Туырлықты ел – Тұраным еді!
25.11.2016
2314
0

bigajsha-medeuovaБиғайша Медеу


Бөрісырғақ
( 17-23 ақпан арасында өтетін ауа-райының амалы. Боран, Бұрқасын)

…Әппақ ұлпа, мамық қайда?
Сықырлатып қора, жайды.
Аяқ асты болып пайда,
Бөрісырғақ аралайды.

Бөрісырғақ қағынады,
Ақтүтек қып айналаны.
Жиылып түз тағылары
Ойнақ етті айдаланы.

Мұзды қардың түйіршігі,
Бетке ұрып, долданады.
Оның сәби – қиыршығы
Құйындарға алданады.

Иығыма түн кұлайды,
Түн құлайды борасыны.
Тереземді ұрғылайды,
Көрінбейтін қарашығы.

Аспан жерге құлағандай,
Астаң-кестең, ойран қандай!
Біреу сыңсып жылағандай,
Албастылар сайланғандай.

Боз қараған ізім-қайым,
Батты мүлде дала мұңға.
…Хал сұрайды қызыл қайың,
Тоғыз жолдың торабында.

Боран ұлыр шартараптан,
(Ұли берсін неғылайын).
…Тырнағынан қар боратқан,
Қасқырлардың жерік айын.
Бір-біріне тіс басады,
Ойнап-күлсін оралында.
Түз тағысы жұптасады,
Бөрісырғақ боранында!
…62 күн өтеді,
Ақиқаты әр аңыздың.
Бөлтірігін түлетеді,
Көкжалдары даламыздың.

Бесқонақ сынды,
беу, дүние
Байынқол бойы – бойтұмар,
Бойтұмар тақсам ой тұнар.
Бесқонақ сынды, беу, дүние.
Сырым көп саған айтылар.

Мен – тоғыз қабат торғауыт
Бірде – бақ, бірде – сор-қауіп…
Жұбатып жүрмін жанымды,
…Жапалақ-жапалақ қар жауып!

Арғымақ мініп ақтабан,
Бесқонақ келді, соқ боран!
Бесқонақ сынды бұл дүние
Бақытын артқа сақтаған.

Айнала дүлей борасын,
Бар-жоқты көзбен шоласың.
Бес қонақ сынды дүние
Бізден де өтіп барасың.

Үт айы өтті үлпілдек,
Ойылды күрті күртілдеп.
Оппаның асты ойпаңға
Ағады жылға бүлкілдеп.

Қарғыны қардың сайларда!
Сарыны қандай айбарлы, ә?
Теріскей жоны тесіліп
Тебінгі болды қойларға

Борай да борай соғып бір,
Бесқонақ, әбден желік құр!
…Бұлт етек түрген жақтардан,
Сәуірдің иісі келіп тұр.

Сүйрелеп өмір арбасын,
Босады бордай нар басым.
…шығарып салып, қарсы алып,
Қаланың миллион қарғасын.

Бес күнге келген тақсыр-ау,
Менің де басым ақ қырау.
Бұзылған нілдей көңілім,
Бесқонақ сынды боп тұр-ау.

Бишанды
сағыну

Сүмбіле суы жүргенде барайын деп ем,
Сен жүрген әрбір көшеге қарайын деп ем.
Сен салған әнді шырқатып салайын деп ем
Сен сүрінген тасты көтеріп алайын деп ем.

Сен өткен барлық көпірде тұрайын деп ем,
Қасыңа барып салтанат құрайын деп ем.
Шалғайға кетіп сағынтып қойғаным үшін
Тіземді бүгіп, кешірім сұрайын деп ем.

Қараумен өтті жолыма талай күндерің
Кешіре алсаң, кешірші, арайлым менің.
Өкініш өртеп барады, өкініш өртеп,
Күткізіп қойып өзіңді қалай жүргенмін.

Қатыгез едім, не деген қарлы мұз едім,
Жаныма жақын жалғанда жалғызым едің.
Көзің талғанша күтетін, көзің талғанша,
Әттең-ай, әттең, әттең-ай, Хан қызы ма едім…

Көрінбей кеттің айдыннан, сүйікті кемем,
Көккемердегі көк талдар киіпті желең.
…жоғалтып алып өзіңді таба алмай жүрмін,
Кім алып тастай алады күйікті менен.

Бағзы заманғы түркі айбарын аңсау
Бақытым еді бастағы мына
Тұмарым еді тастағы қына
Барайық, балам, байтағым еді,
Сәйгүліктердің патшалығына!

Барайық, балам, шын түлер едім,
Сәйгүлік баптау – сылқым өнерім.
…Үнді мен парсы өнеге көрген
…Солтүстіктегі түркілер елін!

Түгел түркінің балбырап бағы,
Құлаққа енсін ән жырақтағы.
Төрткіл дүниені дүбірлеткен, түркі
Сарбаздары мен арғымақтары!

Қаhарлы қайда қағанаттарым
Қанатым еді қазанаттарым.
…Тізесі барды бүктірген даңқты,
Қаhарман еді азаматтарым.

Бөрілі байрақ ұраным еді,
Туырлықты ел – Тұраным еді!
Ашамай мінген ақ бөбектерім,
Ақырып теңдік сұрарым еді!

Қабылан ерлер қағаным еді,
Қарияларым – даналым еді!
Опалы ұлдар – оғланым еді,
Опасыз ұл жоқ – заманым еді!

Жусан жұпары Тұнық алаңым!
Тулап та тулап, тұнып аламын!
Есемді жібермей екі дүниеге,
Көкжалдығым ұстап, ұлып аламын!

Төбе би келсе, керісім тынар!
Туын көтеріп, жеңісім тұрар!
Шетелге қашса, бүгінгі ұрпақ
Ұлтсыздық, сенің жемісің шығар!

Суалмады ма Сөзұғарларым,
Керек қой, керек сезіне алғаным!
Бұлғындай ма екен бойжеткендерім,
Болаттай ма екен бозұландарым?

Қуанып па едім? Қайғырып па едім?
Бермейді тыным ой-бүліктерім.
Күмбір де күмбір кісінейді неге,
Елтаңбама енген Сәйгүліктерім?
Барайық, балам!

Қалғыма,
қазақ әйелі!

Жүгенсіздіктер ғасыры:
Тобыр да сонда! Тобың да!
Рухты сақтау тәсілі,
Әйелдер, сенің қолыңда.

…Ресей – орыс қаны үшін,
Өз рухы керек өскінге!
Оренбургтік шәлісін,
Бермейді казак ешкімге!

Өркениетті тұсай ма,
Рухсыздық деген бір ноқта?
…Пысқырмайды өзбек, қытай да,
Афроамерикандық ырғаққа!
Өлесің рухың өлгенде,
Боласың солай шерменде.
…Өледі ұйғыр бауырым,
…«Он екі мұқам» өлгенде!

Айнала – кілең дау іздеу,
Тарылды неге өрісім?
…Қазақтан қазақ жау іздеу –
Ұлтсыздық сенің жемісің.

Грузиндік өшпей қиялы,
Өз ұлтын өзі еледі.
Сталин Кантарияны
Жетпіс жыл даңққа бөледі!

Ұлттардың Ұлы көсемі
Грузин сүтін ақтады!
Қазақтың Қошқарбаевын
Тізімнен сызып тастады!

Ұлтшыл деп қырды алашты,
Өзі ұлтшыл болды – ең соры,
Грузин рухын көтерді,
Джугашвилидің қорқоры.

Сталин синдромы – тосын жыр
Бермеді оны ешкімге!
Отырды қорқор отыз жыл,
Россия тағы үстінде!

…Біз, бүгін, жал мен жаясыз
Неліктен жат сүт емеміз?
Ацтектерсіз, Майясыз,
АҚШ-қа беттеп келеміз.

Өмір сүреді шүршітің,
Құлагерсіз де, Ақансыз.
…Ит басындағы іркітің
Игілік емес Отансыз.

Сан түрлі бояу санамда,
Еліктіреді, арбайды.
Рухыңды сақта қалай да,
Рухсызда Отан болмайды!

Сен емес пе едің
Елге – Пір!
Ұлтымның Ұлы Мәйегі!
Рухымның жаны сенде тұр,
Қалғыма, Қазақ Әйелі!

Аэропортта

Бұлт мұхиттарының
Әдемі әлемін ертем.
Оралып жерге келемін,
Келемін ертең.

Өзендер, жолдар
Тағдырдай мың бұралады.
Оятам таңнан жырыммен
Мұңды қаланы.

Құттықтап, қолдап шапалақ
Соққасын ғалам,
Кемпірқосақтар ашады,
Қақпасын маған!

Бүгін ұшайын!
Бәрібір ертең келемін,
Күтетін қымбат жандар бар,
Өлкемде менің!

Бұғынып бір мұң тұр ма әлде,
Көрікте мынау,
Анаңа алаң болмашы,
Еліктерім-ау.

Бермуд үш тағанынан
Қауіптенбеші.
Жоғалған армандарыңды,
Тауып кел деші!

Ілестіріп жаңбыр бұлттарын
Жауып келейін.
Жаныма бір ем қияннан
Тауып келейін.

Аспанға ұшатындардың
Берік тұрағы.
Менің де аспанға кеткім
Келіп тұрады.

Сағынып Алатауымды
Желегі көркем,
Оралып орталарыңа
Келемін ертең.

Бермуд үш тағанынан
Қауіптенбеші.
Жоғалған армандарыңды,
Тауып кел деші!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір