Бір эшелон сыралғы
Сайлаубай Жұбатырұлы,
жазушы
Қазан төңкерісі, сосынғы Азамат соғысы шабыспа ұрып, қазақ даласы алаңжарлы күй кешкен сонау уақытта Арал жағасына алыс Мәскеуден бір хат келді. Бұл ұшбу хат пролетариат көсемі В.Лениннен еді. Ол жолдауда «осылай да осылай, Еділ бойын аштық жайлады, миллион жұрт, әсіресе, аштықтан ісінген 700000 бала қырылып кету алдында» деген ереуіл жайт тізбелене келе, «…Сіздерде жағдай жаман емес, Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар» деген үлкен өтініш болған. Уақыт – 1921 жыл, жаңа күнтізбемен, қазан айының 7-ші жұлдызы екен. Бейнелі тілге салғанда, Арал жұрты сол жанайқайлы өтінішті «жан-жүрегімен қабыл алған» сияқты. Бұл жақтағы елдің өзі де сол тұста, бірді-бірге жалғап, ұшқасып отырған қоңторғай ахуалда еді.
Бас-аяғы 3 айға жетпес уақыт ішінде ашыққан Ресей жұртына бір эшелон балық жөнелтілді. Бұл хақында сол тұстағы Арал Совдепі председателі Т.Медетбеков: «Қымбатты Владимир Ильич Ленин! Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты» деген мазмұнды жеделхат жолдады. Біз білетін сараң тарихтың бір қысқа да нұсқа жолдары осындай.
Тарихи дерегі тым аз осы оқиға сорабын кейінірек зерделеу барысында, мен үшін ең бірінші жанды дереккөз – өз әкем айтқан естеліктер болды. Қандай да бір айтулы оқиға болмасын, нақты дәйек-дерегі аз болса, жансыз-қансыз, қасаң көрінері рас. Ал сонау оқиғаны ұрпақ жадында тірілту қажеттілігі бүгін аса ділгір шаруа.
«Тауық жылы еді, – дейтін ол кісі. – Абыржы алдындағы күздің қатуқабақ күндері… Бір аяғын сылтып басатын Кришка Добовек (сол кездегі Арал Совдепінің өкілі Григорий Дубовик) теңіз бойындағы елді аралап, Ленин хатын оқып, аса жігерлі революциялық үгіт сөзін айтып жүрді. Дегдарлы халық алыстағы аштық жайлаған жұрттың жағдайын былай да түсініп еді. Ол кезде ау-құрал тапшы, бай-промысловиктен вексельмен алатын азбырай ел тірлігіне жарап тұрған. Дария бойында жабайы сарыкенеп өседі. Соны жіп етіп иіріп, кенеп ау, көбіне, жылым тоқылады. Со шамада «пеньковй (кендір) жіп» көбейіп, сол жіптен он құлаштан жылым құрастырып, 10-15-тен қауымдасқан ел адамдары ауға талап қылды. Қиналыста жатқан сол халыққа бұйырған несібе ғой, сол күздің қара қатқағында Қарашалаң көлінде ау майлап, көп балық шықты. Күздің салқыны да бұған қарасты. Әдепкіде, жер қара болып, балық түйеге артылып, кейін, қырбық қарға шана түсіп, Қарашалаңнан 55 шақырымдағы Кәрібөгет өзегіне кіре жүрді. Өзектен ыспа қайықпен өткізілген балық тағы да көлікке тиеліп,
35 шақырымдағы Қамбаштың бекаузына (пакгауз) жеткізілді.
Аралдағы басқа ағайын да бұл талапқа бет бұра бастады.
Бейнет дегенің шаш-етектен болды. Бұл тірлік және абыржының қолайсыз күндеріне тұспал келді… Вагон дегеніңнің қанша тартатынын қайдам, әйтеуір бас-аяғы екі жарым ай дегенде, он төрт вагон эшалон балық Ресей кетті деген хабар болды. Ол біз үшін ырғын несібе еді…».
Сол оқиғаға қатысты ол кісі Сатыбалдының Шүкірі, Жайсаңбайдың Сыдығы, Қалимағамбет, Бармағанбеттің Нұралысы, Әлидің Шүкірі, Жолайдың Құлжаны, Шүкірдің Әнәпиясы, өзінің туған ағалары Әліш ұлы Жұбаныш, Тәжімағамбет сияқты көп адамдар атын айтып отырар еді.
14 вагон балық! Сонау мыңдардың өмір үміті, өзек жалғары болды ол!
Аралда өріс алған осынау қайырлы үрдіс қатал ғасырдың 20 жылдар зобалаңында, 30 жылдар сүргінінде, 40 жылдар зұлматында, 50 жылдар қиындықтарында, 60 жылдардың ұраншыл науқандарында бір үзілген емес. Әсіресе, 30-40 жылдар сұмдығында осы теңіз бен дария бойы талай жанға сақтау болды. Осында жеткен көп ағайын өзек жалғап, аман қалған. Кешегі көші-қонда бұл маңдардан үдере көшкен бір топ құба қалмақ, кейінірек сол тобымен қайта келіп, Арал топырағын жер тізерлей сүйіп, «Қазақ деген ұлы халық, бізді ажалдан құтқарған әуелі Құдай, сосын, қазақ!» деп, көз жастарын көл еткені есте. Арал сұрапыл тарихтың қандай бір белестерінде өзінің сол қайырлы дәстүрін өлтірген емес; өз басына күн туып, ақырет күнін кешіп жатқанда да, адамдарға адалдық мехрабында қала алды ол.
Сонау имандылық оқиғасына биыл – 95 жыл!
Тақ-тұқ тарих жолдарында қалса да, әкелердің сондайлық ерлігі жырға қосылып, ұрпағының мақтан сөзіне айналды. Ұрпақ жады – Жаратқан берген рухани
аманат қой. Тек… Осыдан 5 жыл бұрын, елде қалыптасқан аруақ сыйлау үрдісінде, осы тарихи оқиғаның 90 жылдығын атап өту туралы ұсыныс Арал ауданы басшылығына айтылып еді. Бірақ сол бастықтар тарапынан «Соның қажеті бар ма?» деген салғырт-сырғақ жауап болды сонда. Басшы ыңғайына қарап бас шұлғып қалған қоғамдық жағдайда, мәселе сонымен тұсауланып қала берген.
Мұншама салғырттыққа негіз бар ма еді? Сонау оқиғаның тарихи-моральдық мәні не жосақты?
Сол жанкештілік – әкелеріміздің аңғалдау болмысынан болған іс пе? Өзі жалаңиін, ашқұрсақ отырып, «тамыр, жолдас!» деп арқаға қаққан жылансырғақ саясаттың алдауына аңқылдап түскен далаңқы көңіл ме? Жоқ! Олай десек, қазақтың уызына жарыған ежелгі мәрттік қасиетінің тамырына балта шапқан боламыз. Дұшпандыққа қату қазақ, имандылық сұрауына сонша кең болған. Асылы, мыңдаған жылдардың әлемдік хикмети ілімдеріндегі қайырлы сөздің негіз-бастаулары осы даладан дарыған ба деп қаласың. Себебі, имандылықтың көркем сөзі бар да, имандылықтың тайға таңба басқандай табиғи болмысы бар. 21 жыл оқиғасы – соның бір алғаусыз мысалы еді.
Әлде, қылышынан қаны тама бастаған сол кездегі кеңестер алдындағы қорқыныш па? Жоқ! Қазекемнің ол кездегі айылы әлі жиюсыз еді. Тіпті десе, Кеңеске бас имеу мақсатты Қарақұм көтерілісі, Қызылқұм, Асан көтерілістері, Шөмекей қырғыны әлі алда болатын.
