УНИВЕРСИАДАДАН СОҢ…
11.11.2016
1151
0


2016_16_08__04_58_15__516Б
ұқара қазақтың спортқа деген көзқарасы көп жағдайда құбылмалы болып келеді. Бірі тартынады, толқиды, тіпті ат тонын ала қашып, спорттан бойын аулақ салғысы келіп жатады. Біреулер спортпен айналысуды жарысқа қатысу, жеңімпаз атанумен ғана өлшейді. «Бәленше жүлде алыпты» десе қуанып, «Қазақтың аты озды» деп бөркін аспанға атып жатқанымен, «доп ойнаған тозар» деп өскен көп ата-ана баласының спортқа қыры жоқтығына қынжылмайды. Баласына «спортпен айналыс» деп талап қоятын қазақ көп емес, сірә! Керісінше, бір жерін мертіктіріп алатынына көбірек алаңдайды. Ал әрбір ауыл-ауылдың басшылығы спортқа әуес жастардың қатары барған сайын толысып отыратынын айтып, жылда есеп береді. Дәлелі қайсы десек, жыл он екі айда атқарылған спорттық іс-шараларды, одан қалса, жаңадан салынған спорт нысандарын тілге тиек етеді. Тап бір бізде бәрі шараның санымен, акцияның ауқымымен өлшеніп қойғандай.


Сол сансыз іс-шаралардан кейін әлгі ауыл-ауылда жаңадан бой көтерген спорт сарайлары­ның есіктері айлар бойы «ауыз­дық­талып», қара құлыптың құ­р­с­ауында қалып жатпағанын тексеріп жатқанымыз тағы шамалы. Жә, бұл жүйесіздіктің, дә­лі­рек айтсақ, науқаншыл бас­тамамен құрылып, соңынан су сепкендей басылатын тұйық істің Алматыда өтетін Бүкіл­ә­лемдік қысқы Универсиадаға еш қатысы жоқ. Қайта әлемдік доданың құрметіне құйылған спорт ғимараттарының іргетасы келешекте жас ұрпақтың салауатты өмірі үшін қызмет етпек. Бұл жайында 28-ші қысқы Уни­версиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров сан мәрте ағынан жарылып айтқан еді.

Тұрғындардың көз алдында болып жатқан әлгі келеңсіз кө­рі­ністен кейін Универсиада үшін салынған спорт ғимарат­та­ры туралы теріс пікірдің тарауы заңдылық. Айтпақшы, Азиа­даның алауы тұтанар алдында да әр түрлі алып-қапша әңгіме айтылған. Бүгін көз тас­тасаңыз, сол кезде бой көтерген нысандардың бәрі жұмыс істеп тұр. Азиада мен Универсиаданы былай қойғанда, спорттық жа­рыстардың бәрін өткізуге даяр. Демек, Алматыда ту тігетін Уни­­версиаданың су жаңа спорт­тық ғимараттары додадан кейін еліміздің абыройын асыратын жігерлі өрендерді салауатты өмір салтына баулиды. Халық­тың ақшасына салынып жатыр деген сараң сөз әр жерден бір қылтиятыны жасырын емес. Біздіңше, бұл да атүсті айтыла салған дақпырттың бірі. Шын мәніне келгенде, қысқы Универ­сиаданың қаржысы мемлекет бюджетінен емес, ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан инвестиция көздерінен алынуда. Сондықтан спорт дегенде сырт беретін кейбір қазақ жастарына алып-қашпа сөз емес, 28-ші Универсиада үлкен ой салады деген үміттеміз. Себебі, бұл спорт жаз­ғы немесе қысқы Олимпиада ойындары сияқты емес, кілең жас өрендерден, бозбала мен бойжеткендерден, білім жолында жүрген студенттерден құрал­ған бүкіләлемдік сайыс.

Ат құлағында ойнаған қазақ­тың әр қимылы спорт еді. Көк­пар тартып, теңге ілген, қыз қуып, аламан бәйгеде ат оздыр­ған халқымыз той-думанда күресіп, аударыспақ ойнап, де­нелерін шынықтырған. Ал той-думан қазақтың әр үйінде кү­нара өтетін. Ал қазіргі ауыл жас­тарында мұндай қимыл жоқ­тың қасы. Ауыл жастары неге спортпен шұғылданбайды? Ауыл жастары неге футболға қызықпайды? Ауыл жастары неге спорттық үйірмелерге бармайды? Ауыл жастары… Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастарына бағытталып қойылатын сауал шаш-етектен. Бұл сұрақтың бәрі атты жауыр қылған ескі ер-то­қым сияқты. Міне, Универсиада ауыл мен қала жастарының спорт­қа деген ниетін оятады. Білім мен спортты қатар алып жүрудің жолын үйретеді. Манадан бері жауабы табылмаған сұрақтардың бәріне Универсиада жауап береді. Көше қуалап, шаң жұтқан, үй іргесінде доп тепкен, имек таяқпен хоккей ойнаған, сырғанақ жасап, шанамен ызғытқан қазақ жастары Отанымызды дүбірге толтыратын Универсиададан көп сабақ алары сөзсіз. Ең бастысы, бұл сайыс алғаш қолға алынған 1905 жылдан бері білім мен салауатты өмірді қатар ұстануға үндейді.

Сонымен, бес құрлықтың студенттері бас қосатын әйгілі Универсиаданың Алматыда ашылуына аз уақыт қалды. Орта Азия елдерінде алғаш рет Қазақ­станда өткелі отыр. Бұл – үлкен мақтаныш. Рас, осыдан жарты ғасыр шамасында бұрын Мәскеуде, Қазанда шағын-шағын жазғы жарыстар ғана ұйымдастырылған екен. Ең қы­зығы, қысқы Универсиадаға тұң­ғыш Африка құрлығының спортшысы қатыспақ. Есімі – Бролин Маведже. Шын ниеттен­сең, алынбайтын қамал жоқ екен-ау деген ойға қалдық осы есім­ді естігенде. Аспан айналып, жерге түсетін аймақта қай­­дағы қар? Қайдағы мұз? Бірақ Бро­лин екі жыл бойы жатты­ғып­­ты. Жалғыз сноубордшымыз  сол.

Сноуборд – қарлы бөктермен сырғанаудың бір түрі. Таба­ныңыз­ға тақтай байлап, ойық қабырғалармен жылдам сыр­ғанап, аспанда айналасыз. Бір қарағанда, өте қиын сайыс. Орын­дау – қиын, талабы – жо­ғары. Уганда мемлекетінің азаматы Бролин қарлы бөктерді «Парк Сити Юнайтед» жаттығу алаңынан тауып, шетелде өз шеберлігін шыңдаған. «Алматыда өтетін қысқы Универсиада мен үшін тарихи сәт. Африка жұртшылығының алғашқы қатысуы болып саналады. Мен олардың үмітін ақтаймын», – дейді африкалық қара нәсілді жігіт.

Біздің елде бәрі бар. Табиғат­тың төрт мезгілін, климаттың қолайлығын айтамын да баяғы. Бірақ спортшы боламын деген адамға бұл да жеткіліксіз. Бро­лин­­дегі талап пен жігер керек. Әйтпесе, Универсиадаға Қазақ­с­тан сегізінші жыл қатарынан қатысып келеді. Жүлделі орындар көңіл көншітпейді. Байбалам салудың қажеті жоқ, әрине. Бірақ Универсиада спорттық ойындарымен бірге ыстық құрлықтан келген жалғыз Бролин де қазақ жастарына серпіліс сыйлайтыны анық. Қазақс­тандық сайыпқыранда­ры­мыз­дан сұңқар бейнелі спорт жарысынан тек жеңістер күтеміз. Жеңіс деген – тек алтын алумен ғана өлшенбейді, біздің елге спорт дегеннің негізгі мақсаты не екенін сезіндіре алса, ең басты жеңісіміз сол болайын деп тұр.

Айтпақшы, студенттердің сайысы қысқы спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен сыр­ғанау, тау шаңғысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей мен шоут-трек сияқты түрлерінен бүкіләлемнің студенттері бақ сынайды. Оның ішінде Қазақс­тан жастары да бар. Жас демекші, спорттық до­да­ға тек 17 мен 28 жас аралы­ғындағы студенттер ғана қатыса алады. Алатаудың етегінде 55 елдің Туы тігіледі. 2000 спортшы жарысқа түседі. Бір сөзбен түйіндегенде, дода Қазақстан­ның даңқын аспандатып, ту­ризм­нің дамуына елеулі үлес қоспақ.

Алатаудың бөктерінде қыс­қы Универсиада үшін екі алып ғимарат салынып қойды. Бірі – «Алматы арена», бірі – «Халық арена». Екеуі де ел аузында жүр­ген пыш-пыш әңгіме тәрізді науқаншылдықтың нысаны емес. Универсиада өте салысымен намысты ту еткен талай жа­рыстар осы екі нысанның ішін­де ұйымдастырылмақ. Тарихи сәттерде ғана есігін айқара ашатын спорт сарайы болмайды бұлар. Күнде жұмыс істейтін, күнде үйірмелерінен жастардың саны үзілмейтін ғимарат ретінде қала бермек. Дирекция басшы­сының айтуынша, біздің Универсиаданы өткізу, ғимарат­та­рын салу, іс-шараларды ұйым­­дастыру жұмыстарына 17 мил­лиард теңге жұмсалған кө­рінеді. Ал Түркияда өткен студенттер сайысына 83 миллион еуро кеткен. Айырмасы жер мен көктей.

«Отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасап үйренген қазақ­пыз ғой. Универсиада кезіндегі Азиада секілді дүбірлі додалар­дың Қазақстан төрінде жалауын желбіретуі біздер үшін абырой, мақ­таныш өлшемдерімен шек­теліп қалмауы тиіс. Бұл – қазақ жастарының спортты серік етуіне себепкер. Бұл жарыстар біздің спортқа деген сүйіспен­шілігімізді арттырып, үлкен додаларда топ бастауға мүмкіндік береді. Кез келген сайыста жекелеген спортшылар жетістікке жетеді дегенмен, оның соңында тақым қысып отырған қаншама ағайын бар. Демек, Универсиада-2017 біздің бұқара халықтың спортқа, салауатты өмір салтына деген ұстанымының қалыпта­суына зор ықпал етеді. Спортты тек жеңу мен жеңілу деп қана есептейтіндердің көзқарасын өзгертеді деп ойлаймыз. Спорт мәдениеті осылай қалыптасатын болса керек.

Қуаныш ТҰҢҒАТАР,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір