ГИТЛЕРЮГЕНД
11.11.2016
1603
0

2dff288e446456a4b947be257e834b4e(ГРОТЕСК-ӘҢГІМЕ)

Серік САҒЫНТАЙ

 

«О, с какой тоской
Птица из клетки глядит
На полет мотылька!».
Кобаяси ИССА.

«…Я приказываю вам:
«Сожгите меня!».
Бертольт БРЕХТ.

 

…Үзік-үзік елестер ғана келеді көз алдына.

 

* * *

Кеш бата алау жаққан. Тоғай­дан тал бұтап әкеп, қауқитып үйіп қойысты. «Бүгін 1940 жыл­дардағыдай өмір сүреміз» дескен достары. Бәрібір емес пе?! Қыр­қыншы жылдары не болғанын кім біледі? Соғыс жылдары ғой. Кім, не үшін, кіммен не үшін соғысқанын да білмейді бұл. Еш­теңе есінде қалмапты. Баяғыда қазақ пен қалмақ соғысыпты, одан әріде парсылармен соғыс­қан. Сол соғысқандардың, бірақ қазақ, қазақ емес екені белгісіз… Ал мыналар неміспен соғыстық дейді. Айдаладағы неміспен не үшін соғысқан, ей?! Сірә, сол соғыстан жеңілген сияқтымыз ғой. Әйтпесе, бавар сырасы мен «Мерседес», «BMW» машиналары қайдан келген бізге?!

Маңайына мәңгіре көз тастады. Дала тымық. Дымқыл отыннан ұшқан түтін арасынан үш­қат­тың шоққа айналып қызарған жемісі де көкке көтеріліп, жар­қы­рауық қоңыз сынды шалынады көзге. Түтін көзді ашыта ма деп қорғалақтаған. Көзі онсыз да кілгірттеніп қалыпты. Сол кезде ғана кешкісін бірер сағат ұйық­та­ғаны есіне түсті. Енді түнімен көз іле алмасы анық. Бірақ кім білген?! Езуіне жымысқы жымиыс ұялады. «Қазір, әлгіден екі жұтым тартсам, ұйқыға шомбақ түгіл, аспанға ұшып кетермін».

 

* * *

…Арманның арғы түбі неміс еді. Кәдімгі неміс. Соғыс қар­саңында Калининград түбі­нен бері қотарылған қалың тұт­қын­мен Арқаға келіпті бір атасы. Сталиннің салған лаңы ғой. Бұл жақтағы ұйысқан ұлыспен мидай араласып кеткен соң, айналасы сексен жылда құжатына қазақ деп жазылып та қалған. Олай бол­­масына лаж да жоқ тәрізді. Ата­сының әжесі сол қырқыншы жылдары неміске шыққан. Одан тараған ұрпақтың бәрі дерлік көзі тұз-жасыл зүмірет болғанымен, өңі де, тілі де қазақтыкі. Ал тоқ­саныншы жылдардағы алағайлы аласапыранда аудандағы паспорт үстелі адамның сойы, ұлты түгіл, жасын да ақы иесінің қолайына келтіріп жазып беретін. Сонау ал­пысыншы жылдары-ақ бұлар­дың әулетінен шыққан ұл-қызды «неміс», «фриц» деп кемсіту ұмыт болды. Атасы сөзге ділмәр еді, анау-мынау қазақты отырғызып кететін мақалдағанда. Бұған да жұққан сол қасиет. Сол қасиеті арқылы мектепте үздік оқыды: мұ­ғалімнің өз сөзін өзіне тура қай­талап беріп, талай бестік қон­дырған күнделігіне. Кейін жа­дының бір тылсымы ашылды ма – бір оқыған кітабын үтір-нүктесіне дейін ұмытпайтын, бір көрген адамын қанша уақыт өтсе де дәл танитын боп алды. Оған сөзге шешендігін қосыңыз. Мектепте оқушының алды болды, университетте студсовет бастығы атанды. Сөйтіп жүргенде, «КВН» деген ермек пайда болсын. Мұ­ның қабілеті сонда арқырай ашыл­ған. Ауызекі сөзде дес бер­мейтін атасының аруағы арқасын қысып, сахнаға шыққанда түй­дек-түйдегімен тастаушы еді жеңілауыз қағытпаны.

…Үзік-үзік елестер ғана қа­лып­ты сол дәуреннен.

 

* * *

Отто үшін1933 жыл өте ауыр болды. Қаңтар басында анасы ана дүниеге аттанды. Мінезі то­мы­рық­тау әкесі жарының қайғы­сын көтере алмай соңынан жөнеп берген. Он екі жасқа енді толған еді бұл. Өзімен тете қарындасы екеуі ғана қалды әулетте. Потсдам­­да тұратын немере ағасын іздеп барғысы келіп еді көктем шыға. Бірақ мына иесіз үйді кім­ге қалдырмақ?! Өзі де, қарындасы да ауладан ұзап көрген емес. Бір күні сол ағасы өзі-ақ келсін бұ­лар­­ға. Отто қуанып қалды. Бұ­лар­ға қарайласып отырған көрші фрау да қуанып қалды. Ал аға­сы…

Ағасы келе жаңа тәртіп орнат­қан. Үйелмелі-сүйелмелі қос жетім еңірей қарсы алған көкесі қатал боп шықты. Түс ауа қорым жаққа барып, әке-шешесінің басына гүл қойып келген. Ағасы бұлар батып кіре алмай жүрген әке-шешесінің жатынжайына бастады екеуін. Қарындасы тар­тыншақтағанына болмады. Екеуін есік тұсындағы орындық­қа отырғызған бетте, етігін шешпестен құстөсектің бас жағын­дағы кітап сөресіне қадам ту­­ра­­ла­ды ол. Атасының атасынан қалған қызыл емен сөреде бұлар бетін ашып көрмеген қалың-қалың томдар тізіліп тұр еді. Гегель, Маркс, Карл Каутский, Зигмунд Фрейд, Ремарк, Генрих Манн… Біртіндеп алып, авторлар есімін дауыстап оқып, жерге гүрс-гүрс лақтырып жатыр. Кірпіш томдар еденге гүрс етіп құлаған сайын қарындасы селк-селк етіп, дірдек қаға бұған тығыла түсті. Мұның жүрегі атқақтай соғып, кеудесін жарарман. Көзінен бір тамшы жас шық­­пады. Кітаптар үйіліп қапты.

– Сен екеуіңнің шаштарың қара болғаны менің басыма бәле боп жабыспаса етті! – деді аға­сы.

Бұлар түк ұқпаған.

– Мына кітаптың бәрін Опе­рн­плацқа өзің апарасың!..

Бұлар тағы ештеңе түсін­беген.

– Ай, сорлы балақандар-ай! – деді кіжініп…

Бір аптадан кейін бұл ағасы­мен бірге Берлинде Опера театры алаңында тұрды. Қырық мыңға жуық өзі құралпы бозөкпе гу-гу етеді. Желкілдеген ту, жарқыл­даған эполеттер. Дарылдап мотоциклеттер өтеді топ арасынан. Жүзшақты бала балық тұздайтын бөшкедей барабанды мойнына асып алып, жуан таяқтармен құ­л­аштай соққылап дүңгірлетіп, айналаны сесті дүбірге толтырып жіберген. Кенет әлдеқайдан ұран тасталды. Тас табаны дүріл-гү­рілмен дірілдеп кеткен үлкен алаңның ортасы айқара ашылып, бума-бума кітаптар тұс-тұстан лақтырыла бастады. Әп-сәтте кішігірім төбешік пайда болды. Әлдеқайдан қатқыл үнмен әлдекім айғайлайды: «Тап күресі мен материализмге мәңгі қар­сы­мыз! Халықшылдық пен идеализм жасасын! Маркс пен Каутс­кий­дің шимай-шатпақтары отқа орансын!» Гуілдеген тобыр қосыла жамырайды. Барабан үні ауыр зілді ырғаққа түсіп, мұның кеудесін керіп барады. Бір дүлей әкесінің шаң басқан том-том кітаптарын қос қолымен ұстап, мұның төсіне құлаштай ұрып, шеге қағып жатқандай алапат. Саңқ-саңқ еткен қатқыл ұран және қайталана берді. «Адам жанының мейірбандығы артсын! Азғын нәпсі жанымыздан аулақ кетсін! Фрейдтің шатпақтарын өртеймін мен!» – дейді дауыс­зорайт­қыштан тақ-тақ еткен қа­тал үн. Сәт сайын зорая қай­тал­анып тұрған үрейлі озанды күңірене қайталаған мыңдаған бозөкпенің ортасынан кенет ересектеу бірнеше бозбала суырылып шығып, қолдарындағы шырақпен ортада үйілген кітап­тардың тұс-тұсынан от қойды! Қаншама сөрелерде жылдар бо­йы қаланып тұрған, әредік қол­дан-қолға өтіп, жасырын оқыл­ған кірпіш кітаптар лап етіп тұта­нып, алып алау пайда болды. Кірпіш кітаптардан ажырап жыр­тылған жеке парақтар жа­лын­ның аспан жалаған тіліне іле­сіп, қалбаң қа­ға ұшып көкке көтерілген. Ба­ра­бан гүрсілдері ара­сынан неміс автоматының үніндей тақылдай қайталанып тұрған сесті ұран ауа тіліп, алаң­нан аспанға атылып жатты. Елір­ген нөпір алауды ай­нала лық­сып, қалың кітаптар­ды отқа лақтыра берді, лақтыра бер­ді. Әлдеқайдан шалқыған шадыман бір музыка үйіріліп тұр.

Оттоның көз алды бұлдыр тартып, жанарынан сорғалаған жасты сүртуге шамасы келер емес. Осында аттанарда ағасы өртеп кеткен аталарынан қалған қарашаңырағы көз алдына келген. «Елді аштық жайлап келеді. Веймар республикасы тақырға отырғызды бүкіл елді. Үй түгіл, адам­ның өз басы қайғы. Әкелерің де сол жындысүрей республика­шы­ларға елтіп өмір сүрген. Бұл үйді енді ұмытыңдар! Жаңа өмір бастау керек!» деген ағасы. Мына озандаған отыз мың оғланның арасынан қоштасарда шырылдай жылаған қарындасының үні оза шығып, миына шаншылды. «Жаным, Мария!» деді солқыл­дап.

…Үзік-үзік елестер көше берген көз алды бұлдырап.

 

* * *

Жертөленің есігі ашылғанда-ақ спирттің иісі қолқа қауып кетті. Ауамен аймаласқан аждаһа демді ақсайтан мұнда қайдан келген?! Бұл үйде үй тұрмақ бұл аулада арақ ішетін ешкім жоқ еді ғой?! Арман аң-таң. Таңырқамай қайтсін – немере ағасының осы жертөле кілтін сұрап алғанына жылдан асқан. Кешқұрым көлігі­нің аккумуляторын кіргізіп, отқа қойып жүретін. Өзі ішімдік атау­лы­ға мүлде әуес емес. Бәлкім, ағасы ескі көлігінің оны-мұны­сын шайып жүрген болар спиртпен?!