Анығы – мәрттік пен имандылық ісі еді ол. Қазақтың дархан болмысы. Кейінгі ұлыс қайраткерлерін де, сонау зұлмат соғыста өзгеден үлес салмағы артық шыққан қазақ батырларын да өмірге көптеп келтірген керемет сол. Кешегі тарихтарды жасаған әкелеріміз ұлы еңбек майдандарында, сұрапыл соғыс өтінде аңғалдықтан немесе қорыққанынан ерлік істеген емес. «Ол не қажет?» деген салғырт сұрақ бұл ретте, ең кемі, орынсыз.
Айтылмыш оқиғаның да терең мәні сол табиғаттан еді.
Аралға – аудан, қала, Бөгенге – қыстақ, Аралдағы балық өңдеу артеліне – озық комбинат мәртебесін әперген де сол оқиға.
Бүгін де Аралдағы бір-жар жігіттер өз ынтасымен, осы оқиғаны ұлықтау жолында, қоғамдық бастама әлетінде қимылдап жатыр. Қарт журналист, ел ақсақалы Ш.Дәрмағамбетов ашқан «Құрылтай» газетіндегі «Әйгілі хатқа – 95 жыл» айдарлы жарияланымдар көп жүрекке қозғау салды. Межелі бір мерзім – 25 желтоқсанға шейін уақыт тым аз қалып тұр… Тарихи құжатта аты аталған, әруақ салмағы басымдау Бөген ауылы тым-тырыс. Арал ауданы басшылығы да үнсіз. Облыс әкімдігі бұл жайттан хабарсыз сияқты… Ал енді бұл – бір ынталы топтың ғана міндет не көңіл ісі ме? Әкелердің маңдай терімен иленген, айтулы ел тарихы емес пе? Аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтілуі тиіс өнеге ісі емес пе? «Ең болмаса, осы кезеңде сол тарихтың бір жолын ашып алсақ, ертең келер жүз жылдығына жүзіміз жарқын барар едік-ау!», – дейді Аралдағы жігіттер.
Біз бүгін өз тарихымызды түгендеп, шаңырақ түтінін түзулеп жатқан елміз. Аруақтар ризашылығы үшін. Бүгініміздің берекеті үшін. Ертеңіміздің бекем болмысы үшін. Тарих деген тек қана үркіншілік, соғыс, сүргіндерден тұрмайды. Халық жанының анық табиғатын ашатын – алуан ауанды уақыт. Өткенді айтқанда, ақ білекке ақ найза артқан батырлар, аузы дуалы шешен, көреген көсем көңілде тұрары рас. Бәрі шындық. Бәрі болған. Әр көңіл өз қымбаттарына әр түрлі реңк бере әрлеп жатады. Стереотип демейік, қалыптасқан осы үрдістерден биігірек көтеріліп қарасақ, бейбіт күндер айшықтары, қазақтың мәрттік, кеңдік, имандылық өнегесі – тарихтың әлі де ашылмай жатқан мән-мазмұнды парақтары екенін аңғаруға болар еді.
Соның бір ұлық мысалы біздің көз алдымызда тұр. Жаңғырған жадымызда сол оқиғаны үнемі көңіл тасасына қалдыра беретіндей, ол бір, әлдекімдердің аз ауқымды, еріккен ермек ісі емес. Бұл төңіректегі кей салғырттық салқыны өтуге-кетуге тиіс…
* * *
Айтылмаса сөз атасы өледі. Ол «қарияға» қиянат – біздің арға лайық болмас. Осы орайда, реті келген тағы бір жайтты айтпақ лазым.
1981-дің қысында КСРО елі үлкен жиынға абыр-сабыр дайындалып жатты. Соның алдында ұлы елдің 7 жылдық даму жоспары аға газеттерде жарияланды. Онда мемлекет қамқорлығына алынар барлық су аттары аталған. Тек ішінде «жазған» Арал, Әму, Сыр жоқ еді. «Ұлы ел бұл өлкелерді неге бүйтіп шеттете береді?!» деген ой бізге маза бермеді. Оның үстіне, сол кезден 60 жыл бұрын өткен сол қайырымдылық мысалы да ойда тұр еді.
Сол қыс, келе жатқан КОКП ХХVІ съезіне Арал жайында хат дайындадым. Әдепкіде орысша, сосын ойдан ұтылмайын деп қазақша жаздым. Сол кездегі «Қазақфильмдегі» әріптес-ағалар О.Сүлейменов, Т.Әбдіков, Ш.Әлімбаев, С.Елубаевқа көрсеттім. Марқұм Шоқан Әлімбаев (фантаст-жазушы) сол жолдауды орысшалауда көп көмек берді… Хатқа қол жинауды Қапшағай көшкен 30 үй балықшыдан бастадым. Қорқасоқтаған жұрт ішінде бірінші батылы жетіп, бала-шағасына шейін хатқа қол қойдырған Қарашалаңнан барған Құлжан-балықшы болды. Ал Аралға қарай шыққан жолда «арнайы қызмет адамдары» ізіме түсті. «Үш әріп» бұғауынан мені құтқарып қалған – сол съезге бара жатқан Ж.Молдағалиев, М.Әлімбаев ағалар еді…
Қызылордадан Ә.Төлеуов, Қ.Қалимағамбетов деген азаматтар қол қойылған тізім алып шықты. Аралда Ә.Сариев, С.Ибрагимов, Ж.Әбентаев, О.Нұралиев, С.Ілиясов белсенді түрде хатқа қол жинау жұмыстарын жүргізді. Қыстың көзі қырауда, әрі қалта да «тесік», алыстағы ауылдарға бара алмадық. Аралда да «арнайы қызмет өкілдері хабарланған» деген сөз жетті. Бірақ ешкім енді біздің жолды кесіп, қолымызды қайырмады. Сірә, ел-жер мұңы КГБ-ға да жат болмаған болса керек!..
Хат соңына біраз адамнан (1000-дай) қол жиылды.
Сол «қызмет» жігіттерінің айтуынша, съезге миллиондаған хат барған. Қазақстаннан жеткен мыңдаған хат ішінде елеулі екі жолдау болған. Бірі – Павлодар трактор зауытынан, бірі – сол Арал халқының хаты. Қазақстан басшысы «бұл хатты қорытып, менің сөйлер сөзіме енгізіңдер!» деп, референттеріне тапсырма берген. Генсек Л.Брежнев соңын ала сөйлеген политбюро мүшесі Д.Қонаев Арал хақында өткір-өткір сөз айтты сонда. Сол сөздер ол кісінің Арал туралы тарихи лебізі болып қалды кейін. Ол кісіге қарап, өзбек басшысы Ш.Рашидов та Арал жайын айтыңқырап қалды.
Сонан соң қабылданған 7 жылдық КСРО жоспарында Сыр мен Әму мемлекет қамқорлығына алынды. (Осының өзі біз үшін үлкен жеңіс еді!) Ал қайран Арал туралы бір ауыз сөз жоспарға түскен жоқ.
Бұған да бүгін 35 жыл өтіпті!
Осы бір оқиғаны алдыңғы әкелер мысалына қосақтай айтып отырған себеп, араға тура 60 жыл түскен сәйкестігінде ғана емес. Сонау көсем алға сала өтініш айтқан «пролетарлық ағайындық, коммунистік саналылық» – аспандағы күндей анық адамгершілік нысаны еді біз үшін. Соншалық адалдық пен ақиқатқа сенген көңіл үні еді ол хат. Сол ретпен, бұғанасы бекіп, бек тойынған КСРО-дан 60 жыл өткенде енді қиналыста қалған Арал көмек сұраған. Үміт ақталмады.
Аралдағы ағайында «балықтан – сыралғы» деген игі ұғым бар. Сонау ашыққан елге бір эшелон сыралғы балық – біздің әкелер өнегесінде, біздің ел мен жерде – өркен жайған имандылық көрінісі болды… Сонан көп жыл өткенде, съезге жазылған сол үміт хаты да әділдік пен ақиқатқа деген сенім сөзі еді… Солардың біріне – 95, екіншісіне – 35 жыл өтіп отыр.
Осынау тарихи-имандылық оқиғаларын ендігі азат ұрпақ көзінде саралап ұғыну қажеттігі маңдай алдымызда тұр бүгін.