Ғұламалар кеңесі
Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы, теолог, Ph.D докторы
Кейінгі жылдары елімізде ұлтымыздың салт-дәстүрлерін тәрк етіп жүрген жат ағымдар көбейді. Олар діни сауаты аз азаматтарды өздеріне ілестіріп, ата-баба жолынан адастыруда. Қоғамдағы тағы бір мәселе – торқалы той, топырақты өлімдегі жөн-жоралғылардың түрлі сипатқа еніп, әр жақта әртүрлі атқарылатыны. Осы мәселеге ден қойған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жуырда «Ғұламалар кеңесін» өткізіп, өлім жөнелту рәсімдерін бірізділікке келтіру мен қоғамда орын алған басқа да мәселелерді талқылады. Осы орайда біз ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы Ершат ОҢҒАРОВТЫ әңгімеге тарттық.
– ҚМДБ-да «Ғұламалар кеңесі» бар екенін көпшілік біле бермейді. Бұл кеңестің міндеті, мақсаты қандай?
– Ғұламалар Кеңесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2013 жылдың 25-желтоқсанында құрылды.
Бүгінде Ғұламалар Кеңесі қоғамдағы түйткілді діни мәселелерге дер кезінде түсінік беріп, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі шығарған пәтуаларды қабылдап, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Еліміздегі ислам діні мен руханияттың дамуына Кеңес жұмысы сүбелі үлес қосып отыр.
Ғұламалар Кеңесі (Кеңес) – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы діни-ғылыми мәселелерді шешумен айналысатын консультативтік-кеңесші орган.
Кеңесті құрудың мақсаты мен міндеттері көп. Ең маңыздыларына тоқталатын болсақ, Кеңес Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы мұсылмандық ұстанымға қатысты туындап отырған өзекті мәселелер бойынша пәтуа шығарады. ҚМДБ-ның жалпы қызметі жүйесі және оның имамдары қызметінің негізгі бағыттарын зерттейді. Исламды жағымсыз жағынан көрсететін, теріс идеяларды, діни фанатизмді уағыздайтын аудио, бейне және баспа материалдардың таралуына тосқауыл қою шараларын ұсынады. ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру институты, Жоғары оқу орындары, ҚМДБ медреселері мен мешіттер жанындағы сауат ашу курстарының бағдарламаларын жетілдіруге ұсыныстар енгізеді.
Қазақстан мұсылмандарына ақпараттық және кеңестік көмек беру, діни жоралғыларды бірізділікке түсіру мәселелерін талдау және ұсыныстар енгізу, тұжырымдама қабылдау, Мұсылман жамағатының қажеттілігіне байланысты елді мекендерде салынатын мешіттер бойынша пікір білдіру сияқты т.б. мәселелер Кеңестің негізгі міндеттеріне жатады.
Сонымен қатар, Кеңес Исламның негіздерін, шариғаттың ережелерін бұрмалауға, дінаралық араздыққа, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасындағы қақтығысқа, ұлтаралық кикілжіңдерге алып келетін пікірлер және шақыруларды болдырмау мақсатында елдегі мұсылмандық ұстаным жағдайына алдын ала талдау жасап, ұсыныстар енгізеді.
– Жақында осы кеңестің отырысы өтті. Онда қаралған мәселелер туралы тарқатып айтып өтсеңіз…
– Иә, осы жылдың 17-19 желтоқсаны аралығында Алматы қаласында Кеңестің XIV-отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде «Жаназа», «Дін мен дәстүр-ІІ» кітаптарын баспаға ұсыну, «Мұсылман әйелдің бейнесі» құжатын бекіту, «Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетудің үкімі», «Спираль қоюдың үкімі» пәтуаларын талқылау және бекіту, «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатын қабылдау сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Кеңестің кезекті отырысында «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» талқыланып, бірауыздан бекітілді. Бұл мешіт ішіндегі тәртіпті реттеуге ықпал ететін өте маңызды құжат. Ережеде мешітке келушінің негізгі құқықтары, мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттер, мешітке келушінің міндеттері жеке бөлім ретінде қамтылған. Сонымен бірге, ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі дін қызметкерлері мен мешітке келушілерге байланысты көптеген мәселелерді қадағалайды.
Аталған Ереже – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерінің ішкі тәртіп ережелерін анықтайтын негізгі нормативті акт болып есептеледі.
«Ереже мешітке келуші әр адамның негізгі құқықтары мен міндеттерін анықтауды, діни сенім бостандығы құқығын қорғауды, сондай-ақ діни қызметке байланысты басқа да мәселелерді реттеуді, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда Ханафи мазхабының тарихи рөлін мойындауды, Қазақстан Республикасындағы конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді негізге алады», – делінген.
