КЕҢДІК ПЕН КЕМДІК
Қазақты жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қайырымды халық санатына қиналмастан қосатынымыз бар. Сұрапыл соғыс жылдарында өзге ұлт өкілдерін қазақтар отбасымен қоса асырағандығы туралы деректер жеткілікті. Бұрындары жомарт азаматтардың қамқорлығы арқасында көптеген талантты суретшілер, ақын-жазушылар, әншілер халық құрметіне бөленетін еді деген әңгімелерді ара-тұра құлағымыз шалатыны рас. Бүгінде сол мінезімізден ажыраған жоқпыз ба? Мейірімді жандар туралы әңгімені естіген сайын өн бойынан жарнамалық сипатты байқап қалатын сияқтымыз. Қазақ көркем ойындағы қайырымдылық бейнесі қалай сомдалған еді? Жомарттық туралы ұлттық ұғымды даңғазалықпен шатастырып алған жоқпыз ба? «Бәсіре беру», «байғазы беру» деген секілді ұлттық дәстүрлердің астарын жаңа қазақтар қалай түсінеді? Бүгінгі тақырыбымызды осы сауалдар төңірегінде дамытқан едік.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы
ДАРАҚЫЛЫҚ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЕМЕС
Атамыз қазақ жаратылысында көңілі бай, кең қолтық болған шығар. Бай болып мұратына жеткен ұрпағы қайырымдылыққа келгенде, іріден турап, молынан қарпитын-ды. Дарақылығы да осалдан емес. «Алаған қолым – береген» деп қимылдап қалатындар да бар. Жалпы, біздің халықта бұрынғының кейбір байлары мен бағыландары қайырымдылықты иманына балаған. Не берсе де «Құдай үшін» деп берген. Адамнан емес, Алладан үміт еткен. Расында қайырымдылықтың өзі – иманнан. Адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығы өрістей келе ұлттық дәстүрге айналып кеткен деуге де болатындай.
Ал ойсыз, көзсіз дарақылықты қайырымдылық деуге болмас. Бір басылымнан ертеде елі-жұртына қадірменді адамға берілген асқа жұмсалған мол дәулетті теңгеге шаққанда, оған Үндістандағы Тәж-Махалдай ғимарат салуға болатынын оқыған едім. Атамыз қазақ ұрпақ өрбіткелі мына байтақ далада ондай астардың беріліп келе жатқанына заманнан заман өтті ғой. Бірақ сондай-сондай дарақылықтан кейінгілерге не қалды? Ауызды керіп айтарлықтай бір белгі қалды ма? Түк те! Демек, оның аты – босқа шашылу. Ал ондай дүрмек астарға бір адамның дәулеті жетпейді.Көптің қайырымдылығымен ғана жүзеге асатыны белгілі.
Баяғы – баяғы ғой. Қанымызда болғасын қайтейік, біз техникалық прогреске жеткен бүгінгі дәуірімізде де көңіліміз ояу, көзіміз ашық бола тұра, бір-бірімізбен бәсекелесіп дарақылануды қоя алмай-ақ келеміз. Бәсекелесіп бейіт саламыз, бәсекелесіп ас береміз, бәсекелесіп қыз ұзатып, келін түсіреміз. Бірімізден-біріміз асып түсеміз. Сөйтіп, қарызданып, қауғаланып шығынға батамыз. Біздің осындай ұлттық қайырымдылығымыз бүгінде халықаралық орбитаға да шығып кетіпті. Осы жұрт біліп айтса, шет жұртқа бесікте жатқан немере-шөберелерімізге дейін қарыз көрінеді. Біздікі тек шашылу.
Ал меценаттыққа келетін болсақ, қазақтың ғылымы, өнері, әдебиеті, спорты, мәдениетінің даму өрісі туралы не деуге болады? Бұл ыңғайда, рас, демеушілердің жәрдемімен ғалымдар мен қаламгерлердің еңбектері мен кітаптары аз-аз таралыммен жарық көріп тұрады; ара-тұра суретшілердің көрмесі өткізіледі; бұларға қарағанда спорт пен мәдениеттегілердің көйлегі көк, тамағы тоқ. Ал қазақтың қаламгерлері, шын айтам, тәуелсіздік келгелі қоғамнан шеттеп қалды. Қаламақысыз шығарма жазуды Құдай басқа салмасын. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайы да мәз емес.
Энциклопедияда меценатты – жомарт, қамқоршы дейді екен. Ондайлар қазақта да бар дегенде, көп емес. Көп болмайтыны, қазақтардың тұрмысы, ел иесі бола тұра, басқа диаспораларға қарағанда күйлі емес. (Кедей тұрады деуге аузым бармайды). «Ораза-намаз тоқтықта» деген. Кімге жомарт болғандайсың. Елімізде бір азамат бар. Бауыржан Оспанов! Абай атаңыз айтқан «Толық адам». Басылым беттерінде оның қайырымдылығы жөнінде жиі жазылып тұрады. Алла жар болғай азаматқа.
Амал не, Бауыржандай азаматтар қазақта кемде-кем. Байлық көзі корпорациялар мен компаниялардың иелігінде. Қазақ азаматтарының ілуде біреуі болмаса, көпшілігінің қаны қызғанымен дәрмені аз. Кейбір болып-толғандарымыз, сорымызға қарай, ұлттық намыстан жұрдай.
Жалпы алғанда, қазақтың ұлы да, қызы да қайырымдылықтан қашпайды. Өзінен артылса, алды-артына қарайлайды. Ондай иманды замандастарымыз болды. Айталық, менің туған топырағым – Арал ауданынан марқұм Тоғыс Жұмашевті білетін едім. Болмысында дүниенің бетіне қарамайтын ер көңілді азамат еді. Кемтарлар мен жоқ-жұқаларға ұдайы көмектесіп тұратын. Үлкендерден бата алды, жасы қарайластардың ілтипатына бөленді. Өмірден кімсің – Тоғыс едім деп өтті. Ол өзгелерге жақсылық жасағанда, есеппен жасамайтын, аңқылдаған ақ көкірегімен жасайтын. Сондай еді ол, бірақ тағдыр оның өмір жасын ұзартпады. Арманда кетті. Тоғыстың алғаусыз азаматтық ісін баласы Мейрамбек жалғастыруда деп естимін.
Сосынғы бір кеуделі азамат жазушы-журналист Қази Данабаев еді. Ол да Арал топырағынан. Тоқсаныншы жылдардың таршылығында Арал ауданының жасөспірім боксшылары облыс орталығында өткізілетін жарысқа қаржының жоқтығынан келе алмайтын болды. Соған намыстанған Қази он салмақтағы он баланы орталыққа алдырып, үйіне орналастырды. Келу-қайту жолпұлы, ішіп-жемі Қазидан. Сонда оның асып бара жатқан байлығы болса екен-ау. Жарыста алтын медальға ие болған Аралдың бір қара сирақ баласы тұғырда жылап тұрды. Оны көргенде қасымда отырған Қазидың да көз жасы ыршып түскенін көрдім. Сондай азаматтан да айырылдық.
Қайырымдылық дегенде қабақ шытпайтын тағы бір азаматты білемін. Қуанышбай Ердіхалықов! Арал қаласында тұратын оның да халықтан алған алғысы аз емес. Ол тіпті кімдерге қандай қайырымдылық жасаған есебінен жаңылысып қала береді. Ал оның аты жылда жұртшылық тарапынан дүңкілдеп естіледі де жатады.
Осындай алкеуде азаматтар бола тұра, атасына рахмет дейтіндей жомарт меценатты білмеймін, естіген де емеспін. Көбіне өзінің үш жұртынан өзгелерді жарылқауға қолы қысқа. Қолы ұзындар ата-бабасының атына мешіт тұрғызады, ағыл-тегіл ас береді. Бірақ одан арыға талабы тартпайды. Бұрынғылар: «Бермесе де бай жақсы» дейді екен. «Елде болса, ерінге тиеді» деп те айтқан. Демек, бүгінгілердің байығаны жақсы-ау, ал байып алғасын тұмсықтарының аспандап кететіні жаман. Тексіздік қой. Текті атаның баласы қандасын жерге қаратпайды. Ақиқатында бүгінгінің кейбір дүмділері халықты қанап, талап байығандар. Олардан қайыр жоқ. Кемтарларға, күйсіздерге қайырымдылықты үкіметтік емес ұйымдар мен мешіттер жасайтын әдет қалыптасты. Ондай қайырымдылықтан кім жариды? Тек амалсыздың айласы. Өмір осылай өтіп жатыр.
Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
ақын, К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ СӘУЛЕЛІ БОЛМЫСЫ, ҰЛЫ ТЫНЫСЫ
Күлімсіреу – көңіл сәулесі, оған алғаусыз амандасуымыз үстемеленсе, әдемі әдебіңіз қабағына қырау қатқандардың да суық сұсын сындырып, шырайын жылытып, суын сүт қылып, жүрегін жуып, жанын жадыратады. Өзіңіз де көзге көрінбейтін пайдаға кенелесіз: қарсы алдыңыздағы кісінің қаралы кейісінен, қарғыс қамытынан құтыласыз. Әзелде қалыптасқан әдемі әдеп, түзу сәлем кесапаттық пен кердеңдіктің адымын қысқартып, амалыңызды сөктірмейтін, абыройыңызды төктірмейтін бірден-бір дұрыс жол. Бұрысымыз – көкірек Күнін сөндіріп, бір-бірімізге сыйлар ықылас-ілтипатымыздан айрылғанымыз. Мұны бәрімізден бұрын байқап, «Қақпа алдындағы қартты» жазған Жұмекен Нәжімеденов. Өлең кейіпкері кемпірінің жылын өткізіп, қаладағы ұлының үйіне көшіп келген, құлағы мүкіс шал көшеде өтіп бара жатқандардың күбір-сыбырын өзінше жорып, «Уағалейкумассалам!» деп сәт сайын әркімге бір жалтаң қағып қарайды. Берілмеген сәлемді қабылдайды. Сонан соң: «Адамы аз ел?» – айып қой бұл сұрапыл, астана үшін миллион адам тұратын», – деп ойлайды. Астарлы ой. Миллион тұрғыны бар астана «адамы аз» болса, қасіреттің үлкені емес пе? Ақынның «Қала ғой бұл, ауыл емес қалғыған: бұрылып кеп кәрі көрсе алдынан аман-сауын шәй пісірім сұрасып, атпен желіп жөнелетін қыр асып» деуінде міншілдігінен сыншылдығы басым, әрі қазақы мінезді дәріптеген сыр бар. Ата-баба салтын сақтамаған қазіргі сәлемнің бұрыш айналмай-ақ ұмытылатынына, жарамсыз жат қылықтардың қытымырлығы құт-берекемізді күнделікті кетіретініне мән бермейтініміз қынжылтады. Дидар қосқан екінің бірі бүгіндері ернінің ұшымен, жақ талмасын дей ме, жан жылуынсыз, ой байлығынсыз: «Қалайсыз?» – деп, отқа түскен тұздай шыртылдайды. Бір сығым ғана бұл сөз сәлемдесуден гөрі Кербаланың шөлінде қалған мүшкіл мүсәпірдің хал-ахуалын немесе науқастың көңілін сұрағанға көбірек ұқсайды. Ал атам қазақ «Сәлем – сөздің анасы» дегенді бекер айтпаған. Ендеше, сәлемнің сауаттылығы – Құдай алдындағы жауапкершілік. Соны мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған ұлттық дәстүріміз бізді тастап кеткен жоқ, одан өзіміз қатыгездікке қарай байқаусыз алыстап барамыз. Дәстүрін ұмытып, өздері тірі жүргендер қаншама? Сырқатпыз. Сауығуға міндеттіміз. Исінгіш игіліктің иісін ұрпағымызға сіңіруіміз керек-ақ. Қайырымдылық – ұлтымыздың сәулелі болмысы, ұлы тынысы, одан бөлек тыныстағысы келгендер ата-баба ізінен басқа бағытқа ауытқып, ілініп-салынып жүріп, ақыры адасып тынады. Жоқтықта жасымаған, тоқтықта тасымаған халқымыздың қатыгездіктен арылуының қайырымдылықтан басқа мүмкіндігі болмаған. Сол мүмкіндікті сәтті пайдалану арқылы адами сезім-түйсігімізді, ішкі үйлесімдігімізді, ақылымыздың жасампаздығын жетілдіргенбіз. Бұларсыз өмір тұл. Баба сөзімен баяндасақ: «Бір биенің екі емшегі бірі кетсе – сүті жоқ, бір түйенің екі өркеші бірі кетсе – күші жоқ». Неге екенін қайдам, маған қазақ көркем ойындағы қайырымдылық образы үнемі әйел кейпінде елестейді. Мәселен, Қобыландының «Құртқасы», Мұхтар Әуезовтің «Зересі мен Ұлжаны», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Дулат Исабековтің «Әпкесі», Әдіһам Шілтерхановтың «Кейуана мен келіні», тағы басқалар. Барлығы да дүниенің төрт бұрышын ақылмен түгендегендер, болмыстық көрінісімен тату-тәтті тіршілік кешуді, жан баласына жақсылық жасауды армандағандар. Өкінішке қарай, соңғы кездері сусіңді сіріңкенің үлкен қорабындай кітаптарда мұндай кейіпкерлер некен-саяқ. Әдіһам ағаның «Кейуана мен келін» әңгімесі жастарды қайырымдылыққа тәрбиелеудің өнегелі үлгісі. Алыстан ыстық күнде шаршап-шалдығып, шөлдеп жеткен жолаушыларға «Үйде су жоқ еді» деп байқаусыз айтып қалған келініне енесі былай ренжиді: «Ауылды алғаш көрген, белдеуімізге ат басын бірінші рет тіреген жолаушы су сұрап іше алмағанда, бұл өтеннің моладан неменесі артық. Сенің көргенсіздігіңнің ұяты бүкіл ауылға келетінін неге ойламадың? Бір ауылды су бермейтін пес атандыруға қандай хақың бар? «Жасы білмесе – үлкені бар емес пе?», – деп, өлеріміздің шағында бізге кінәрат арқалататындай ала алмай жүрген өшің бар ма еді… Елдің салтын, халықтың құнтты пейілін көрмей, қайда өстің өзің? Осындай ойды меңгергендер қайырымдылыққа бір табан жақындай түсері сөзсіз ғой. Жомарттық ұғымын кім қай деңгейде қабылдаса, оның мәні де, орны да сол белдеуден көрінбек. Кенжеміз Рауан жоғары оқу орнына мемлекеттік грантпен түскен күні отбасымызға Көпен Әмірбек келе қалды. Қуаныш үстінде байғазыға қапелімде басқа ештеңе таппады ма, су жаңа қалың дәптердің бірінші бетіне: «Айналайын, Рауан! Сен бүгіннен бастап Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреатысың» деп жазып, байғазы ретінде ұсынды. Сол ағасы студент қызымызға бес жыл бойы, қарсылығымызға қарамай, үзіліссіз шәкіртақы беріп тұрды. Бірақ ешкімге тіс жарған жоқ. Осы әрекет жомарттық па, даңғойлық па? Патша көңіліңіз білсін. Пәтуалы ырым босқа кетпей, бәсіре қарындасы бүгінде мемлекеттік педагогикалық институттың білдей ғалым-хатшысы лауазымында қызмет істейді, педагогика ғылымдарының кандидаты. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген нақыл босқа айтылмаса керек. Көпен сыйлаған баяғы байғазы отбасылық байланысымызды, бірлігімізді бұрынғыдан да бекемдей түсті.
Жақсылығын жарнамаламай, қоғам пайдасы үшін болашақтың мүддесіне үйлестіре жасайтын азаматтардың бірі – шымкенттік Серікжан Сейтжанов. Жеке қаржысына мектеп, мешіт салдырған меценат Астанадағы академиялық кітапханадан марқұм Дүкенбай Досжанға арналған арнайы бөлмені жабдықтауды, жазушы тұтынған заттарды, жеке кітапханасын көшіру шығынын шып-шырғасыз мойнына алыпты. Өзі үндемейді, кітапхана директорынан естідік. Мәскеуде А.Пушкин мен Л.Толстойдың екі-екіден музейі жұмыс істейді. Әзірге теңесе алмаспыз, алайда жомарт жігіттің көрнекті жазушы рухани әлемін жалпақ жұртқа мүмкіндігінше таныстыруы ерлікпен пара-пар.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРОВ,
жазушы
ЖАҚСЫЛЫҚТЫ АЙТСА, ХАЛЫҚ АЙТСЫН
Қазақтың адамгершілігі жөнінде айтылатын кеңпейілділік, қайырымдылық, мәрттік секілді ізгі қасиеттер қазаққа ғана тән, болмысымыздан туындаған секілді. Шынында да біздің ұлттық рухани брендіміз сияқты. Осыдан мың жарым жылдай бұрын туған ислами үлкен ұлағатты сөз, яғни «Тәурат кітабы»тараған халықтарда жоқ емес, әрине имандылық, қайырымдылық, мейірім, ізгілік секілді жақсы қасиеттер бар. Бірақ сол ілімдер бізден мыңдаған шақырым алыста жатқан ұлы даламызда туып, біздің төл табиғатымыздан өркендеп-өсіп жатқан секілді әсерде қалдырады. Шын мәнісінде қазақтың сол ілімдерге дейінгі табиғатында Тәңіри сенімі бар. Кешегі түркі табиғатында, оның алдындағы сақтар табиғатында, Геродоттардан қалған сол мәрттік, тереңдік, ізгілік істері, әрекеттері, қылықтары бәрі осылай ойлауға негіз береді. Осы қасиеттердің табиғилығы біздің болмысымызға жарасатындығы сондай, біздің өзімізге ғана тән төл қасиетіміз ба деп ойлайсың. Қасиетті Құран-Кәрімде де, Інжіл, Тәуратта да, Библияда да «қайырымды бол, бір дән болса да бөлісіп же, жетім-жесірдің ақысын жеме» деген секілді сөздер бар. Бірақ дәл біздегідей практикалық өмір тәжірибесіндегі көрінісі әлемде жоқ. Бұл тарихи алыстықтан қараған сайын біздің мақтанышымыз, ұлық қасиетіміз ретінде дүниеге паш етіп, соны әлем бас шұлғып, мойындайтындай қасиет. Дегенмен, осы мінезіміз қазақтың тағдырында, тарихында талай опық жегізді, маңдайына таяқ болып тиді. Арқамыздан қағып, тамыр-тамыр дей отырып, талай халықтар жерімізге кірді, нанымызды жеді, малымызды алды. Өзіміз қоңторғай болып отырсақ та соларға ешнәрсені сездірмей, жоқтатпай кеңдігімізбен қабылдай бердік. Уақыт өткен соң тарихта бәрі әдемі, теп-тегіс болып көрінеді. Бүгін біздің аталарымыз кең болған, мәрт болған дейміз. Шын мәнісіне келгенде тарихтан талай таяқ жеген ұлтпыз. Осы бір тұжырым бүгінмен сабақтасады. «Кем» деген үш-ақ әріптен тұратын сөз «кең» деген де үш әріптен тұрады. Екеуінің айырмашылығын анықтап алғанымыз жөн. Қазір заман басқа. Құндылықтарға деген көзқарастарымыз өзгерді. Мәрттік, қайырымдылық, ізгілік деген қасиеттердің барлығы да адамгершіліктен бастау алады. Мына заманда бізге дарақылық керек пе? Осы қасиеттердің кесірінен таяқ жеген жоқпыз ба? Кешегі «Ақтабан шұбырындыдан», 1930 жылдардағы қасіретті нәубеттерді бастан өткеруіміз біздің ішкі иммунитетімізді жоғалтып алғандығымыздан емес пе еді? Жалпы, кеңдік те, кемдік те жасамау үшін бізге рухани тұрғыдан, саяси тұрғыдан жаңа дүниетаным, жаңа көзқарас, жаңаша ойлау керек сияқты. Қазір Құдайға шүкір, жаңа мемлекетіміз түрлі қиындықтарды бастан өткере отырып, осы дәрежеге жетті. Ұлтарақтай жеріміз бен тамшыдай ғана суымыздың, қойнауымыздан шығып жатқан кішкентай ғана байлықтың – бәрінің де сұрауы бар. Кең екенбіз деп оның барлығын кемшілікке айналдыруымызға болмайды. Біз бұдан өткенбіз. Дей тұрғанмен, ұлттық брендіміз «Кеңдікті» өз ішкі аспектімізде, жалпы халқымыздың бойынан бүгінде қайта-қайта іздейтініміз де, соның бір орын таппай жоғалып бара жатқанына қынжылатынымыз да рас. Иә, біз ашаршылықта отырып, барлық ұлт өкілдерін қабылдап, қара нанды бөліп жедік. Тіпті, ата жауымыз қалмақты да асырадық. Кешегі Арал бойынан кеткен бір топ қалмақтардың Аралдың жерін тізерлеп отырып сүйіп: «Қазақ деген ұлы халық. Бізді ажалдан құтқарған әуелі Құдай, сосын қазақ», – деп жылағанында аталарымыздың таспен ұрғанды аспен ұрып алған рухани жеңісіне көзіміз жетті. Ол осы кешегі Азаттықтың алғашқы жылдарында болған еді. Әлемдік өркениетке ілескеннің жөні осы екен деп, жанымызды жоғалтып бара жатқанымыз әсіресе өз ішімізде, ағайын арасында қатты байқалады. Қазақта «егіннен кеусен», «балықтан сыралғы», «соғымнан қол үздік», сауын басталса «қымыз ашар», «аңшыдан байлау», тіпті сабын қайнатқан әжелеріміз «бұзаушық» алып отырған. Дәл мұндай «мәрттіктің академиясы» басқа еш жерде жоқ. Қазақтың осындай әдемі төл сөздері мен дәстүрін ұмытып бара жатқан жайымыз бар. Ата-бабаларымыз әр нәрседен көршіге, ағайын-туысқа қайыр жасап отырған. Ал енді осы қарапайым дүниелерді академиялық деңгейге дейін жеткізген біздің қазақ шынында да Құдайдың шапағатына бөленген халық қой деп ойлаймын. Қазақтың осы қасиеттерінің жоғалуын дақпырт, бәсеке, көрнекілік, есепті жақсылық, сату салдарына айналдырып жібердік. Мұсылмандықта мұны «рия» дейді. Жақсылықты риямен жасау – мүсәпірліктің ең сұмдығы. Мені көріп тұрған шығар, ертең осы есебім бойынша маған қайтатын шығар деген пропагандалық жақсылық – ең сорақылық. Риялық жақсылық дегеннің зиянын білмей біз өзіміздің өмірімізге жарнаманы бет албаты енгізіп жібердік. Жақсылықты айтса, халық айтсын. Бірақ біреуді қорқытып, біреуді алдап, біреуді таңғалдырып, аузын аштырып, ниетімді іске асырам деген жасанды пиғылды адамды дарақы адам деуге болады. Ол кісіні бай деуге де, мәрт деуге де, жомарт деуге де болмайды. Мүмкін ол ақшасы көп болуы мүмкін, бірақ рухани тұрғыдан өте бейшара, кедей адамдар қатарына жатады. Біздің жаңадан шыққан байшыкештерде осы жағдайларды ұғыну жоқ. Теледидардан біреудің баласы немесе өзі ауырып жатқанын, жетім қалғанын, тұратын жері жоқ қайыршыны да көрсетеді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда осындай түрлі жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті, қаламгерлердің өзі қаламақыға жарымай, мемлекеттік тапсырысқа іліге алмай, қанша жазушылардың кітаптары шықпай қор болуда. Уақыт өткесін ол кітаптар құрып та кетуі мүмкін. Осы жағдайлардың төрешісі– парасатымыз, терең ойлай білуіміз. Ең бастысы, мәрттік, жомарттық, ізгілік деген секілді құнды қасиеттерімізді жоғалтпасақ, ретімен орнымен пайдалана алсақ, көркейген үстіне көркейе түсеріміз анық. Біздің кеңдігіміздің де, мәрттігіміздің де, бақай есептігіміздің де арасында – адамгершіліктің алтын сызығы жатыр. Соны тапсақ, мемлекеттің деңгейіндегі де, жеке адамның деңгейіндегі де үлкен тұғырлы ұстаным болар еді. Есепті, риялы саясаттың барлығы да адамды адамгершілікке емес, сақтыққа, іштарлыққа, таркөкіректікке бастайды. Айналдырған ат төбеліндей қазақ бір-біріне қатыгездік жасамауға тиіс. Батыс бүйтіп жатыр екен, шығыс сөйтіп жатыр екен деп ешкімге еліктеудің қажеті жоқ. Ол санамызға байланысты.Ал сананы тәрбиелеу өте қиын нәрсе. Мен кешегі тарихты аңсамаймын, кезінде кеңес өкіметі ақпараттарды тежеп, сүзгіден өткізе білген еді. Қоғамда болып жатқан зұлымдықтарға, сұмдықтарға, кесір-кесапаттарға тосқауыл бола білді.Оларды бізге кіргізген жоқ. Ал қазір ел ішіндегі қатыгездік туралы ақпараттарды көрсететін арнайы бөлімдер, бағдарламалар бар. Оның бәрін айтып-айтып, соңынан «сіздерді қорқыту үшін емес, тек сақтансын деп айтып отырмыз» деп ескертеді. Ал енді осы нәрселерді көрсетудің не қажеті бар? Бұл ақыл-санасының астынан ішкі дүниемізге егіліп жатқан қатыгездіктің үлгілері емес пе? Біз артық қыламыз деп тыртық қылып отырмыз. Адамгершіліктің сүзгісі болуы керек. Интернетке ие бола алмасақ та, телеканалдарға ие болуымыз керек қой. Болып жатқан сұмдық оқиғалардың кейіпкерлерінің әрбір ісін тәптіштеу арқылы ұрпақ тәрбиесіне кері әсер берудеміз.
Кәкен ҚАМЗИН,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ІШІН ДЕ, СЫРТЫН ДА БАЙЫПТЫ МАҚАММЕН АҒАРТУЫМЫЗ КЕРЕК
Заман беталысы өзгерді, әлеуметтік қарым-қатынас рыноктық сипат алды. Әу баста естілеріміз де, бестілеріміз де жуық арада мұнайы лақылдаған араб елдеріндегідей өмір кешеміз, көзді ашып-жұмғанша мерейіміз тасиды деп алақанымызды ысқыладық. Бірақ ол дәмеміздің әне-міне ақталар түрі жоқ. Экономикалық романтизм деген осы шығар. Топ-менеджменттің сауаты жетпеді ме, әлде ішкі әлеуметтік-психологиялық ахуал мүмкіндік бермеді ме, әлде сыртқы саяси-экономикалық жағдай қолбайлау болды ма, әйтеуір, күншуаққа қарай шабандау, сылбыр жылжып келеміз. Жан басына шаққандағы орта есептік табыс көрсеткіші нақты адамға келгенде сүрініп-қабынып қалады. Аяққа тартса, басқа жетпейтін, басқа тартса, аяққа жетпейтін қысқа көрпені елестетеді біздің күй. Бірақ талай аласапыранды, талай аумалы-төкпелі кезеңді басынан өткерген жұртымыздың болашаққа деген, келешекке деген сенімі жоғалған жоқ, үміті кесілген жоқ.
Қазір сананы қаражат, бизнес билей бастады. Мораль, адамгершілік, ұлттық тәлім-тәрбие жол шетіне шығып қалды. Батыстың өмір сүру моделі (саяси-экономикалық конвергенция, ғаламдастыру, білім мен ғылым саласындағы бұлғақ) ұлттық құндылықтарды, қазақы игіліктерді объективті түрде мансұқтауда. Бөгденің «тәттісін де», «дәмдісін де» еш талғаусыз, еш сұрыптаусыз жұта берудің зардабын әлі талай тартармыз. Құсармыз. Заманалы реализмнің сипаты да, тұрпаты да нақ осындай.
Күш-қуаты тасыған елде ауқаттылардың да, орта дәулеттілердің де өзіне лайықты орны болары әбден заңды. Ұлттық мектеп тәлімінен өткен, қазақы орта тәрбиелеген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де едәуір екендігі ақиқат. Атымтай жомарттар да, қазақы салт-дәстүрді сыйлаушылар да ең алдымен осы ұлттық өнегеден, ұлттық құнардан сусындаған жандардан тарары кәміл. Бір ғана мысал – өз жерлесім, өз бауырым Бауыржан Кеңесбекұлы Оспановтың игі істері. Оның әдебиет, өнер, спорт, білім саласына көрсетіп отырған қаржылай-материалдық қолдауын елдің бәрі жағымды құбылыс деп бағалайды. Осы азамат әлдекімдерді жалдап, өзін ешқашан пиарлаған емес, қайта, масс-медиа өкілдері оны іздеп жүріп насихаттайды. Қайтарымды байланыс, жақсылықтың өтелімі, халықтың рахметі дегеніміз осы болар. Бірақ барша абзалдықты қалталылардан, шенділерден күту керек, өнер мен мәдениетті қаржыландыруға солар міндетті, қолы қысқаларға сол азаматтар рақым көрсетуге тиіс деген пікірден біз аулақ жүргеніміз жөн. Әр адам өз имандылығына, өз ықтиярына қарай қимыл-харекет жасайды. Осы күні ешкімді зорлықпен, күштеумен сындарлылыққа, сымбаттылыққа иліктіре алмайсың. Осы ретте мына бір пікір есіме түсіп отыр. Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов ағам: «Қазақ үшін, жалпы адамзат баласы үшін Ағартушылық дәуірі аяқталған жоқ» дегенді жиі айтушы еді. Біз тап қазір халқымыздың ішін де, сыртын да байыпты мақаммен ағартуымыз керек. Әсіресе, жас ұрпақтың. Ұлттық бояумен, ұлттық таныммен, ұлттық болмыспен.
Гүлім СЫДЫҚ.