ЕКІНШІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ
Бүгінгі қоғамда білімнің қадірі артып, өткен күндермен салыстырғанда ең өзекті мәселелердің бірі болып тұрғандықтан, екінші жоғары білім алғысы келетіндердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді.
Біздің пайымдауымызша, оның бірнеше себебі бар: Мәселен, еңбек нарығының әмбебап мамындықтарға деген сұранысының артуы, мансап жолында жоғарылауға қол жеткізу, мамандықты өзгертуге ұмтылу, еңбекақысын ұлғайту, жалпы, білім алуға ұмтылу, қоғамдағы мәртебесін көтеру, жеке өмірін түзеу, қазіргі заман талабына сай бір-бірін толықтыратын бірнеше мамандықты игеру, кейбір мамандықтарға қажеттіліктің өзгеруіне байланысты, басқа мамандыққа көшу керек болғандықтан, заман талабына сай кәсіби маман атану, кезінде өзіне ұнайтын мамандық бойынша білім ала алмағандықтан, бала күнгі арманына қол жеткізу, т.б. өмір ағымындағы жайларға байланысты көпшілік екінші жоғары білім алуға ұмтылады.
Кім-кімнің болса да екінші жоғары білім алуға ұмтылуының тағы бір негізгі себебін «Нұр Отан» ХДП-ның «ЕРТЕҢІҢ ҮШІН АЯНБА!» «100 мамандық» бағдарламасында: «Бүгін дұрыс таңдалған мамандық – ол ертеңгі табысты өмірдің кепілі. Сондықтан әрбір адам қолынан не келсе, сонымен айналысуы керек. Ол өз кәсібінің шебері болуы қажет. Сол кезде ғана ол жақсы өмірге қадам жасай алады. Өскелең ұрпақ осы қағиданы неғұрлым ертерек түсінсе, соғұрлым оларға осы мақсатқа жету жеңіл болады… Ал біздегі жағдай қандай?Бүгінгі таңдағы жағдай келесідей: жастар өздерінің қабілетін ескермей, өздерінің немесе ата-аналарының ойынша беделді, «тәуір» деп саналатын мамандықтарды таңдайды. Осы тұрғыда олар оқу орнының қабырғасынан тыс жағдайдағы перспективаны емес, басқалардың пікірі мен уақытша амбицияны ғана ескереді. Осыдан келіп бізде, мысалы, жыл сайын оқу бітіретін заңгерлер мен экономистердің саны артып жығылады. Ал еңбек нарығында көптеген мамандықтар бойынша жұмыс орындары бос қалып жатады. Мұның барлығы еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерімнің бұзылуына әкеп соқты.Болашақ мамандық таңдау кезінде мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жас азаматтың аңсаған арманы мен шынайы қажеттіліктерін басшылыққа ала отырып, тұлғаның ерекшеліктері мен қандай нәрсеге икем екендігін ескеріп қадам жасаған дұрыс», – деп атап көрсетеді.
Білім алу мәселесіне қатысты тағы бір маңызды сұрақ – ол оқуды қаржыландыру. Бұл ретте бірнеше қаржы көздерін атап көрсетуге болады:
- мемлекет есебінен – мемлекеттік білім гранты және мемлекеттік білім несиесі, жоғары оқу орнының өз гранты, орталық және жергілікті атқарушы органдардың гранттары мен стипендиялары және т.б.;
- мемлекеттік емес қаржы көздері – атаулы стипендиялар, халықаралық ұйымдардың гранттары, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың жеке гранттары, түрлі қорлардың демеушілік көмегі және т.б.;
- жеке қаржы есебінен – өз қаржысы, банк несиесі.
Айтып отырған мәселеміз – екінші жоғары білім алу болғандықтан ескерте кететін бір жайт, біздің елде екінші жоғары білім алуға мемлекеттік грант бөлінбейтіні жайлы мәселе. Екінші жоғары білім тек ақылы негізде ғана оқытылады.
Қазақстан азаматтарының лайықты білім алуы үшін 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданып, осы Заңның аясында бүгінде негізгі оператор болып Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде. Сол қоғам арқылы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» арқылы керек қаражатты жинап, екінші жоғары білім алуға мүмкіндік бар. Себебі, білім беру жинақтау салымдарының басқа депозиттерге қарағанда онда қаржылық түсім жоғары. Әрі «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» қазақстандықтарға ақылы жоғары білім алу қаражатын 30-70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Білім беру жинақтау салымының басқа депозиттерден ерекшелігі – оның қаржылық түсімінің жоғарылығында. Ол жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Жинақтау салымының бірегейлігі – мұнда жыл сайынғы банк сыйақысы 14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сыйлықақы мемлекет тарапынан көтермеленеді. Түсіндіре кетер болсақ, мемлекет тарапынан белгіленген жыл сайынғы 5 пайыз сыйлықақы еліміздің барлық санаттағы азаматтары үшін, ал 7 пайыздық сыйлықақы жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дейін), мүгедектер, төрт немесе одан да көпбалалы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған. Ерекше атап өтер жайт, бұл жинақтау салымы тек білім алу мақсатына ғана ашылады.
Іргеміздегі көрші ел – Ресей мамандары жүргізген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ер адамдардың 66,5%-ы және әйелдердің 70%-ы жасы отыздан асқан соң, екінші жоғары білім алуға ұмтылады екен. Сонымен бірге, 31-40 жастағылардың 20%-ы, ал қырық жастан асқандардың 6%-ы екінші жоғары білім алатын көрінеді. Оқыған азаматтардың 86%-ы адам өзінің біліктілігін көтеру үшін екінші жоғары білім алуы керек деп есептейді екен. Бұл статистикалық көрсеткіш біздің елге де қатысы бар деп есептеуге болады.
Себебі, бірінші жоғары біліммен ғана шектеліп қалмай, екінші жоғары білім алып, өзін-өзі жетілдіріп жүрген жандардың қатары осы күні Қазақстанда да артып келеді. Осы орайда қашан да білімін жетілдіргісі келетін азаматтар үшін мемлекеттік оңтайландырылған бағдарламалар бар екенін де есте тұта жүрген абзал.