Қазіргі кезде мешіттерде имамға бойсұнбай, бүлік шығарып жүрген жат ағым өкілдері бар. Мешіт жұмысын жүргізіп отырған имам мен жамағат арасында ынтымақтастық, бауырмалдық байланысқа негізделген берік тәртіп болу керек. Осы тұрғыда және ел ішіндегі жалпы діни ахуалдың тұрақтылығын нығайтуда Ережеде аталғандай Ханафи мазхабының тарихи рөлін мойындау негізгі тұғыр деп білемін.
– Мұсылман әйелдің бейнесі туралы қандай пәтуаға тоқталдыңыздар?
– Ислам діні әйелдің қоғамдағы орнына ерекше мән береді. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман әйелдердің күнделікті тұрмыс пен отбасы тәрбиесіндегі рөлі, олардың қоғамдағы орны мен қызметін арттыру маңызды мәселелердің бірі болып саналады.
«Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Ал отбасының негізі – әйел. Сондықтан да мұсылман әйелдің бейнесін қалыптастыру өте маңызды.
Кеңестің отырысында «Мұсылман әйелдің бейнесі» атты концептуалды құжат талқыланды. Құжатта имандылық, білім алу, кішіпейілділік, ата-анаға және отағасына бойұсыну, іскерлік, еңбекқорлық, көркем мінез-құлық, бауырмалдық, адалдық және әділдік сияқты т.б сипаттар қамтылды.
– «Жаназа» кітабы жайлы қандай тоқтамға келдіңіздер?
– Жаназа намазы – пенденің дүниедегі соңғы ақысы. Жаназасын шығару мұсылмандар үшін парыз. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Кеңестің бірнеше отырысында қаралған жаназа кітабында жерлеу рәсімдерінің қыр-сыры, алуан түрлі мәселелері талқыланды.
Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдептері және қабірді зиярат ету мәселелері халық арасында әртүрлі орындалып жүр. Кейбір өңірде жергілікті ырымдардың араласып кеткені де анықталып отыр.
Бірде оңтүстік өңірде өткізілген семинар барысында жаназа және жерлеу рәсімдері әр өңірде әртүрлі атқарылатындықтан бірізділікке келтіру қажеттігін тілге тиек етсем, бір аудан әкімінің орынбасары «Сіз әр өңірді айтасыз, бізде бір ауылдың екі көшесінде екі түрлі атқарылатын кездер де болады» дегені бар еді. Осындай жағдайларды ескере келе ҚМДБ «Жаназа» кітабын дайындап, басып шығаруды ұйғарған болатын. Ондағы мақсат – ел ішіндегі жаназа жөніндегі жоралғыларды бірізділікке келтіру, осы маңызды мәселеде халықтың ауызбіршілігін, ынтымағын сақтау.
– Ғұламалар кеңесі пәтуа қабылдағанда нені негізге алады.
– Кеңес өзінің қызметінде, қабылдайтын шешімдерінде Құран Кәрімді, Пайғамбар хадисін, сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мазхабы және имам Матуриди ақидасы ілімін, Қазақтан Республикасының Конституциясын, заңдарын, ҚМДБ жарғысын, сондай-ақ Кеңес ережесін басшылыққа алады.
Әсілінде Ғұламалар кеңесінде қабылданатын пәтуалар ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінде дайындалады. Бұл бөлім шариғи үкімдер шығаруда ханафи мазхабын басшылыққа алады.
Шариғат және пәтуа бөліміне ұсынылған сауал ханафи мазхабында бұрын қарастырылмаған, қоғамда туындаған жаңа мәселеге қатысты болса, бөлім фиқһи қағидалар шеңберінде және пайдасы мен зиянын салыстыра отырып зерттеулер жүргізеді. Зерттеу қорытындысы негізінде аталмыш мәселе жөнінде нақты шариғи үкімге қол жеткізеді. Әрі оны ҚМДБ Ғұламалар Кеңесіне ұсынады. Егер Ғұламалар Кеңесінің талқылауынан өтіп бекітілсе, ҚМДБ атынан республика аумағындағы мұсылмандарға кеңінен түсіндіріледі.
Кеңес құрылғаннан бастап пәрменді мекеме (орган), институт болып қалыптасты. Кеңестің бүгінгі күнге дейін өткен 14 отырысында 100 аса мәселе қаралып, 14 концептуалды құжат қабылданып, 30 діни термин түзетіліп, 39 пәтуа бекітілді.
Кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілген «шариғи», «әлеуметтік», «медицина», «отбасы мәселелері» бағытындағы 20 пәтуа таңдалып, «Пәтуа жинағы» деген атпен бірінші рет кітапша басылып шықты.
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.