші-ақ деп барғанда, әйелге тән арлылық сақтап, басқосуға келмеген бұрынғы сүйген қызының ендігі тағдырына бір сәт алаңдайсың.
Әлбетте, өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Бұл – қаламгер тағдыры. Оның қаламынан осындай тілі бай, сырлы сезімге толы, оқырманын толқытатын тамаша дүние тууы үшін де Құдай оған дәл осындай өзекті өртеп өтетін махаббат хикаясын нәсіп еткен.
Десе де, Құдай адамға, соның ішінде, мықты шығармашылық иесіне айналуға тиіс пендесіне әр нәрсені қайырымен беретін секілді ғой. Сырым («Қарға тамған көз жасындағы» жігіттің есімі) шекара асып, Алматыға оқуға кеткеннен кейін, араға он бес жыл салып туған жеріне барғанда баяғы Ғайшасын көргенде хикаят осыншалық әсерлі болар ма еді?..
Кітаптың атын қойып берген ақын Жарас Сәрсек айтқандай, мөлт-мөлт етіп жас тама жаздап тұрған тұнық көздей, мөлдіреген таза жан иесі тудырған бұл кітаптың оқырманның іздеп жүріп оқитын таңдаулы дүниесінің біріне айналарына сенім мол.
Назира Байырбек.