Алакөлеңке жертөлеге сәлден соң көзі үйренген. Оң жақ бұ­рыш­та – бұрнағы жылдары өздері үйден шығарып тастаған көнетоз кереуетте ағасы жатыр екен. Мұ­ны көрсе де қозғала қоймады. Ие­гін қағып қап, ишарамен «төр­лет» дегенді білдірген. Кереуеттің аяқ жағында темір тумба, тумба үстінде бес литрлік судың құтысы тұр. Мойнынан кесілген пластмасса ыдысқа әлдебір күмәнді сұйық құйылған екен. «Спірт шығар?» деп топшылады Арман. Ағасына тақалып келгенде аң­дады: кереуеттің асты толған медициналық спирттің босаған шишалары. Атасының шақша­сын­дай ғана шағын 0,3 грамдық қоңырқай құтылар үйіліп жатыр. «Ағам арақ ішпеуші еді ғой?! Ішсе де спирт ішпейтін шығар?! Дү­кенде ішімдік атаулының неше атасы тізіліп тұр ғой. Мұнысы несі?!» деп ойлады. Сұраулы жүз­бен кереуетте бүрісіңкіреп жат­қан немере ағасына қарады. Анау мағынасыз ыржияды.

Кенет былтыр тағы осы аға­сы­ның мұны дәріханаға жұмсап, сегіз құты спирт алдырғаны есіне түсті…

 

* * *

Көктемнің сол мазасыз күн­де­рінен кейін Отто кітап көрсе лоқситын өзгеше бір дертке шалдықты. Марқұм әкесі өзі оқы­ған қалың кітаптардың қыс­қаша мазмұнын сүйсіне әңгі­мелеп отырар еді кешкі аста. Бұл жете ұқпаса да, желісіне ынты­ғып, ой-қиялымен ғалам шарлап кететін. Енді соның бәрі әулекі қосүрей түстей. Сансыраған санасына маза берер емес. Отыз үшінші жылдың күрсініске толы көктемі­нен кейін қаншама аутодафе өткерісті. Қаншама кітапты өр­теді. Міне, биыл, жасы он се­гізге толып тұр. Әне-міне дегенше, алты жыл жылысқан.

Естуінше, қарындасы Марияны немере ағасы «Юнгмедель» құрамына тапсырған. Қазір «Не­міс қыздары ұйымында» болса керек. «Қайда жүрсең де аман бол, Мария!» деді Отто күбірлеп. Бүгін өзі «поляк дәлізі» арқылы Шығыс Пруссияға өтетін топпен жолға шықпақ…

 

* * *

Ағасы темір тумбаның ішіндегі кішкене электр плитаны шығарып қойған. Іргеден созыла шұбалған желіге жалғанған тоқ пеш әп сәтте қыза бастады. Кө­не­тоз күпәйкесінің жан қалта­сынан жұдырықтай түйіншек алып шы­ғып, ораған целлофан қағазын жыртып, ішіндегісін аппақ дә­кеге төкті. Кеуіп ұп-ұсақ боп үгі­тіл­­ген қарасора. Онысын дә­кеге орап, темір тегешке құ­йыл­­ған спиртке малшылай бастады…Содан шай қайнатым уақыт бойы түрлі қоспалармен әбден ылық­қан спирт өткір иісті бозғылт бу атып, ақыры тотияйыннан азып, қою мұнайға айналып кетті. Тегеш түбін айналдыра зер сап қарап отырған ағасы қалтасынан тағы әлдене алып шығып, әлгі «мұнайға» себе бастады.Тумбадан қалайы қасық алып шығып, тағы да сапырылыстырып кетті. «Бұл – химка!» – деді Арманға мүләйімси қарап. «Боқмұрын балалар наша шеккенге мәз боп жүр. Мұны көрсе талып қалатын шығар?! Көресің бе?». Бұл зәресі ұшып, орнынан қозғалақтап шегіншектеп кетке­нін аңдамай қалды…

Сол кеште жертөледен қалай шыққаны есінде жоқ. Ағасының қиыла үгіттеуімен бес литрлік ыдысқа тоғытылған коланың құтысы ішіне оймақтай темір қақпақта жанып-бықсып толған «химкадан» өкпесін күйдіре бір рет қана тартқан. Жөтелден қиқынып, өліп қала жаздады. Қарашығына ине қадалғандай болды сол сәт. Көз алдына тең­біл-теңбіл от елестеп, жұлдыз жан­ды ма-ау, миы шаншып, желкесі тартты ма-ау?!

