Қанатымен су сепкен…
25.11.2016
1954
0

Рада Хайрушева,
«Алтын жүрек» сыйлығының иегері


dsc08328«Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жыл сайын берілетін  Қоғамдық  Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығы өзгенің басындағы қиыншылыққа бейжай қарамай, оларға әрдайым көмек қолын созатын ізгі ниетті жандарға беріледі. Бұл сыйлық бүгінгі заманның  Атымтай жомарттарының халық қалаулысына айналуына әсер етіп отырғандай. «Алтын жүректің»  басты мақсаты  – елімізде  қайырымды жандардың қатарын көбейтіп, қоғамға  жақсылық атаулы қасиеттерді дәріптеу. Он жылдық тарихы бар «Алтын жүрек» сыйлығы Қазақстандағы барлық қайырымды  азаматтардың бірігуіне жол ашқан тәрізді. Мұндай жандардың әрбір ісі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Бүгінде айналасына сәуле шашып, ерекше жылылыққа бөлейтін алтын жүректердің  қатары жылдан-жылға артып келеді. Қайырымды жандардың көбі жай ғана қарапайым тұрмысы бар адамдар. Бірақ олардың жан дүниесі ізгілікке толы. «Жасы кіші демеңіз» дегендей, жасының кішілігіне, тұрмысының қарапайымдылығына қарамастан, қарлығаштай айналасына қанатымен су сепкісі келетін қазақ қызы Рада Хайрушева туралы естігенде, іштей риза болдық. Сол қамқорлығы мен мейірбандығының арқасында биылғы Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген Рада ханыммен тілдескен едік.

– Нарық  заманы қыспаққа алып, халық­тың қайырым мен мейірімге шөлдеген уақытында ай­наласына жылу сыйлайтын жандарды көп ке­зіктіре бермейміз. Осындай қиын-қыстау ке­зеңде біраз көмекке зәру адамдарға қол ұшын бе­ріпсіз. Осы еңбегіңіз еленіп, «Алтын жүрек» сый­лығының иегері атаныпсыз. Қалталы аза­маттар көп болғанымен, қайырымды адамдар бір­ді-екілі секілді көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, өзім күтпеген жерден халықтың сүйіс­пеншілігіне бөлендім. Әрине, бұл үшін қат­ты қуандым. «Бауыржан» қайырымдылық қо­рының ұйымдастыруымен жылда өтетін бұл шара адамдарды мейірбандыққа, адам­гер­шілікке, ізгілікке баулып қана қоймай, ұлт­тық құндылықтарымызды дәріптеуде маңы­зы зор. Жалпы, «қайырымдылық» деген жаңадан келген түсінік емес, бұрынғы ата-бабаларымыздың іс-әрекеттері арқылы са­намызға сіңген қасиет. Сондықтан да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бе­ру – барлығымыздың да парызымыз деп се­зінуі­міз керек.
Алла жарылқап, 2012 жылы мен дүниеге екі егіз бала әкелдім. Ұлдарымды босанарда об­лыстық ауруханаға шалғайдан келіп тү­се­тін әйелдердің кейбіреуінің балаға, өзіне қажетті заттарды ала алмай қиналғандарын бай­қадым. Қазақ қыздарының жаңа туған сә­биді шырылдатып перзентханаға тастап кет­кендерін де өз көзіммен көрдім. Осы жағ­дайлар маған қатты әсер етті. Балаларым өскен соң, сол ауруханада жатқандарға шама-шарқымша көмек көрсетуге бекіндім. Алғашында өзім ғана барып жүрдім. Кейін­нен айналамдағы дос-жарандарым да маған қо­с­ылып, командамыз кеңейе түсті.Осылайша «Қол ұшы» атты қайырымдылық қорын құр­дық.
– Сәбилеріңіз әлі өсе қоймаса да, өзге жан­дарға көмек көрсетуге талпыныпсыз. Бұл идея­ны іске асыру барысында қиындықтар бол­ған жоқ па?
– Қордың жұмыс жасап келе жатқанына бес жылдай болды. Осы уақыт аралығында көп­теген тұрмысы төмен отбасыларға, «Ба­лалар үйінің» тәрбиеленушілеріне, мүм­кіндігі шектеулі мүгедек жандарға, қараусыз қал­ған қарияларға барынша көмек қолын созу­ға тырыстық. Жеке кәсіптері бар адамдармен келісіп, «Балалар үйіндегі» жастарға аспаздық, қолөнер, тігінші, визажист және т.б. мамандықтар бойынша тегін оқытып, сер­тификаттар алып бердік. Балалар кейде қарапайым ғана кәсіппен шұғылдану ар­қылы үлкен жетістіктерге жету мүмкін еке­нін көріп таңғалып жатады.Оқу барысында балалар мейрамханаларда өздері түрлі тағамдар дайындап, аспаздықтың қыр-сырын үйренеді. Тігін цехтарында да парктикалық тәжірибеден өтеді. Ұл ба­лаларға қажетті техникалық мамандықтар бойынша да оқыту сабақтары өтеді. Олар уа­қыттарын текке өткізбей, күнделікті өмірде өздеріне керекті заттарды жасай алады. Біз ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған бүлдіршіндердің өмірден өз орнын тауып, саналы азамат болып қалыптасуына әсер етсек дейміз. Қазақтың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөзі тегін айтылмаған ғой, сондықтан жақсылық жасаудан еш уақытта жалықпаған жөн. Жастар – еліміздің болашағы десек, олар­ға тәрбие беру біздің міндетіміз. Әрине, тек санаулы ғана адамдардың іс-әрекетінен қо­ғамдағы барлық кемшіліктер түзеліп кет­пес, дегенмен «Жақсы сөз – жарым ырыс» де­­гендей, жан жылуы арқылы жастарды мейі­­рімділікке, адамгершілікке  баулысақ  дей­міз. Бір нәрсені адамға ұқтыру үшін құ­ры сөзден гөрі іспен көрсеткен тиімдірек секілді.
– Сіз балаларды мейрамханаларға, жеке кә­сіпорындарға апарып үйретеміз дедіңіз. Атал­ған орындардың қожайындары еш қар­сылық танытпай ма? Олар айына қанша балаға сертификат береді?
– Балалардың барлығын бір уақытта апару мүмкін емес. Сондықтан да бірді-екілі үйретеміз. Бірден ештеңе орнына келмейді ғой, сол секілді, біз де шама-шарқымызша ата-анасының қамқорлығынан айырылған бүлдіршіндерге көмектесуге тырысудамыз. Қор мүшелерінің барлығы да жоғары білімді азаматтар. Сол кісілер жұмыстан тыс уақытта ба­лаларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Жақында кәсіби фотосуретші болып жұ­мыс жасайтын бір жігіт балаларға сурет­ке түсірудің қыр-сырын үйретті. Сонда бай­қағаным, олар өмірді әр қырынан көреді. Бі­реуі табиғатқа, жан-жануарға қызықса, ен­ді біреулері адамдардың түрлі кейіптегі су­ретін түсіргенді ұнатады екен. Болашақта ба­лалардың творчествосынан құралған фотокөрме ұйымдастырмақшымыз. Ирина Шакурова деген кісі мен шотландиялық Теннис Кея деген кісілер балаларға ағыл­шын тілін тегін үйретеді. Алматыдағы «Haileybury» деген ағылшын мектебінің ұжы­­мы бізге методикалық әдістемелерді поезд арқылы жеткізіп отырады. Ал «Молодежный ресурсный центр» деген орталық аптасына екі рет сабақ өткізуге жағдай жасады. Балаларды бірнеше топқа бөліп, ке­зекпен оқытып жатырмыз. Ол үшін еш­қандай да қаржы жұмсалып жатқан жоқ, тек адамдардың ізгі ниеттерінің арқасында іске асып отыр. Қор мүшелерінің арасында аниматорлар да бар. Олар балаларға ар­налған алуан түрлі мерекелік шараларды да ақысыз ұйымдастырады. Мен де бір ме­кемеде заңгер болып қызмет жасаймын. Отбасымызда ата-енем мен жұбайым, екі ба­лам бар. Соған қарамастан, көмекке зәру жандарға, ата-анасыз балаларға қолым­нан келетін мүмкіндіктерді жасаудан аян­­баймын. Қайырымдылық жасау үшін ешқандай да байлықтың қажеті жоқ, тек ниет түзу болса жеткілікті деп ойлаймын. Біз­дің қатарымызға қосылып, көмекке зәру жандарға қол ұшын беретіндердің көбі қарапайым ғана тұрмысы бар адамдар. Соған қарамастан қолдарынан келгендерін жасауда.
– Сіз «Балалар үйіне» жиі барасыз ғой, он­дағы бүлдіршіндердің жағдайы қалай екен?
– «Балалар үйінің» тәрбиеленушілеріне мемлекет  тарапынан көптеген қамқорлық жасалуда. Онда жұмыс жасайтын қызметкерлер де балаларға мейлінше жылу беруге тырысады. Тіпті, кейбір балалардың туғандары жа­сай алмаған жағдайды жасап отыр. Әйтсе де, ата-ананың орнын ешкім де алмастыра алмайды ғой, олардың жанарынан бәрібір мұң кетпейді. Баланың шаттанып күлгеніне не жетеді өмірде? Әттең! Сол балапандардың ата-анасы соны сезінсе ғой…
Жалпы, дүниеге ұрпақ әкелген әр азамат өз жауапкершілігін, бала алдындағы па­­рызын өтеуге тиіс. Қазір көп жағдайда әке-шешесінің бір-бірін түсініспеуінен, үлкендердің қателігінен бейкүнә сәбилер жапа шегеді. «Балалар үйінен» шыққан жас­тардың көпшілігі жұмысы, баспанасы болмай, тұрмыстың тауқыметін ерте көреді. Кей жағдайда қиындықтарға төзбей, теріс жолға кетіп қалатындары да кездеседі. Ба­ла – бақтағы өсіп тұрған жеміс ағашы се­кілді. Ал оның мәуелі баққа айналуы бағ­банына байланысты. Сондықтан да бала тәр­биесінде ата-ананың атқаратын ролі ерек­ше. Бала тәрбиелеп отырған кез келген адам бала тәрбиесін бір сәтке де назарынан тыс қалдырмағаны жөн. Олар жас шыбық се­кілді майысқақ келеді. Осы себептен ба­ғыт-бағдар беріп, қоғамнан өз орнын тауып, саналы азамат болуына үлес қосу – әке-шешенің міндеті.  Жастайынан өне­гелі өмір көрген кісінің адам­шылығы да жоғары болады. Менің бас­ты мақсатым – еліміздегі ата-анасыз қалған ба­лаларға қамқор бола жүріп, нағыз азамат бо­лып қалыптасуына үлес қосу. Ал қазіргі жас­тардың аяқ алысы жаман емес, олар білімге құштар, ізденімпаз. Бүгінгі бала – ер­теңгі ел қорғаны деп санаймын. Еліміздің бо­лашағы жарқын болуы ұрпақ тәрбиесіне бай­ланысты. Сондықтан дәл қазір болмаса да, болашақта еліміздегі жетім балалардың са­ны азаятын шығар деген үміттемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Г.Сыдықова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір