«ОРАЛМАН»
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай түсірілген «Оралман» толықметражды көркем фильмі Bekmambetov cinema кинотеатрында БАҚ өкілдеріне көрсетілді.
Кинотуынды ХХ ғасырдың 30-шы жылдары туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы. Жабық көрсетілім барысында фильмнің сценарий авторы, кинодраматург Нұрлан Санжар фильм жайлы: «Қаржының кешіктірілуіне байланысты бұл фильмнің көрермен қауымға жетер жолы ұзақ әрі күрделі болды. Десек те, қаржы бөлініп, үлкен экран арқылы тамашалап отырсыздар. Кино атамекеніне қоныс аударуды армандайтын қарапайым адам туралы. Фильм авторының бірі ретінде, қазақ үшін Отан ұғымы күнкөріс қамы ыңғайлы жер емес, байтақ дала екендігін жеткізгім келді», – дейді.
Режиссер Сәбит Құрманбеков: «Нұрлан Санжардың сценарийін қолға алғанда, көз алдыма туған жеріне бет алған адамдардың тозақтан жұмаққа қарай келе жатқан кейпі келе қалды. Өйткені, менің кейіпкерім Ауғанстаннан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз», – деп ағынан жарылды
Фильм аласапыран заманда шетел ауып, енді тәуелсіз ел болған Отанына қайта оралуды аңсаған қазақ отбасының бастан кешкен қиындығын суреттейді.
Таулы қышлақтан шыққан отбасын ұзақ жол күтеді. Ақыры Қазақстанның шекарасына жетеді. Қарттың арманы орындалып, туған елімен қайта қауышады. Ол жерді сүйіп, көзіне жас алып, атамекеніне оралғанына қуанады. Миграциялық полиция отбасыға Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан Төретам ауылына жолдама береді. Олар осында үй салып, жаңа өмір бастап, үлкен отбасы болғысы келеді. Алайда, көп ұзамай Базарбай қарт дүниеден өтеді. Сапарқұл қирап қалған әскери радар ғимаратын қайта жөндеп, орнына мешіт тұрғызады.
Иә, Жұмақ мекен – қазақ жерін аңсап келген Базарбай қарт дүние салғанда оның ұлы әке сүйегін қояр жер таппай, бейіттің әскери полигон аумағына өтіп кететін тұсы – Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» Қазанғаптың сүйегін сонау алыстағы бейітке апарып, «әскери нысанның» аумағына айналып кеткендіктен көме алмай қайтқан Едігенің кейпін бір елестеткені рас.
«Оралман» фильмінің сценарийін кинодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құрманбековтің қатысуымен жазған. Композиторы – Айдос Сағат. Фильмнің түсірілім жұмыстарына киностудияның бұрынғы жобаларына қатысып, табысқа жеткен, жүктелген міндеттерін абыроймен орындап шыққан киногерлер – режиссерлер, операторлар, сазгерлер мен суретшілер жұмылдырылған. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажынәбиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
Нұртай ЛАХАН,
журналист:
– «Оралман» шетелден атақонысына бет алған қазақтар жайлы түсірілген алғашқы толықметражды көркем фильм. Көрермен ретінде бір көруге татиды деп есептедім. Әрине, бір ғана отбасының тағдырын суреттейтін фильмнен Қазақстанға оралған миллион қазақтың тағдырын іздеудің қажеті жоқ. Бірақ режиссер Базарбай ақсақал арқылы атажұртына асыққан миллион қазақтың сезімін және Сапарқұл арқылы сол миллионның келгеннен кейінгі көрген теперішін жеткізуге талпынған. Мен бұл пікірді сол сырттан келген миллионның бірі ретінде айта аламын, кинодан сезіндім. Білесіз бе, 1992 жылдың шілде айында біз Қазақстанға көшетін болдық. Үйде сатылмай қалған оншақты лақты ешкі мен бір бұзаулы сиыр бар еді. Әлгі малдарды көшетін күннен бір күн бұрын жездеміздің үйіне апарып тастағанбыз. Таңертең жүкті көлікке тиеп, барлығымыз жолға шықтық. Сол сәтте әлгі он лақ пен бұзау көш жүретін қара жолдың бойында қоштасқандай болып тізіліп тұр екен. Сенесіз бе, қоштасуға келіп тұрғандай. Сол сурет әлі көз алдымда. «Мал, малдан кейін мені ал» дейтін қағида бойыма сіңіп қалды ма, әлгілерді көргенде көзіме жас алдым. Сол сәттегі басымнан кешкен сезімді кеше кинодан көрдім. Сол секілді, кино кейіпкерлерінің Қазақстанға келіп, пойыздан түскен сәттегі алғашқы әсерлері, жергілікті жұрттан көретін теперіштері: бірі – сөзбен, екіншісі – таяқпен… Бірақ жиырма жыл бақ, жиырма жыл сор тұрмайтындығын. Оларға да күн туатындығын режиссер барынша шынайы, әсерлі жеткізген. Баспасөз мәслихатында киноның атауына, ондағы кейбір көріністерге қатысты сын-пікірлер айтылып жатты. Меніңше, ол түкке тұрмайтын дүние.