Үзік-үзік елестер көше берген көлбеңдеп…

 

* * *

«Отто фон Х…Таза арийлік. Мінезі – нордтық. Батыл. Жолдастарымен қарым-қатынаста салмақты. Ұстамды…».

Алақанға сыярлықтай шағын ғана құжаттың салмағы мұнша ауыр болар ма еді?!

Анасы…

Әкесі…

Атасынан қалған қара шаңы­рақ…

Жалғыз, тете қарындасы Мария…

Өксікке толы балалық…

Айғай-ұран…

Темірдей тәртіп…

Шеменді жүректен шер кетпеген түнек заман…

Бір бетін де ашып оқи алма­ған, құпия сырына қана алмаған кірпіш кітаптар-ай!..

Марқұм әкесінің көзі оттай жанушы еді әңгімелегенде, асыл анасы да әредік қоштап қойып, мұның қоңырқай шашынан иіскеп, еркелететін. Оттоға сонша қымбатқа түскен бұл құжат. «Мария қайда жүр екен?!» деп ойлады қамыға. Жүрегі тас боп қатып кетсе де, қарындасын ойлағанда жанарының жағасын­толқынкеріп кетеді…

Кёнигсбергте мұны алапат со­ғыстың алғашқы жалыны күтіп тұр еді. Фюрерге деген се­німі жазықсыз қаланың жаутаң­көз тұрғындарының жасымен-ақ шайылып кеткен. Ақыры, міне, алақандай құжатын отқа лақ­тырды. «Кітап өртегеннен жақсы ғой» деді қаланың шығыс бетінде таңды бозара күтіп отырып.

Үзік-үзік елестер отқа оранған құжатымен қоса көз алдынан, санасынан өше берген…

 

* * *

«Жастар нашақорлыққа қарсы!».

«Алға!».

«Жаса!».

Дауысзорайтқыштан құмыға шыққан үн саябақтың тал-бұта­сын тербеген желмен қала көше­лерін аралап-ақ кетті. Сол сәт 500 мегаваттық қос колонкадан дү­бірлі ырғақпен ән төгілді. Ән болғанда да мұхит асып келген рэп-тақпақ. Топты жас әлгі тақпаққа елтіп, ырғақ қуалай қол соғып қояды. Ортадан алаңқай ашып, алқа-қотан қоралап тұрып алған. Ашық алаңқайға шаршы крагис төселіпті. Басына тоқыма кепе жапсырған, бұтына кеңба­лақ шорты киген, иініне ілген кең майкасы ышқырланбаған бір тапал бозбала кенет ортаға ырғи шығып, әлгі крагиске төбесімен шаншыла қалды. Шаншыла қап, рэп-тақпақтың Калашниковтың автоматынша тақылдаған тақыс жорғасына ілесе құйын-перен үйірілсін. Аяғы көктен кеп жатса да, тебініп-тебініп қояды. Арман ғой бұл. Қимылы шалт. Тар көше­де қараңғыда жалп-жалп ұшқан жарқанаттан да жылпың-ау. Бақайшағына дейін қимылдап, біресе жерге етпеттей жатып, құрбақаша секіреді тарбаңдап. Біресе су бетімен жүгірген періше аяғын әуеге іліндіріп, төбесімен жер түйгіштейді.

…Үзік-үзік рэп-тақпақ кеш бата жағылған алау басында да қою түтінмен түнге ұмтылып тын­ған.

* * *

Отто мен Мария 1941 жылдың күзінде Кёнигсбергтен КСРО-ның ішкі аймағына жөнелтілген қалың топтың арасында бір-ақ сәт жолығысып қалды. Ғұмырға бергісіз жалқы мезет-ті. Мария бойжетіпті. Үстінде шатырдай аппақ кофта, тірсегіне түсіре қаракөк юбка киген. Бұйралау қоңыр шашын қос бұрым ғып өріп алыпты. Мұны көріп, жанары жарқ ете қалды. Отто да қасына жетіп барған. «Мария! Жаным, аманбысың?» «Аға­та­й­ым!» – деді елжіреп қарындасы, «Сен аман жүрші, жарығым!». Екеуінің де жанарынан жас үзіл­ген. Кездесу де, қоштасу да бір әулеттен өрген қос мұңлықтың балалық бақытындай тым келте болды.

Марияның одан кейінгі тағдыры беймәлім…

Отто болса, қазақ даласына келіп табан тіреп, қалың елмен мидай араласып кетті. Қартайған шағында сонау батыстағы атаме­ке­нінен қалған үзік-үзік елестей естеліктер мен ғұмырлық сағы­ны­­шының құрметіне бір неме­ре­сінің есімін Мәриям деп атады…

 

* * *

«Тозақ отынан құтылам десең, Аллаға серік қоспау керек!» деді жүнсақал молда. «Қа­зақтың барлық ырым-жырымын, даурықпа дәстүрін ұмыту керек! Тарих деген жалған. Ата-бабаң ақылсыз болды екен деп, сен де ақымақ болуға қақың жоқ! Бейіт басына барып тәу етуді, жансыз тасқа табынуды мүлде қою керек! Мен өлгенде басыма «К-700» трактордың дөй доңғалағын қой­­саң­дар да жетеді!».

Жүнсақал уағызын өзіне риза рәуіште қарқылдай күліп тиянақ­таған. Шолтима балақ кенеп шалбар киген бір топ шәкірт мү­л­әйім жүзбен бас изесіп тұр. Орталарында әлгі Арман да бар. Бірер жыл брейк-данспен әуре­ленген, бірер жыл «КВН» қуып, сахна тоздырған.

Жанына дауа таппады ешбірі­­нен.

Ақыры қатарластарымен Си­рия­дағы алғы шебі белгісіз соғыс­қа аттанбақ болған. Дәл сол кү­ні… Сол күні қапылыста немере ағасын іздеп, жертөлеге түс­пе­ген­де, кім біледі, жиһадшы­лар­мен бірге қалың кәуірге қарсы майданға аттанып кетер ме еді?! Ендігі тірлігі – осы. Өкпесін ашы­та ащы түтін толтырып ап, түтін сейіле жететін есуас кәйіпке елтіп кеткен.

Сол жылы көктемде немере ағасы жертөледе өртеніп қайтыс болған. Өзі ғана кетпей, бұлардың қарашаңырағын да отқа орап еді. Бұлардың әулеті еріксіз ауылға көшуге мәжбүр болды. Ал ауылда… Ауылда ертелі-кеш көшенің май топырағын таптағаннан басқа тірлік жоқ еді.

«Тағы бір күн ұясына батып ба­рады. Түнгі күнәлардан алдын ала қысылады-ау деймін, мына Күн – қызарып барады» деді күбірлеп. Көзі кілгірттеніп кетіп­ті. Езуіне жымысқы жымиыс ұялаған. «Бүгін соғыс жылдарын­дағыдай өмір сүреміз!» деді досы дарылдай күліп…

 

* * *

Ауылдағы жалғыз трактор жатаған қырдың етегінен қозғала бере гүр ете түсіп оталғанда әл­де­қашан сөніп қалған алау ба­сын­да ықылық ата тоңып, қал­шыл­даған нашақор да басын кө­те­ріп қарады.

«Барша от атаулы бір күні сө­ніп, күл құшатыны анық», – деді ол күбірлеп.

 

* * *

Үзік-үзік елестер ғана кешегі болған соғысты еске түсіріп тұр­ған еді…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір